КОНКУРС ДЕТЕКТИВ

КЕК

1984 жылы Айтқазы Ахметұлы Шаянбаев өзінің әке-шешесімен және 8 бауырымен бірге Семейдің Мақаншы өңірінен Алматыға көшіп келеді. Осында ішкі істер саласында сержанттан бастап, кіші лейтенант, лейтенант, одан кейін взвод командирі болып қызмет етеді. 2001 жылы қызмет бабымен Президенттің күзет қызметіне ауысып, майор, подполковник шенін алады. Айта кетейік, Мемлекеттік күзет қызметі жоғары лауазымды тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Мемлекеттік нышандар мен маңызы бар нысандарды қорғайды. Мұндай қызметке әбден ысылған, кәсіби шыныққан, төзімді, қайратты жігіттерді ғана алады. Айтекең осы салада табаны күректей 16 жыл қызмет етіп, бүгінде зейнетке шығып, «Мемлекеттік күзет қызметінің ардагері» медалімен наградталып отыр. Мұның алдында ол талай «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгілерімен, ҚР Тәуелсіздігінің 10, 20, 25 жылдық медальдарымен марапатталған.

Негізі, адам қиындықты уақыт өте келе ұмытып кетіп жатады ғой, ал бірақ мына оқиға Айтекеңнің есінен ешқашан кетпейді. Өйткені, ол оның жүрегінде мәңгі сақталып қалған. Сонымен…

90-жылдардың басында, Қазақстан нарықтық қатынасқа көшкен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде күрделі кезеңдер орын алып, жаппай жұмыссыздық жайлап, айлық-зейнетақылар кешіктіріліп беріле бастайды. Осындай қиын-қыстау уақытта қолынан іс келетін мықты жігіттердің көбі жеке кәсіпкерлікпен айналысуды қолға алады. Айтекеңнің інісі Ерғали да бизнес саласына кетіп, жеке фирмалармен келісім-шарт бойынша жұмыс жасайды. Айта кетейік, Ерғалидың фамилиясы Шаянбаев емес, Еркетанов. Өйткені, оның анасының әкесінен ұл қалмағандықтан, Ахмет ақсақал бір баласын қайын атасының атына жаздыртуға рұқсат береді. Осылайша Ерғали Көкшетауда кәсіпкерлікпен айналысады. 1996 жылы мамыр айында Ерғали Еркетанов Көкшетау қаласына кетіп, содан қайтып оралмайды. Арада 1-1,5 ай өтеді. Ерғали жоқ. Мүлдем хабарсыз кетеді. Осыдан кейін ағасы інісін уайымдай бастайды.

– Бір күні түс көрдім. Түсімде мотоцикл сатып алыппын. Сонымен келе жатсам, алдымнан екі інім шықты. Серікқали және Ерғали. Серікқали інім өте жуас. Содан болар, әлі күнге дейін сүрбойдақ болып жүр. Ал Ерғали керісінше, өте пысық, алға қойған мақсатына жетпей қоймайтын, іскер жігіт. Сонымен інілерімнің қасына келемін де, «енді мынау машина емес, мотоцикл ғой. Ренжімеңдер, екеуіңнің біреуіңді ғана артыма отырғызамын» дедім. Сонда біреуі артыма мінді. Мен қайсысы мінгеніне қараған жоқпын. Біраз жер жүргеннен кейін артыма қарасам, мотоциклге Ерғали емес, Серікқали мініпті. Сонда басыма «Ерғали Серікқалиға қарағанда әлдеқайда пысық еді ғой, ол қалайша жол беріп қойды» деген ой келіп, түстен шошып ояндым», – дейді Айтқазы Шаянбаев.

