Бюджет тапшылығын толтыру үшін Ұлттық қорға алдағы үш жыл бойы тағы қол салмақпыз. Ол қаржының бір бөлігі сырттан алынатын несиені өтеуге жұмсалатын болады. Халықтың қаржылық сауатын көтеріп, қарызсыз қоғам құруды көздеп отырған үкіметіміз осылайша өзі несиеге батып, оны ұрпақ болашағы үшін жинаған қор қаржысымен өтемек. Бұл Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында белгілі болды.
Дәстүрлі жиында «2024–2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңның жобасы талқыға түскен болатын. Базалық сценарий негізінде жасалған бюджет жобасының көрсеткіштері бір қарағанда көңіл қуантарлық. Мәселен, болжамдар бойынша номиналды ЖІӨ 2024 жылғы 135 трлн теңгеден 2028 жылы 218,5 трлн теңгеге дейін өседі. Жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі 2024 жылы 6-8 пайыз шегінде болып, 2025 жылы – 5,5-7,5 пайыз, 2026–2028 жылдары 5 пайызға дейін төмендейді-мыс. 2024 жылы республикалық бюджеттің кірістері 2023 жылғы бағалауға қарағанда 3 213 086 559 мың теңгеге ұлғаяды. Оның бір бөлігі Ұлттық қордан алынбақ. «ҚР Ұлттық қорынан 2024–2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңының жобасына сәйкес кепілдендірілген трансферттің көлемі жыл сайын 2 млрд теңге көлемінде белгіленді. Құзырлы орын өкілдерінің айтуынша, бұл қаржының жартысынан астамы бюджеттік кредиттерді өтеуге жұмсалмақ. Заң жобасын қарау барысында депутаттар 2024 жылы бюджеттен өңірлерді дамытуға – 31,8 млрд теңге, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына – 15 млрд теңге, жекелеген іс-шараларды іске асыруға – 14,3 млрд теңге бөлуді ұсыныпты. Жалпы депутаттар елдің басты қаржы құжатында халық қажетінің барынша қамтылуына көп күш жұмсаған секілді. Отырыста қосымша баяндама жасаған қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Мархабат Жайымбетовтың айтуынша, Мәжіліс депутаттарының тікелей араласуымен бюджеттегі 2,5 трлн теңгеге жуық қаражат министрліктер, әкімдіктер арасында маңыздылығына қарай қайта бөлініпті. Сонымен қатар аймақтарға арналған шығыс бөлігін ұлғайтуға, жалпы құны 1,5 трлн теңгеге жуық 300 түзету ұсынысы енгізілді. Оған қоса, «AMANAT» фракциясы депутаттарының ұсынысымен 56 млрд теңгеге қосымша қаражат қарастырылды. Көрсеткіштер бір қарағанда әсерлі-ақ. Егер осының бәрі уақытында бюджет қоржынынан табылып, діттеген мақсаттарға жұмсалса, елді алаңдатқан біраз мәселе шешімін табар еді. Алайда, басында айтып кеткеніміздей, бөлінетін қаржылардың дені болжалды сценарийге негізделген. Оған қолжеткізу және тиімді игеру үшін үкіметке индикаторларды дұрыс айқындап, жоспарды дұрыс құрудан бастап, әр тиынның нәтижеге жұмыс істеуі жолында күш жұмсауға тура келеді. Жиында сөз алған бірқатар депутаттардың сөзінен түйгеніміз – баяғы жартас, сол жартас күйінде қалатын сияқты. Өйткені, бюджеттің жаңа жобасында көзделген шаралардың бұрынғыдан айырмасы жоқ. Онда бұған дейін айтылып келген кейбір кемшіліктер ескерілмеген. Олардың біразын Жайымбетов мырза да ортаға салған еді. Депутаттың айтуынша, бюджетте көрпеге қарай көсілу қағидаты ұмыт қалған. Нақтырақ айтқанда ондағы шығыс кірісімізден көп. Табысымыз 16,3 трлн теңге де, жұмсайтынымыз 24 трлн теңге. Мемлекеттік борыштың өсуі 2024 жылы 34,2 трлн теңгеге, 2028 жылы 50,5 трлн теңгеге дейін өспек. Мемлекеттік органдар көбіне нысаналы индикаторларды өздеріне ыңғайлы етіп жоспарлайды. Жоспарланатын қаражат пен көрсеткіштер арасында нақты байланыс жоқ. Бұл стратегиялық мақсаттарға деген формалды көзқарасты білдіреді.
