ҚазҰАЗУ-нің аға оқытушысы Сембаев Р.М.
ҚазҰАЗУ-нің аға оқытушысы Мәлікқызы М.
Дамыған мемлекеттерде руханият бірінші орында тұрады. Ол-барлық адамға азық екені анық. Рухани байлығы мол адам ғана шын мәдениеттің дамуына үлес қоса алады. Рухани байлық бар жерде елдің бірлігі де нығая түседі. Нұрсұлтан Әбішұлы туған жерге қамқорлық туралы, қала мен даланың арасын жақындатайық деген концепцияны дер шағында ұсынды. Бұл — ауқымды жоба, стратегиялық құжат. «Рухани жаңғыру» мақаласында айтылғандай, Ұлттың коды дегеніміз — сан ғасырлық тарихи тамырымыз, атамұра өнеріміз, салт-дәстүріміз, білім — ғылымымыз және отбасымыз. Білімге ұмтылып, жақсыны үйреніп, жаманнан аулақ болуды қазақ атамыз баяғыда айтып кеткен. Міне, осы құндылықтар, «Рухани жаңғыру» бүгінде ұлттық идеологиямызға айналып отыр. Бабалар аманатын, олар қорғап қалған ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр жердің қыр-сырын, тылсым құпияларын бүгінгі ұрпақ жете білуі тиіс. Туған жердің әрбір тасы мен сайы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар.
Шығыс халықтарының ұлттық идеяларының құндылығы мәселесін қарастыруда еуропоцентристік көзқарас басым. Әлі де, классикалық еуропоцентризм бойынша, құнды идеялар тек жалғыз Батыс өркениетіне тиесілі, басқалары «аборигендік», «жабайылық», «варварлық» деген пікірден арылған жоқ. «Шығыс мәдениеттерінің болашағы жылдам вестернизацияға енумен айқындалады» [1, 39 б.] деген пікірлер төңірегінде өрбісе, онда қазіргі жаһанданып келе жатқан және мозаикалы өркениеттерде аталған ұстанымда. Осы орайда «Рухани жаңғыру» аясында Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен түзілген «Туған жер» бағдарламасы жақсы қарқын алды деп ойлаймын. Ауыл-аймақтарда экологияны жақсартуға және елді-мекендерді абаттандыруға баса мән беріліп, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіру жұмыстары нақтыланды. Үлкен қалаларға көшіп кетсе де, туған жеріне қамқорлық жасап жүрген, ауылын көгалдандыруға, мектептерді компьютерлендіруге, музейлер мен мәдениет ошақтарына демеушілік жасап жүрген кәсіпкерлер туралы көріп, естіп жүрміз. Аймақтардағы өнер ошақтарын өз есебінен жөндеуді қолға алып жатқан азаматтарды үлгі етудің артықтығы жоқ деп ойлаймын. Ұлттық код. Ұлттық мәдениет. Осы екі маңызды мәселеге ерекше ден қойды. Халықтан соларды сақтауды талап етті. «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі-ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі-алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» деп қадап айтты. Ең бастысы, сананың ашықтығын, яғни әлемдік озық жаңалықтарға, ғылым-білімге құшақты айқара ашу керектігін нақтылады. Тәуелсіздік алып, өркениетті елдердің қатарына іліксек деген тұста ұлтымызға тән көп құндылықтардан көз жазып қалғанымызға, қастерлі жерлеріміздің қадірін білмей жатамыз. Осы дүниені байқай білген Нұрсұлтан Әбішұлы рухани дүниесіз адамның жаны жалаңаш болатындығын аңғарып, осындай ауқымды, халықтың талай жылғы жоғалтқан дүниесін түгендейтін бағдарлама жасап берді деуге болады. Бұл бағдарлама жаңғыру, жаңару бағдарламасы. Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты-сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Қазақ халқымызда «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Мысалы «Ауылым-әнім» атты әнді айтқанда, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп шырқаймыз. Бұл мағынасы өте терең сөздер. Адам баласы –шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер- әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі. Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан – ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Туған жерге деген сүйіспеншілік нені білдіреді? Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса екен.Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай – талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс. Екінші, басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келетін кәсіпкерлерді, шенеуніктерді , зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап – құрметтеудің түрлі жолдарын табу керек. Қысқаша айтқанда, «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады. Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге — Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады. Төртіншіден, жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ — жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек.
Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл — рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз — ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген. Сананың ашықтығы зерденің үш ерекшелігін білдіреді. Біріншіден, ол дүйім дүниеде, Жер шарының өзіңе қатысты аумағында және өз еліңнің айналасында не болып жатқанын түсінуге мүмкіндік береді. Екіншіден, ол жаңа технологияның ағыны алып келетін өзгерістердің бәріне дайын болу деген сөз. Таяудағы он жылда біздің өмір салтымыз: жұмыс, тұрмыс, демалыс, баспана, адами қатынас тәсілдері, қысқасы, барлығы түбегейлі өзгереді. Біз бұған да дайын болуымыз керек. Үшіншіден, бұл — өзгелердің тәжірибесін алып, ең озық жетістіктерін бойға сіңіру мүмкіндігі. Азиядағы екі ұлы держава — Жапония мен Қытайдың бүгінгі келбеті — осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудың нағыз үлгісі. «Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі — қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл — табыстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі. Егер қазақстандықтар жер жүзіне үйден шықпай, терезеден телміріп отырып баға беретін болса, әлемде, құрлықта, тіпті іргедегі елдерде қандай дауыл соғып жатқанын көре алмайды. [2]. Көкжиектің арғы жағында не болып жатқанын да біле алмайды. Тіпті, бірқатар ұстанымдарымызды түбегейлі қайта қарауға мәжбүрлейтін сыртқы ықпалдардың байыбына барып, түсіне де алмай қалады. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту. Қазір салтанат құрып тұрған жаңғыру үлгілерінің қандай қатері болуы мүмкін? Қатер жаңғыруды әркімнің ұлттық даму үлгісін бәріне ортақ, әмбебап үлгіге алмастыру ретінде қарастыруда болып отыр.