Осыдан кейін Айтекең түнімен ұйықтай алмай, дөңбекшіп шығады. Неше түрлі сұмдық ойлар мазалап, сары уайымға салынады. Ертесіне таңертең әке-шешесіне: «Енді күтудің керегі жоқ. Мен Ерғалиді іздеймін», – деп айтады. Анасы көзіне жас алып: «Барсаң, бара ғой. Аман-есен ініңді тауып қайт», – дейді. Содан Айтекең жұмысына келіп командирге кіріп, жағдайды түсіндіріп айтып, кезекті еңбек демалысын сұрайды. Басшысы да адамгершілігі зор азамат екен. «Айтқазы, ініңді іздеуге ниеттенген екенсің, табуыңа тілектеспін! Қанша күн керек болса, сонша уақыт жүре бер. Нәтижесін шығармайынша, қайтпасаң да болады. Жұмысыңа еш алаңдама. Тек рапорт жазғанда келетін уақытыңды жазбай-ақ қой. Оны кейін белгілей саласың», – дейді.

Шытырман оқиға

Сонымен Айтекең полиция формасымен бірден вокзалға жол тартады. Қызылжарға қатынайтын пойызға мініп, жолсерікке «мені Көкшетаудың Тайынша станциясына дейін ала кетіңдер» деп жол ақысын береді.

Айтқазы ағаның бір ерекше қасиеті, жақындары қайда барды, кімнің үйіне тоқтады, оның аты-жөні кім, мекен-жайы қандай – барлық мәліметтерді сұрап біліп, өзінің қойын кітапшасына түртіп отырады. Ағасының бұл талабына інісі де үйренген. Телефонмен сөйлескен уақытта Ерғали «Көкшетауға келдім. Мына мекен-жайға тоқтадым. Енді Тайынша станциясына барып, Қонысбек деген кісінің үйіне қонамын. Оның үйінің көшесінің аты мынадай, нөмірі пәленше» деп айтқан ағасына. Айтекең оны блокнотына түртіп қойған. Айтқазы ағаның бұл жақсы қасиеті оның күнделікті дағдысына, міндетіне айналып кеткен. Мүмкін заң саласында жүргендіктен бе екен, әлі күнге шейін, тіпті балаларына да «қайда бардың, не істедің?» деп ақырындап сұрап, достарының телефон нөмірі, мекен-жайына дейін біліп отырады. Айтекеңнің бұл талабы шынында да оның жақындарына немқұрайлы қарамай, әрдайым қамқор болуға ұмтылып жүретінін білдіреді.

Сонымен Тайынша бекетінен түсіп, Қонысбектің үйіне барады. Бұл ретте айта кетейік, Ерғалидің жолы жеңіл азамат. Өзі нағыз сері жігіт, достары көп, тойларда жайнап, жарқырап жүретін. Үстіне қымбат, сәнді киімдерді киіп, елден ерекше жүргенді ұнататын. Сонда ағасы інісіне «Ерғали, сен қарапайым киініп жүр. Әр адамның ішінде қызғаныш, іштарлық деген болады. Өзіңе дұшпан көбейтпе, мейлінше, қарапайым бол. Көзге түспе. Он адамның арасына кіргенде, жұрт сені танымай қалатын болсын» деп үнемі ақылын айтып отыратын.

Бір әке, бір шешеден туған ағайынды болғандықтан, Айтекең мен Ерекең бір-біріне ұқсайтын. Алғашында Қонысбектің әйелі Айтекеңді Ерғали деп ойлап қалады. Кейіннен жағдайды түсіндіріп айтқаннан кейін, олар да «не болды екен?» деп уайымдай бастайды. Ерғалиды Қонысбектің інісі шығарып салған екен. Ол: «Мен Ерғалиды Көкшетауға дейін апарып тастадым. Кейін кете бер деген соң, қайтып кеттім. Оның қалтасында ары қарай Алматыға кететін билеті болған», – деген. Ертеңінде Айтекең Кенжебекті ертіп алып, Көкшетауға тартады. Бірден қалалық ішкі істер басқармасының бастығына жолығып, Алматыдан келгенін, заң саласында қызмет ететінін, інісін жоғалтып, соны іздеу үшін қасына бір оперативтік қызметкер (жедел уәкіл) беруін сұрайды. Себебі, ол Көкшетауды білмейді. Бұрын-соңды бұл қалада мүлдем болмаған. Алайда, басшылық оның өтінішін орындаудан бас тартады. «Егер ініңіз жоғалса, бізге арыз жазыңыз. Бір жағдай болса, өзіміз хабар береміз» деп түрлі сылтау айтып, шығарып салады. Кабинеттен ұнжырғасы түсіп шыққан Айтекең бұдан кейін өзі бүкіл ауруханаларды аралайды. Уақытша ұстау изоляторларын, үйсіз-күйсіз жүрген қаңғыбастарды ұстайтын қабылдау мекемелерін қарап шығады. Ең соңында мәйітханаға келеді. Онда да жоқ. Жоқ болған сайын Айтекеңе іштей сенім пайда болып, қуанады. Демек, қандай жағдай болса да, ол – тірі.

