12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ӨЛЕҢДЕГІ ХАНТӘҢІРІН ІЗДЕП ӨМІР КЕШКЕН АҚЫН

Бастағы қайғым жайлы,

Мұңым жайлы,

Өткерген өксуменен күнім жайлы,

Кестелеп қуанышты сәттерімді,

Бозторғай-өлеңдерім шырылдайды.

     Шырылдаса да шындықтан тілін тарпаған, бүкіл қазақ даласын бозторғай-жырларымен тербеген ғажайып ақын Еркін Ібітанов лықсып келген бір жан толқынысын осылай білдірген екен. Сөздері салмақты, ойлары айшықты, жырлары жалынды осынау талантты ел азаматы тірі болғанда биыл 90 жасқа толар еді. Осыған орай ақынның көзір көріп, сырлас, аралас болған, әңгіме-дүкен құрған рухани інісі – халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын, әдебиетші Болат Шарахымбайға бірнеше сұрақтар қойған едік. Төменде сол сұхбатты оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

–Болат аға, ақын Еркін Ібітанов дегенде ойыңызға алдымен не түседі?

–Еркін ойлы, ерік-жігері мықты, құлашы кең, тынысы терең, сөзі ерен эпик ақын көз алдыма келеді. Шені үлкен екен деп шегінуді білмейтін, өтірік жарамсақтанбайтын, тіліп түсер қыршаңқы тілі бар, дауысында өзіндік үні бар, жығылып жатса да жұдырығын түйіп жататын шынайы мінезі бар саңлақ ойыма оралады. Сосын, әрине, поэзияның мұзбалағы атанған Мұқағали Мақатаев еске түседі. Өзінің бір өлеңінде «Өзім кіммін?.. Оны да айта аламын, Тамырымда тулайды сайтан ағын; Қарасаздың түндігін желпілдетіп, Мұқағалидың тірлігін қайталадым» дегеніндей, Ерағаң да қасиетті Қарасаздың төл баласы, киелі Аспантаудың бауырында дүниеге келген. Ол мұзбалақ ақынның туысқан інісі ғана емес, сонымен бірге қанаттас, сабақтас рухани інісі де еді. Жастайынан Мұқағалидың ізінен еріп, пір тұтып өскен Еркіннің өлеңдерінен оның Мұқағалиға көп еліктегені, одан көп үйренгені анық байқалады. Дегенмен, ағасына тым еліктеп кетпей, өлеңдегі өз үнімен, өз ерекшелігімен даралана білді.

–Еркін ақын Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев сияқты дарабаздармен бірге оқыпты дейді. Сол сөз рас па?

–Ерағаң тағы бір өлеңінде: «Шекпен киіп, шен тағып жүрмесем де, Тұманбай мен Қадырдың құрдасымын» деп жырлайды. Мұнда да ақынның өз шындығы бар. Қадыр, Тұманбай, Еркін – бір дәуірде өмір сүріп, шығармашылық жолдарын бірге бастаған ақындар. Олар университте де қатар оқыған, әдебиетке де бірге қадам басты.Бұл үштік кезінде қазақ поэзиясында өз қолтаңбасымен танылды. Мысалы, Қадыр – ойшылдығымен танылса, Тұманбай – сыршылдығымен оқырман жүрегін жаулады. Ал, Еркін Ібітанов – шыншылдығымен ерекшеленді. Үшеуінің достығы көпшілікке кеңінен мәлім. Олар бір-бірін керемет толықтырып тұратын. Бірақ, Еркін аға отбасылық жағдайға байланысты университеттегі оқуын жалғастыра алмаған, екінші курста тастап кеткен. Содан ауылда қалып, бүкіл саналы ғұмырын Қарасазда, Нарынқолда алдымен мектеп мұғалімі, автоклуб меңгерушісі, аудандық «Советтік шекара» газетінде қызмет істеумен өткізді. Бұл – менің естігендерім, оқығандарым, анығын Алла біледі.

Менің білуімше, Еркін ақын тым жас кезінде көзге түсті. Оның Мұқағали ағасынан үш-төрт жас кішілігі бар болатын, бірақ одан ерте дүркіреді. Атын шығарған «Қойшылар» поэмасы, өзінің формалық жаңалығымен әдеби ортаны елең еткізді. Поэма баспасөзда жарық көрген соң, Еркіннің аты сол күннен бастап гуілдей жөнелді. Әбіш Кекілбаевтың «Еркін десе еркін екен» деп баға беретіні осы кез. Сонда Ерекең небәрі жиырма жастағы балаң жігіт екен ғой.

–Сіз Еркін Ібітановпен қалай таныс болдыңыз?

