Әлеуметтік желілердің бәрінде дерлік «Тез әрі оңай ақша табуға болады», «2 сағатта 100 000 теңге», «онлайн жұмыс 600-700 мың теңге, қосымша сыйақы» деген жарнамалар қаптап жүр. Оңай олжаның ешқашан адамға опа бермейтінін білсе де осы торға шырмалушылар көп.
Дроппер болып шыға келмеңіз!
Алаяқтарға алданып сан соғып қалудың алдын алу мақсатында Түркістан облысында қазіргі таңда түрлі шаралар өткізілуде. Жуырда Кентау Жастар ресурстық орталығында «Қоғамда заң мен тəртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында «Қоғамға қызмет ету» бағыты бойынша мобильді топтың тұрғындармен кездесуі өтті. Аталған шараға Кентау қаласы əкімінің орынбасары Ақнұр Байболова, Кентау қаласы прокурорының орынбасары Бекжан Балкибеков, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің офицері Мұхаммедали Нысанбек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Сотқа дейінгі тергеу басқармасының тергеушісі Нұрбақыт Сұлтанов, Түркістан облысы ПД полиция подполковнигі Мұхтар Тұрғынбаев, Кентау қаласы ПБ бастығының бірінші орынбасары Азамат Сəрсенқұлов, Кентау қаласы прокуроры Олжас Жорабеков, Кентау қаласының нотариусы Ақнұр Айменова, жеке сот орындаушы Есқали Абдирешов жəне қала тұрғындары қатысты. Шараға қатысушы мамандар қазіргі таңда елімізде дроп алаяқтарға жастардың алданып, сан соғып жүргеніне қатты алаңдайды. Қаржылық мониторинг агенттігінің мəліметін келтірген мамандар, былтыр Қазақстанда 6 мың 200 дроп-карта ашылғанын анықтаған.
Ал осындай карта арқылы жалпы қаржы айналымы 24 миллиард теңгеге жуықтайды. Өзінің банк картасын немесе жеке шоттарын өзгеге заңсыз мақсатта қолдануға беретін тұлғаларды «дроппер» деп атайды. Мəселен, есірткі саудасы, кибералаяқтық, заңсыз құмар ойындары жəне басқа да қылмыспен айналысушылар өзге бір адамның картасына не шотына ақша аударады. Сөйтіп, қылмыскерлер өзге адамның картасын пайдаланып көп мөлшерде қаражат жымқырып, көзден ғайып болады. Ал картасын сыйақы үшін берген адам тұтылады. Соңғы кезде 10-нан аса банк картасы бар жеке тұлғалардың есеп-шотына түскен ақшаға тексеру жұмыстарын жүргізу біршама күшейтілген.
Есірткі тасымалы жас тағдырларды талқандауда
– Қазіргі таңда мектеп оқушысынан бастап, жас та, кəрі де жасай беретін сорақы жұмыстың бірі – есірткі таратушы немесе закладчик. Қара, не ақ орамға оралған бармақтай ғана ұнтақты белгілі бір жерге апарып жасыруыңның құны – 25000 теңге екен. Ал, ол жұмысқа орналасу үшін үш апта оқытылып, арнайы сынақтан өтесіз. Мемлекеттік қызметке жұмысқа тұрған адамның өзі дəл осылай 3 апта сынақтан өтіп, олай тексеріліп, жіті қадағаланбаса керек. Жалпы, есірткі тасымалдаушылар – көбіне əрнеге тез əуестенетін, белгілі бір позиция, принципі жоқтар. Олардың арасында 18-25 жастағы жастар, студенттер, жалғыз