Қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеуге Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асыратын резидент-заңды тұлғалар, резидент емес заңды тұлғалар (филиал, өкілдік арқылы қызметін жүзеге асыратын), жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын тұлғалар жатады. Бұл ретте мемлекеттік мекемелер, резидент-заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелері, сондай-ақ арнайы салық режимін қолданатын шаруа немесе фермер қожалықтары өздерінің осы арнайы салық режимі қолданылатын қызметі бойынша тіркеуге жатпайды.
Егер күнтізбелік жыл ішінде қосылған құн салығы бойынша тіркеуге қою үшін белгіленген айналым мөлшері ең төменгі шекті мәннен асып кетсе, қосылған құн салығы бойынша тіркеуге жататын тұлғалар белгіленген жері бойынша салық органына қосылған құн салығы бойынша тіркеу туралы салықтық өтініш беруге міндетті. Айналымның ең төменгі мөлшері тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыстағы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 20 000 еселенген мөлшерін құрайды (Қазақстан Республикасының Салық кодексі 82-бабының 1-тармағы).
Салықтық өтініш айналым мөлшері ең төменгі шекті мәннен асқан ай аяқталған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей қағаз түрінде жеке беріліп және электрондық түрде тапсырылуы тиіс.
Электрондық түрде салықтық өтініш беру тәртібі тәуекелдерді басқару жүйесінде жоғары тәуекел деңгейі бар салық төлеушілерге қолданылмайды.
Қосылған құн салығы бойынша тіркеуге қою мақсатында айналым мөлшері мынадай айналымдардың жиынтығы ретінде айқындалады:
1) Салық төлеушінің тауарларды, жұмыстарды, көрсетілген қызметтерді өткізу бойынша жасайтын айналымы (Салық кодексінің 370-бабында көрсетілген қосылған құн салығынан босатылған айналымнан басқа);
2) Салық кодексінің 373-бабына сәйкес резидент еместен жұмыстар, қызметтер сатып алу кезінде жасалатын айналым;
3) Тауар қалдықтары түріндегі айналым (Салық кодексінің 370-бабында көрсетілген салық салынбайтын айналымнан басқа).
Егер сіздің айналымыңыз қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеу үшін белгіленген ең төменгі шекті мәннен асып кетсе, сізге қосылған құн салығы төлеушісі ретінде тіркелу қажет.
Ж.А.Баезов,
Алмалы ауданы бойынша МКБ бас маманы


