12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Тапсырыс

Шағын ғана шілдехана тойы болып жатқан. Немере сүйіп, ата атанған көршісін құттықтай келген Ләмбеков шай дастарқаны аяқталды-ау деген шамада: «Сыртқа шығып, шылым шексек», – деген ұсыныс айтты. Үй иесі Мұсайыновпен екеуі есікке қарай жақындай берген. Жарық дүниеге келгеніне бірер жеті болған нәресте шар ете түсті. Үй иесі жалт бұрылып, «Өй, көкесі, саған не болды?..» – деп бесікке қарай келінімен қабаттаса жүгірген. Сәл бөгелген қонақ үй иесін күтпей, далаға шықты. Қалтасынан шылымын ала бергені сол еді, өзіне қарай адымдай басып келе жатқан славян нәсілдес жігітті байқап үлгерді. Жақындай түскен әлгі қойнынан суырған винтовканың шүріппесін жүре қайырып, бұған ұмсына берді. Ләмбеков:

– Мынауың не, таста қаруды! – деп айқай салған. Шағын калибрлі «ТОЗ-8» винтовкасының үні болар-болмас тарс етті. Теңселіп кеткен Ләмбеков кейін қарай бұрылды да, кескен теректей гүрс құлады. Даладан жеткен айқайға үйдегілер жүгіріп шыққан. Табалдырықта жатқан Ләмбековтің: «Мені атып кетті…» деуге ғана шамасы келді. Басын сүйей берген Мұсайыновпен тілдесуге халі жетпеді. Мынау қызылды-жасылды фәни дүниемен қош айтысқандай иегін қақты да, сұлқ түсті. Кейін анықталғанындай, құйтақандай қорғасын оқ кеуденің оң жағынан кіріп, жанды нүктелер мен қабырғаны талқандап, өкпені тесіп өтіп, омыртқаға барып қадалған екен.

Жаңа ғана шат-шадыманы шалқыған шілдехана жылап-сықтауға ұласты. Сол сәтте үй иесі Мұсайынов: «Бұл мені атуға келген біреу болар…» – деген. Айға қара­ған­дай айтқан екен…

Күдікті капитан

Бүкіл Оралды дүр сілкіндірген бұл қыл­мыс милиция қызметкерлерін аяғынан тік тұрғызды. Қайтыс болған Ләмбеков такси жүргізушісі. Ал ол қонаққа келген үйдің иесі құрылыс материалын сататын базада қойма меңгерушісі. Тергеушілер таксопарк пен база қызметкерлерін қатарынан бір мезгілде жауаптың астына алып, мұрындарынан шаншылды. Сондай күндердің бірінде базаның алдына «Жигули» көлігі қай­қаң етіп келді де, солқ етіп тоқтады. Іші­нен түскен капитан формасындағы ұзын бойлы, сұлуша орыс жігіті қызмет куәлігін көрсетіп, ішке суыт енді. Санаулы минут­тардан кейін қойма аумағында жүрген Мұсайыновты тауып алып, куәлігін көр­сетіп, өткендегі таксист азаматтың өліміне байланысты тергеу жүріп жатқанын, Мұсайыновқа тап осы қазір қалалық ішкі істер бөліміне жүруді мәлімдеді. Бұлтақ-сұлтаққа мұрша бермейтін әмірлі үнге мойынсұнбасқа амалы қалмаған Мұсайынов «Жигулиге» келіп отырды. Көліктің ішінде жүргізушіден басқа артқы орындықта бір жігіт жайғасыпты. Бұл соның қасына отыра бергенде капитан жүргізуші қасындағы орын бос болса да, мұның оң жағынан қымтырыла отырды. Мұсайынов жаңағы жігіт пен капитанның ортасында қысылып қалды. Осыны күткендей «Жигули» де орнынан қабыланша қарғып, сәлден кейін Гагарин көшесімен орталыққа қарай зымыра­ды. Көпірге жақындай бергенде, көлік оңға қарай жалт бұрылды. Мұсайынов әлденеге сезіктеніп, «Қайда келдік?» – деп еді, ешкім үн қатпады. Көлік тоқтаған бой­да оның тізгінінде отырған азамат арт­қы орындыққа қарай ошарыла бұрылып, қолын­дағы Макаров тапаншасын мұның ішіне тіреді. Айқайға басқан Мұсайынов есікке жармасқан. Бірақ үлгермеді… Тапанша тарс етті. Оқ Мұсайыновтың мықын сүйегіне тиген екен, манағы айқай айқай ма,  жанталасқан дауыс енді көліктің ішін жарып жібере жаздады. Осы сәтте капитан жүргізуші қолындағы тапаншаны жұлып алды да, Мұсайыновтың оң жақ қолтығына тірей беріп, шүріппені басып-басып қалды. Бейшараның жанайқайы мен тарс-тарс атылған тапанша дауысын ешкім естімеді. Жұлқына тыпырлаған Мұсайынов сәлден кейін қимылсыз қалды. Орнынан азынай қозғалған «Жигули» енді қаланың орталығына емес, кері бағытқа салды. Артқы орындықтағы екеудің ортасында былқ-сылқ еткен Мұсайыновтың жансыз денесі көліктің ішінде бірге кетті…