басты аналар жəне жұмыссыздар жəне оқушылар да бар. Кейде, тіпті, мемлекеттік қызметкерлер де кездесуі əбден мүмкін. Қазіргі заманда ақшаны керек қылмайтын адам бар ма?! Бірақ оның өтеуі тіпті қиын, ол бүкіл өміріңе шабылған балта секілді. Міне, осындай құрғақ уəде беретін жарнамалардан аулақ болыңыздар. Қаламыздағы лед экрандардан алаяқтардан сақтану жайында бейнероликтер көрсетілуде. Алаяқтардың əрекетін балаларыңызға, ағайын-туыстарыңызға айта жүріңіздер, – деді Кентау қаласы прокурорының орынбасары Бекжан Балкибеков. Оның сөзінше, есірткі кəсібі бірнеше топтан құралады. Олардың жаңа буыны «Тасымалдаушылар» болса, үстінен қарайтындарды «Күзетшілер» дейді екен. «Күзетшілер» «Тасымалдаушыларға» таратуы үшін қанша мөлшерде есірткі берілді жəне ол қай мекенжайларға жеткізілуі керек, бəрінен хабардар болып отырады. Жүйе бойынша бұл кəсіптен нəсіп табам деген жандар алдымен Telegram арнасы арқылы тіркеледі. Сосын үш апта арнайы курс оқиды. Курс оқу барысында сізге бес мың теңгеден ақша төленеді. Бірнеше жыл жұмыс істеген əккі «тасымалдаушылардың» шені де, ақшасы да өседі. Олардың орташа жалақысы 300-700 мың теңге болатын көрінеді. Мұндай жұмысқа тұрушы алдымен тұрғылықты мекенжайын фото-бейнежазбаға түсіріп, жұмыспен қамтушыға жібереді. Оның жеке куəлігі де алынады. Егер жаңадан жұмысқа орналасқан «тасымалдаушы» берілген есірткіні өзі иеленбек болса, онда жоғарыдағыларда оның барар үйін жəне сол адам туралы басқа да ақпараттар арқылы оңай тауып алады. Жеті өлшеп, бір кесілген мұндай ұйымдасқан қылмысты тек арнайы жасақ пен құқық қорғау қызметінің мінсіз жұмысы ғана тоқтатуы мүмкін екенін ұмытпаған абзал. Көп жағдайда заңсыз қаржылық операцияларды жүзеге асыру үшін қарапайым адамдар пайдаланылады. Тəуекел тобына, əдетте, студенттер, шетелдік мигранттар, жұмыссыздар, баспанасы жоқтар, зейнеткерлер, үй шаруасындағы əйелдер, нашақорлық немесе алкогольге тəуелді адамдар барады.
Біздің мақсат – қылмыстық жолмен табылған қаражатты заңдастыру схемаларына тарту үшін алаяқтар қандай айла-тəсілдерді қолданатынын жастарға жеткізу.
Алаяқтар дроптарды жұмысқа қалай тартады?
Жұмыс туралы хабарландырулар жиі танымал компаниялардың ресми сайттарын еске түсіретін жалған беттер арқылы жарияланады. Кейде осындай хабарландырулар еркін қолжетімді танымал сайттарда жарияланады – өйткені бұл ресурстарда модерация деңгейі өте төмен. Жұмыс шарттары əдетте үстіртін ғана түсіндіріледі. «Пассивтік табыс» секілді жеңіл əрі икемді кестелі жұмыс ұсынылады. Сонымен қатар, олар банкомат алдында тұрған адамдардан өзінің картасы арқылы ақша шешіп ала алмай тұрғанын немесе қолма-қол ақша шешіп бергені үшін сыйақы беретінін айтып өзінің мақсатын іске асырып алады.
Жалған вакансияларды қалай ажыратамыз?
