ӘРПК негіздері

Қазақстан Республикасында азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, мемлекеттік органдардың қызметін заң талаптарына сәйкес ұйымдастыру және мемлекеттік органдардың шешімдерінің әділ қабылдануын қамтамасыз ету – құқықтық мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі.

Осы мақсатта құқықтық құрал ретінде 2020 жылғы 29 маусымда Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (бұдан әрі-ӘРПК) қабылданып, 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізіліп, құқықтық жүйеде шын мәнінде серпінді қадам болды.

Кодекстің басты ерекшелігі – азаматтың мемлекеттік органмен қарым-қатынастағы құқықтарын күшейту және мемлекеттік басқару саласындағы дауларды сот арқылы тиімді шешуге мүмкіндік беру.

ӘРПК-нің негізгі мақсаты – әкімшілік органдардың қызметін құқықтық тұрғыдан реттеу және азаматтар мен заңды тұлғалардың бұзылған құқықтарын сот арқылы қорғаудың тиімді тетігін қамтамасыз ету.

Бұған дейін мемлекеттік орган мен азамат арасындағы даулар көбіне азаматтық немесе әкімшілік іс жүргізу тәртібімен қарастырылып келсе, ӘРПК жария-құқықтық дауларды қараудың арнайы тәртібін қалыптастырды.

Бұл мемлекеттік органның шешімімен, әрекетімен немесе әрекетсіздігімен келіспейтін тұлғалар үшін құқықтарын қорғаудың маңызды мүмкіндігін береді.

Әкімшілік рәсім – әкімшілік органның, лауазымды адамның әкімшілік істі қарау, ол бойынша шешімді қабылдау және орындау жөніндегі, жолданым негізінде немесе өз бастамасы бойынша жасалатын қызметі, сондай-ақ оңайлатылған әкімшілік рәсім тәртібімен жүзеге асырылатын қызмет.

Мысалы, азамат мемлекеттік органға белгілі бір мемлекеттік қызметті көрсету туралы өтініш берсе, орган бұл өтінішті қабылдап, оның мән-жайларын зерттеп, заң талаптарына сәйкес шешім қабылдауы тиіс.

Әкімшілік рәсім барысында мемлекеттік орган азаматтың құқықтары мен заңды мүдделерін ескеруге, қабылданатын шешімнің негізді және заңды болуына мән беруге міндетті.

Әкімшілік акт және оның ерекшеліктері:

ӘРПК-дегі маңызды ұғымдардың бірі – әкімшілік акт.

Әкімшілік акт – жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе айқындалатын тұлғалардың Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім.

Қолайлы әкімшілік акт – әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асыратын немесе оған жүктелген міндетті тоқтататын, сондай-ақ оның жағдайын өзгеше түрде жақсартатын акт;

Ауыртпалық салатын әкімшілік акт – әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тартатын, шектейтін, тоқтататын немесе оған міндет жүктейтін, сондай-ақ оның жағдайын өзгеше түрде нашарлататын акт;

Әкімшілік акт арқылы әкімшілік орган нақты тұлғаға қатысты белгілі бір құқықтық салдар туғызатын шешім қабылдайды. Мұндай шешім азаматтың құқығын беруі, шектеуі немесе оған белгілі бір міндет жүктеуі мүмкін. Сондықтан әкімшілік акт заңға негізделіп, түсінікті және негізді болуы қажет. Егер тұлға мемлекеттік органның шешімімен келіспесе және оның құқықтары бұзылды деп есептесе, ол заңда белгіленген тәртіппен сотқа жүгіне алады.

ӘРПК-нің маңызды бағыттарының бірі – әкімшілік сот ісін жүргізу. Оның негізгі міндеті – мемлекеттік орган мен азамат немесе заңды тұлға арасындағы жария-құқықтық дауларды әділ шешу.

Әкімшілік сотта талап қоюшы өз құқықтарының немесе заңды мүдделерінің бұзылғанын көрсетуге құқылы. Бұл ретте әкімшілік орган өз шешімінің заңдылығы мен негізділігін дәлелдеуге тиіс. Осы ерекшелік әкімшілік сот ісін жүргізудің азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталғанын көрсетеді.