Орал әуежайындағы желілік милиция пунктінің бастығы, капитан Астраханкинді қызмет орнына түсіріп кеткен «Жигулидегі» екеу әрі қарай Теректіге асты. Капитан асығыс еді. Түсіп бара жатып, машинадағы екеуге «Атылған үш гильзаны тауып, әкеліп беріңдер, мүрдені өртеп жіберіңдер!» – деді. Сол күні түн жамыла егістік алқапқа ұрлана келген екеу машинаның жүк салғышынан жансыз денені мықшыңдай көтеріп, әрең  түсірді. Сұлтанов мүрдені әрі аударып, бері аударып, қалталарының бәрін тінтті. Марқұмның қалтасынан шыққан темір қалпақты қалам, пышақ және кілттерді сол жерге тастай салды. Одан әрі егін сабанын мүрденің үстіне үйіп, оған жанармайды шылқыта құйып, от қойған екеу «Жигулиге» отырып, табандарын жалтыратты. Қанішер­лердің қанқұйлы істерінің ізін жалмаған от аспанға шапшып, біразға дейін басылмады…

Қызғаныш

Молдағалиев пен Мұсайынов құры­лыс материалдарын сататын базада екі қойма­ның меңгерушісі болатын. Соңғы кезде Молдағалиев Мұсайыновқа қызғаныш­пен қарай бастады. Өйткені оның қоймасында құрылыс материалдарының неше атасы бар. Ал мұның сататыны – ылғи кәкір-шүкірлер. Мұсайынов қоймасының алды ертеңді-кеш келімді-кетімді кісіден арылмайды. «Материалдардың бағасын көтеріп сатып, пайдаға шашетектен кенеліп жатыр-ау!» – деген ой Молдағалиевті күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырды. Тіпті бір күні Мұсайыновты «Табысыңмен бөліс!» – деп қыспаққа алып еді, анау өре түрегеліп, екеуі төбелесе жаздап, жұмыстастары әрең айырып алды. Молдағалиев енді оның көзін құртудың жолын ойластыра бастады. Ақыры танысы Сұлтановпен ақылдасып көрмекші болды. Сұлтанов осы жасына дейін төрт дүркін түрменің дәмін татқан. Сондықтан оған көп мәймөңкелемей, «Ақшасын төлеймін, маған Мұсайыновтың көзін құртып бер!» – деді. Сұлтанов бәлсінбеді. «Қашан?» – деді. Ал бұл «Мен Оралда болмаған кезде көзін жой! Маған күдік келмеуі керек» – деп, Мұсайыновтың жұмыстан қайтатын уақытын, жүретін жолын, тұратын мекенін тәптіштеп түсін­дірді. Содан бір күні Молдағалиев Өске­менге іссапарға  ұшты…

Ұшардан бір күн бұрын «заказчиктен» 7 мың рубль аванс алған «киллер» Сұлтанов Мұсайыновтың көзін жоюға бірден кірісті. Бірақ ол қолын қанға былғағысы  келмеді. Бір кезде өзімен түрмеде бірге отырған Парфеновты «жұмысқа» тартты. Сол бойда Сұлтанов Парфеновты құрылыс материал­дарын сататын базаға алып келді. Ондағы мақсаты Мұсайыновты сырттай көрсету. 

