Әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттары – құқықтық мемлекеттің берік тірегі

Құқықтық мемлекетте азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау басты құндылықтардың бірі болып саналады. Осы бағытта елімізде қабылданып, қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы жария-құқықтық қатынастарды реттеудің жаңа сапалы кезеңін қалыптастырды. Аталған Кодекс әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізудің негізгі қағидаттарын айқындап, мемлекеттік басқару жүйесінде әділдік пен ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық тетіктерді бекітті. Әкімшілік рәсім – бұл мемлекеттік органның нақты бір жеке немесе заңды тұлғаға қатысты шешім қабылдау процесі. Мұндай рәсімдер барысында заңдылық қағидаты басты орын алады. Мемлекеттік орган әрбір әрекетін қолданыстағы заңнамаға сүйене отырып жүзеге асыруға міндетті. Өкілеттіктен тыс шешім қабылдау немесе заң талаптарын елемеу азаматтардың құқықтарының бұзылуына әкелуі мүмкін, сондықтан заңдылық – бүкіл әкімшілік жүйенің негізі. Әділдік пен теңдік қағидаты да әкімшілік рәсімдердің маңызды өзегі болып табылады. Барлық тұлғалар заң алдында тең және мемлекеттік орган шешім қабылдау кезінде ешкімге артықшылық бермеуі тиіс. Бұл қағидат азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттырып, құқықтық мәдениетті қалыптастырады.

Сонымен қатар құқықтық тұрақтылық пен сенім білдіру қағидаты ерекше мәнге ие. Егер азамат мемлекеттік органның әрекетіне сеніп, белгілі бір құқықтық жағдай қалыптастырса, кейіннен бұл сенім негізсіз бұзылмауы тиіс. Мемлекет өз шешімдерінің салдары үшін жауапкершілік арқалайды және азаматтардың заңды үмітін қорғауға міндетті. Әкімшілік рәсімдерде пропорционалдық қағидаты да сақталуы қажет. Қабылданатын шешім көзделген мақсатқа сай болуы, азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шамадан тыс шектемеуі тиіс. Яғни мемлекеттік ықпал ету шаралары қажетті әрі жеткілікті деңгейде қолданылуы керек.

Азаматтың тыңдалу құқығы – демократиялық құқықтық мемлекеттің маңызды көрінісі. Шешім қабылданар алдында тұлғаға өз уәждерін айтуға, дәлелдерін ұсынуға мүмкіндік берілуі әділдіктің кепілі болып саналады. Бұл әкімшілік орган мен азамат арасындағы теңгерімді қамтамасыз етеді.

Әкімшілік сот ісін жүргізу қағидаттары да азаматтардың құқықтарын қорғауда ерекше рөл атқарады. Әкімшілік соттар мемлекеттік органдардың шешімдері мен әрекеттеріне қатысты дауларды қарай отырып, билік пен қоғам арасындағы тепе-теңдікті сақтайды. Бұл салада соттың белсенді рөлі айқын көрінеді. Сот тек тараптардың ұсынған дәлелдерімен шектелмей, істің барлық мән-жайын жан-жақты және толық зерттеуге міндетті.

Маңызды қағидаттардың бірі – дәлелдеу ауыртпалығының мемлекеттік органға жүктелуі. Егер азамат мемлекеттік органның шешіміне шағымданса, сол шешімнің заңдылығын дәлелдеу міндеті мемлекеттік органның өзіне тиесілі. Бұл тетік азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, билік органдарының жауапкершілігін арттырады. Сот талқылауының ашықтығы мен жариялылығы қоғам сенімін нығайтады. Ашық сот отырыстары әділдіктің жүзеге асырылуына бақылау жасауға мүмкіндік береді және сот жүйесінің транспаренттілігін қамтамасыз етеді.

Қорытындылай келе, әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттары – азаматтардың құқықтарын қорғаудың нақты кепілі әрі мемлекеттік басқарудың сапасын арттырудың маңызды құралы. Бұл қағидаттардың сақталуы заң үстемдігін нығайтып, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімді бекемдейді. Әкімшілік әділет институтының тиімді қызметі – әділ қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болып табылады.

Бәйдібек аудандық сотының төрағасы М.Сарсенов

«Путь» на большой экран 

В ВОРОНКУ МОШЕННИЧЕСТВА В НАШЕЙ СТРАНЕ ПОПАДАЮТ НЕ ТОЛЬКО...

Апостиль және eGov порталы

Қазіргі жаһандану заманында адамдардың шетелге шығуы, білім алуы немесе...

От точечных мер – к системному подходу

СИСТЕМНЫЕ НАРУШЕНИЯ ПДД, РОСТ АВАРИЙНОСТИ И ФАКТИЧЕСКАЯ УТРАТА ПРЕВЕНТИВНОЙ...

Абай облысындағы әйелдер колониясының қызметкерлері Денсаулық күнін спорттық жарыстармен атап өтті

Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде Денсаулық күніне орай...