12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ӨМІРІ – ӨНЕГЕ, ІСІ – ҮЛГІ

сот жүйесінің ардагері

Рысалды Оспанова туралы

ой-толғау

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына жолдауында «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айт­қанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс.

Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруы тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі», – деп атап өткен еді. Осы бір қағидатты сөз сот жүйесінің ардагері, Жоғарғы Соттың отставка- дағы судьясы Рысалды Бермұхаметқызы Оспановаға қаратып айтылғандай. Ардагер-заңгердің еңбек жолына көз салар болсақ, үлкен-кіші деместен, қай-қайсысымыз да үлгі аларлық өнегелі ісін, ғибратты жолын көреміз.

Арман – адам қанаты

Біздің кейіпкеріміз жастайынан әділдіктің салтанат құруына үлесімді қоссам деп армандаған. Ол үшін жақсы оқуға тырысқан, алдына өршіл мақсат қойған. Балалық арман алға қарай жетелеп, мектепті бітірген соң Рысалды Оспанова заңгер мамандығын алуға белін бекем буады. Арманшыл қыздың жолы болып, оқуға түскендегі қуанышын айтып жеткізе алмаспыз! КазГУ-дің заң факультетінде өзі жүрегімен қалаған заңгер мамандығын алып шығып, үкілі үмітпен үлкен өмірге қадам басып еді.

Жас маман алғашқы еңбек жолын туған өңірі Қостанай облысы Рудный қалалық прокуратурасында тағылымдамашы болып бастап, аға тергеушіге дейін қызметін одан әрі жал­ғастырды. О баста әділдікті, ақиқатты, шындықты бойтұмары етіп алып, қиналған жандарға болысуды, заң арқылы қорғауды мақсат тұтқан жас маман қаншама түндерді ұйқысыз, қаншама күндерді тынымсыз ізденіспен өткізді десеңізші! Көп ізденді, көп оқыды. Әділдік жолында алған бағытынан таймауға тырысты, заң талаптарының мүлтіксіз орындалуына барын салды. Адал еңбегі, төгілген маңдай тері ақталды десек те болады. Кәсіби маман өз ісінде болаттай шыңдалды, мол тәжірибе жинады, ортасына сыйлы, жұртшылыққа беделді болды. Еңбегі еленіп, сый-құрметке бөленді.

Ұзақ жылғы қалтқысыз қызметінің арқасында Рысалды Оспанова Қазақ КСР Прокуратурасының соттарда қылмыстық істердің қаралуын қадағалау бөлімінің прокуроры лауазымына дейін көтерілді. Жалпы, прокуратура саласына жастық жалынын, күш-жігері мен терең білімін сарп етіп, 17 жылын арнады.

Қонаевтың қабылдауында

1978 жылы өмірінде ең бір елеулі оқиға орын алды. Сол жылы қаңтар айында Қазақ КСР Жоғарғы Сотының мүшесі болып еңбекке араласты. Сот саласының жай-жапсарын бір адамдай-ақ білетін. Сондықтан осы салада да бағын сынап көруге келіскен-ді. Кеңестік кезеңде кадр таңдау мәселесіне қатты мән берілетін. Әсіресе, Жоғарғы Соттың мүшесі болу әр заңгердің маңдайына жазыла бермейтін бақ еді. Жоғары лауазым иесі саналатын Жоғарғы Соттың мүшесі болып орналасар алдында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Қонаевтың қабылдауына баратынын естігенде қатты толқыған. Қазақстанның сол кездегі бірінші басшысы Дінмұхамед Ахметұлының өзі қабылдап, ақыл-кеңесін беріп, судьялық жаңа қызметіне сәттілік тілеп, ақ ниетін білдіргені – оның өміріндегі ең бір сәулелі сәттердің бірі болып жадына мәңгі жазылып қалған-ды. Бұл кездесу оның жігерін жанып қана қоймай, алдағы уақытта судья лауазымында қажырлы еңбек етуі керектігін зердесіне мықтап түйіп алуына берік негіз қалады. Бұлай деп ой түюімізге кейіпкеріміздің судьялық қызметіне бел шешіп кірісіп, істерді қазақ тілінде қарауға жауапкершілікпен ден қойғаны және өзіне берілген бұл міндетті жоғары деңгейде орындап шыққаны айқын дәлел болса керек. Әрине, кеңестік саясаттың ең бір қатал тұсында істердің көбі орыс тілінде қаралғаны белгілі, десек те істер сотта қазақ тілінде де қаралып жататын-ды. Өзі мектепте орыс тілінде оқыса да, Рыс­ алды Бермұхаметқызы ана тілінде іс қарау барысында кездескен небір қиындықты табандылығының, білімділігі мен еңбекқорлығының арқасында еңсере алды.