Яғни сотта азамат пен мемлекеттік органның мүмкіндіктері тең дәрежеде қарастырылып қана қоймай, мемлекеттік органның өз шешімін негіздеу міндетіне ерекше мән беріледі.

2021 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен және Жоғарғы соттың қолдауымен Республиканың барлық облыстарында мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттар құрылды.

Осы жылы ӘРПК-нің жұмыс жасап келе жатырғанына 5 жыл толды.

5 жыл толуына орай Республикамыздың Астанасында Мемлекет басшысының, парламент депутаттарының, Конституциялық сот судьяларыны, мемлекеттік органдардың басшыларының, инвесторлар, бизнес қауымдастық өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері және шетелдердің жоғарғы соттарының сульяларының қатысуымен «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлі» тақырыбынды халықаралық форум өтті.

Форумды сөз сөйлген Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев әкімшілік әділеттің құқықтық мемлекет қалыптастырудағы маңызына тоқталып, бес жыл бұрын күшіне енген Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс азамат пен мемлекет арасындағы қарым-қатынастың философиясын түбегейлі өзгерткенін, Бұл жай ғана жаңа кодекс емес, Бұл – адамның мемлекетпен өзара іс-қимылындағы теңсіздікті азайтуға бағытталған стратегиялық шешім болғанын атап өтті.

Бүгінде, азаматтардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік берген әкімшілік әділеттің оң нәтижелері туралы сеніммен айтуға болады. Бұл жүйе бұған дейін өз құқықтарын күшті мемлекеттік аппарат алдында әрдайым қорғай алмаған адамдардың да сөзін естуге мүмкіндік берді.

Бұған Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында  талап-арыздардың қанағаттандырылу көрсеткішінің 58%-ға жетуі мысал бола алады. Бұл сот арқылы қорғаудың тиімді әрі шын мәнінде қолжетімді екенінің дәлелі. Бұл көрсеткіш азаматтар мен кәсіпкерлердің белсенділігін ғана емес, соттың мемлекеттік органдардың қатысуымен болатын дауларды объективті әрі әділ қарау қабілетін де көрсетеді.

Қорытындылай келе айтқанда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі – азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы жария-құқықтық қатынастарды реттейтін маңызды құқықтық акт.

Оның басты мақсаты – әкімшілік рәсімдердің заңдылығын, әділдігін және ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтардың бұзылған құқықтарын тиімді қорғау.

ӘРПК мемлекеттік органдардың қызметіне қойылатын құқықтық талаптарды нақтылап қана қоймай, азаматтардың құқықтарын қорғаудың соттық тетігін жетілдіруге мүмкіндік берді.

Сондықтан ӘРПК негіздерін білу мемлекеттік қызметшілер үшін ғана емес, өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғағысы келетін әрбір азамат үшін маңызды.

Әкімшілік рәсімдердің сапалы жүргізілуі, мемлекеттік органдардың заңға сай әрі негізді шешім қабылдауы және сот арқылы тиімді құқықтық қорғаудың қамтамасыз етілуі – құқықтық мемлекетті нығайтудың маңызды шарттарының бірі.

С.Қ.Табанов, Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы

Құрылтай сайлауының барысында өрескел заң бұзушылықтар тіркелген жоқ – «Халық үні»

Алматыда «Халық үні» тәуелсіз байқаушылар тобы Құрылтай сайлауы күні...

Қазақстан сайлау барысын азаматтарға үзбей хабарлап отыруды қамтамасыз етті – Ресейден келген халықаралық байқаушы

Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары мен сайлау комиссиялары Құрылтай сайлауын...

Рухани-адамгершілік әдебиетті зерделеу

Абай облысында қауіпсіздігі барынша жоғары мекеме қызметкерлері рухани-адамгершілік және...

Изучение духовно-нравственной литературы

В области Абай сотрудники учреждения максимальной безопасности в рамках...