– Бауыржан Мұратбекұлы, 2024 жылғы ел экономикасындағы басты оқиғалар деп нені атай аласыз?
– Бірінші кезекте экономиканың негізгі драйверіне айналып отырған инвестициялық жобаларды айтуға болады. Бізде құны 1,5 трлн теңгеге жуықтайтын 180 инвестициялық жобаның қосылғаны туралы мəлімет бар. Оның 160-тан астамы металлургия, химия, мұнай, автокөлік, туризм, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркəсібі сияқты өңдеу секторына тиесілі. Бұл импорт алмасуға өз əсерін тигізеді. Соның нəтижесінде 25 мыңға жуық адам жұмыспен қамтамасыз етіліп, біздің сыртқа шығатын экспортымыздың көлемі 6 триллион теңгеге артып, импортқа тəуелділігіміз 1,5 триллион теңгеге төмендеген. Екіншісі, өңдеу өнеркəсібі 5 пайыздық өсім көрсетті. Бұл көрсеткіш машина жасау, қара жəне түсті металлургия, химия өнеркəсіптері салаларында көрсетілген. Жалпы ішкі өнімнің өсуі бірінші жартыжылдықта 3,3 пайызды құрап, өндіріс көлемі 2,5 пайыздан асты. Биыл инфляция баяулады. Мысалы, маусым айында жылдық инфляция 8,5 пайызға дейін төмендеді. Бұл көрсеткіш былтырғы сəйкес уақытта 9,5 пайыз болған. Яғни, биыл 1 пайыздың көлемінде айырмашылық бар. Азық-түлік тауарына деген бағаның өсуі 5,5 пайызға, азық-түлік емес тауарларда 7,5 пайызға дейін баяулағанын көріп отырмыз. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, 2023 жылға қарағанда 2024 жылы едəуір экономикалық оң процестің орын алғанын айтуға болады. Сондай-ақ сыртқы сауда балансының да жақсаруын атап өту керек. Мысалға бірінші жартыжылдықта сыртқы сауда айналымы 55 млрд долларды құрады. Оның ішіндегі экспорт 1,5 пайызға өсіп, 32,5 млрд долларды, ал импорт 7,5 пайызға қысқарып, 22 млрд долларды құрады. Яғни, оң сауда балансы 9,5 млрд долларды құрап, ол өткен жылмен салыстырған кезде 32 пайызға нығайды. Осындай факторлар экономикадағы əртараптандыру кезіндегі жақсы қадамдар деп айтуға болады.
– Мемлекет басшысының экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша тапсырмаларын Үкімет қаншалықты жүзеге асыра алды?
– Экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша Президенттің арнайы тапсырма бергені белгілі. Үкімет сол тапсырманы орындау үшін əртүрлі қадам жасады. Енді оның тиімді не нəтижесіз болғанын əртүрлі бағалауға болады. Негізгі нəтижелерін жаңа да айтып өттім. Мəселен, инфляцияны төмендетуде үдеге жетті. Инфляция 9,5 пайыздан 8,5 пайызға дейін төмендеді. Бағаның төмендеуі де үкіметтің жұмысын бағалауға оң əсерін беретін фактор. Өңдеу саласындағы инвестициялық жобалар, 25 мың адамның жұмыспен қамтамасыз етілуі де оң үрдіс. Бүл макроэкономикалық көрсеткіш бойынша жақсы нəтижелерге жеткізді. Көп аймақтарда халықты жұмыспен қамтамасыз ету, экономикалық даму қарқынының төмен екенін əлі де байқап отырмыз. Тауарлардың бағасын тұрақтандыру жəне халықтың табысын арттыру мəселесі де толық шешілген жоқ. Мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалардың орындалу қарқыны да баяу. Бұл енді үлкен кемшілік. Өйткені ақшаның бағдарламалармен бөлінуі бір басқа, оны игеру бір басқа. Яғни, игеру мəселесіне келген кезде дұрыс бағыттардың жүзеге аспай жатқанын көруге болады.
– Халықтың əлеуметтік-тұрмыстық жағдайын төмендетпеу үшін үкімет 2025 жылы қандай шаралар жасауы мүмкін?
