Ұлттық қордан бөлінген қаражат бақылауға алынбақ. Яғни, өскелең ұрпақ үшін жинақталып жатқан бұл қаржы егер трансферт ретінде бюджет тапшылығын жоюға тартылса, оның мақсатты, заңды және тиімді пайдаланылуы жіті назарда болады. Бұл шараны Қаражаттың жұмсалуын бақылау және мониторингі жөніндегі комиссия жүзеге асырады. Оның жұмыс органы – ҚР Жоғары есеп палатасы.
Бүгінде әлемдегі күрделі экономикалық жағдайдың Қазақстан экономикасына теріс әсер етуін ескере отырып, Ұлттық қор қаражатын ұтымды және тиімді пайдалану барысы алаңдатып тұрған жайы бар. Соңғы бірнеше жылда бұл мәселе өте өзекті тақырыпқа айналды. Бұны Ұлттық қор активтерінің 2013 жылдан бастап, 2022 жылға дейін 70,7 млрдтан 55,7 млрд АҚШ долларына дейін төмендеу үрдісі айғақтайды. Сондықтан ел Президенті Ұлттық қор ресурстарын тиімсіз жұмсау тәжірибесін тоқтату міндетін үкіметтің алдына қойды. Бүгінгі таңда жаңа экономикалық бағыттың басымдықтарының бірі – ұлттық кірісті әділ бөлу. Бұл орайда әр отбасы елдің ұлттық байлығын пайдаланудан нақты пайда табуы керек.
Осы мақсатта ел Президенті жариялаған балалар жылы аясында жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың логикасына және «әділ Қазақстан» идеясына сәйкес келетін «Ұлттық қор – балаларға» деген бағдарлама түзуді тапсырған болатын. Мәселенің әлеуметтік маңызы өте зор. Осы сейсенбіде Сенаттың Қаржы және бюджет комитеті ұйымдастырған кездесуде Ұлттық қордан қаражатты пайдаланудың тиімділігі мен жаңа тәсілдері әңгіме өзегіне айналды. Оған бұл процеске тікелей қатысатын мемлекеттік органдардың өкілдері шақырылды. Жиында баяндама жасаған Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтың айтуына қарағанда Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдама сына сәйкес Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалану үшін мына мәселелерді шешу керек. Қор активтерін тұрақтандыру және оның одан әрі қысқаруына жол бермеу, теңгерімді бюджетті қамтамасыз ету және бюджеттің мұнай кірістеріне тәуелділігін төмендету, шикізаттық емес тапшылықты азайту. Ұлттық қордың активтерін басқару тиімділігін арттыру. Сонымен қатар, Бюджет кодексі бойынша екі контрциклдік бюджет ережесі бекітілмек. Оның біріншісі, Ұлттық қордан кепілді трансферт көлемін азайтуға бағытталған. Яғни, бұл мақсатта 2023 жылға – 2,2 трлн теңге, 2024 жылға – 2 трлн теңге және 2025 жылға – 1,9 трлн теңге сомасында қаржы тарту көзделді. Республикалық бюджет шеңберінде 2023–2025 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт кесімді баға бойынша мұнай секторындағы ұйымдардан Ұлттық қорға түсетін түсімдер сомасынан аспайтын мөлшерде жоспарланған. Айта кету керек, Ұлттық қордан республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мүмкін болатын шекті көлемін есептеу үшін қолданылатын кесімді баға мұнай баррелінің 48,9 доллар деңгейіндегі бағамына тең. Екінші ереже, республикалық бюджет шығыстарының өсуін инфляцияның мақсатты көрсеткішіне ұлғайтылған ұзақ мерзімді экономикалық өсу деңгейіне дейін шектейді және бюджет шығыстарының өсу қарқынын тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Ал, «Балаларға арналған ұлттық қор» жобасы бойынша мына мәселелер белгілі болды. Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызы 18 жасқа дейінгі барлық жастағы балаларға бөлінеді. Белгілі бір уақыт кезеңдерінде инвестициялық кірістің ықтимал теріс мәндерін теңестіру үшін инвестициялық кіріс нормасын алдыңғы кезеңдердің орташа жылдық мәні негізінде анықтау жоспарлануда. Болжалды бағалауларға сәйкес, бұл тәсіл осы бағдарламаға туғаннан бастап қатысатын балаға 150-160 АҚШ доллары көлемінде 18 жылдық төлем алуға мүмкіндік береді. Ақша Ұлттық қорда қалып, қаржы құралдарына салынады. Әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудағы көпжылдық тәжірибені ескере отырып, жоба операторына «Бірлескен жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ тағайындалмақ. Бала туған кезде Әділет министрлігінің жеке тұлғалардың деректер базасы негізінде шоттар автоматты түрде ашылады. Жыл сайын 1 қаңтарда 18 жасқа дейін шоттарға ақшалай қаражатты шартты түрде есептеу жүргізіледі. Қаражатты мақсатты пайдалану үшін уәкілетті операторларды айқындау ұсынылып отыр. Шотта жинақталған қаражатты тек 18 жасқа толғанда ғана пайдалануға болады. Жобаға қатысушылар Қазақстан азаматтары.
Сондай-ақ, шоттардағы қаражат салықтан босатылады. 18 жасқа толған кезде шоттардан төлемдер АҚШ долларымен жүзеге асырылады. Осы жастан бастап қаражат баланың меншігі болады, ол қаражатты қалай пайдалану керектігін (оқу үшін немесе тұрғын үй сатып алу үшін) дербес шешуі керек. Бұл ретте шетелдік оқу орнында оқу ақысын төлеуге қаражатты пайдалануға тыйым салынады. Тұрғын үй сатып алу үшін қаражатты тек Қазақстан аумағында пайдалануға рұқсат етіледі. Бұл қаражатқа сатып алынған тұрғын үйлерді қайта сатуға шектеу жоқ. 18 жасқа толмаған бала елден шығып, Қазақстан азаматтығын өзгертсе, төлемді талап ету құқығы жоғалады. Онда қаражат барлық балалар арасында қайта бөлінеді. Егер 18 жасқа толмаған бала азаматтығын өзгертпей елден кетсе, төлемдерді талап ету құқығы сақталады. 18 жасқа толғанда шоттағы қаражат 5-10 жыл бойы сақталады. Егер қаражат 5-10 жыл ішінде талап етілмесе, шоттағы қаражатты зейнетақы шотына аудару ұсынылады.
Азаматтық заңнамаға сәйкес нақты жинақталған қаражатты мұрагерлік жолмен беру мүмкіндігі қамтамасыз етілмек. Бала әрекетке қабiлетсiз болған жағдайда Қазақстан заңнамасында белгiленген тәртiппен ата-аналарға, қорғаншыларға қаражатты пайдалануға беруге құқылы. Жалпы, жобаны ұсынылған алгоритм бойынша іске қосу үшін заңнамаға өзгерістер енгізумен қатар дайындық жұмыстарын жүргізу қажет. Осыған байланысты құзырлы орын мемлекеттік органдармен бірлесіп, Қазақстан заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар әзірледі. Түзетулер жоба шеңберінде балаларға төлемдерге Ұлттық қор қаражатын пайдалану механизмін енгізу, осы соманы салық салынатын базадан алып тастау, бала қайтыс болған жағдайда мұрагерлік құқықтар, қамауға алынған қаражатты болдырмау, қалпына келтірудің алдын алу және басқа да болуы мүмкін шектеулерді қамтиды.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»


