Сегізінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің үшінші сессиясы аяқталды. Қос Палатаның бірлескен отырысында осы кезеңде атқарылған жұмыс қорытындыланды. Алқалы жиында бұл міндетті дәстүр бойынша Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов жүзеге асырды.
Қошанов атап өткендей, Президенттің сайлауалды бағдарламасы аясындағы заңнамалық бастамалардың бәрін дерлік депутаттық корпус осы сессияда іске асырған. Қос палатаның қарауында 158 заң жобасы болып, оның ішінде 89 заң қабылданды.
Осы құжаттарды қарау барысында депутаттар әлеуметтік саясат пен азаматтар мүддесіне басымдық берді. Бұл ең алдымен еліміздің негізгі қаржы құжатында – үш жылдық бюджетте көрініс тапты. Мәселен, оның шығыс бөлігінің шамамен 40 пайызы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталып, білім беру, денсаулық сақтау салалары мен әлеуметтік төлемдерге айрықша маңыз берілді. Соның нәтижесінде биылғы жылдың басынан базалық зейнетақы 6,5 пайыз, сабақтас зейнетақы 8,5 пайыз өсті. Әлеуметтік төлем көлемі де, алушылар саны да артты. Қыркүйектен бастап стипендия мөлшерін тағы да көтеру жоспарлануда. Оған қоса, ғылыми атақ үшін де үстемеақы қарастырылды. Сонымен қатар, халықты сапалы сумен қамтамасыз етуге, ауылды қолдауға қосымша қаражат бөлінді. Бұл азаматтардың тұрмысын жақсартуға, өңірлерді дамытуға мүмкіндік берері анық.
Үш кодекстің жаңартылып, қабылдануы Президентіміз бастаған іргелі реформалардың іске асуының айқын көрінісі. Соның бірі – Салық кодексі. Өте қызу талқыланған осы құжат бойынша Парламент барлық түйткілді мәселелер бойынша ортақ мәмілеге келді. Әділеттілік идеясы корпоративтік табыс салығының сараланған мөлшерлемесі мен жеке табыс салығының прогрессивті межесінен көрініс тапты. Енді кім көп табыс тапса, сол салықты көбірек төлейді. Бұл ретте, табысы төмен азаматтар үшін елеулі жеңілдік қарастырылған.
Сол секілді Бюджет кодексі орнықты экономикалық дамудың, азаматтардың әл-ауқатын арттырудың негізгі тетігіне айналғанын Қошанов сеніммен мәлімдеді. Оның айтуынша бұған жаңа заңнамалық нормалар негізінде бюрократиядан арылу көзделіп, бюджеттік рәсім мерзімі екі есе қысқарғаны, Ұлттық қор ресурсының тиімсіз жұмсалуына берік тосқауыл қойылғаны, өңірлердің бюджеттік дербестігінің артқаны, салық түсімін жергілікті бюджет деңгейіне беру жалғасын тапқаны жол ашады. Сонымен бірге, Үкіметтің және бюджет процесіне қатысушылардың заң шығарушы орган алдындағы есептілігі күшейтілді. Мұндай ашықтық пен есептілік азаматтардың сенімін арттырады.
Мемлекет басшысы су ресурстарымен қамтамасыз ету жайы нашарлап, жаһандық сипат алып келе жатқанын бірнеше рет айтқан еді. Осы мақсатпен еліміздің болашағы үшін маңызы зор құжат – Су кодексі қабылданды. Бұл құжатта су ресурстарын қорғау мен дамытуға, оны үнемдеп, жауаптылықпен пайдалануға басымдық берілді. Суды қайта пайдалану технологиясы, судың ысырабын азайту шаралары еліміздің тәжірибесіне енгізілді. Осы парламенттік маусымда депутаттар халықтың әлеуметтік көңіл-күйіне әсер ететін өзекті мәселелерді шешу жайын назарда ұстауға тырысты. Мұны Қошанов мырза өткен сессияда қабылданған «Ұлттық қор – балаларға» заңының жалғасы ретінде осы сессияда «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтаушы жүйесінің құқықтық негізі жасалғанымен дәйектеді. Мұнда жинақталған қаражатты еліміздегі және шет мемлекеттердегі колледждер мен жоғары оқу орындарында білім алуға, тұрғын үй сатып алуға пайдалануға болады. Бұл – мемлекет тарапынан балалардың білімі мен болашағына салынатын игі инвестиция. Сондай-ақ, депутаттар бастамасымен дарынды балаларды қолдауға қатысты нормалар енгізілді. Енді халықаралық олимпиада жеңімпаздары білім беру грантын конкурссыз иеленіп, оны «Болашақ» бағдарламасы аясында да ала алады.
Осы сессияда азаматтардың денсаулығын қорғау мәселесіне бұрын-соңды болмаған дәрежеде назар аударылғанын білеміз. Депутаттар Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі кейбір тәсілдерді қайта қарады. Медициналық көмектің бірыңғай топтамасы енгізілді. Енді сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматқа базалық медициналық көмек беріледі. Жұмыссыз және жұмыс істемейтін адамдар үшін МӘМС жарналарын төлеу жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі. Ұсынылған шаралар арқасында миллионнан астам қазақстандық қосымша сақтандыру жүйесімен қамтылады. Бұдан бөлек, міндетті онкологиялық скрининг мемлекеттік тегін медициналық көмек қызметтері тізбесіне енгізілді. Бұл шара үш жарым миллион адамды қамтиды.
