Өзбекстанда Шыршық пен Зарафшан қалаларында қазақстандық жоғары оқу орындарының дәстүрлі білім көрмесі өтті. Бұлшара 2019 жылы 11 қыркүйекте Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығы мен Қазақстанның «Отандастар» қоры арасындағы екі елдің арасындағы мәдениет пен білім беру салаларындағы ынтымақтастықты ныңайту мақсатындағы өзара түсіністік меморандумы аясында ұйымдастырылды.
«Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін әлемнің түкпір-түкпірінде тұратын қазақ диаспорасының өкілдеріне мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетіп келе жатыр. Олардың қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алуы үшін арнайы да квота бөлінген. Бұл мүмкіндікті Өзбекстан қазақтары да пайдануда. Бұрын қазақстандық оқу орындары өз аяғымен іздеп келген үміткерлермен ғана жұмыс істейтін. Соңғы жылдары бірқатар жоғары оқу орындары Өзбекстандағы білім көрмесіне қатысуға өздері де қызығушылық таныта бастады. Өйткені мұнда мектеп бітіруші жастар мен олардың ата-аналарымен бетпе-бет кездесіп, олардың қандай ұсыныс-талаптары барын өз ауыздарынан тыңдап, түрлі сұрақтарына бірден жауап беруге мүмкіндік бар», – дейді Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығының Жастарға білім беру және олардың тәлім-тәрбиесі бөлімшесінің меңгерушісі Клара Садырбаева.
Оның айтуынша, биылғы білім көрмесіне Қазақстанның 12 оқу орны қатысып отыр. Олардың әрқайсысы қазірдің өзінде сырттағы қазақтарға 200 гранттан бөлетіндерін жариялады. Жоғары оқу орындарының ішінде шәкіртақыдан тыс тегін жатақхана ұсынғандар да бар. Оқуға түсу жағынан да жеңілдіктер қарастырылған. Тіпті емтихан тапсырмай-ақ сұхбат арқылы ғана студент атануға болады. Сондықтан бұл жолғы білім көрмесіне Ташкент облысындағы Шыршық пен Новаи облысындағы Зарафшан қалалары жайдан-жай таңдап алынған жоқ. Өйткені Өзбекстандағы 376 қазақ мектебінің 125-і Ташкент облысында, 77-сі Новои облысында орналасқан. Мәселен, Ташкент облысындағы 125 мектептің бесеуі Шыршықта.
«Қазақстанның жоғары оқу орындары тек диаспора өкілдері үшін ғана емес, өзбек жастары үшін де үлкен мүмкіндіктер беріп отыр. Соңғы жылдары мұнда шетелдік оқу жоғары оқу орындарының да филиалдары көптеп ашылуда. Қазақстанның ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, 2024 жылы Қазақстанда шетелдік ЖОО-дарының 23 филиал ашылған болатынр, 2025 жылы тағы 11 филиал ашылмақ. Мәселен, былтыр Қазақстанға 93 елден 31,5 мың шетелдік студент келсе, бұл сан алдағы 3 жылда 100 мыңға дейін жетуі мүмкін. Оның ішінде Өзбекстан жастарының үлесі басым болатынына менің еш күмәнім жоқ», – дейді Клара Қоңдыбайқызы.
Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығының Жастарға білім беру және олардың тәлім-тәрбиесі бөлімшесінің меңгерушісі айтуынша, Өзбекстан қазақтары тәуелсіздік жылдары атажұртқа оралған шетелдегі отандастар саны бойынша Қазақстанда ең алдыңғы орында тұр. Осыған қарамастан мұнда әлі де 1 млн-нан астам қазақ бар. Яғни бауырлас екі елдің арасындағы достық қарым-қатынастың болашақта да жалғасуына әлі де мықты негіз бар.
Жалпы Өзбекстан қазақ мәдени орталығының тарихы 1989 жылы Ташкенттегі Химия институтының жанынан ашылған Өзбекстан Республикасындағы қазақтардың ақпараттық орталығынан басталады. 1990 жылы атауын Қазақ мәдени орталығы деп өзгертіп, 1992 жылдың 14 наурызында алғашқы құрылтайын өткізді. Орталық 1995 жылы қараша айында Өзбекстан Републикасының Әлеуметтік иминистрлігінен тіркеуден өтіп, ресми түрде қоғамдық ұйым болды. Сол жылы Абайдың 150 жылдығы Өзбекстанда кеңіінен атап өтіліп, Ташкенттің орталық мәдениет сарайында алғаш рет халықаралық ақындар айтысы ұйымдастырылды.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ «Заң газеті»