Түркістан облысының Әділет департаменті (әрі қарай — Департамент) «Әділет органдары туралы» ҚР Заңының 3 бабы 7-тармағына сәйкес, зияткерлік меншік құқықтарын сақтау және қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруды және іске асыруды жүзеге асырады. Сонымен қатар, жоғарыда аталған заңның 22-бабының 1-тармағына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың зияткерлік меншік құқығы саласындағы заңнама талаптарын сақтауын, Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, мемлекеттік бақылауды тексеру нысанында жүзеге асырады. Мәселен, департамент тауар таңбалары иелерінің немесе сенімхат негізіндегі өкілдерінің арыз-шағымы негізінде құқық бұзушыларға әкімшілік хаттама толтыруға құқылы.
Департамент тауар белгілері иелерінің немесе сенімхат негізіндегі өкілдерінің арыз-шағымы негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізеді. Тексеру барысында, арыз иесінің құқықтары бұзылғандығы анықталған жағдайда, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 158 бабына сәйкес, яғни «бөтен тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, тауар шығарылған жерлердің атауын немесе фирмалық атауды заңсыз пайдалану» бойынша әкімшілік хаттама толтыруға құқылы. Аталған баптың талабына сәйкес, тауарлар тәркіленіп, жеке тұлғаларға – 20, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 30, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 80 АЕК мөлшерінде айыппұл салына отырып, тәркіленген заттар жойылуға жатады.
Ағымдағы жылдың 11 айында Департаментпен тауар белгілері иелерінің немесе сенімхат негізіндегі өкілдерінің арыз-шағымы негізінде 4 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Оның ішінде 3 құқық бұзушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекінің 158 бабымен әікмішілік іс қозғалып, заңсыз айналымнан 1839100 теңгенің 406 дана өнімі алынды. Сот қаулыларына сәйкес, құқық бұзушыларға 144900 теңге мөлшерінде айыппұлдар салынды. 1 тексеру бойынша құқық бұзушылық анықталмады.
Тауар белгісін заңсыз пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершіліктен бөлек мынадай жолдары бар?
- Азаматтық-құқықтық қорғау. ҚР Азаматтық кодексінің 9 бабы, 970 бабы және 1032 бабы тәртібінде сотқа талап арыз беру арқылы.
- Қылмыстық-құқықтық қорғау. ҚР Қылмыстық кодексінің 222 бабы шеңберінде (егер залал мөлшері 2000 АЕК-тен асатын болса) Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жүгіну арқылы.
- Сотқа дейінгі реттеу. Кейбір жағдайларда тауар белгісіне құқықтарды бұзу жөніндегі дау бейбіт жолмен (сот талқылауына жеткізбей) құқық бұзушыға шағым хаттарын жіберу және одан әрі келіссөздер арқылы шешілуі мүмкін.
Департамент тексеру шараларын жүргізумен қатар, зияткерлік меншік саласындағы заңнама нормаларын түсіндіру арқылы азаматтармен және кәсіпкерлік субъектілерімен тиісті құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Өйткені қазіргі таңда, құқықтық түсіндіру жұмысы арқылы құқық бұзушылықтарды болдырмау және алдын алу тәжірибесі белгілі бір нәтижеге қол жеткізуде. Осыған байланысты, әлеуметтік желілердің танымалдылығын және оларды халық арасында ақпараттық құрал ретінде пайдалану мүмкіндігін ескере отырып, құқықтық түсіндіру және әділет органдарының имиджін көтеру бағытындағы жұмыстар жандандырылуда.
Зияткерлік меншік саласы бойынша азаматтардың хабардарлығын арттыру мақсатында Түркістан облысының Әділет департаментімен бірқатар іс-шаралар атқарылып тұрады. Мәселен, «Әділет кеңес береді» акциясы аясында шағын және орта бизнес субъектілеріне зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласында заңдылықтың жаңалықтары түсіндіріледі және Департаменттің интернет ресурсы, әлеуметтік желісі арқылы азаматтарға құқықтық кеңес беріліп тұрады. Жыл басынан, Департаментпен және ауданаралық әділет басқармаларымен зияткерлік меншік құқығы саласындағы құқықтық түсіндіру жұмысын күшейту мақсатында 8 семинар, 12 дөңгелек үстел, 13 мақала, телеарна және радиода 4 сұхбат, 9 дәріс, 22 кездесу және 109 ақпарат Департаменттің интернет ресурсына жарияланған. Сонымен қатар, қала көшелерінде LED экрандарда және Кинопарк кинотеатрында тауар белгісін заңсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілік және контрфактілік тауарлардың адам өміріне қауіптілігі туралы бейнероликтер көрсетіліп тұрады.
Ө.Жолдыбаев
Түркістан облысының
Әділет департаментінің
зияткерлік меншік құқығы
бөлімінің басшысы


