Алматыда Қазақстандағы Үндістан елшілігі мен Алматы облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен қазақ-үнді туристік форумы өтті. Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаевтың айтуынша, бұл шараға Үндістан тарапынан 40 шақты, ал Қазақстаннан 100-ден астам туроператор мен гид қатысты.
«Статитисканы қарасам Қазақстанға келетін туристердің жартысы Алматы қаласы мен Алматы облысында болады екен. Биыл Алматы қаласы мен Алматы облысына Үндістаннан келетін туристердің саны 100 мыңға жуықтайды деп жоспарлап отырмыз. Себебі қала мен облыс бірін-бірі толықтырады. Алматы музыкалық фестивальдерімен, бизнес әкімшілігімен әйгілі болса, облыс таулары, өзен-көлдері, ашық аспаны Үндістан туристерінің жанына ерекше жайлылық сыйлайтын тыныштықты ұсынады. Біз Үндістан елшісімен бірге туристік көрмені көрдік. Көптеген оператор қонақтар үшін түрлі отбасылық пакеттер ұсынуда. Оған дейін де Үндістан туристері Қазақстаннан не іздейді дегенді Елшімен көп ақылдастық. Үндістанда мыңдаған қызметкері бар корпорациялар көп. Оларға балаларымен бірге бізде демалу үшін ұсынатын түрлі туристік пакеттер бар. Олар әлеуетті туристер. Елшінің сөзіне қарағанда, індетке дейін оларда туристердің алымы 2 млн доллар болған. Оның ішінде Консулдық алымнан көп қаржы жинаған. Сондықтан біз корпоративтік Үндістан өкілдеріне елімізге қош келдіңіз дейміз», – деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев форумның ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде.
Оның айтуынша, соңғы 3-4 жылда Үндістан туристерінен түсетін кіріс айтарлықтай ұлғайған. Мәселен, былтыр 2023 жылмен салыстырғанда ол 50 пайызға өсті. Сол себепті Үндістан туристері маңызды рөлге ие. Егер індетке дейін бір аптада Қазақстаннан Үндістанға 11 әуе рейсі жасалса, қазір Алматы-Дели, Алматы-Мумбай, Астана-Дели бағыттарында оның саны 15-ке жеткен.
Қазақстандағы Үндістан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Нагендр Прасадтың сөзіне қарағанда, Қазақстан мен Үндістан арасында сан ғасырдан бері келе жатқан байланыс бар. Оны ары қарай дамытуда туризмнің әлеуеті өте зор. Өйткені ол ең алдымен жаңа жұмыс орындарының құрылуына ықпал етеді. Одан кейін инфрақұрылым мен логистиканы дамытады. Үндістанда ЮНЕСКО-ға кірген бірнеше нысан бар. Медициналық туризмнің де болашағы өте зор. Былтыр бұл елге 200 мың адам емделуге келген. Үндістан медициналық туризм саласында емделушілерге түрлі пакеттер ұсына алады. Оның ішінде қымбаты да, арзаны да бар.
«Үндістан қазір саяхат туризмін дамытудан әлемде 39-орында тұр. Жалпы Үндістанға саяхаттайтын туристер арасында ГОА маңызды рөл атқарады. Сол себепті Алматы мен Астанадан тікелей рейстер бар. Мұндай рейстер басқа қалаларда болуы мүмкін. Жалпы өзге елдермен салыстырғанда үнділер қайда жүрсе де, өз асханасын жақсы көреді», – деген Үндістан Елшісі Қазақстанға келетін өз отандастары үшін енді үнді ресторандарын көбейтсеңіздер деген тілегін айтып қалды.
Ал Үндістанның туризм бойынша бас директоры және қосымша хатшысы Сумана Билланың айтуынша, 2024 жылы Қазақстаннан Үндістанға 23 мың, ал Үндістаннан Қазақстанға 150 мың адам турист боп келген.