Заң мен тәртіп үстемдігін орнату бағытында да жүйелі жұмыс жүрді. Парламент қабылдаған жаңа шаралар үлескерлік құрылыс саласында тәртіп орнатып, азаматтар құқығын қорғауға бағытталған. Қошанов мырзаның айтуынша, депутаттар бұл мәселеге алғашқы күннен бастап ерекше маңыз беріпті. Бұған азаматтардан қарызынан құтылуға көмектесуді сұраған мыңдаған хат себеп болды. Осыған орай, былтыр халықтың шамадан тыс қарыз алуын азайтуға бағытталған маңызды нормалар қабылданып, осы сессияда бұл жұмыс жалғасын тапты. Депутаттар қаржылық қызмет алушылар құқығын қорғау шарасын күшейтті. Олардың аясында халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін қарыз бен микрокредиттер бойынша төлем мерзімін үш айға шегеру мүмкіндігі енгізілді. Сонымен қатар онлайн режимде тез әрі кепілсіз несие беру тәжірибесі тоқтатылды. Енді әр несие өтінімі бойынша «салқын ақылға салып» ойлануға 24 сағат уақыт беріледі. Бұл аралықта банк те, кредит алушы азамат та өз шешімін, барлық ықтимал қауіп-қатерді тағы бір рет саралай алады.
Бүгінде қоғам алдында тұрған үлкен сын-қатердің бірі – кибералаяқтық. Ұйымдасқан қылмыскерлер интернет кеңістігі арқылы әрекет етіп, заңнамадағы олқылықтарды пайдаланып жүр. 2024 жылдың өзінде жалпы айналымы 24 млрд теңгені құрайтын алты мыңнан астам дроп-карта анықталған. Осы орайда өршіп келе жатқан қауіпке уақытылы жауап ретінде дропперлер үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді. Депутаттар бастамашы болған есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы іс-әрекет туралы заң – дер кезінде қабылданған, аса маңызды құжат екені сөзсіз. Бүгінде еліміздегі түзеу мекемелерінде төрт мыңға жуық есірткі өткізушілер мен жасырып кетушілер, яғни закладчиктер қамауда отыр. Әдетте, бұл жеңіл жолмен ақша табуды көздеген, бірақ есірткі өндірушілермен бірдей жаза арқалаған өрімдей жастар. Осыны ескерген депутаттар есірткі қылмысы бойынша жазаны саралауды жүзеге асырып, есірткі өндіру мен оны өткізу арасындағы жауаптылықтың ара-жігін ажыратты. Есірткі дайындағаны, өңдегені және өндіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылды. Бұл ретте, есірткі жасырып кетушілердің түзу жолға түсуіне мүмкіндік беріліп отырғанын атап өту керек.
Сот жүйесін жаңғырту жалғастырылып, осы сессияда сот ісін жүргізудің барлық түрі бойынша кассация тәртібін қайта қарау жөніндегі маңызды өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар, депутаттар Қазақстан армиясының беделі мен мәртебесін арттыру, ұлттық қауіпсіздікті нығайту ісіне ерекше басымдық берді. Жаза басқан жандарға мүмкіндік беруге бағытталған «Рақымшылық туралы заң» да осы сессияда қабылданды.
Паррламент аясында атқарылған жұмыстарға тоқталған Ерлан Жақанұлы заң шығарудағы олқылықтарды ортаға салып, Үкімет мүшелеріне бірқатар базынасын жеткізді. Соның бірі атқарушы биліктің депутаттар бастамасына қатысты беретін қорытындысында екіұшті ұстанымның көрініс табатынына қатысты болды. Оның айтуынша мемлекеттік органдардың қорытынды жобаны әзірлеуге атүсті қарайтыны байқалады.
Конституция бойынша, депутаттармен қатар Үкіметтің де заңға бастамашылық етуге құқы болса да, министрліктер мәселені депутаттардың түзетулері арқылы немесе Парламентке хат жазу арқылы шешуді әдетке айналдырған. Үкімет регламенті бойынша, түзетуді заң жобасын Мәжілісте талқылау кезеңінде енгізу туралы норма бар. Министрліктер тарапынан осы нормаға тым жиі жүгіну орын алып отыр. Кейде ондай түзетулер жалпы отырыс өтетін күні келіп түсіп жатады. Осы сессияда аталған тармақ бойынша Үкіметтен түскен хаттар саны екі есе артып кетіпті. Негізінде мұндай маңызды мәселелер Үкімет қабырғасында жан-жақты пысықталып, терең зерттеліп, хат түрінде емес, заң жобасы ретінде рәсімделген соң Парламентке түсуге тиіс. Мұның бәрі заң жобаларының Парламенттен өтуін қиындататумен қатар, сапасын да төмендетеді.
Депутаттық сауалдарға берілетін жауаптарда да Үкімет тарапынан біркелкі ұстаным жоқ. Осы сессия барысында мемлекеттік органдарға 625 сауал жолданды. Әр сауалдың артында халықты толғандыратын мәселе тұратыны белгілі. Алайда, оларға берілген жауаптардың мазмұны мен сапасына көңіл тола бермейді. Осының салдарынан қосымша мәселелер туындап, кейде депутаттар мемлекеттік органға қайта жүгінуге мәжбүр болады.
А.Тұрмағанбетова,
«Заң газеті»