spot_img
spot_img

Заря Жұманова «КӨБЕЛЕК ҚУҒАН БАЛАҚАЙ»

Заря  ЖҰМАНОВА, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Жазушыны осы уақытқа дейін ересектерге арнап жазған шығармаларымен көбірек танитын едік. Төмендегі бес бірдей ертегісімен жазушының балаларға арнап жазған шығармаларының да өзіндік орны барын байқап отырмыз. Ертегілері нанымды, балалар жанына жақын. Ол Халықаралық  «Дарабоз» әдеби байқауының, республикалық «Алтын қалам» тәуелсіз әдеби бәйгесінің, тағы басқа да бірнеше әдеби сайыстардың жүлдегері.

КӨБЕЛЕК ҚУҒАН БАЛАҚАЙ

(Ертегі)

Жансерікті үйіндегілер «Мультик-пультик» деп еркелетеді. Өйткені ол күнде ұйқыдан ояна сала, бірден теледидарға жармасатын. Анасы әуелде оның тентек болмай, жүгірмей, секірмей, тып-тыныш үйде отырғанына мәз еді. Кейін: «Балам, таза ауа жұтшы. Аулаға шығып, ойнап келші»,-деп жалына бастады. Бірақ балақай күні бойы экранға телміретін де отыратын. Теледидарды өшірсе, «Муль-тик, муль-тик!»-деп жер тепкілеп жылайтын. Сосын үлкендер оның дегенін жасайтын. Көршілерден ұят деп…

Анасы кейде: «Балам, нан әкелші»,- деп, есік алдындағы дүкенге жұмсайтын. Жансерік болса, «Иә, иә! Қазір, апа, қазір!»-дейтін де орнынан қозғалмай отыра беретін. Неге дейсіз бе? Өйткені… ол ақпақұлақтың нағыз өзі еді. Иә, иә…Дәл өзі! Айтылған сөз оның бір құлағынан кіріп, екінші құлағынан шығып кететін.

«Жарайды, мектепке барған соң түзелер»,-дейтін әкесі. Алайда, мектепке барғанмен, түзеліп кеткен Жансерік жоқ. Сыныптағы ең нашар оқушы да — сол. Бойы тіпті бірге оқитын ұлдар түгілі, қыздардан аласа. Сәл суық тисе, түшкіріп-пысқырып, лезде қызулап қалатыны тағы бар. Ал ауырса, апталап мектепке бармайтынын қайтерсің. Апта бойы үйде теледидар көріп, жылы төсекте жататын. Бір күні ол тағы да сабақтан қалды. Себебі ме, себебі… Сыртта боран соғып тұр еді.

— Бүгін мектепке бармай-ақ қой, -деді әкесі.

— Ой, алақай! — Жансерік рюкзагын диванға лақтырып жіберді. Сосын бірден теледидарға жармасты. Не деген керемет! Күн шуағы төгілген, тып-тыныш арал. Жер, әлем — теп-тегіс жап-жасыл. Бір шөкім ақ бұлт. Ашық аспан. Айнала әдемі көбелектерге толы. Әр гүлден бір гүлге ұшып-қонып жүр. Шіркін, осылармен бірге ойнап жүрсем ғой деп ойлады Жансерік.

Кенет… көк көбелек қанаты дір-дір ете, қасына ұшып келді. Титімдей түйме көздері жылт-жылт етіп: «Жүр, Жансерік, ойнайық!» — деді нәп-нәзік үнмен. Ол көлбеңдеген көбелекке қалай ілесіп кеткенін өзі де білмей қалды.

***

Түс кезінде апасы аппақ шүберек жайды да, бал қосылған ыстық сүт пен дәмді ботқаны Жансеріктің қасына қойып кетті. (Ол үнемі теледидар қарап отырып тамақ ішетін. Ешқашан дастархан басында, үй-ішімен бірге, ас жемейтін.) Кешкісін апасы жұмыстан келді. Түскі тамағы сол қалпы, қозғаусыз тұр екен. «Балам-ау, тамағыңды неге жемедің?» — дей бергенде, есік қағылды. Ауылдан атасы мен әжесі келіпті. Бәрі мәре-сәре. Тек Жансерік қана мелшиген күйі, теріс қарап отыра берді. Әке-шешесі үлкендерден қатты ұялды. Тіпті жерге кірер тесік таппады.

