12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ҚАЗАЛЫ ҚАҺАРМАНЫ ЖЕЛТОҚСАН РУХЫН ӨШІРМЕГЕН ЕР

Қазақ тарихындағы азаттыққа ұмтылған ең жарқын да ең ауыр белестердің бірі – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі. Бұл дүмпуге мыңдаған жастың жүрегінің оты, өр рухы, әділетке деген талабы себеп болды. Сол өршіл жастардың қатарында Қазалы топырағында туып-өскен Бақыт Серікбайұлы Байниязов та бар еді.

Ол 1965 жылдың қыркүйегінде Қазалы ауданының Қазақстанның 40 жылдығы совхозында дүниеге келген. Болашақ елжанды азамат осы ауылдағы Ленин атындағы 94- орта мектепте тәлім алады. Одан кейін Қазалыдағы СПТУ-34 училищесінде білімін жалғастырып, еңбек жолына қажетті алғашқы тәжірибесін қалыптастырады. 1983–1985 жылдары Совет Армиясы қатарында борышын өтеп, тәртіп пен қайсарлықтың мектебінен де өтті. Содан, 1986 жылы Алматы Малдәрігерлік институтына (АЗВИ) оқуға түсіп, студенттік өмірінің алғашқы жылын бастайды. Алайда, бұл жыл оның өміріне өте үлкен өзгешеліктер әкелерін әлі сезбеген еді. Желтоқсанның ызғарлы күндерінде алаңға жиналған мыңдаған қазақ жастарының арасында болып алаңдағы ащы шындықты, жастардың әділдікке деген талабын, ұлттық намыстың лапылдап тұрған сәтін өз көзімен көрді. Міне, сол бейбіт шеруге қатысқандар жаппай айыпталып, жазықсыз жазаға тартылды. Алаңдағы арпалыста ұсталған жас жігітті Совет аудандық ішкі істер бөліміне жеткізеді. (Бүгінгі Алмалы ауданы) екі күн бойы түсініксіз тергеу мен соққының азабын көрген, бөлімнің суық дәліздері оның есінде әлі күнге дейін жаңғырып тұрады. Артынан оның ісі Калинин аудандық сотында қаралып (бүгінгі Бостандық ауданы), оған 10 тәулік қамаққа алуға әкімшілік жаза тағайындайды. Осылайша, студенттік өмірдің жарқын беттерін күңгірт шалды. Жазасын өтеп шыққанымен, оның тағдырына түскен көлеңке ары қарай қоюлана түскен. Оқудан, комсомол қатарынан шығару туралы бұйрықпен бірге ол «Алматыға бес жыл келмеймін» деген кепілхатқа қол қоюға мәжбүр болады. Қалаға жолы кесілген жас жігіт, туған жері Қазалы ауданына қайтады. Жазықсыз жаза оның отбасына да зауалын тигізді. Оның бұлай жапа көруі Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, ауданның қадірлі азаматы әкесінің жүрегіне ауыр тисе, Қазалы аудандық райсовезде басшылық қызметте болған туған ағасын партиядан, қызметінен босатады. Өзін ауылда жүрген жылдарында да Алматыдан арнайы келген Қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері тексеріп тұрады. Солай бүкіл жанұясы сол кезеңнің саяси қысымын сезінуге мәжбүр болады.Ақиқат жолындағы азаматтық ұстаным Мұхтар Шахановтың бастамасымен Желтоқсан оқиғасының шындығын ашу мақсатында құрылған комиссияның қолдауымен 1986 жылы оқудан шығарылған студенттердің оқуын қайта жалғастыруы үшін ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұл игі істің нәтижесінде көптеген жастар тағдыр тауқыметінен арылып, білім жолына қайта оралу мүмкіндігіне ие болды. Осы мақсатта 1989 жылы Қазалы қаласында жүрген Байниязовқа да арнайы шақырту хаты жолданады. Аталмыш хаттың арқасында ол үш жылдан кейін Алматыға