«Бізге Үндістаннан туристер көп келеді. Олар қазіргі таңда өңірдегі шетелдік туристердің үштігіне кіріп отыр. Мәселен, былтыр Қазақстанға келген 150 мың үндістандық туристің 140 мыңы Алматы облысында болды. Бұлардың бәрі тек туризм бойынша келген қонақтар. Нақты айтқанда 3 күннен 5 күнге дейін қонақ үйлерде қонып, еліміздің көрікті орындарын аралағандар. Биыл біз бұл көрсеткіш екі есе өседі деп жоспарлап отырмыз. Өйткені алғашқы 3 айда былтырғы жылмен салыстырғанда 25 пайызға өсу байқалды. Бұл форум бір-бірімізді жақынырақ тануға, турагенттер мен туроператорлар арасында тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Осы жылдың аяғында Үндістанға барып, сол жерде түрлі келісімдерге қол қоймақпыз. Екіншіден, Үндістан азаматтары тарапынан елімізге инвестиция салуға деген қызығығушылық бар. Атап айтқанда, олар бесжұлдызды қонақ үй салу, қазақстандық туроператорлармен келісімшарттар жасау және мейрамхана бизнесі мен туристерді қарсы алуға қызығушылық танытуда. Сол себепті форумға біз өңірдегі үш ұлттық парк пен демалыс орындарының өкілдерін шақырып отырмыз. Ондағы басты мақсат шетелдік туристерге қауіпсіз және ыңғайлы демалыс ұйымдастыру», – дейді Алматы облыстық туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мейрамбекұлы.
Оның айтуынша, Алматы облысының уәкілетті органы үш айдан бері отандық туроператор, гидтермен келіссөз жүргізіп жатыр. Өйткені Үндістан азаматтарының тарапынан елімізде жазғы демалыста саяхаттаушылар саны 38 пайызға көбейген. Мәселен, қаңтар-наурыз айларында олардың саны 2021 жылы – 711, 2022 жылы – 1236, 2023 жылы – 7763, 2024 жылы – 17515, 2025 жылы – 29 320 адамға жетіп отыр.
«Үндістанға бұрын қазақстандықтар бұл елдің мәдениетімен танысу және емделу үшін көп баратын. Отандастарымыз үшін медициналық туризм жағажай туризмінен кейін екінші орында тұр. Осыған қарамастан қазір туристер ағыны біздің пайдамызға ауысты. Жалпы елімізде Алматы облысы бірінші боп шетелдік туристерлі қабылдай бастады. Бұл өңірдің әлеуеті зор. Мысалы, су ішіндегі қарағайларымен әйгілі болған Қайыңды көлі әлемде тек Қазақстанда ғана бар. Ал Шарын каньоны көлемі жағынан АҚШ-тан кіші болғанмен, туристер үшін қолжетімділігі бойынша алда тұр. Әншіқұм әлемде үшеу ғана. Ондай жер бізден басқа Қытай мен Норвегияда ғана бар», – деді Қазақстан туристік қауымдастығының директоры Рашимда Шакенова.
Оның сөзіне қарағанда, Алматы облысы республикада бірінші боп экологиялық инфрақұрлымды дамытуда. Туристерді қабылдайтын қонақ үйлер де осында көптеп ашылған. Ендігі міндет оларды саннан сапаға қарай көбірек жұмыс істету.
Жалпы Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі боп мойындаған Үндістанмен өңірлік байланысқа көбірек ден қою маңызды. Мәселен, 12-13 маусым күндері Қазақстанның Үндістандағы Елшісі Азамат Есқараевтың Махараштра штатының Мумбай қаласына сапары өтті. Онда Мумбайдың Үндістанның қаржы астанасы ретіндегі маңызын ескере отырып, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларына ерекше назар аударылды. Келіссөз барысында Қазақстан мен Үндістан арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланды. Атап айтқанда, бірлескен киноөнімдер шығару (co-production), қазақстандық киноны Үндістан нарығына ілгерілету, сондай-ақ кино білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.
Сондай-ақ қазақстандық делегация Lilavati Hospital & Research Centre көпсалалы жекеменшік клиникасында болған кезде Прашант Мехта бастаған басқарушы топпен келіссөздер өткізді. Онда тараптар Қазақстанда шамамен 30 млн АҚШ доллары көлемінде медициналық мекеме салу бойынша инвестициялық жобаны талқылаған болатын.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»