— Ой, күшік, сәлем қайда? — Атасы Жансеріктің басынан сипай бергенде, бала сылқ етіп еденге құлап түсті. Кәдімгі шүберек секілді. Былқ-сылқ. Бәрі шошып кетті. Әжесі дереу баланың бетіне су бүрке бастады. Кенет экранға көзі түсіп кетіп, таңғалғаннан тілі байланып қалды.

 Тек дір-дір етіп, сұқ саусағын шошайта берді. Бәрінің көзі теледидарға қадалды. Міне, сұмдық! Мультфильм ішінде… Жансерік жүр екен. Асыр сала шапқылап, көгалда көбелек қуып барады.

— Қап, әттеген-ай! Жаны теледидар ішіне кіріп кетіпті ғой!..Мынау жатқан тек құр сүлдері екен! -деп атасы басын шайқай берді.

— Ойпырмай, енді не істейміз?- деді әжесі сасқалақтап. Ал анасы өксіп жылап жіберді.

— Сабыр етіңдер… Түбі бір оралар, — деді атасы.

***

Күн артынан күн, ай артынан ай өтіп жатты. Әке-шешесі, атасы мен әжесі бар шаруаны ұмытып, күн сайын теледидардан көз алмайтын. Көп сериялы мультфильм екен. Таяуда бітер түрі жоқ. Шектей шұбатылған бірдеңе…

 Қалада — қақаған қыс, ал мультфильмде — жайнаған жаз. Ойында түк жоқ, көбелек қуып, шат-шадыман шапқылап жүрген Жансерік. Өз балаңды еркелетіп, құшақтап, мейірлене иіскемеу не деген азап еді!..

 Олар түні бойы кірпік ілмейді. Атасы мен әжесі көзге көрінбейтін Құдыреті күшті Аллаға жалбарынумен шығады. «Баламызды түзу жолға сала гөрші!»-деп… Анасының көз жасы көл. Әкесі іштен тынулы.

Жансеріктің жайы күллі қалаға тарады. Жұрттың бәрі уайымдай бастады. «Егер баламыз сондай халге тап болса қайтеміз?» — деп. Мектепте күн сайын жиналыс.

— «Миымызды айналдыратын мультиктерді құртыңыз!» деп теледидар басқаратын ағайлар мен апайларға хат жазайық,- деді балалардың бірі.

— Олар бізге соларды қинап, қыстап көрсетіп отыр ма? Көру-көрмеу өз қолымызда емес пе? Бәріміз спорт үйірмелеріне жазылайық. Сабақтан бос кезде шынығайық, — деді екіншісі. Сол-сол-ақ екен, әркім әр тұстан жамырай жөнелсін:

— Өте дұрыс! Үлкен-үлкен жарыстарға қатысамыз.

— Талай-талай шетелдерге барып, Ел намысын қорғаймыз!

— Ой, оның бәрі бос қиял ғой.

— Неге бос қиял?

— Үйірмеге ай сайын ақша төлеу керек пе? Керек. Ал оны қайдан аламыз?

— Расымен де…Көбіміздің әке-шешеміз қарапайым жандар. Тапқан табыстары тамағымыздан аспайды.

— Әкімдер ме, байлар ма, әйтеуір бір қайырымды кісілер бізге тегін үйірмелер ашып берсе ғой, шіркін!..

Кенет есік ашылды да, жайраң қағып Жансерік кіріп келді. Балалар аң-таң.

— Жан-се-рік?.. Шынымен де сенбісің?.. Қалай келдің? Сені кім қайтарды?

— Иә, бұл — мен. Өзім келдім. Күндіз-түні көбелек қуалағаннан әбден жалығып кеттім. Ұйықтамайсың…Тамақ ішпейсің… Иә, дос болатын да дені дұрыс біреуі жоқ. Ылғи ұсқынсыз бірдеңелер. Көздері жырбиған, аяқтары тырбиған. Өздері тіпті сөзге де түсінбейді… Сендердің бәріңді қатты сағындым. Шын айтамын!.. Әсіресе апамды сағындым. Оның дәмді тамақтарын жегім келді. Сосын, тайып тұрдым. Көрмегенім мультик болсын енді! –деді Жансерік.

Балалардың бәрі ауыздарын ашып қалды.