Олардың негізгі белгілеріне келер болсақ, сізден бірнеше банк картасын өз атыңызға ашу немесе сенімхатпен ашу сұралады. Сізден жеке куəлігіңіз жəне басқа да жеке деректеріңізді талап етеді. Жеке деректеріңіз арқылы олар сіздің атыңыздан жалған жеке кəсіпкерлік ретінде кəсіпорын ашады. Сізге криптобиржаларда, мобильді банкингте немесе электрондық төлем сервистерінде аккаунт ашу ұсынылады. Бірнеше SIM-картаны рəсімдеуді сұрайды. Жалақысы жоғары жұмыс ұсынылады, бірақ сіздің біліміңіз, тəжірибеңіз немесе мамандығыңыз талап етілмейді. Жұмыс тек онлайн түрде жүретінін ескертеді. Аз күшпен жоғары табысқа жетуге уəде беріледі. Мысалы, күніне 30 минут жұмыс істеп, айына 500 мың теңгеге дейін табыс табуға болатыны жайында құрғақ уəде беріп, жастарды өз мақсаттарына пайдаланады. Мұндай ұсыныстарға мүлде сенбеу керек. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтындығын ұмытпаған абзал.
Дроптарға қандай жаза көзделген?
Дроптар ҚР ҚК 190-бабы жəне 28-бабына сəйкес алаяқтыққа қатысқаны үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Материалдық жауапкершілік – ҚР Азаматтық кодексінің 953-бабы бойынша негізсіз байығаны үшін толығымен ақша өндіріп алу. Репутациялық зардаптар – банктік шоттардың бұғатталуы, қаржылық беделдің бұзылуы, енді сізге несие, банк немесе ірі қаржы ұйымдарында жұмыс мүмкін болмайды. Сіз шетелге де шыға алмай қалуыңыз мүмкін.
Арам табыс ас болмайды
Бір жоғары оқу орнының студенттері əлеуметтік желі арқылы «күніне 1 сағат жұмыс жасап 600-700 мың теңге табыс табуға болады» деген жарнамаға сеніп, жұмыс берушінің барлық талабын орындайды. Олардың міндеті – карта арқылы ақша қабылдап, шешіп, белгілі бір адамға тапсыру болады. Бұл қызмет үшін олар аударым сомасынан 2% алып отырады. Бəрі оңай көрінгенімен, бұл студенттердің карталарына бір айда 390 млн теңге – заңсыз жолмен алынған қаражат аударылады. Олар есірткі сатушылардың жəне алаяқтардың криминалдық жолмен тапқан ақшасын қолма-қол шешіп беру схемасын жүзеге асыруына көмектеседі. Əрине, заң бəріне бірдей. Алаяқтардың алдауына түскен студенттердің оңай олжаға қызыққан əрекеті олардың болашағына балта шапты. Олар оқудан шығарылды, банктің сенімсіз тұлғалар тізіміне енді, қылмыстық іске тартылды. Енді олар студенттік өмірдің орнына – тергеу, сот жəне темір тордың арғы жағында жазасын өтейтін болады. Тағы мысал, үй шаруасындағы бір əйел бухгалтерлік жұмыс туралы хабарландыруды көзі шалады, дипломсыз-ақ айына 300 мың теңге табатынын естіп, жұмыс жасауға бірден келіседі. Алаяқтар оның картасына заңсыз ақшалар аударып, криптовалюта Р2Р платформасы арқылы жіберіп отырған. Əр транзакциядан 2% сыйақы алады. Кейін белгілі болғандай, бұл қаражат – алаяқтардан келген ақша екен. Қазіргі таңда бұл əйел соттың шешімі бойынша 15 млн теңгеден астам соманы қайтаруға міндеттелді.
Алданбас үшін не істеу керек?
Жеңіл табыс уəде еткен вакансияларға ешқашан жауап бермеңіз. Жұмыс берушінің интернеттегі беделін тексеріңіз. Банк картаңыздың деректерін ешкімге бермеңіз. Банк қосымшаларының құпиясөздерін үнемі жаңартып отырыңыз. Бейтаныс сілтемелерге өтпеңіз. Егер сізге дроп болу ұсынылса – келіспеңіз! Себебі мұның соңы, айыппұл, мүлікті тəркілеу, немесе бостандығынан айыру болуы мүмкін. Кездесу барысында құқық қорғау органдары тұрғындарға құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қойылған сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар азаматтарға сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, экономикалық қауіпсіздік, заңнаманы сақтау бойынша кеңестер берілді.
Раушан НАРБЕК
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