Осыдан кейін Кенжебек екеуі Ерғалидың қалада жалдап тұрған пәтеріне барады. Алайда, үй иесі Ерғалидың бұл пәтерде сәуір айында тұрғанын, ал мамыр айында басқа жаққа көшіп кеткенін жеткізеді. Негізі, барлық мәселе соңғы пәтерінен шыққан. Бірақ ол үйді ешкім білмейді. Содан Айтекең блокнотын ақтарып, Ерғалидың банкте істейтін танысына хабарласқан. Ол Ерғалидың жақсы азамат, айтқан сөзінде тұратын, ұқыпты жігіт екендігін айтады. Бірақ соңғы пәтерін ол да білмейді екен. Дегенмен, оның айтуынша, Ерғалидың соңғы пәтерін білетін бір келіншек бар. Ол Алматыға кетіп қалыпты. «Бір-екі күнде келеді. Сонымен сөйлесіп көріңіз» деп банктегі танысы әлгі келіншектің телефон нөмірін береді.

Мына жағдай шытырман оқиғаға ұласып бара жатқанын сезген Айтекең бұл мәселені жалғыз өзі шеше алмасын, қасына бір адам керек екенін ұғады. Сөйтіп, жары Сәулеге хабарласып, «Сен Сашаның үйіне бар. Жағдайды түсіндір. Айтқазы сені Көкшетауда күтіп отыр деп айт» дейді. Сашаның шын аты – Александр Андреевич. Ол өзі спортшы жігіт. «Білегімен бірді, білімімен мыңды жығатын» ақылы мен қайраты тасыған нағыз тегеурінді, мықты азамат. Кезінде Айтекеңмен бірге жұмыс істеген досы, сыйласы. Қазір жеке кәсіпкер. Бір дөкейдің оққағары болып жұмыс істейді.

 

Қан жібермейді

Бір қуанарлығы, Сәуле жеңгей жағдайды түсіндіріп айтқанда, Саша «уақытым жоқ, Көкшетауға баратын қаражатым жеткіліксіз» демеген. Бірден әйеліне «Менің жолға шығатын заттарымды дайында» деген. Міне, нағыз достар осындай болса керек.

Бір-екі күн өткенде екі дос кездесіп, Ерғалидың соңғы пәтерін білетін әлгі келіншекке жолығады. Жағдайды түсіндіреді, соңғы тұрған пәтерін сұрайды. Ол үйдің нақты адресін білмейтінін, бірақ жобалап барса таба алатынын жеткізеді. Бір ерекшелігі, үй иесі ол пәтерді сатамыз деп қойған екен. Оның үстіне, келіншек үйді тек пәтер ішіндегі қабырғаға жабыстырылған түсқағаздар арқылы ғана танитынын айтады. Мұны естіген Айтекең пәтер сатып алушының кейпіне еніп, сондағы үйлердің бір емес, екеуіне бас сұғады. Үшіншісіне кіргенде, әлгі бикеш «осы» деп белгі береді. Содан екі дос әйелді таксиге отырғызып, өздері жаңағы пәтерге келіп, есікті ішінен құлыптап, пәтер жалға беруші әйелді сұрақтың астына алады. «Мен Башқұртпын. Келгеніме екі-үш ақ күн болды. Мұның алдында үйде кім тұрғанын білмеймін. Ол кезде балам мен қызым болған мұнда» дейді. Ал баласы Руслан болса Ерғалиды базарда істейтін бір әйел таныстырғанын, осында пәтер жалдап тұрғанын айтады. Сол уақытта Айтекең інісінің үй ішінде киіп жүретін тәпішкесін көріп қалады. Демек, ол 100 пайыз осы үйде болған. Содан Русланнан Ерғали үйден кеткен күні оның қасында кімдер болғанын сұрайды. Руслан сол кезде оның қасында өзінің өгей ағасы Марат Мукушев, Ситун (Сейтмағанбет) және тағы бір қазақ жігіті болғанын жеткізеді. Солар таңғы сағат төртте Ерғалиды пойызға шығарып салуға бірге кеткен екен. Осы тұста Руслан әлгі аты аталмаған қазақ жігітке телефон шалып, үйіне келуін өтінеді. Арада біраз уақыт өткенде ол да үйге келеді. Бір қызығы, ол беліне Ерғалидың белдігін тағып алыпты. Айтекең бірден белдікті қайдан алғанын сұрайды. «Оны Ерғалидың өзі сыйлаған» дейді әлгі жігіт. Айтқазы аға «жарайды» деп, оның телефон нөмірін, мекен-жайының бәрін жазып алып, жібере салады. Сосын Русланға Мараттың үйіне барайық деп өтініш жасайды. Ол Көкшетаудан 45 шақырым жерде Павловка деген ауылда тұрады. Сонымен такси жалдап, үшеуі сол жаққа аттанады. Таксистке ішкі істер органында істейтінін, адам жоғалу фактісі бойынша күдіктіні ұстауға, құрықтауға кетіп бара жатқанын, жолда әр түрлі жағдай болуы мүмкін екендігін түсіндіреді.