Қиындықсыз жеңіс жоқ

Одан кейінгі жылдары Рысалды Оспанова тәуелсіз еліміздің Жоғарғы Сотының судьясы болып, 19 жылға жуық абыройлы еңбек етіп, 1996 жылдың маусым айында отставкаға шықты. Осы саладағы қызметінде де заң қағидатын қатаң ұстанып, әділдік туын биік кө- терді, шешім шығаруда қара қылды қақ жарған билер дәстүрінен еш жаңылған жоқ. Сонау судьялыққа қадам басар кездегі Дінмұхамед Ахметұлының берген келелі кеңесін есінен әсте шығарған емес, жалынды жас шағында санасының түкпіріне мықтап тоқып алған әділдікке деген ұстанымынан қай кезде де айныған емес. Сол шыншыл ұстанымы, айқын бағыты заңгер мерейінің әрдайым үстем, мәртебесінің әрқашан биік болуына игі ықпал етті. Өз қызметтік міндеттерін сапалы, мүлтіксіз атқарғаны үшін Жоғарғы Соттың «Сот жүйесінің ардагері» медалімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл», «Қазақстан Республикасының сот жүйесіне 30 жыл» мерекелік медальдарымен, Қазақстан Республикасы Судьялар одағының «Құрметті судья» және «Үш би» құрмет белгілерімен марапатталды. Иә, Рысалды Оспанованы оның үзеңгілес әріптестері, заңгерлер қауымдастығының өкілдері, тәлімгер жолын жалғастырып жүрген шәкірттері судьялық еңбек жолында еліміздің сот жүйесінің дамуына, беделінің өсуіне елеулі үлесін қосқан білікті заңгер, майталман маман ретінде жақсы біледі, құрмет тұтады.

Өз ісіне адал, тәжірибелі заңгердің еңбек еткен жылдары сот төрелігін жүзеге асыруда жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, өзін білікті судья ретінде көрсете білгенін, сондай-ақ ұйымдастыру және іскерлік қабілеті жоғары, ұжымда беделі жоғары судьялардың бірі болғанын естіп, біз де марқаямыз.

Еңбегіне қарай – құрмет

Қазіргі уақытта еңбек адамына құрмет ерекше көрсетіле бастағаны белгілі. Осы орайда, Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев Р.Оспанованы отандық сот жүйе­сін дамытуға қосқан үлесі және елеулі жетістіктері үшін еліміздің мемлекеттік наградасы – «Құрмет» орденімен марапаттауға ұсынды. Ұсыныс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарапынан қолдау тауып, ардагер-заңгер 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Президент Жарлығымен жоғары дәрежелі марапатқа ие болды. «Еңбегіне қарай – құрмет, жасына қарай – ізет» дегендей, бұл заңгерге мемлекет тарапынан көрсетілген зор құрмет, Жоғарғы Сот басшылығының сот жүйесі ардагерінің еңбегін бағалап, көрсеткен ізеті деп білеміз. Отандық сот саласының ардагері, Жоғарғы Соттың отставкадағы судьясы Рысалды Бермұхаметқызы Оспанова – бүгінде ұзақ жылғы адал еңбегінің жемісін көріп отырған елге қадірлі тұлға, білікті заңгер, айрандай ұйып отырған отбасының қамқоршысы, жақындарының тірегі. Мемлекетіміздің жоғары наградасымен марапатталған Құрметті судья Рысалды Бермұхаметқызының жүріп өткен өмір жолы, сот жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлесі өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге бола бермек.

Нұрлан ҚАЛҚА,

Жоғарғы Сот төрағасының кеңесшісі

Сот актілерінің орындалуы – құқықты мемлекеттің белгісі

Құқықтық мемлекет құру жолында сот жүйесінің алатын орны ерекше....

Жаңа ғасырдағы соттағы жаңаша өзгерістер

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесінде көптеген...

«Адал азамат» мемлекетік қызметшілердің кәсіби тұлғалық болмысы дәрісі өткізілді

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Алматы қаласы бойынша...

Түркістан облысында 5 тәулікте 424 жасөспірім полицияға жеткізілді

Түркістан облысында өткізіліп жатқан «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасының бес тәулігінде...

Полиция есірткіге қарсы: студенттік жатақханалардағы профилактикалық іс-шара

Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен...