Елімізде адамның жеке өміріне қол сұғылмау, сондай-ақ, өзінің жəне отбасы құпиясының қорғалу құқығы Ата заңмен кепілдендірілген. Жалпы алғанда адамның құқықтары мен бостандықтары қазіргі заманғы құқық жүйесінің, сондай-ақ, сот ісін жүргізудің негізгі басымдықтардың бірі саналады. Конституцияның 13-бабына орай, елдің әрбір азаматы құқық субъектісі ретінде танылады және олар өз құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен, сондай-ақ, сот арқылы қорғауға құқылы.
Қылмыстық процестік кодекспен көзделген жағдайдан басқа кезде
де қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен ұстауға немесе қамауға алуға, бас бостандығынан айыруға болмайды. Бұл үшін міндетті түрде соттың санкциясы керек. Соттың санкциясынсыз ұстауға тек заңда көзделсе ғана жол беріледі, оның өзінде де ол мерзім жетпіс екі сағаттан аспайды. Аталған кодекстің 14-бабында көрсетілгендей, ересек адам соттың санкциясынсыз қырық сегіз, ал кәмелетке толмағандар жиырма төрт сағатқа ұсталуы мүмкін.
Ұсталған адам оны ұстаудың себебі мен келтірілген күдік туралы дереу хабардар етіледі. Ұсталған адамға қандай да бір қысым көрсетуге, қадір-қасиетіне, т.б. нұқсан келтіруге қатаң тыйым салынған. Яғни, қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікке ілінген адамды күзетпен ұстағанда оның өмiрi мен денсаулығына қатер төндірілмеуі тиіс.
Заң талабы сақталмаса, келтірілген зиян осы кодексте көзделген тәртiппен
өтеледі. Бұған қоса қылмыстық істі жүргізу кезінде әркімнің жеке және отбасылық өміріне қолсұғылмаушылық құқығы қамтамасыз етіледі. Мысалы, адамның үйіне отбасы мүшелерінің рұқсатынсыз кiруге, сонымен қатар, тексеріп-тінтуге заңда белгiленген жағдайларда ғана мүмкін болады. Сондай-ақ, ешкiмдi де соттың шешiмiнсіз өз мүлкiнен айыруға болмайды. Қылмыстық процестік кодекстің 19-бабымен кінәсіздік презумпциясы белгіленген. Кінәсіздік презумпциясы қағидатын адамның кінәсі дәлелденбейінше, оны қылмыс жасамаған деп санаудың адамгершілік құндылығы құрайды. Бұл қағидатта айыпталушыға деген объективті көзқарас маңызды, яғни, айыпталушы қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кiнәлiлiгi заңнамада көзделген тәртiппен дәлелденгенге және соттың заңды күшiне енген үкiмiмен белгiленгенге дейiн кiнәсiз саналады. Сондай- ақ, ешкiм де өзiнiң кiнәсiздiгiн дәлелдеуге мiндеттi емес. Күдікті, айыпталушы немесе сотталушының кiнәлiлiгiне сейiлмеген күмән олардың пайдасына шешіледі.
Жұртшылық айыптау үкiмi болжамдарға негiзделмейтінін және ол анық дәлелдемелердiң жеткiлiктi жиынтығымен расталатынын білуі тиiс. Адамды бір қылмыстық құқық бұзушылық әрекеті үшін қайтадан қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды. Мұндай принциптер азаматтарды заңсыз және негізсіз айыптап, соттаудан, олардың құқықтары мен бостандықтарын шектеуден қорғайды. Яғни, заңның бұл талаптарын елдің әрбір азаматының заңды мүдделері мен құқықтарын қорғаудағы басты ерекшеліктер деуге толық негіз бар.
Б.Кайсина,
Наурызбай аудандық сотының судьясы
Алматы қаласы