–Оған Мұқағали Мақатаев себеп болды. Анау Аспантаулардың аясында Қарасаз дейтін аядай ғана ауыл бар. «Ұлы ақындар мен жыраулардың сарқыты»  Мұқаң осы ауылда туып, көк шалғынына аунап өскен. Осы аядай ғана ауылда ақынның туған күніне орай жыл сайын «Мұқағали оқулары» өтеді. Басында аудандық дәрежеде өткізіле бастаған бұл іс-шара кейін республикалық деңгейге дейін көтерілді. Осы «Мұқағали оқуларына» кемінде он жыл қатарынан барған шығармын. Дегенмен, бірінші қатысқан сәтім есімнен кетпейді. Бұл 2001 жыл болатын. Осы жылғы іс-шара мұзбалақ ақынның 70 жылдығына арналды. Еркін ібітанов деген ақынды алғаш рет сонда көрдім. Мәдениет үйі ауызы-мұрнынан шығып, лық толды. Орын тимегендері залдың екі қапталында түрегеп тұрды. Ресми адамдар мен құрметті ақсақалдар  алдыңғы қатарға жайғасты. Әділқазылар алқасына залдың ең қолайлы жерінен арнайы орын дайындапты, бір сол жерге келіп отырдық. Міне, іс-шара да басталды. Алдымен, ресми адамдар сөйледі. Олар өздерінен де үлкен бастықтардың құттықтауларын оқыды. Облыстық оқу бөлімінің бастығы баяндама жасады. Ол баяндамасын аяқтай бергенде оң қапталдағы есік шалқасынан ашылып, ішке аттаған бір қартаң кісі көрінді. Жұрт дуылдап кетті. «Еркін Ібітанов келді! Еркін ақын келді!» деген сыбыстар естілді.Құлағым елең ете қалды. Асықпай адымдап келе жатқан кісіге көз тіктім. Ол залға қарап қолын көтеріп, ыржия күліп қойды. Алда отырғандармен жағалай амандасып шығып, бізге қарай аяқ басты. Осы кезде шетте отырған облыстық оқу бөлімінде істейтін пысық бала лып етіп орнынан көтеріліп, келген кісіге орын берді. Әділ қазылар да бірінен соң бірі жапа-тармағай амандаса бастады, мен де олардан қалмай қолымды создым. Тап осы сәтті күтіп тұрғандай мінбеге Еркін Ібітанов шақырылса бола ма?! Бірақ, Ерағаң түк сасқан жоқ. Менің қолымды алған соң тағы сәл демін басты. Жанында тұрған әлгі қызметкер жігіт: «Аға, сізді сахнаға шақырып жатыр», – деген соң ғана орнынан көтерілді. Ол мінбеге барғанда, жұрт сілтідей тынды. Дауысын сәл кенеді. Сосын залға қарап бір-екі ауыз сөз айтты. Не айтқаны қазір есімде жоқ. Бірақ, дауысы нық, сөзі кесек-кесек екен. Сосын өлең оқыды. Ол басқалар сияқты өз өзінен осқырынып, ыңыранып, қолын сермелеп, тебіреліп, теңселген жоқ. Қаққан қазықтай тіп-тік тұрып, саңқылдай жөнелді.

Қанат бітіп, қаз болып ұшқанында –

Алыста,

Қиыр шетте, тысқарыда…

Қарасаз деп аталатын бір мекен бар,

Ілінбеген картаның пұшпағына.

Пұшпағына картаның ілінбеген,

Жөн-жосығы беймәлім – білінбеген,

Айқыш-ұйқыш қайшылы – қара сулар,

Кеудесін осып түсіп тілімдеген.

Шалажансар талықсып жатқан жерге,

Салақ сөзге тіл бітті…

Тірілді өлең!..

Содан соң Қарасаздың – Қара жұрттың

Атағы аспан шарлап дүрілдеген…

Амал қанша картаға ілінбеген…

–Жыр дәнін Қарасазға шаштың ба ? – деп,

–Тегіне теңестім бе? Астым  ба ? – деп,

Осынау ел-жұртымның көз алдына

Мұқағали орнады тас тұлға боп…

Өз қанымен суарып алмас жырды,

Өлсе дағы өмірін жалғастырды.

Жалқы тұрған перзентін жағалап кеп,

Албан Асан атасы малдас құрды…

…Осынау қара бұлтта мағына көп,

Қара тікен қадалған санама кеп…

Мен қорқамын Қарасаз – Қара жұртта,

Тек қана ескерткіштер қалама деп?!.

Сөз қандай! Дүлей. Тұрыс қандай! Түйеден түскендей орда-шорда, қыршаңқы. Шынында да өлең елең еткізді. Жұрт сілтідей отырып тыңдады. Аяғына қарай дауысы бір түрлі жарықшақтанып кеткендей болды. Көңілі босады ма екен, кім білсін?!.

Ақын өлеңін оқыды да, сахнадан түсіп тура есікке қарай аяңдады. Жұрт оны қол шапалақтап шығарып салды. 

