2025 жылы қазақтың ұлы ойшылы, ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Бұл –бүкіл қазақ халқы үшін үлкен тарихи және рухани мерейтой.
Абай Құнанбайұлы 1845 жылы Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында дүниеге келген. Ол – қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған, ұлттық руханияттың шамшырағы болған тұлға. Оның терең ойлы өлеңдері, философиялық қара сөздері, аудармалары мен әндері –халықтың рухани байлығы.
Абайдың шығармаларында ел бірлігі, ғылым—білімге ұмтылу, адалдық, адамгершілік сынды тақырыптар терең қозғалады. Ол халқын өнер—білімге үндеп, надандықпен күресті. Абайдың қара сөздері бүгінгі күнге дейін өзекті, себебі олар адамның ішкі жан дүниесін, мінезін, өмірлік қағидаларын сипаттайды. Қара сөздеріндегі адам болмысы, мінез–құлық, ұлттық тәрбие, дін мен ғылымның маңызы терең талданады. Әсіресе 7- сөзіндегі «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар — тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі — білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл не?» деп, «ол неге үйтеді?», «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі — жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен…» – деген ойлары қазіргі қоғамға да айна.
Абай айтқан: « Қалың елім, қазағым, қайран жұртым…» — деген жолдар қазір де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Абай мұрасын насихаттау –ұлттық сананы оятудың үлкен жолы. Осы орайда халық та, билік те, жастар да Абайға қайтадан жаңаша үңіліп жатыр деуге болады.
Мерейтойға байланысты елімізде өткізіліп жатқан көптеген мәдени және рухани іс—шаралар қазақ халқының асыл мұраға деген құрметті арттырып, жастарды Абай іліміне, оның қара сөздері мен өлеңдеріне қайта үңілуге себеп болды. Абайдың ілімі –– тек өткеннің емес, қазіргі мен болашақтың да темірқазығы. Ол ұлтты оятуға, сананы жаңғыртуға үндейді. « Ғылым таппай мақтанба», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», « Сен де бір кірпіш дүниеге» сияқты туындылары – мәңгілік мағынаға ие рухани нұсқаулық.
Ойымды қорытындылай келе айтарым, Абайдың 180 жылдығы – біз үшін тек еске алу емес, қайта ойлану. Біз Абай айтқан биік парасатқа, шын адамгершілікке ұмтылуымыз керек. Абай – өткеннің емес, келешектің ақыны. Оның мұрасы – бүгінгі және ертеңгі ұрпақтың жол сілтер жарық жұлдызы.
Семей қаласының Мамандандырылған ауданаралық
тергеу сот әкімшісінің басшысы Калдыбаева Ш.Ж