ҚАНТ ПЕН ТҰЗ

Ас үйде құмшекер мен тұз қатар тұратын. Екеуінің түсі де, ыдысы да бірдей. Қант өзінің тәттілігін мақтан ететін. Тұзға қарағанда бағасы да қымбат еді. Қашаннан қасындағы тұзды менсінбей, кемсітіп, тиісіп сөйлеуге бейім. Алайда тұз оның артық-ауыс сөзіне көңіл аудармайды.

— Мен болмасам, жұрт тіпті шәй де іше алмайды,-дейтін қант таңертең ояна сала.

— Мен болмасам, балалар жейтін балмұздақтар су татып тұрар еді!-деп күпінетін түс кезінде.

— Мен болмасам, той дастарханына қоятын тортқа не қосар еді!- деп кеудесін ұрушы еді кешкісін.

— Жеміс тосабын қайнатарда жұрт удай ащы сені емес, тәп-тәтті мені міндетті түрде іздейді!.. — деп ыңыранатын түн ортасында. Қақсай берген қанттан әбден мезі болған тұз ақыры жұрт көзіне түспейтін бір қалтарыс жерге орын ауыстырды.

Ертеңіне үй иесі соғым сойды. Тау-тау боп үйілген мол етке себер тұз таппай, ол ас үйдің астаң-кестеңін шығарды.

— Құдай-ау, тұз үнемі осы жерде тұратын еді ғой. Аспанға ұшып кетті ме?! Дүкендер жабылып қалды. Ертеңге дейін ет бұзылып кетеді-ау!-деп жыларман болды. Қайта-қайта қолына іліге берген құмшекерге ашулана қараған ол әйеліне:

— Мынау қанттың көзін құртшы! Балалардың ауызын уылтқаннан басқа пайдасы жоқ… Қантты ғалымдар бекер «ақ ажал» деп атамайды. Бұдан былай дастарханға мейіз бен кепкен өрік, бал қоятын бол. Табиғи тағамдар ғана денсаулыққа пайдалы,-деді. Шкафтың бір бұрышында тығылып жатқан тұзды тауып алған үй иесі:

— Бар астың дәмін келтірер тұз болмаса, қалай өмір сүрер ек! Бағасы арзан болғанымен, бұдан қадырлы не бар шіркін!-деп жүрегі жарыла қатты қуанды.

ГҮЛ МЕН ТІКЕН

            Ертеде бір ну орманға барар жолдың жиегінде тікенекті бұта өсіп тұратын. Бұрын сол жатаған бойлы өсімдікке ешкім көз тоқтатып қарамайтын да. Бір күні оған титімдей ғана қызыл гүл қылтиып шықты. Жұрт менсінбейтін аласа бұта алғашында бұған  қатты қуанды. Жүрегін мақтаныш кернеді. «Көрдіңдер ме, менің гүлім қандай әдемі!» деп маңайына жар салғысы келді. Алайда, тумысынан қарапайым бұта қуанышын ішке бүкті.  Кішкене гүл күннен-күнге құлпырып өсе бастады. Ол нәп-нәзік қауыздарын ашып, Күнге де, Айға да таңырқай мойын созатын. Гүлі биіктеген сайын тікенекті бұта күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды. Оны жұрттың бәрінен қызғыштай қоритын.

Ал гүл болса, өткен-кеткеннің бәрі көркіме көз салып, таңырқаса екен деп ойлайтын. Төңірекке хош иісін шашып, жұртты еліктіріп өзіне тартуға құмар еді.Ол тіпті бұтаның күн сайын: «Айналайын, ешкі-лақтар жеп қояр, абайла»…. «Жұрттың көзіне түсе берме, әлдебіреу жұлып алып, лақтырып кетер»… деп шыр-пыр еткен дауысын естігісі де келмейтін. Тікенекті бұтаның құшағынан жұлқынып шығып, бөлек кетуге асығатын.