– Ең бастысы, бағаны тұрақтандыру жəне инфляцияны бақылау. Əлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын реттеу. Яғни, азық-түлік, дəрі-дəрмек, коммуналдық қызметтер, жанар-жағар май бағасын тұрақтандыру үшін мемлекет бақылауды күшейту керек. Жергілікті жəне орталық мемлекеттік атқарушы органдардың барлығы да халықтың қалтасына əсерін тигізетін бағыттарды тікелей қадағалауы тиіс. Одан кейін оның тетіктерін де жетілдіру керек. Азық-түлік пен дəрі-дəрмекке қатысты сауда желілерімен əкімшіліктер, минис трліктер меморандумға отырып, делдалдық схемаларды қысқартуы тиіс. Біздегі ең кемшін тұс – сатушы мен сатып алушы арасындағы делдалдар мүддесінің жоғарылығы. Цифрлық бағдарламаларды қолданып алыпсатарлар мен делдалдардың қызметін реттеу де үлкен шаруа болып табылады. Ол жүзеге асса, нəтижелі болады. Сосын азық-түлік өндірісіне, ауыл шаруашылығына, коммуналдық қызметтерге мемлекет тарапынан бөлінетін субсидияларды да арттыру керек. Өйткені инвестициялық тартымсыз салаларға мемлекеттік субсидия көмегінсіз жұмыс атқару қиын. Сосын ең төменгі жалақы мен зейнетақы мөлшерін де кезең-кезеңімен арттыруды қолға алуымыз керек. Ауылдық жерлерде, моноқалаларда арнайы бағдарламаларды қабылдау арқылы жұмыс орындарын көбейту қажет. Экономиканың негізгі драйвері шағын жəне орта бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау керек. Қазіргі қабылданайын деп жатқан Салық кодексінде де, Банк туралы заңда да осы шағын жəне орта бизнеске ерекше статус беріп, олардың дамуына барлық жағынан мүмкіндік ашу қажет. Тұрғын үй мəселесін де қалтарыста қалдырмау маңызды. Халыққа қолжетімді тұрғын үй бағдарламаларының мөлшерін көбейту қажет. Шалғай аймақтарда да инфрақұрылымды қолжетімді ету керек. Энергия тиімділігін арттыруға байланысты коммуналдық шығындарды азайту да 2025 жылдың күнтəртібінде тұратын мəселелер. Сосын əлеуметтік қамтамасыз етуде де көпбалалы отбасыларға, зейнеткерлерге, мүгедектерге, əлеуметтік аз қамтылған жандарға жəрдемақы көлемін көтеру кезек күттірмейді. Əлеуметтік көмек беруде цифрлық технологияларды пайдалана отырып, діттеген адамға жетуі маңызды. Бізде еңбекке қабілетті, бірақ жұмыс істегісі келмейтін, тек əлеуметтік төлемдерге ғана қарап отырған азаматтардың көптігін байқаймыз. Сол үшін оларды жұмыспен қамтамасыз етіп, əлеуметтік көмектерді мұқтаж адамдарға ғана беру керек. Денсаулық сақтау саласына, балабақшаға сапалы кадрлар даярлауға байланысты жүйені дамытып, олардың тетіктерін жетілдіру қажет. Газ, электр, сумен қамтамасыз етуді жақсартып шағын қалалалар мен ауылдарды дамытып, экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жаңа технологиялар мен инновациялық жобаларды арттыру керек. Экономикадағы ең үлкен қаржы көзі болып табылатын Ұлттық қордың жұмысын да тиімді пайдалануды жолға қойған жөн. Ұлттық қор қаражатының дұрыс активтерге салынуы, дивиденттердің дұрыс бөлінуі секілді жағдайларды күн тəртібінен түсірмеу керек. Мемлекет тарапынан берілетін əртүрлі субсидиялардың əділ бөлінуі үшін оның технологиясын цифрлық платформалар арқылы дамытып, бюрократиялық қысымдарды азайту қажет. Осылардың барлығы 2025 жылы үкіметтің басты назарында тұруы өзекті.