Мұсайынов база кеңсесінің алдында біреулермен шылым шегіп тұр екен. Сұлтанов: «Әне, анау  тұрған Мұсайынов», – деді Парфеновқа. Етжеңді азаматқа «Жигули» ішінде отырған Парфенов ұзақ тесілді. Қаннен-қаперсіз тұрған Мұсайынов көліктің ішінен өзін бұрғылаған көздерді байқамады… 

Алайда арада екі-үш күн өткенде Пар­фенов қорықты ма, ол да іске өзінің танысын жалдауды ұйғарды. Сөйтіп бұлардың қатарында бұрын екі рет сотты болған Каменев деген пайда болды. Ол да көзінің нашар көретініне қарамастан, ақша төлесе, кімнің болса жанын жаһаннамға жіберуге әзір болып шықты. Оның үстіне осыдан он шақты күн бұрын біреуден винтовка сатып алған. Содан бері әлгінің ұңғысына шыбын-шіркей ұя салып, үйде босқа жатыр…

Парфенов бұл ойын Сұлтановқа мәлім­деді. Ол келісті. Қараңғылық әбден түске­сін Сұлтанов Парфенов пен Каменевті «Жигулиіне» салып алып, Мұсайыновтың үйіне алып келді. Тура қасына түсіріп, «Мен сендерді келесі көшеден күтемін» – деп аулаққа кетті. Винтовканы ұзын пальтосы­ның ішіне тыққан Каменев Парфеновқа еріп, жүгіре жөнелген. Бұлар жете бергенде межелі үйдің жарығы жарқ еті. Іштен шық­қан жігіт ағасы қалтасынан шылымын шығарған. Каменев Мұсайыновты бұрын көрмеген, жүзін де танымайды, Парфеновтің айтуымен сырттай біледі. Жүгіріп келе жатқан Каменев шылым шеккелі жатқан азаматты нұсқап, «Сол ма?» – деді артына жалтақтап. Парфенов: «Сол, сол… Ат!» – деді ентіге сыбырлап. Әрі қарай не болғанын әңгімеміздің басында баяндадық.

Қателік

Мұсайыновтың көзін құрттық деген екеу тез зытты. Келесі көшеде күтіп тұрған Сұлтановтың көлігіне іркес-тіркес жүгіріп келіп, сүңгіп-сүңгіп кетті. Неге екені белгісіз, Сұлтанов «Мұсайыновты аттыңдар ма, дәл өзі ме?..» – деп қайта-қайта сұрады. Бұл екеуі де «Сол, сол» – деп безілдеп жатыр. Қан төгілген жерден аулаққа қашқан «Жигули» бір уақытта барып тізгін тартты. Сол жерде Парфенов пен Каменевке бір мың рубльден «еңбектерін» төлеген Сұлтанов бұларды көлігінен түсірді де, қарасын батырды…

Өскеменнен іссапардан оралған Молда­ғалиев жұмыста аман-есен шауып жүрген Мұсайыновты көргенде, шалқасы­нан түсе жаздады. Сол бойда Сұлтановпен кездесіп, дүрсе қоя берген. «Әй, сендер кімді аттыңдар, анау жұмыста жүр ғой…» Сұлтанов та шошып кетті. Ұзақ салғыласудан кейін Сұлтанов бұл «операцияға» мүлдем басқаны тартатынын, сол адам Мұсайыновтың көзін ың-шыңсыз құртатынын айтып, ант-су ішті. Бұл жолы киллер рөлін милиция капитаны атқармақ. Соған сай «заказдың» құны да қымбат. 50 мың рубль! Молдағалиев келісті, сұраған ақшаны Сұлтановтың ала­қанына салды. Сұлтанов болса, өзінің келісімі бойынша 10 мың рубльге милиция капитаны Астраханкинді жалдады…

Бұл кезде жұмыста жүріп, ізім-қайым жоғалған Мұсайыновты жанұясы іздеп, сабылып жатты. Сондай күндердің бірінде мал жая шыққан малшы есік пен төрдей аумақта өртенген жердің үстінен шығыпты. Байыптап қараған ол, адамның күлге айнала жаздаған сүйектерін көріп, шошып кеткен. Сол бойда милицияға хабарлайды. Прокуратураның тергеушісі жанып кеткен сүйектердің ересек адамдікі екенін бір­ден байқаған. Сараптама да сондай қоры­тындыға келді. Сол жерден табылған, отқа балқыған темір қаламның қалпағы, кілт, пышақ айғақ зат ретінде тергеу материалына қосылады. Кейін осынау зат­тарды Мұсайыновтың тума-туыстары бірден таныды. Осыдан кейін тергеушілер мүрденің Мұсайыновтікі екеніне түсінеді.

