Егемен еліміздің сот жүйесінде қолға алынған түрлі реформалар бүгінде өзінің нәтижесін көрсетуде. Ең бастысы, соттың мемлекеттік биліктің дербес тармағы екені Конституциямен айқындалды.
Тәуелсіз сот төрелігін қалыптастыру мақсатында экономикалық, әкімшілік, кәмелеттік жасқа толмағандар және әскери, т.б. соттар құрылып, соттар толықтай мамандандырылды. Сонымен қатар, алқабилер, медиация, әкімшілік әділет институттары енгізіліп, қамауға алуға санкция беру сотқа жүктелді. Еуропаның дамыған елдерінің құқықтық тәжірибесінен алынған әкімшілік әділет институты сот төрелігінің ашықтығына, сапасына, сот жүйесіне деген сенімнің жаңа деңгейіне жеткізді. Аталған институттар соттар жүктемесін азайтып қана қойған жоқ, сонымен қатар, халықты сала жұмысына жақындатты.
Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы заң қабылданып, судьялыққа үміткерлерді іріктеудің жаңа талаптары мен критерийлері жолға қойылды. Сот саласына жаңа технологиялар енгізіліп, жүйе жұмысы цифрландырылды. Мысалы, «Сот кабинеті» сервисі, сондай-ақ, сот отырысы залдарының аудио және видео қондырғыларымен жабдықталуы, бейнебайланыс қызметі мұның бәрі өз кезегінде соттардың ашықтығы мен қолжетімділігін арттырды.
«Сот жүйесінің жеті түйіні» бағдарламасы сот қызметін барынша жетілдіріп, жаңа деңгейге көтерді. Бағдарламаның нәтижесінде соттарда электронды құжат айналымы жолға қойылды. Жұртшылықтың талап арыздарын әлеуметтік желілер арқылы жіберіп, оларды бақылап отыруына жағдай жасалды. Бір ауыз сөзбен айтқанда жүйе жұмысы қағазбастылықтан арылды.
Сот актілері ашық базаға салынатындықтан, олармен азаматтар ашық түрде таныса алады. Судьялардың өздері шығарған сот актілерін процеске қатысушыларға заңды түрде түсіндіруі көпшілік көңілінде олардың әділ қабылданғанына күмән қалдырмайды. Мұны халықтың сотқа деген сенімін нығайтатын тиімді тетік деуге толық негіз бар.
Республикамызда Конституциялық Сот жұмысын бастады. Бұл соттың іске кірісуін заң үстемдігін қамтамасыз етудегі тарихи өзгеріске санауға болады. Сот жүйесіндегі реформалар ел алдындағы жауапкершілікті арттырумен бірге азаматтардың сот арқылы қорғалу мүмкіндігін одан әрі кеңейтті. Бұған қоса сот процестерін өткізу мен сот актілерін жазудың жаңа мәдениеті қалыптасты.
Бүгінде қазақстандықтар өркениет көшінен қалмай, соттарға қашықтықтан жүгініп, өз құқықтары мен заңды мүдделерін әлемдік стандарттарға сай қорғап жатыр. Қазақстанның сот жүйесі әлемнің ең озық мемлекеттерінің халықаралық деңгейде танылған стандарттарына тең келетінін сарапшылар растайды.
Сот жұмысының сапасы, оның әділдігі мен ашықтығы – кез-келген мемлекеттің демократиялық дамуының басты факторы десек, жүйені жаңғырту және онда заманауи тетіктерді кеңінен пайдалану барлық уақытта өзекті болып қала береді.
Ел Президенті дәстүрлі жолдауында «Біздің бүгінгі бастамаларымыз Қазақстанның болашағын айқындайды» деген болатын. Соттардағы жүйелі жұмыстар біздің мақсатымыздың айқын, бағытымыздың анық екенін білдіреді.
Мұхит Мұқашев,
Маңғыстау облыстық мамандандырылған
ауданаралық әкімшілік сотының судьясы


