Абай облысында қауіпсіздігі барынша жоғары мекеме қызметкерлері рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие бағытындағы жұмыстар аясында Абай Құнанбайұлы атындағы кітапханаға барып, кезекті тақырыптық сабақ өткізді.
Сабақ барысында қызметкерлер көрнекті қазақ жазушысы әрі әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Соғыс психологиясы» шығармасын зерделеді. Кітапта автор соғыс жағдайындағы адамның мінез-құлқын, батылдық, тәртіп, рухтың беріктігі, жауапкершілік және моральдық тұрақтылық мәселелерін кеңінен сипаттайды.
Зерделеу барысында Бауыржан Момышұлының ар-намыс, әскери борыш, жауапкершілік және Отанға деген адалдық туралы көзқарастарына ерекше назар аударылды. Шығарма қиын жағдайлардағы адамның психологиясын тереңірек түсінуге және табандылық, батылдық пен қайсарлық сияқты қасиеттердің маңызын ұғынуға мүмкіндік береді.
«Бауыржан Момышұлының шығармаларын зерделеудің тәрбиелік мәні зор. Оның өмір жолы, ар-намыс, борыш, жауапкершілік және Отанға деген сүйіспеншілік туралы ұстанымдары әр адамға үлгі болуға лайық. Мұндай сабақтар рухани-адамгершілік және патриоттық құндылықтарды нығайтып, жауапкершілік сезімі мен елге деген құрметті қалыптастыруға ықпал етеді», — деді мекеме бастығының орынбасары Женис Дауренбеков.


