Қорықшылар қандай жағдайда қару қолдана алады?

Жақында Алматы облысында жанжалды оқиға болды. Қарулы қорықшы демалушының аяғына оқ атты. Оқиғаның видеосы желіде тарады. Пікір қалдырғандардың ойы екіге бөлінді: бірі қорықшының өміріне ешқандай қауіп төнбегенін айтып, қару қолдануға құқығы болмағанын алға тартса, енді бірі демалушылардың жанжал шығарғанын айтып, қорықшыны ақтады. Жағдайды Tengrinews.kz тілшісі зерттеп көрді.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қорықшылар мен инспекторлар қызметтік қаруды мына жағдайларда қолдана алады:

  • заңмен белгіленген міндеттерін атқару кезінде өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін қарулы шабуылды тойтару кезінде;
  • қорғалатын аумақтарда қорықшылар мен инспекторлардың заңды талаптарына бағынбаған, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген жүргізушілерді көлік құралдарына зақым келтіру арқылы тоқтату мақсатында;
  • жабайы аңдардың шабуылынан қорғану, дабыл белгісін беру немесе көмек шақыру үшін.

Сонымен қатар, қорықшы немесе инспектор қызметтік қаруды қолданар алдында дауыстап ескертуі немесе жоғары қарай ескерту оғын атуы тиіс.

Арнайы құралдар мен қызметтік қаруды әйелдерге, кәмелетке толмағандарға және айқын мүгедектік белгілері бар адамдарға қолдануға тыйым салынады. Ерекше жағдай – олардың тарапынан қарулы шабуыл немесе инспектор мен қорықшы өмірі мен денсаулығына анық қауіп төнуі.

Ақмола облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Нұрлан Жанабаевтың пікірінше, Алматы облысында болған жағдай құқықтық тұрғыда көптеген сұрақ тудырады. Қорықшының әрекетін оның өмірі мен денсаулығына қауіптің бар-жоғына, сондай-ақ қару қолдану кезінде заңда көзделген рәсімдердің сақталуына қарай талдау қажет.

«Әрбір нақты жағдайда құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану белгілерін анықтау үшін деректерді бағалайды», – деді заңгер.

Жанабаевтың айтуынша, бұл жағдай қорықшылардың қаруды заң аясында қолдану біліктілігін арттыру, олардың әрекеттерінің заңдылығын бақылауды күшейту, сондай-ақ өкілеттіктерін асыра пайдалану мүмкіндігін болдырмайтын қосымша нұсқаулықтар әзірлеу қажеттігін көрсетеді.

«Қорықшыға қатысты оқиға барлық мән-жайды және оның әрекеттерінің заңдылығын анықтау үшін мұқият тергеуді талап етеді. Қоғамдық қызығушылықтың жоғары болуы заңнаманың қатаң сақталуы мен олардың өкілеттіктерін жүзеге асыруда ашықтықтың қажет екенін көрсетеді», – деп қосты адвокат.

Нұрлан Жанабаев – Ақмола облыстық адвокаттар алқасының адвокаты, 20 жылдан астам тәжірибесі бар заңгер. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жоғары заңгерлік білім алған. Сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласы бойынша бакалавр.

Еске салайық, Алматы облысында қорықшы ер адамның аяғына оқ атқан, оқиға видеоға түсіп қалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев паралимпиада чемпионы Ербол Хамитовты “Барыс” орденімен марапаттады

Бүгін Ақордада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ХIV Қысқы Паралимпиада ойындарында бір алтын және бір қола медаль иеленген Ербол Хамитовты III дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.

Енді қандастар жұмысқа орналасуға міндетті болады 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыруға бағытталған бұйрыққа өзгерістер енгізуді ұсынды.

Алатау – жаңа даму нүктесі: Қазақстан не үшін жаңа қала құрып жатыр? 

Қазақстанда әкімшілік-аумақтық құрылымды реформалаудың жаңа кезеңі басталып отыр. Бұл мемлекет басқару жүйесін қазіргі экономикалық және демографиялық сын-қатерлерге бейімдеуге ұмтылысын көрсетеді.

Елімізде пәтерақының жартысын мемлекет төлеп береді: Көмекті кім ала алады? 

Қазақстанда 2022 жылдың сәуірінен бастап жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған баспананың жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау бағдарламасы жұмыс істеп келеді.

Қазақстанның үш аймағында жаңа су электр станциялары бой көтереді

Су ресурстары және ирригация министрлігінің "Қазсушар" мекемесі Қарағанды облысындағы Самарқанд су қоймасында, Ақтөбе облысындағы Қарғалы су қоймасында және Абай облысындағы Қаракөл су қоймасында шағын су электр станцияларын (СЭС) салу бойынша жобалау-сметалық құжат әзірлеп жатыр.