Еркін Ібітанов ақынмен таныстығым осылай басталды. Кейін жақынырақ танысудың реті келді. Ол менің ақын Тоқаш Бердияровқа қатысым бар екенін білген соң, тіпті жақын тартып кетті. «Тоқаш – мен білетін ақындардың ішіндегі ең мықтысы еді. Әттең, бағы жанбады!» дегені есімде. Сөтсем, Тоқаш Мұқағалимен бірге Шалкөде, Қарасазға келгенде талай рет жанында еріп жүрген екен.

 2005 жылы ғой деймін, Еркін ағаның 70 жылдығы тойланды. Салтанатты жиын Нарынқолда, Мәдениет үйінде өтті. Алматыдан барған қонақтардың арасында мен де болдым. Тойдың ресми бөлімі аяқталып, екінші бөлімі мейрамханада жалғасатын болды. Біз, алматылықтар, жұрттан оңашаланып, бір шетте үйіріліп тұрып қалыппыз. Төбеден түсті ме, жерден шықты ма, күтпеген жерден Еркін аға сап ете түсті. Бөртіп алыпты. Біздің де жетісіп тұрғанымыз шамалы. Ол келе Аманхан Әлім деген ақын екеумізді қолтықтап, тура желке тұстағы бөлмеге сүйрей жөнелді. Бөлмеде сыйлы қонақтарға шай әзірленіпті, бір-екі шөлмектің басы қылтияды. Оны көрген Аманханның жүзі одан сайын жадырап сала берді. Еркін аға: «Осы келгендердің ішінде екеуің маған ерекше ыстықсыңдар. Неге десең, сендер әруағы шат болғыр Тоқаш көкемнің інісісіңдер. Тоқаңның інілері – менің де інілерім», – деп қайта-қайта тос көтерді.

Сонда біз Еркін ақынның бақыттан бал-бұл жанған сәтіне куә болған едік. Менің бойымдағы қандай қасиеттерді ұнатып қалғанын білмеймін, маған ерекше ықыласы түсті. «Айналайын, Болатжан, ендігі келгенде бала-шағаңды ерте кел. Шалкөдеге, Шәкірамбалға, Айғайтасқа апарамын. Баяғы Тоқаш көкең сияқты еркін аунап-қунап қайт. Хабарсыз кетпе» деген. Солай болды да.

–Еркін ақынның ерекшелігі неде деп ойлайсыз!

–Еркіндігінде, кесіп сөйлейтін кесектігінде. Досы Қадыр Мырзалиев: «Егер Еркін ауылда қалып қоймағанда, бүкіл қазақты ауызына қаратқан ұлы ақын болар еді» деп бекер айтты дейсіз бе?!

Біле-білсек, Еркін Ібітановың толқыны – қазақ әдебиетінің алтын ғасыры деп танылған алпысыншы жылдары керемет олжа салған Мұқағали, Қадыр, Төлеген, Тұманбай, Жұмекен, Өтежан, Сағи, Ғафу бастаған ақындар – өлеңде өзгеше өрістерін бастаған дарындар еді. Бұлардың алдында Әбділда, Тоқаш, Қасым, Ізтай, Қуандықтар жарқырап тұрды. Еркінге алдында асқақтап тұрған осы дарабоздардан даралану оңай болған жоқ. 

Бір анық нәрсе, Еркін ақынның аты әдеби қауымның ауызына тым ерте ілікті, даңқы ерте жайылды. Қазақ өлеңіне қосқан ағыл-тегіл үлесі бар.

–Еркін ақынға еліктеп жыр жазатын ақындар бар ма қазір, сіз қалай ойлайсыз?

–Әр ақын өз заманының жыршысы. Әр ақын әдебиетке өз жолымен, өз үнімен, өз машығымен келеді. Әрине, оқу, үйрену барысында еліктеу-солықтау кезеңін бастан кешіруі мүмкін. Бірақ, ешбір ақын тура Мұқағали, немесе Еркін болып өлең жазбайды. Әрине, бұл екеуінен үйренген, еліктеп жыр жазған ақындар аз емес. Әсіресе, осы Аспантау өңірінен шыққан өзім аралас-қоралас болып жүрген ақындардың ішінен Нұрлан Оразалин, Жарас Сәрсек, Бақыт Беделханұлы, АлматИсәділ, тағы басқалар, бұлардың бәрінің жазғанжырлары бір-біріне ұқсайды, әрі ұқсамайды. Дұрысы бірін-бірі толықтырып тұрады деген жөн шығар. Өйткені, бұл ақындардың жұтқан ауасы, көрген аспаны, ішкен суы, аунаған топырағы, естіген тарихы, үйренген ұстаздары бір. Бір қайнардан қайнап шыққан. Ендеше бір-біріне ұқсамау, бір-бірінен үйренбеу, толықтырмау мүмкін емес…

–Еркін ібітановтың қай шығармасын бөле-жара атар едіңіз?