Гүл өзін өмірге әкелген осынау өсімдіктің шын жанашыр пейілін түсінген жоқ. «Ойпырмай, өзі сондай көріксіз болғасын, мені кім көрінгеннен қызғана береді!» деп ойлайтын. Бұтаның сөзіне құлақ аспай, күн сайын сыртқа ұмтыла беретін, ұмтыла беретін. Бірде оны  қоян  көріп қалды да,  бырт еткізіп жұлып, әп-сәтте жұтып  қойды…  

ЖАЛҒЫЗ ТАМШЫ

Қаулай өскен қалың шалғынды бір қария қол орақпен шауып, ал немересі шапқан шөпті ұқыппен жинап жүр еді. Кенет күн күркіреп, жаңбыр жауа бастады. Екеуі діңіне құшақ жетпес алып еменнің түбін паналады. Таң атқалы бел жазбай шөп орған қарт адам қатты шаршаған екен. Құрғақ шөптің үстіне жатқан бойда қор ете қалды. Бала жаңбыр тырсылына құлақ түріп, жан-жағына жіті көз салды.

Көп ұзамай жаңбыр басылды. Көк аспанға күлімдеп күн шықты. Жер демде дегди бастады. Бала жалғыз тамшыны көрді. Үзілер-үзілмес боп, жапыраққа әзер ілініп тұр екен. Моншақтай мөп-мөлдір. Күн сәулесімен сан алуан түске ене құбылады. Ол тамшыға қызыға қарады. Сірә, еменнің қалың қабығының қатпарына жасырынып қалса керек. Жалғыз тамшы ыршып жапырақтан жапыраққа секірді.

— Ой, мен қандай әдемімін! Жұп-жұмыр, мөп-мөлдір! Менен асқан сұлу ешкім жоқ! – деді шаттанып. Жерде дән сүйреп бара жатқан титімдей қыпша бел құмырсқаны көрген ол:

— Ей, сен мен секілді секіре аласың ба? Кел, ойнайық!-деді мақтана. Оның жіп-жіңішке нәзік үнін естіген қара құмырсқа:

— Ренжіме, ойнауға уақытым жоқ. Қыста жейтін азығымызды күн ашық кезде тезірек жинап алу керек! – деді. Сөйтті де мықшия дән арқалап, тынымсыз жөңкілген тума-туыстарына қосылды. Тамшы томсырая өкпелеп қалды. Сосын:

— Қандай бақытсыз! Өмірдің рахатын білмейді! Ал маған дәннің де, іннің де керегі жоқ! Мен қыстан қорықпаймын! -деп лепірген ол одан әрі әр жапыраққа бір секіре берді.

— Тамшы! Құр босқа секіре бермей, маған қарай секір. Сонда аман-сау қаласың!-деді суы мөп-мөлдір, өзі мұздай тау бұлағы жанашыр көңілмен. Ол кәрі еменнің дәл жанынан сылдырай ағып жатқан. Оған биіктен менсінбей қараған тамшы:

Ал сен болсаң, төмендесің. Байғұс бұлақ, бұл өмірде не қызық көресің? Ағып жатсың, ағып жатсың…. Алды-артыңа қарауға бір мұршаң жоқ. Сонша қайда асығып барасың?- деді.

— Өзенге тезірек жетуім керек,- деді бұлақ сыңғырлай күліп.

— Өзендер қайда барады?

— Олар көлдер мен теңіздерге құйылады. Тіпті алып мұхиттарға да қосылатындары бар.

Ерке бұлақ тастан тасқа секіре, жалғыз тамшыдан алыстап бара жатты. Күн қыза түсті. Жалғыз тамшы жанын қоярға жер таппады. Сәт сайын оның көлемі кішірейе берді. Ақыры көзге көрінбей мүлде жоғалып кетті… Орнында тек болар-болмас дақ қалды.

Бала лезде жоғалып кеткен тамшыны қатты аяды. Сәл мызғып алған атасы осының бәрін сырттай көріп, байқап жатыр екен:

— Қарағым, өз ұлтын менсінбей, өзінің бастау-бұлағы – салт-дәстүрінен бас тартқан кез-келген адам жаңағы тамшы құсап із-тұзсыз жоғалып кетеді, — деді байыпты үнмен.

ТАУЫҚ БАЛАПАНЫ МЕН ҚАРҒА

Тауық балапаны ақ жұмыртқаны жарып шықты. «Алақай! Өмір неткен тамаша!»- деп ол жан-жағына сүйсіне көз салды. Оған төңіректің бәрі қызық. Кенет «қарқ», «қарқ» деп ұшып-қонып жүрген қап-қара құстарды көзі шалды.