Кісен

Бұл кездерде Ләмбековтің денесінен табылған оқ бойынша тергеу жүргізіп жат­қан облыстық прокуратураның аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Николай Егоров оның қандай қарудан, қалай атылғанын және оперативтік-агентуралық каналдар арқылы винтовканың кімге тиесілі екенін анықтайды. Сөйтіп, ең әуелі, винтов­каның иесіне шығуға мүмкіндік туған еді. Сол бойда 1992 жылы 27 наурыз күні Каменев тұтқындалды. Ол өзі білетін мәліметтерді бірден жайып салды. Іле-шала сол 27 наурыз күні Сұлтанов, Пар­феновтардың қолдарына кісен салынды. Күдіктілерді қарқынды тергеуге алған жедел топ және тергеуші Николай Егоров әрі қарай капитан Астраханкинге шықты. Ол да тергеу изоляторына қамалды. Арада екі күнге жетер-жетпес уақытта «тап­сырыс» иесі Молдағалиев  тергеушінің сұрақтарына жауап беріп жатты. Бірақ қамауға алынғандардың қай-қайсысы да кінәні сыбайластарына аударып салуға жанталасты. Бұл кезде мұқият тексерілген Сұлтанов «Жигулиінің» артқы орындығының арқалығынан оқ табылды. Бұл Мұсайыновтың денесін көктей өтіп, арқалыққа сіңіп кеткен оқ еді. Оның Макаров тапаншасынан атылғанын баллистикалық сараптама тайға таңба басқандай дәлелдеп берді. Ал Каменев «Ләмбековті өлтіргім келмеген, винтовка абайсызда атылып кетті» десе, Парфенов «Мен оған «Ат!» – деген жоқпын» – деп еңіреді. Молдағалиев та: «Мен жігіттерге Мұсайыновты өлтіріңдер деген жоқпын, тек қорқытып, таяққа жығыңдар» – дедім деп кінәсін жеңілдетуге жанталасты. Капитан Астраханкин болса, «Мұсайыновты атқан жоқпын, үш рет атқан Сұлтанов» – деп жанын сауғалап қалуға барын салды. Айтпақшы, «Жигулиде» тағы бір азамат болып еді ғой. Мұсайынов артқы орындыққа келіп отырған кездегі машинадағы жігіт ше?.. Бұл сол Теректі ауданының азаматы еді. Ол ештеңеден хабарсыз болған. Қалаға Сұлтановтың көлігіне мініп, азық-түлік алып қайтуға жолға шыққан. Бірақ жолшыбай сұмдық оқиғаға куә болып, тілі байланып қалған. Оның үстіне төрт рет сотталған, аса қауіпті рецидивист Сұлтанов «Дымыңды шығарма!» – деп қорқытқаннан кейін айтқанға көніп, айдағанға жүрген.

Жаза

Тергеуші Егоров бұл істі ақи-тақи тәмам­дап, сотқа жолдады. Облыстық соттың үкімімен Астраханкин мен Сұлтанов ең ауыр жаза – атуға кесілді. Молдағалиевпен бірге Каменев, Парфеновтерді әртүрлі мерзімге бас бостандықтарынан айыруға үкім шықты. Ол уақыттағы заң бойынша іс кассациялық тұрғысынан Жоғарғы Сотта қаралып, үкім өзгеріссіз қалдырылды. Алайда көп ұзамай Жоғарғы Сот төрағасының орынбасары М.Малахов іске қадағалау талабымен нара­зы­лық келтірді. Нақтырақ айтқанда, осы қылмыстық істің ең басында тұрған ұйымдастырушысы Олег Молдағалиевтың іс-әрекеті дұрыс сараланбаған. Тергеудің, соттың, Жоғарғы соттың жіберген қателік­тері мен олқылықтарын жою үшін іс оның барлық сотталушылары үшін толық бұзылып, қайта тергеуге жіберілді.

