Қазақстанда жыл сайын 3 мыңнан астам адам өз-өзіне қол жұмсайды. Бұл – ресми статистика. Ал тіркелмей қалғандары қанша екені белгісіз. Суицид – тек жеке адамның трагедиясы емес, бүкіл қоғамға қауіп төндіретін әлеуметтік дабыл. Ең алаңдатарлық жайт – бұл көрсеткіштің жастар мен жасөспірімдер арасында артып келе жатқаны.
Суицидтің негізгі себептері – жалғыздық, қысым, түсінбеушілік жəне əлеуметтік қолдаудың болмауы. Əсіресе, жасөспірімдер арасында эмоциялық қолдаудың жетіспеуі қауіпті салдарға əкелуде. Көп жағдайда бұл ішкі күйзеліс сырттай байқалмайды. Себебі жас адам мұңын кімге айтатынын білмейді, ал ересектер болса оның психологиялық күйіне мəн бермейді.
МЕМЛЕКЕТТІК ШАРАЛАР ЖЕТКІЛІКТІ МЕ?
Білім министрлігі 2024 жылдан бастап мектептерде «эмоциялық қолдау кабинеттері» мен психологтар санын арттыру бойынша реформа бастағанын жариялады. Сондай-ақ кейбір өңірлерде «психологиялық ағарту апталығы», «эмоцияны басқару дағдылары», «буллингке қарсы тренингтер» секілді жобалар қолға алынуда. Бірақ бұл шаралар тек қағаз жүзінде қалмауы тиіс. Алайда тəжірибеде не көріп отырмыз? Мектеп психологтарының көпшілігі формалды жұмыс істейді. Баламен ашық сөйлесуге уақыты немесе білігі жетпейді. Ал ата-аналар психологиялық кеңес ке жүгінуге ұялады немесе қажет деп таппайды. Психолог Назгүл Əмірханова бұл жағдайға былай деп баға береді: «Ата-аналар мен мұғалімдердің өзі психологиялық сауатсыз. Олар баланың күйзелісін түсінбейді, көбіне жазғырады. Бұл – баланы одан əрі жабық күйге түсіреді», – дейді.
ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ САУАТ СУИЦИДТІҢ АЛДЫН АЛАДЫ
Сарапшылардың пікірінше, балалар мен жасөспірімдермен жүйелі жұмыс істеу үшін тек мектеп емес, отбасы мен жергілікті қоғамдастықтар да атсалысуы қажет. Суицидтің алдын алудағы басты факторлар: отбасындағы ашық қарым-қатынас; мектептегі сенімге негізделген орта; эмоциялық интеллектті дамыту; психологиялық көмекке қолжетімділік; əлеуметтік желідегі буллингке қарсы нақты шаралар. Психологтар мен педагогтар ғана емес, полиция, əкімдік, дін өкілдері мен БАҚ та бұл мəселеде жауапкершілік алуы тиіс. Мəселен, Жамбыл облысында пилоттық режимде іске қосылған «Жасөспірімге жанашыр бол» жобасы арқылы 7 суицидтік оқиға алдын ала тоқтатылған. Бұл – дұрыс бағыттағы қадам.
СУИЦИДПЕН КҮРЕС – ҚОҒАМДЫҚ МІНДЕТ
Суицидпен күрес – тек медицина мен білім саласының мəселесі емес, бұл – жалпы қоғамның жауапкершілігі. Үнсіздік пен бейқамдық – трагедияға апарады. Қоғамдағы əр азамат – ата-ана, мұғалім, көрші, дос, əріптес – жанындағы адамның күйін елеусіз қалдырмауы керек. Бұқаралық ақпарат құралдары да бұл тақырыпқа немқұрайлы қарамауы қажет. Суицидке қатысты материалдарда жауапкершілікпен, этикалық нормаларға сай ақпарат беру маңызды. Қате форматтағы жарияланымдар кері əсер беріп, басқа жастарды соған итермелеуі мүмкін екенін мамандар ескертеді. Кейде адам жан айқайын сөзбен емес, үнсіздікпен білдіреді. Егер сол үнсіздікті ести алмасақ, келесі трагедияны болдырмау мүмкін болмай қалады. Сондықтан суицидке қарсы күрес – əрқайсысымыздың борышымыз. Себебі бұл – статистика емес, адасқан адамның жан дертін түсінуге ұмтылу.
С.АСҚАР