Мемлекеттік органдар бюджетті қалыптастыру кезінде мүмкіндігінше көп қаражат алуды ғана көздейді. Оның орындалуына, іске асуына мән беріп жатқандары шамалы. Ал, бюджеттің сапасыз жоспарлануы оның іске асырылуын қиындатады. Ондай жобалар жылдар бойы толық аяқталмайды. Осының салдарынан бюджет Үкіметте бірнеше рет түзетіліп, нақтыланып жатады. Бұған дейін талай айтылған бұл кемшіліктер орын алмас үшін депутаттар тарапынан Үкімет өзінің іс-әрекет жоспарын жасап, оны бюджетпен бірге ұсынуы туралы айтылғалы көп болған. Өкінішке қарай, атқарушы билік бұл ұсынысты «әкімгерлік» деп атап, оны жасауды артық санапты. Мұны жиында сөз алған «Ақ жол» фракциясының серкесі Азат Перуашев қынжыла ортаға салды. Ол бұл орайда бюджет жобасын талқылау негізінен шектеулі сипатта, өйткені, заңға сәйкес, депутаттардың ұсыныстары тек Үкіметтің мақұлдауымен ғана қаралатынын атап көрсетті. Оның айтуынша, бүгінгі бюджетті талқылау да – бюрократия. Нақты іс-әрекет жоспарынсыз Үкіметтің бұл шарасы тек бір-біріне ұқсамайтын жобалардың жиынтығы ғана болады. Себебі бюджеттің мақсатты индикаторлары көбінесе нақты емес. Мысалы: 032 кіші бағдарлама бойынша жаңа жұмыс орындарын құрып, әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту мақсатында «Біріккен химиялық компания» ЖШС-нің жарғылық капиталын ұлғайту үшін 50 млрд теңге бөлінбек. Бұл шығын қандай жобаларды қамтамасыз етеді, мемлекет қандай қайтарым алады, нақты қанша жаңа жұмыс орындары ашылады және нақты кімнің жағдайы жақсарады? Жобада бұл жөнінде ештеңе айтылмаған. Ең өкініштісі, бюджет жобасында сөзсіз шығыстар ұлғайып, қайтарымды қаржыландыру көлемі қысқарған. Нақтырақ айтқанда, әлеуметтік салаға жұмсалатын шығыстар 17 пайызға, мемлекеттік қажеттіліктерге арналған шығыстар 10 пайызға өсіп, нақты секторды қаржыландыру 19 пайызға төмендепті. Бұл экономиканың негізгі қағидаттары: ақша мен тауар ұсынысының тепе-теңдігіне қайшы келеді. Өндірістің барабар өсімінсіз шығындардың өсуі – тұтынушылық бағалар мен ұлттық валютаның тұрақтылығы үшін инфляциялық бомба! Ұлттық компаниялар мен мемлекеттік холдингтердің таза пайдасы бюджеттен және парламенттік бақылаудан тыс қалып отыр. Соңғы 5 жылда квази мемлекеттік сектордың пайдасы 5,7 трлн теңгені құраса, оның 10 пайызы ғана бюджетке бөлінген. Бұл ат төбеліндей менеджерлердің жүздеген миллиондаған бонустар алып, байлар мен кедейлер арасындағы әлеуметтік алшақтық тереңдей түсті деген сөз! Әлеуметтік шығыстардың өсіп келе жатқанына депутат Маггеррам Магеррамов та алаңдаушылық білдіріп, осы қаржының тиімді жұмсалуына қатысты көптің көкейіндегі сауалдарды қойды. Соның бірі ғылым-білімге бөлінетін қаржыға арналды. «Ғылымның қандай сала ларын дамыту жоспарлануда, жыл сайын