– Мараттың үйіне жеткенде есіктің алдында бір әйел екі кішкентай баламен отырды. Руслан оларды көре сала, көздері ойнап кетті. Мен оны байқап қойдым да, дереу Русланды көлікке отырғыздым. Үйге қайта келсем, Марат үйдің бұрышында шешініп тастап, отын жарып отыр екен. «Саша ол балтамен тұр. Қазір барсақ, ол бізді балтамен шабады. Оған аянатын ештеңе жоқ. Одан да сен тығыл, мен өзім барайын» дедім. Содан мен бірден мас адамның кейпіне еніп, ішкі кірдім де «О, Мара, салам!» дедім. Ол шошып кетті. «Сен өзіңнің достарыңды осылай күтіп аласың ба?» деп едім, ол: «біз қандай доспыз?» деді. Мен: «Ситун қыздармен келді» дедім. Ол қуанып кетіп, балтаны қойды да, «О-о-о, менің ағам, Ситун келді» деп бері қарай шықты. Сол кезде шап беріп, бірден ұстап алдым. Ол менің кім екенімді түсініп қойды. Неге екені белгісіз, ең бірінші менің басыма «жертөлелерді тексеру керек» деген ой келді. Әуел баста Құдай менің аузыма осы сөзді салып қойды. Есіл дертімнің бәрі – жерқойманы қарау. Содан бірден «Мәке, маған жертөлені көрсет» дедім. Ол далада қазылған жерін көрсетті. Оның ішінде тізеге дейін су жиналып қалған. Осы аралықта далада екі баламен тұрған әйел жоқ болып кетті. Саша екеуміз Маратты сүйреген бетте жүгіріп үйге кірдік. Сонда әлгі әйел едендегі төсенішті қолымен жауып үлгерді. «Оңбаған, сен не істеп тұрсың» деп, жүгіріп барып әйелді шапалақпен тартып жібердім де, төсенішті ашып, жертөлеге секіріп түстім. Сіріңке жағып қарасам, жертөленің аяқ жағында ағарып бір заттың бұлдыр кескіні көрінді. Інімді таптым деп ойладым. «Ерғали, бауырым! Мен келдім! Ештеңеден қорықпа, бәрі дұрыс болады» деп, әлгі жерге жақындасам, інімнің екі қытайлық дорбасы тұр. Оларды сыртқа шығарып, ішін ақтардым. Інімнің кішкентай шәй қасығы, күрішкесі, т.б. заттары тұр. Бір үйде өскендіктен мен оның заттарының бәрін беске білемін. «Мынау сендерде неғып жүр?» дедім. Олар: «біз оны тауып алдық» дейді. Марат есі шығып, қатты сасқалақтап қалды, – деп еске алады Айтқазы Ахметұлы.