– Бюджеттің кірісінен шығысы басым боп тұрған кезде инфляцияны төмендетудің қандай жолы бар?
– Бұл Үкіметтің қандай саясат ұстанып, шаралар қабылдауына байланысты. Маңызды салаларға бірінші кезекте басымдық беру керек. Яғни, экономикалық өсімді қамтамасыз ететін инфрақұрылымдық жобаларға қарай бағыттау қажет. Сырттан импорттық тауарларды сатып алуға емес, керісінше отандық кəсіпорындарға, оның ішінде дайын өнім шығаратын кəсіпорындарға басымдық беру керек. Сол арқылы біз теңгенің теңгерімдігін де, экспорттың үлесін де арттыруға мүмкіндік аламыз. Сосын тиімсіз шығындарды қысқарту қажет. Жоғары атқарушы органнан бастап, ең төменгі ауылға дейінгі аралықтағы барлық шығындарды мониторинг жасау арқылы, оның қажетті-қажетсіз екенін анықтауымыз керек. Бізде үкімет қаражатының лайықты түрде жетпеуіне тиімсіз шығындардың көп болуы əсерін тигізіп жатыр. Сонымен қатар жеке секторда бизнестің инфрақұрылымдық жəне əлеуметтік жобаларға қатысуын қамтамасыз ету арқылы мемлекеттік шығындарды төмендету де маңызды іс болып табылады. Салық саясатын жетілдіріп, экономикадағы көлеңкелі сектордың үлесін азайту қажет. Салықтық жеңілдіктерді тек қана экономикалық нəтиже беретіндерге беру керек. Біздегі көп жеңілдіктер монополист компанияларға беріледі. Бірақ та қайтарымына жауап жоқ. Сондықтан салықтық жеңілдіктердің ара-жігін ажырату керек. Кəсіпкерлерді ынталандыруды салықтық ставкаларды оңтайландыру арқылы арттыруға болады. Ақша-несие саясаты да үлкен мəселе. Базалық ставканы көтеру арқылы бола ма, əлде талаптарды көтеру арқылы бола ма несиенің қолжетімділігін шектеуіміз керек. Біз халықты несие ге алатын заттарды, қызметтерді жұмыс істеу арқылы өзінің еңбекақысына алатындай жағдайға жеткізуіміз қажет. Ақшаның массасын да азайту маңызды. Айналымдағы артық ақша массасын азайту үшін облигациялар шығарып, Ұлттық қордан қаржы тартуды шектеуіміз қажет. Яғни, нарыққа көп қаржы кірген жағдайда, ол инфляцияға алып келеді. Валюта нарығын да тұрақтандырған абзал. Импорттық инфляцияның алдын алу маңызды. Мысалға, Ресейден импорттық тауарлар көп кірген сайын сол тауарлардың бағасымен инфляцияның да кіретінін біз назардан шығармауымыз керек. Сол үшін импорттан гөрі, экспортқа көп шығаратын мемлекетке айналуымыз қажет. Импорттық тəуелділікті азайтып, əлеуметтік маңызы бар тауарларды субсидиялауымыз жəне баға тұрақтылығын қамтамасыз етуіміз керек.
– Шетелге заңсыз шығарылған қаржыны қайтару неге саябырсып қалды?