өсіп келе жатқан шығындарды ескере отырып, соңғы 30 жылда ғылымымыз қандай жетістіктерге жетті? Жыл сайын білім мен ғылымның сапасына қатысты шағымдарды ғана естиміз, ал үздік кадрлар шетелде ғылыми мансаппен айналысуға мәжбүр. Үлкен ақша білім мен ғылымды жақсарта ма? Білім және ғылым саласындағы қазіргі менеджмент пен көзқараспен бұл екіталай» деді ол. Сонымен қатар бюджетте қарастырылған жалақыны көтерудің кері әсері жайлы ойын да ірікпеді. Бұл орайда ол жалақы мен зейнетақыны номиналды ұлғайту арқылы іс жүзінде теңгенің сатып алу қабілетін одан әрі төмендетіп жатқанымызды мәлімдеді. Қазіргідей тауарлар мен қызметтердің бағасы бақылаусыз өсе берсе, жалақы мен зейнетақыны көбейтудегі барлық игі бастамаларымызды инфляция басып тастайтынын жеріне жеткізе айтты. Ұлттық қордан тартылатын трансферт көп балалар ды, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналарға тәрбиеші және әлеуметтік қызметкер ретінде еңбекақы тағайындау арқылы шаруашылық айналымға тарту туралы ұсынысын жеткізді. Оның айтуынша, бұл шаралар мультипликативті нәтижеге әкеліп, зейнетақы жарналары енгізіліп, салықтар төленіп, сатып алу қабілетін арттырар еді. Бюджет жобасын талқылау барысында бөлінген қаражаттың уақытылы игерілмеуі көп іске қолбайлау болатыны орынды көтерілді. Депутат Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, 2023 жылы бюджеттен мектептердің құрылысына бөлінген қаражаттың көлемі 164 млрд теңге болса, оның тек 37 пайызы ғана игеріліпті. Бұған мемлекеттік сатып алудағы олқылықтар себеп болып отырғаны белгілі. Бюджеттен ақша бөлінгенімен, қажетті жұмыстар басталмайды. Бірін-бірі сотқа сүйреген компаниялардың жеке мүддесі мен ренішінен де әлеуметтік нысандар тоқтап қалуда. Бұл іс кемінде үштөрт ай қарастырылады. Соңында жоба құны қымбаттап, нысан уақытылы салынбайды. Көбінде шағым дәйексіз болады. Сондықтан, Бейсенбаев мырза айтқандай, заңнамада негізсіз шағымданушылардың да жауапкершілігін қарастыратын уақыт жеткен секілді. Тоқетерін айтқанда, елдің басты қаржы құжатында кемшілік көп. Сондықтан 650 мың үйсіздің,1 миллион жұмыссыздың, 7,5 миллион ауыл тұрғындарының мәселесі басы ашық тұр. Жалақыны жұтқан инфляция, қымбатшылық, жастар арасындағы жұмыссыздық, МӘМС-тегі ретсіздік, үш ауысымдық мектептер, халықтың несие құрығына кіруі тағы да басқа халықтың қабырғасына батқан қиындықтардың жойылар уақыты белгісіз болып тұр. Соған қарамастан, заң жобасы мақұлданып, Сенатқа жолданды. Депутат Азат Перуашевтің айтуынша, бұл жолы да соңғы сөзді Үкімет айтатындықтан, депутаттар елдің басты қаржы құжатын кемшіліктеріне қарамай қолдауға мәжбүр болды. Бар мәселе осы мәжбүрліктен басталып жатқандай.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»