Үшауысымды мектеп мәселесі бүгін пайда болған жоқ, айтыла-айтыла жауыр болған тақырып. Әр жылдары бұл тақырып Мемлекет басшыларының халыққа арнаған жолдауларында да сөз болды. Алайда, үшауысымды мектеп мәселесін Білім және ғылым министрлігін 2013 жылдың 2 қыркүйегінен 2016 жылдың 10 ақпанына дейін басқарған Аслан Сәрінжіпов та, 2016 жылдың 10 ақпанынан 2019 жылдың 25 ақпанына дейін басқарған Ерлан Сағадиев те шеше алмады.
2018 жылы 5 қазандағы жолдауында экс-президент «Оқушыларды 3 ауысыммен оқытуды доғарыңдар. Бұл – ұят. Оқушы 3 ауысыммен қалай оқиды, 3 ауысыммен жұмыс істеген мұғалім қандай білім береді», – деп оқушыларға орын жетіспейтін мектептердің үш ауысымда оқыту және апат жағдайында болу проблемалары мейлінше сезіліп отырған өңірлер үшін Үкіметке 2019–2021 жылдарға арналған бюджеттен қосымша 50 миллиард теңге қарастыруды тапсырғанды. Бірақ, бұрынғы Президент тапсырмасы сол күйі орындалмады. Оған министр болған Күләш Шәмшидинованың, одан кейін бұл қызметті атқарған Асхат Аймағамбетовтың да шамасы келмеді. Оқу-ағарту министрлігінің тізгінін ұстаған Ғани Бейсенбаевтың шамасы жете ме, жетпей ме, оны уақыт көрсетеді. Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов жұмыс сапарымен Алматы облысында болған кезде бұл мәселе тағы қозғалды. А.Көлгіновтың айтуынша, үшауысымды мектеп мәселесін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы есебінен 3 жыл ішінде шешуге мүмкіндік бар. Қазіргі таңда Алматы облысында 130 мың оқушыға арналған 60-тан аса жаңа мектеп ашу жоспарланып отыр. Үш жыл ішінде республикада барлығы 500-ден астам мектеп салынады, бұл 52 апатты жағдайдағы және 140 үшауысымдағы білім беру мекемесінің мәселесін толықтай шешуге мүмкіндік береді. Алайда, оған тағы да ешкім кепілдік бере алмағандықтан үшауысымды мектеп мәселесі 2025 жылы да шешіле қоюы екіталай. Өйткені, Үкімет басшысының орынбасары сілтеме жасап отырған білім беру саласындағы пилоттық «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы Үкіметтің 2022 жылғы 30 қарашадағы қаулысымен қабылданған болатын. Оғу-ағарту министрлігі әзірлеген бұл жоба бойынша жайлы жағдайлар жасалған жаңа мектептерді салуға және ашуға 2 606 596 055 мың теңге қарастырылған. Тәуелсіздік жылдары мектеп саны 9 мыңнан 7,6 мыңға дейін қысқарды. Олардың басым бөлігі болашағы жоқ елді мекендерде орналасқан шағын жинақты мектептерде білім алушылар санының қысқаруына және олардың жабылуына байланысты болды. Елдегі 3,7 миллион оқушының 2,2 миллионы қаладағы, 1,5 миллионы ауылдық мектептерде оқиды. Ал оқушылардың 270 мың тапшы орындарының 174 мыңы қалада, 96 мыңы ауылда болды. Атап айтқанда, оқу орындарының жалпы тапшылығы жағынан Түркістан (42 842) облысы, Алматы (39 065) мен Астана (27 931) қалалары алда болса, ең азы Ұлытау облысында (479) болды. Осы арада айта кетін бәр мәселе, Ұлытаудағы орын тапшылығының бәрі тек қалалық жерде ғана. Ал ауылдық жердегі тапшылық жағынан Түркістан (30 304), Алматы (20 525), Жамбыл (10 476) облыстары алда тұр. Егер жұмыс істеп тұрған 710 мектептің әбден тозығы жеткенін, 177 мектептің пайдалану мерзімі 70 жылдан асқанын және 239 мектептің саманнан, 69 мектептің ағаштан, 5 мектептің қамыстан салынып, 40 мектептің бейімделген ғимараттарда орналасқанын ескерсек «жайлы мектеп» мәселесінің қаншалықты өзекті екенін сезіну қиын емес. Ұлттық білім беру дерекқорының 2022 жылғы 1 қарашадағы мәліметі бойынша елде 37 мектеп (күндізгі жалпы білім беретін мемлекеттік мектептердің 0,54 %) апаттық жағдайда деп танылды, 142 мектепте (күндізгі жалпы білім беретін мемлекеттік мектептердің 2,06 %) оқыту үш ауысымда жүргізіледі. Бала туу көрсеткіштерін, урбанизацияны, өңірішілік және өңіраралық көші-қонды, сондай-ақ, ғимараттардың тозуын ескерер болсақ оқушы орындарының болжамды тапшылығы 2026 жылы 1 117 942 болмақ. Оның 798 352-сі қалада, 319 590-ы ауылдық жерде болуы мүмкін. Жалпы, орын тапшылығы Түркістан облысы (135 349) мен Астана (127 263), Алматы (125 744) қалаларында жоғары болса, ең азы Солтүстік Қазақстан (6 922) облысының еншісіне тимек. Сондықтан «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жобасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында 2026 жылға дейін қалаларда және белсенді дамып келе жатқан елді мекендерде кемінде 800 мың (екі ауысымды оқытуда) оқушы орындарының ағымдағы және болжамды тапшылығын жабу үшін жеткілікті жаңа оқу орындарын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Атап айтқанда екі ауысымды оқытудағы жаңа оқу орнының 482 600-і 2024 жылы, 359400-і 2025 жылы пайдалануға берілуі керек. Ал, жобалық қуаты 300 орыннан жоғары орта білім беру ұйымдарында үш ауысымды оқыту мектептерінің үлесі 2023 жылы – 1,45%, 2024 жылы – 0,77%, 2025 жылы – 0,0% болады. Яғни, «Жайлы мектеп» 2026 жылға дейін тек үшауысымды мектеп мәселесін ғана шешуге қауқарлы. Ал әлемнің дамыған елдері үш тұрмақ, екі ауысымның өзін әлдеқашан жойып, оқушылардың тек бір ауысымда оқып, қалған уақытта түрлі үйірмелер жұмысына қатысып, өзінің шығармашылық қабілетін шыңдауына мән беруде. Біздің үшауысымды мектеп мәселесін шешеміз дегенімізге биыл 10 жыл болды. Бұл бағытта әлі де ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге жеткен жоқпыз. Ал «Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы», «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қалай орындалды? Оған бөлінген қаражат қаншалықты тиімді игерілді? 10 жылда не істелді, не істелмеді деген сұраққа әлі толық жауап берілген жоқ. Сондықтан «Жайлы мектеп» жобасы да олардың кебін құшпауына «Халық үніне құлақ асатын үкімет» жауап береріне әзірше үміт те, күдік те тең түсіп тұр.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»