– Бұл əртүрлі себептерге байланысты болуы мүмкін. Өйткені бұл өте күрделі жəне көп уақытты талап етеді. Оған ішкі жəне сыртқы факторлар да əсер етеді. Бірінші, сыртқы факторлар. Халықаралық əртүрлі құқықтық қиындықтар. Мемлекеттер арасындағы əртүрлі юрисдикциялардың күрделілігі, əр елдің қаржы, салық жəне банк жүйелерінің əртүрлілігі де оған əсерін тигізеді. Мемлекеттер арасындағы келісімдердің болмауы, ұлттық базаның əртүрлі болуы да оған əсерін тигізеді. Ақпарат алмасудың да шектеулілігі бар. Кейбір елдер қаржылық ақпаратты ашық бөлісуге дайын емес немесе бұл олар үшін құпия болып табылады. Сот процесінің ұзақтығы мен шетелдік қаржы орталықтарының қарсылығы мəселесі де бар. Оффшорлық аймақтарда ақша көп аударылғандықтан, олар сол ақшаны қайтаруға əртүрлі жолдармен кедергі келтіруі мүмкін. Қаржы институттарының мүдделері де əртүрлі болып табылады. Екінші, ішкі факторлар. Онда ең бастысы саяси ерік-жігердің жетіспей жатуы. Ол жерде əртүрлі тұлғалардың, топтардың активтерді қайтаруға қарсы əрекет жасауы да мүмкін. Сосын қоғамдық бақылаудың əлсіздігі. Яғни, ақпараттың жетіспеушілігі мен қоғамдық қысымның төмендігінің өзі осы жұмыстың уақытында жасалмауына əсерін тигізеді. Қаржының қайдан шыққанын дəлелдеудің өзі өте қиын болып табылады. Ақша бірнеше елдер арқылы аударылып, оның қайдан шыққанын табу өте күрделі болады. Қаржының ізін жасыратын да бағыттар бар. Криптовалютаға, басқа да құралдарға заманауи технологиялар салу арқылы да қаржының қайдан шыққанын көрсету өте қиынға түседі. Сол үшін де бірінші кезекте біз халықаралық келісімдерді күшейтіп, Ұлттық базаны жетілдіріп, қоғамның бақылауын арттырып, арнайы мамандандырылған ресурстарды пайдалануымыз керек. Осындай маңызды жұмыстармен ғана біз бұл сұрақтың нəтижесіне жетеміз деп ойлаймын.
– 2025 жылға болжамыңыз қандай?
– Экономикалық өсім күтеміз. Бұл 4 пайызға дейін болады деген болжам бар. Ол макроэкономикалық саясат пен шикізаттық емес секторды дамыту шараларына байланысты. Мұнай бағасының тұрақтылығы да елдің экспорттық кірісіне жақсы əсерін тигізеді. Жаңа кен орындарының игеріліп жатқанының өзі энергетикалық сектордың дамуына ықпал етеді. Өңдеу өнеркəсібін де дамытуымыз керек. Инфляция 6-8 пайыз аралығында болады деген болжам жасалуда. Азықтүлік бағасын тұрақтандыруға байланысты да түрлі жұмыстар жасалуы керек. Шағын жəне орта бизнес саласын қолдауға байланысты жаңа жұмыс орындары ашылады деген үміт бар. Əлеуметтік сала бойынша да қолдаулар жалғасын таба береді деген сенімдеміз. Саясатта саяси тұрақтылық болу керек. Өйткені инвесторлардың бірінші қарайтыны елдегі саяси тұрақтылық. Мемлекеттік басқарудағы реформалар тиімді жағына қарай жалғаса беруі керек. Қазақстанның көпвекторлы саясаты да шетелдік инвесторлардың келуіне ықпалын тигізеді. Соңғы уақытта Қытаймен, ЕуроОдақпен, Түркиямен экономикалық байланыс орнатуымыздың өзі де оған жақсы ықпал етеді деп ойлаймын. Цифрландыру, инновациялық жобалар, жасыл технологиялардың дамуы да өзінің тиімді əсерін тигізеді. Сонымен қатар тəуекелдер де бар. Онсыз болмайды. Əлемдік экономикалық тұрақсыздықтың өзі біз үшін тəуекел. Экспорттың көп болуы да, импорттың көп болуы да инфляциялық қысымға əкелуі мүмкін. Климаттық өзгеріс, судың тапшылығы, ауа-райының қолайсыздығы да ауыл шаруашылығына өз əсерін тигізеді. Егер ойымызды қорытындылайтын болсақ, 2025 жыл Қазақстан үшін экономиканың əртараптануына, əлеуметтік тұрақтылықты, экологиялық мəселені шешудің жылына айналады деген сеніміміз бар. Алайда біз барлығына да дайын болуымыз керек. Бұл үшін экономикадағы болатын құбылыстарға дер кезінде жауап беретіндей жақсы саясат туралаумыз керек деп ойлаймын.
–Үмітіңіз ақталсын.
Сұхбатыңызға рақмет. Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»