қайта келіп, комиссия мүшелері – Мұхтар Шаханов, Қадыр Мырзалиев және сол кездегі ҚР Білім министрі Шайсұлтан Шаяхметовтың қабылдауында болады. Қабылдау барысында аталған азаматтар сол кездегі АЗВИ-дің ректоры Қалдыбек Сәбденовке ресми хат жазып, Байниязовтың оқуын қайта жалғастыруына тікелей себепкер болады. Кеңес Одағының қылышынан қан тамып тұрған сол бір күрделі кезеңде ел алдындағы осындай азаматтардың жасаған ісі – ұлт мүддесін қорғаған нағыз ерлік пен азаматтықтың айқын көрінісі еді. Олардың шапағаты сол жылдары қудалауға ұшыраған көптеген студент жастарға үміт пен демеу болды. Нәтижесінде Байниязов институтқа қайта қабылданып, оқуын ойдағыдай аяқтап, дипломын алды. Жоғары білімді жас маман ретінде Алматы облысы Талғар ауданы Ильич колхозына арнайы жолдама мен жіберілді. Заман ағымына байланысты колхоз тарағанға дейін ол мал дәрігері қызметін атқарып, елге адал, әрі абыройлы еңбек етті. Бүгінде «Milko Trade» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қойма меңгерушісі. Ал нағыз әділдік тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана салтанат құрды. Республикалық комиссияның шешімімен Бақыт Серікбайұлы толық ақталды. Алайда 86-жылғы желтоқсандағы аудандық ішкі істер бөліміндегі күндер оның денсаулығына ауыр зақым келтірді. Қанша емделсе де, жарақаттың салдары оны әлі күнге дейін мазалап келеді. Бірнеше рет ауруханаға түсуі, дәрігерлердің тұрақты бақылауында болуы – сол бір зауалды күндердің көлеңкесін әлі сейілтпегенін көрсетеді. Ол бүгінде Алматы қаласында тұрады. Жары Оразгүл Қаржаубаева да Желтоқсан ардагері. Екеуі үлгілі отбасының иелері, үш перзент тәрбиелеген, алты немеренің ардақты ата-әжесі. Ел мен тарих алдындағы жауапкершілікті терең сезінген ардагер «Тәуелсіздік 1986 Желтоқсан» қоғамдық бірлестігін құрып, сол ұйымның төрағасы ретінде үлкен жұмыстар атқарып жүр. Ол Желтоқсан қаһармандарын ұмытпау, көтерілістің ақиқатын жас ұрпаққа жеткізу, патриоттық рухты дәріптеу бағытында талмай еңбек етуде. Бақыт Серікбайұлы – тарихтың сын сағатында намысын сатпаған, әділдік жолында жастық шағын құрбан еткен, рухы биік азамат. Оның өмір жолы – өскелең ұрпаққа жігер берер, тәуелсіздік қадірін ұғындырар тағылым. Желтоқсанның қаһармандары – ерлік пен өрліктің мәңгілік символы.

Ұлбала ТІЛЕУҚЫЗЫ, «Заң газеті»

Тіл — мемлекетіміздің тұғырлы тірегі

Қазақ тілінің құдіретін қанша сөзбен айтсақ та, оны жеткізу...

Меншік құқығы Конституциямен қорғалған

Қазақстан азаматтарының меншік құқығы, оның ішінде мұрагерлік құқық Конституциямен...

Абай облысы бойынша ҚАЖД орташа қауіпсіздік мекемесінде Тәуелсіздік күні аталып өтті

Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасыты орташа қауіпсіздік...

Алматы қаласының мемлекеттік органдарында жұмыс уақытын сақтау мәселелері туралы

Жұмыс уақыты режимін сақтау мемлекеттік органдардың қызметін ұйымдастырудың маңызды...

Об обеспечении соблюдения режима рабочего времени в государственных органах города Алматы

Соблюдение установленного режима рабочего времени является важным элементом организации...