–Әдебиет алыптарының ақынға берген бағасы қазақ жыр керуенінде Еркін Ібітановтың өз орны бар екенін әлдеқашан айшықтаған. Ол сонау балаң жігіт кезінде жазған «Қойшылар» поэмасынан бастап, қазақ әдебиетіне көптеген тамаша туындылар берді. «Елшенбүйрек», «Қасиетті де қастерлі ғасырым», «Ескерткіш», «Ойлар туралы ойлар», «Қарасаз» атты өлең жинақтары оның даңқын алысқа жайды. Дегенмен, ақын шығармаларының ішіндегі ең шоқтығы биігі Мұқағалиға арнаған «Хантәңірі, қайдасың?» атты кең-тынысты эпикалық тұрғыдан жазылған поэмасы деп ойлаймын.

Еркін ақын таудан аққан асау өзендей шалқып, туған жердің аспанында  аунаған құстай қалқып ерекше өмір сүрді. Аяғы жерде, төбесі көк тіреген асау ақын ретінде танылды. Аспантауда өмір сүретін елдің еріндігінің символы бола білді. Еркін Ібітанов – бұл тұрғыдан бақытты адам деп ойлаймын.

–Болат аға, соңғы сөз ретінде айтарыңыз бар ма?

–Бар. 2009 жылы Еркін аға өмірден қайтты. Маған оның өлімі қатты әсер етті, төбемнен жай түскендей болды. Қабіріне топырақ салуды Алла тағала нәсіп етпеді. Алайда, сол ширыққан кезде ағамызды жоқтаған өлең жолдары туған еді. Оқырманға сол жоқтау-жырымды оқып берейін.

АҚЫНБАСЫ

    немесе 

Еркін Ібітанов кредосы

«Ой-хой, дәурен!

Біз бір жанған жасын ек,

Теңіз кешіп,

Тау сапырып,

Тасып ек.

Өзін терең танымаудан, білмеуден,

Біздің барлық қасірет.

Сұрадың-ау, жазған бала –

Тастүлек,

Тастүлектің не деп отыр бәсі кеп?!

Мұқым дүние тану керек, меніңше,

Аспантауды ақындықтың басы деп…».

Ойдым-ойдым,

Бұжыр-бұжыр,

Қас пішін,

Ақын Еркін бірде өстіп ашты сыр.

Мен де онда тым шешіле қоймағам,

Ол да айтпай қалды-ау деймін бастысын.

Уақытымыз тарлау болды шамасы.

…Енді мынау қысастыққа қарашы…

Еселене өсіп жатыр күн сайын,

Ер-ағамның сол сөзінің бағасы.

«Неге?» – дедім біразырақ тұрып мен,

«Неге?» – дедім бір аздаған күдікпен.

«Аспан жаққа ұмтыламыз бәріміз,

Аспантаудай болсам деген үмітпен.

Ақын бала, сөзіме бұл нандың ба,

Бір айтқаны келеді ғой шалдың да:

Өйткені ме?..

Махаңдардың сарқыты,

Мұқағали Мақатаев бар мұнда.

Ол аз десең,

Бар әлемнің әмірі,

Сұңқарлар мен бұрқаулардың бауыры;

Шырқаулардың ауылы

Аспанасты тауларының басында

Бір ақын бар,

Ұлы Ақын…

Оның аты – Тәңірі.

Ақындықта одан асқан кімің бар,

Қай қисынға жатқызасың мұнымды, ал.

Ақынсың ба,

Ақын болсаң,

Ақындай

Аспантауға сәлем беріп тұрыңдар…»

Деп осылай,

…Көкірегін кек қысып,

Әлденені жүрегінен өткізіп,

Сосын құс боп аспан жақты бетке алып,

Еркін ағам еркіндікке кетті ұшып.

Межесіне жетпеді ме, жетті ме,

Еркін ағам ұшып кетті көк тіле,

Ақын біткен танып жатыр бүгін кеп,

Аспантауды Ақынбасы деп, міне.

Бода-бода, бода жырға боп тәмәм,

Ақын еді ол жүрек шөлін сақтаған.

…Ақын болып қалу деген ендеше

Аспантауды сағыну ма деп қалам.

Сұхбаттасқан Абылай Сайлаухан.

Амнистия аясында: №64 мекемесінде сотталғандарды босату басталды

2025 жылы Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай жарияланған...

Профилактические работы в сфере законодательства о государственной службе

5 августа текущего года Департаментом Агентства РК по делам государственной службы по...

Концерты, фильмы и зелёное платье: что спрашивали казахстанцы про Дженнифер Лопес

В августе в Казахстане состоятся два концерта Дженнифер Лопес,...