 

Үш рет түрмеден босап шыққан

Содан екі дос әлгі жерде Мараттың көршілерін шақырып, «мына заттарды біз осы үйдің жертөлесінен таптық. Сіздер осыны растасаңыздар болды» деп, куәгер ретінде қол қойдырып алады. Мараттың қолын қайырып көлікке отырғызып, сөмкені машинаның жүксалғышына тастайды. Қылмыскерді Көкшетаудың ішкі істер басқармасына апарады. Басқарма бастығы Маратты бірден таниды. Сосын қаланың бас тәртіп сақшысы Айтекеңе келіп, «Бауырым, сен ренжіме! Мен сені жете бағаламадым. Алматыдан келдің, Көкшетауды білмейсің. Сөйте тұра, он күн ішінде қылмыскерді ұстап әкеп бердің. Мұнда алғаш жедел уәкіл болып қызмет еткенде, ең бірінші Мукушевті өзім жасөспірімдер колониясына отырғызғанмын. Одан кейін ол үш рет сотталды» депті қалалық ІІБ басшысы.

Бір өкініштісі, ол үш рет сотталса да, абақтыдан мерзімінен бұрын босап шыға берген. Тәртібі жақсы болғаны үшін жазасы жеңілдей беріпті-мыс. Бұл біздің заңымыздың соншалықты осалдығын көрсетпей ме? Жарайды, бір рет болсын, енді екінші, тіпті, үшіншісінен кейін де «тәртіпті» деп ерте босатып жіберу, еш ақтауға жатпайтын тым өрескел іс емес пе?

Осылайша Айтекең қандықол Мараттың тағы бір қылмысын ашады. Ішкі істер қызметкерлері оны күштеп тұрып мойындатқызады. Алайда, Айтекеңе, Мараттың таяқ жегені қызықтырып тұрған жоқ. Оның бар ойы – інісін тезірек табу. «Олар Ерғалиды бір жерге апарып қамап қойды. Мен оны сол жерден шығаруым керек» деп ойлайды. Әлі де оны өлдіге қимайды.

Содан полиция қызметкерлері Маратты тергеп, жауап алып болғаннан соң, кешкісін басқарма басшысы Айтекеңді кабинетіне шақырып алады. «Бауырым, қызметте жүр екенсің, «жаман айтпай, жақсы жоқ», інің мына жауыздардың қолынан қаза тауыпты. Бекем бол!» деп қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.

Құдайдың құдіреті

Негізі, бұл ретте қылмыс былай өрбіген екен. Барлық мәселе ақшаға байланысты болған. Ерғали базарда сауда жасайтын әйелге қымбат көйлек сатқан. Бірақ оның ақшасын біраз уақыттан бері ала алмай жүрген. Әйел ақысын күнде ертеңмен соза берген. Бір күні Ерғали әйелдің үйіне барып «мен енді Көкшетауға келмеймін, қарызыңызды беріңіз» деп тұрып алады. Сол кезде үстел басында екеуінің де ортақ таныстары Марат, Ситун, тағы бір жігіт ішімдік ішіп отырған. Әлгі әйел солардың көзінше Ерекеңе ақшасын береді. Ол кезде сонда масайып отырған үш жігітке бұл үлкен сома болып көрінеді. Оның үстіне, Ерғалида бұдан да көп қаражат болған. Өйткені, әкелген тауарларының ақысы, қаншама заттары бар. Қандықол қарақшылар осыны біліп, өздерінің арам ойларын іске асырғысы келеді. Ерғали әлгі әйелдің үйінен шыққанда, оның артынан үш қылмыскер де еріп келеді. Онымен қоса, Марат Ерғали жалдап тұрған пәтер иесі Русланның өгей ағасы. Осылайша олар Ерғалиға «ақыры кетіп бара жатыр екенсің, олай болса, жолашар жаса» тұрып алады. Ерғалидың жалға алған пәтерінде тағы да ішіп, сол жерде үшеуі жоспар құрады. Таңғы сағат 4-тер шамасында Ерғали пойызға міну үшін жолға шыққанда, артынан олар да еріп, екеуі екі сөмкеге жабысады. Ерекең қарсыласады. Сол мезетте үшіншісі Ерекеңнің басынан жуан ағашпен бір ұрып құлатады. Біреуі ұстап, екіншісі қалай болса солай, пышақ ұра береді. Білетіндердің айтуынша, негізі Сейтмағанбет үнемі білегінде пышақ ұстап жүреді екен. Олар осылай Ерекеңді өлтіріп, қаланың шетіндегі арыққа әкеліп, кішкене көміп, бетіне шөп-шалаң тастап кетеді.

– Бір таңғаларлығы, мен Көкшетауға келіп інімді іздеген кезде, барлық аурухана, уақытша ұстау мекемелерін аралап, әбден тығырыққа таянғанда, Көкшетаудың шетіне шығып, иен далаға қарап, Аллаға сыйынған болатынмын. «Уа, Алла, сенерім де, сүйенерім де – сенсің! Енді інімді қайдан іздеймін, Өзің жол көрсетші» деп, Құдайға жалбарындым. Алла тағаланың ұлылығы мен құдіретінде шек жоқ қой! Кейін білдім… Інімді нақты сол мен тұрған жерге көміп кеткен екен. Мен сонда өзімнің інімнің басына барып тұрыппын. Құдай өзі жол көрсеткен екен. Сол уақытта менің оң жағымда 200 литрлік тот басқан жаман бөшкелер жатқан-тұғын. Бөшкелердің қасындағы кішкентай арыққа інімді көміп, бетін шөппен жауып кетіпті. Бір Алланың бары хақ қой. Алла тағала інімнің басына өзі алып келіпті. Қандай сәйкестік десеңізші, – деп таңданысын жасырмайды Айтекең.

– Әрине, Ситунды іздеп, оның туған жері Ақмола облысы, Мәдениет ауылына баруға болатын еді. Бірақ менің бар ойым, інімнің сүйегін алып, ауылға апарып, ертерек арулап жерлегім келді, – дейді Айтекең.

Сөйтіп, қос дос мәйітті Алматыға алып келіп, мұсылмандарша дәстүрлі өлім жоралғысын жасап, сүйекті арулап жуып, «ақырет кебін» кигізіп, жер қойнына тапсырады. Осыдан кейін ғана Айтекең үстінен ауыр жүк түскендей, терең тыныс алады.

 

Қылмыскер жазасын қалмайды

Інісінің жылдық асын берген соң, ол қайтадан бауырын өлтірген Ситунды іздеу үшін Көкшетауға барады. Онда ағасы Айтун да, Ситун да қайтыс болғанын естиді. Бірақ Айтекең оған сенбей, Ситунның туған жері Ақмола облысының Мәдениет ауылына шығады. Онда ауылдың әкімдік қызметкерінен Ситунның қайтыс болғаны туралы қуәлік қағазын сұратып, өз көзімен көреді. Жергілікті учаскелік полициясына барып, Сейтмағанбеттің жаназасын шығарған ауыл имамымен, тіпті, мәйітті жуған жігіттермен де сөйлеседі. Олардың барлығы Сейтмағанбеттің қайтыс болғанын растайды. Ауылдастарының айтуынша, ол мұнда да тыныш жатпаған екен. Осында тұратын шешен ұлтының өкілдерінің мүлкін тонаумен айналысқан. Бірде шешендер оның ұрлық жасап жатқан жерінен ұстап алып, әбден тепкінің астына алған. Содан бауыры езіліп, ақыры өзі де кісі қолынан қаза тауыпты. Міне, «қан жібермейді» деген осы. Алла қылмыскердің жазасын өзі берді.

Осыдан кейін ғана Айтекеңнің жаны тынышталып, Алматыға келіп, бауырының зиратына барады. «Інім, кегің қайтты. Қылмыскерлердің екеуі 6 және 12 жылға сотталды. Ал бірі кісі қолынан қаза тапты. Кегіңді алдым!» деп Құран оқып, Аллаға шүкіршілік қылады.

Серік ЖҰМАБАЕВ.

ПлохоТак себеНормальноХорошоОтлично (Пока оценок нет)
Загрузка...

 

 

Комментарий