— Не деген керемет құстар! Өздері де, көздері де қап-қара! Қандай тамаша! Мен де солардай қарқылдасам ғой, шіркін!-деді балапан таңдайын қағып.

— Қыт-қыт…Сен — тауықсың, ал олар қарғалар ғой! — деді шұбар тауық балапанына бәйек болып. Балапанның сөзіне маңғаз қораз қатты намыстанды. Ол биік қақпаның үстіне ырғып шықты да:

— Ку-ка-ре-ку-у!-деп жарқын дауысын барынша созды.

— Қыт-қыт…Дауыс деп міне осыны айт!..

— Қыт-қыт!.. Айдары қандай қып-қызыл! -деп сүйсіне шуласты тауықтар.

— Қарашы, сенің әкең қандай аппақ! — деді шұбар тауық балапанына. Мақтанышқа толы үнмен. Алайда сарыауыз балапан:

— Ой, оның несі керемет. Мықты болса, анау қарға құсап биікке ұшар еді ғой! – деп тұмсығын шүйірді… Қызыл айдарлы ақ қораз шұбар тауықты жұбатты:

— Өкпелемеші, ол әлі кішкентай ғой. Өскесін, ақылы кірер.

Алайда, кішкентай балапанның бар арман-мұраты – қарғаға ұқсау еді. Өскен сайын, тауық боп өмірге келгеніне сұмдық намыстанатын. Аулада дән шұқып жүретін, алысқа ұша алмайтын тауық болғысы келмеді. Топ-топ қарғаның ізінен күні-түні қалмай жүріп, ақыры қарқылдауды үйреніп алды. Оның ендігі ойы – аппақ қауырсындарын қайтсе де қара түске бояу еді.

Бірде оның да орайы келе кетті. Бір мейірбан әйел күн сайын ауладағы тауықтар мен қаз-үйректерге жем шашып, су беретін. Сол бір күні өз үйінің іргетасын қара бояумен сырлады. Оның көзін ала бере, тауық балапаны қап-қара бояу толы ыдысқа күмп ете түсті. Ойбай!.. Иісі қандай сасық еді! Өткір иіске тұншыға жаздады. Қаймақ сияқты қоймалжың сырға бір батып, бір шықты. Қанатын сабалай жанталасып:

— Қарқ-қарқ! — деді ышқына. Алайда, қарғалар байғұс балапанға мойын да бұрмады. Тәкаппар балапан қапелімде өз анасы мен әкесін көмекке қалай шақырарын білмей, қатты састы. Өйткені ол ешқашан «қыт-қыттап» көрмеп еді. Сау болғыр, әлгі әйел дер кезінде келе қалғаны. Әйтпесе, балапанның саудасы бітіп еді. Қанат-қауырсындары үстіне жабысып, қоп-қою қап-қара бояуы жерге тамшылап, лезде сүмірейіп қалған. Оның осы түрін көріп, ауладағы барлық қаз-үйректер:

— Қыт-қыт! Га-га!.. Анау тауықтың ақымақ балапаны боқ шұқитын жаман қарға болам деп жүріп, арам қата жаздады,- деп мазақтай күлді.

— Қараңдаршы, балаларым, өз ана тілінен бас тартып, басқаларға көзсіз еліктегендер осылай жұртқа күлкі болады,- деді ауладағы құстардың иесі — мейірбан әйел өзінің ұл-қыздарына.

Мемлекеттік тіл мерейім!

Мемлекеттік тілге деген құрмет ауыз екі тілде қазақша таза...

Қызылорда да сотталғандар ұлттық ойыннан сынға түсті

Қылмыстық-атқару саласына қарасты №68 мекемесінде шаруашылық қызметіне қалдырылған сотталғандар...

СИЛА ЖЕНЩИНЫ: ПОБЕЖДАТЬ, ВДОХНОВЛЯТЬ, ЖИТЬ

19 ноября в Алматы в рамках проекта «Розовый октябрь»...

«Заманға сай жасstar!»

Жазалы жасөспірмдер арасында «Заманға сай жасstar!»  атты көңілді  тапқырлар...

СОТТАЛҒАН БАЛАЛАР ДӘРІГЕРЛІК ТЕКСЕРУДЕН ӨТТІ

Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің №11 мекемесінде аса ауыр...