Әкімшілік әділет Қазақстанда 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап енгізілді. Сол кезде жаңа заң – «Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс» қабылданды.
Бұл заң азаматтарға әділдік іздеудің нақты жолын ашты. Бұрын адам сотта өз құқығын өзі дәлелдеуі тиіс болса, енді мемлекеттік органның өзі сот алдында өз шешімінің дұрыстығын көрсетуге міндетті.
Егер мемлекеттік орган (мысалы, әкімдік, салық, полиция т.б.) адамға әділетсіз шешім шығарса, ол адам сотқа жүгініп, сол шешімге қарсы шыға алады. Яғни әкімшілік әділет – азаматтың өз құқығын мемлекетке қарсы қорғауға мүмкіндік беретін жол.
Кейде мемлекеттік органдар қате немесе заңсыз шешім қабылдауы мүмкін. Мысалы, біреудің рұқсатын алып тастау, айыппұл салу, өтінішін қарамау сияқты жағдайлар. Осындай кезде адам бұрын өздігінен ештеңе дәлелдей алмайтын, себебі билік тарапында артық мүмкіндік болатын.
Мысалы, егер бір адамға айыппұл салынса, енді ол адам «мен кінәлі емеспін» деп дәлел іздеп әуре болмайды – енді полиция не салық қызметі неге айыппұл салғанын өзі дәлелдеуі керек. Бұл жерде:
- Әділдік орнайды. Мемлекеттік қызметкер немесе орган заңсыз шешім шығара алмайды, себебі оның әр әрекеті сотта қаралуы мүмкін.
- Адамдардың сенімі артады. Егер азамат өз құқығын қорғай алатынын білсе, ол мемлекетке көбірек сенеді.
- Билік ашық болады. Барлық шешімдер заңға сай қабылдануы керек, сондықтан мемлекеттік органдар өз әрекеттері үшін жауап береді.
Енді кезекте әкімшілік әділет жүйесі арқылы жағдай өзгерді:
- Сот мемлекеттік органның шешімін тексеріп, дұрыс па, жоқ па – соны анықтайды.
- Егер органның шешімі әділетсіз болса, сот оны жоя алады.
- Ең бастысы – мемлекеттік органның өзі өз шешімінің заңды екенін дәлелдеуі керек.
- Бұл азаматтарға шын мәнінде өз құқығын қорғауға көмектеседі.
Статситикалық мәліметке сүйенсек 969 әкімішілк іс келіп түсті. Соның бірінде мемлекеттік сатып алулар бойынша 61 әкімшілік іс қаралған. Мысалға атап өткенде: Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты талап қоюшы жауапкерге қарсы 2025 жылғы 30 қаңтардағы №15 тексеру нәтижелері туралы хабарламаны заңсыз деп тану және күшін жою туралы әкімшілік талабын қарады
Даудың мәніне келетін болсақ, жауапкер талап қоюшыға қатысты кешенді кедендік тексеру жүргізіп, оның нәтижесі бойынша 169 909 071 теңге көлемінде кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар есептеген. Талап қоюшы құжаттары тиісті түрде табысталмағандықтан, өз уәждері мен дәлелдерін ұсыну мүмкіндігінен айырылғанын айтып, жауапкердің іс-әрекеттерін заңсыз деп санады.
Тараптардың ұстанымдарына сүйенсек: Талап қоюшы – тексеру жүргізу тәртібі бұзылғанын көрсетті.
Жауапкер – тексеру заңға сәйкес жүргізілді, құжаттар тіркеу мекенжайына жіберілді деп мәлімдеді.
Прокурор – талап қоюшының талабын қолдап, рәсімдік бұзушылықтардың бар екенін атап өтті.
Соттың анықтауы бойынша, кедендік тексеру заң талаптарын бұза отырып жүргізілген: алдын ала акт және хабарламалар тиісті түрде табысталмаған; тексеру актілерінде көрсетілген куәгерлер іс жүзінде қол қоймаған; өрескел рәсімдік бұзушылықтар орын алған, бұл тексеруді жарамсыз етеді. Сот шешімінде талап қоюшының әкімшілік талабы қанағаттандырылып, 2025 жылғы 30 қаңтардағы №15 тексеру нәтижелері туралы хабарлама заңсыз деп танылып, күші жойылды. Жауапкерден 1 699 091 теңге мөлшерінде мемлекеттік баж қайтарылды.
Бұл әкімшілік соттың әділ және заңға негізделген шешім қабылдайтынын айқын көрсетеді.
Сот тараптардың уәждерін мұқият қарап, барлық дәлелдемелерді бағалап, заң бұзушылықтарды анықтады және азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын қорғау мақсатында әділ шешім шығарды. Бұл мысал мемлекеттік органдардың әрекеттеріне заңды бақылау орнату және әділдік қағидатын қамтамасыз етудің нақты дәлелі.
Көптеген дамыған елдерде, мысалы Германия мен Францияда, әкімшілік әділет бұрыннан бар. Онда адамдар билікпен дауласып, сот арқылы өз құқығын қорғай алады.
Қазақстан да осы тәжірибені пайдаланып, өз жүйесін құрды. Бұл – еліміздің демократиялық мемлекетке айналып келе жатқанының белгісі.
Әкімшілік әділет – әр азаматтың құқығын қорғауға көмектесетін маңызды жүйе. Ол биліктің заңға бағынуын қамтамасыз етеді және қоғамда әділдік орнатуға мүмкіндік береді. Мұндай жүйе арқылы:
✓ Мемлекеттік органдар өз шешімдері үшін жауап береді;
✓ Адамдар өз құқығын еркін қорғай алады;
✓ Заң бәрінен жоғары тұрады.
Сондықтан әкімшілік әділет – әділ, ашық және сенімді мемлекет құрудың басты шарты.
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының бас маман- сот отырысының хатшысы, Д.А.Кенжешева