Бағанадан осынау қылмыстық іс тура­лы әңгімелеп отырған прокуратура құры­лымдарының ардагері, заң кеңесшісі, сонау 90-жылдары аса маңызды істер жөніндегі аға тергеуші, аса маңызды істерді тергеу жөніндегі облыстық прокуратура бөлімінің бастығы болған Ғинаят Салықов әңгімесін әрі қарай былай жалғастырды: «Бұл кезде осы іс  бойынша сотталушылар еліміздің әр түкпірінде, колонияларда жазасын өтеп жатты. Астраханкин мен Сұлтанов ату жазасын күтіп, Алматы түр­месінде жатқан еді. Осылардың бәрін қайтадан Оралға алдыру үшін арнайы қаулы шығардым. Үш ай уақыт дегенде олардың бәрі этаппен Орал түрмесіне жеткізілді. Түсіндіре кетейін, сол уақыт­тағы процессуалдық заң талабы бойын­ша жәбірленушілерден, куәлардан қайтадан жауап алып, іспен таныстырып, айыпталушыларға жаңадан айып жария­ладым. Бұл дегеніңіз, қыруар уақыт, орасан күш-жігер мен шыдамдылықты талап етеді. Бізде айыпталушы алты адам ғой. Соның бесеуіне пайдақорлық ниетпен, қасақана кісі өлтіру талабымен айып тақтым… Оған Қылмыстық кодекстің 88-бабы, І- тармағымен ату жазасы көзделген. Соның ішінде Молдағалиевқа 17, 88-баптардың І-тармағымен, «а», «и» пункттерімен айып тағылды. Яғни Жоғарғы Соттың талабын толық орындадым.

Біз айтып отырған аса ауыр қылмыстарды тергеу сол кезде прокуратураға жүктелетін. Ал 1995 жылғы Ата Заңымыздың 83, 84-баптарына сай, прокуратурадан тер­геуді мүлдем алып тастады. Сол кезде мен де мұны дұрыс емес деп, үзілді-кесілді қарсы шығып, республикалық, облыстық ақпарат құралдарында жазудай-ақ жаздым, талай мәлімдеме жасадым. Менің және басқалардың пікірі Президент пен Парламентке жеткен ғой. Сондықтан қазіргі кезде анау 83-бапқа өзгеріс енгізілді, ал 84-бап Ата Заңнан мүлдем алынып тасталды. Содан кейін Бас прокуратура мен облыстық прокуратураларда арнайы тергеу прокурорларының институты ашылды. Оларды бүгінгі біздің ізбасарларымыз десе де болады.

Сөздің тоқетері, прокуратурада қайтадан тергеуші институтын ашу керек…

– Ғинақа, сіз тергеу жүргізіп жатқан­дықтан, анау Астраханкин, Сұлтанов және тағы басқаларымен талай кездескен шығар­сыз…

– Енді ше. Кездестім. Оның үстіне мен анау капитан Астраханкинді сержант кезі­нен танитын едім. Түрме нағашыңның үйі емес. Әбден мүжіліп, шаршап қалып­ты.

Ақыры істі қайта қарап, Облыстық соттың үкімімен Молдаға­лиев, Астраханкин, Сұлтанов ату жазасына кесілді. Парфенов пен Каменев 15 жылға қатаң түрдегі түзеу колониясында жазала­рын өтейтін болды. Анау Сұлтанғалиев  екі жыл түзеу жұмысына сотталды. Соттал­ғандар, Сұлтанғалиевтен басқалары Жоғарғы сотқа үкімді бұзуға шағым жол­дап­ты. Бірақ Жоғарғы Соттың қылмыс­тық істер жөніндегі сот алқасы 1994 жылғы 28 қыркүйекте істі қарап, үкімді сол күйінде қалдырды…

Енді ату жазасына кесілгендердің жаны­на тек ел Президенті Н.Назарбаев қана рақым­шылық жасай алатын еді. Елбасы олардың арыздарын қарап, Молдағалиев пен Сұлтановтың арыздарын қанағаттандырған жоқ! Ал Астраханкин рақымшылықтан бас тартыпты. Президентке өтініш беріп «Прошу расстрелять меня как офицера!» – депті. Елбасы да ет пен сүйектен жара­тылған адам ғой… Мына сөз әсер етсе керек, Астрахинненге рақымшылық жасап, сот үкімді өзгертіп, ату жазасын айрықша колонияда қылмысын 20 жыл өтеуге айыр­бастап, соның ішінде түрменің ішіндегі түрмеде («крытка») бес жылын бөлек өтеп, қалған 15 жылын ерекше режімдегі колонияда өтеуге қаулы шығарған. 

Барлығы бес адамның өмірін жалмаған қылмыстық істің  тарихы  осы…

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...