Алайда, өмірдің өзі бұл пайымның түбірімен қате екенін көрсетіп берді. Іс жүзінде әрбір өңір мен әрбір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыруда. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Сонымен бірге, жаңғыру ұғымының өзі мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдіреді. Мысалы, жершілдікті алайық. Әрине, туған жердің тарихын білген және оны мақтан еткен дұрыс. Бірақ, одан да маңыздырақ мәселені — өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте болмайды. Біз әркім жеке басының қандай да бір іске қосқан үлесі мен кәсіби біліктілігіне қарап бағаланатын меритократиялық қоғам құрып жатырмыз. Бұл жүйе жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықты көтермейді. Осының бәрін егжей-тегжейлі айтып отырғандағы мақсатым — бойымыздағы жақсы мен жаманды санамалап, теру емес. [3] Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі — ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі — алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек. Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес. Төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы прагматизмнің талай жарқын үлгілерін табуға болады. » [4, 119 б.] Халқымыз ғасырлар бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, оның байлығын үнемді, әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанып келді. Тек өткен ғасырдың ортасында, небәрі бірнеше жыл ішінде миллиондаған гектар даламыз аяусыз жыртылды. Ықылым замандардан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келген ұлттық прагматизм санаулы жылда адам танымастай өзгеріп, ас та төк ысырапшылдыққа ұласты. Соның кесірінен, Жер-Ана жаратылғаннан бері шөбінің басы тұлпарлардың тұяғымен ғана тапталған даланың барлық құнары құрдымға кетті. Түгін тартсаң майы шығатын мыңдаған гектар миялы жерлеріміз экологиялық апат аймақтарына, Арал теңізі аңқасы кепкен қу медиен шөлге айналды. Осының бәрі — жерге аса немқұрайлы қараудың ащы мысалы. Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек. Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану — мінез-құлықтың прагматизмі деген осы. Бұл — заманауи әлемдегі бірден-бір табысты үлгі. Ұлт немесе жеке адам нақты бір межеге бет түзеп, соған мақсатты түрде ұмтылмаса, ертең іске аспақ түгілі, елді құрдымға бастайтын популистік идеологиялар пайда болады. Өкінішке қарай, тарихта тұтас ұлттардың ешқашан орындалмайтын елес идеологияларға шырмалып, ақыры су түбіне кеткені туралы мысалдар аз емес. Өткен ғасырдың басты үш идеологиясы — коммунизм, фашизм және либерализм біздің көз алдымызда күйреді. Бүгінде радикалды идеологиялар ғасыры келмеске кетті. Енді айқын, түсінікті және болашаққа жіті көз тіккен бағдарлар керек. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Мөңке би айтқан екен: «Табалдырықтан биік тау жоқ, ағайыннан мықты жау жоқ» деп. Қай кезде де жау басқа жақтан келген жоқ, ішімізден шыққан. Бәрі ынтымақтың аздығы, бірліктің бостығы.Дәстүрімізді дәріптеп, салтымызды сақтауымыз керек. Адамды сүю, құрметтеу. Дәстүрді сыйлау, жаңғырту. Қазақтың жайсаң мінезін, мәрттігін, тектілігін, мейірімділігін қалыптастыру. Код дегеніміз осы! Елбасының мақаласы да осы құндылықты, яғни қазақы кодты сақтауды, дамытуды айтып отыр.Өткен бір жыл ішінде қоғамда сананы тазалауда бұрынсоңды болмаған тың серпін, жаңа қадам орын алды. Қорыта келгенде менің ойымша халықтың көп нәрсеге көзі ашылды. Рухани жаңғыруға байланысты бір жылда нендей тірлік атқарғанына әркім өзіне есеп бере бастады.Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек. Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озды. Сондықтан, заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұр. Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс. Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр. Ата-бабамыз бармасаң келмесең жат боласың дегенде бір біріне қонақ болуды ғана айтпаған болар, керісінше бірімен-бірі араласқан адамның өресі биік, өрісі кең болатынын аңғартқан. Сөзімізді түйіндейтін болсақ, бізге шеңберден шығып,жаңару керек.Олай болса, қазақтың жаңаша өмір сүретін,жаңаратын кезеңі келді. Жаңа қазақ болып қалыптасымыз қажет дегім келеді.
Әдебиеттер:
1. Н. Назарбаев «Қауіпсіздікке мән бермеу — нақты қатерді бағаламаумен тең» Егемен
Казахстан / 25 акпан / 2001 жыл. 1. Нуржанов Б.Г. О национальной идее. К постановке проблемы // Журнал «Вестник»,
№31, Алматы, 2008.
2. Назарбаев Н.Ә. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру / Егемен Қазақстан 26.04.2017 ж.
3. Хантингтон С. Столкновение цивилизаций. -М.,2014. -480 с