ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА КАССАЦИЯЛЫҚ СОТ МОДЕЛІ: ЖОҒАРЫ СОТ КЕҢЕСІНІҢ РӨЛІ МЕН КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ МИССИЯСЫ

Қазақстан Республикасы 

Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы

Малахов Дмитрий Михайлович

Әділетті сот – құқықтық мемлекеттің тірегі, ал заң үстемдігі – қоғам тұрақтылығы мен азаматтардың мемлекетке деген сенімінің басты кепілі. Сондықтан құқық үстемдігін орнықтыру, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың пәрменді тетіктерін жетілдіру Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының біріне айналды. Бүгінде сот жүйесінің беделі қабылданған заңдардың мазмұнымен ғана емес, сот билігінің тәуелсіздігімен, судьялар корпусының кәсіби деңгейімен және азаматтардың әділ сотқа деген сенімімен өлшенеді.

Соңғы жылдары елімізде жүргізілген реформалар сот төрелігінің сапасын арттыруға, азаматтардың сотқа жүгіну мүмкіндігін кеңейтуге және сот жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға жол ашты. Осы өзгерістердің заңды жалғасы ретінде 2025 жылғы 1 шілдеден бастап азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер жөніндегі үш дербес өңіраралық кассациялық сот өз жұмысын бастады.

Бұл оқиға сот жүйесіндегі кезекті құрылымдық өзгеріс қана емес. Ол азаматтардың құқықтарын қорғаудың қосымша кепілдіктерін орнықтырып, сот төрелігінің жаңа сапасын айқындаған маңызды қадам болды. Сонымен бірге, кассациялық сатының жаңаруы Жоғарғы Соттың, жергілікті соттардың және Жоғары Сот Кеңесінің өкілеттіктеріне тың мазмұн берді.

Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі Президенттің соттарды жасақтау жөніндегі өкілеттіктерін жүзеге асыратын әрі судьялардың тәуелсіздігі мен қол сұғылмаушылығының кепілі болып табылатын дербес конституциялық орган саналады. Егер Парламент сот жүйесінің құқықтық негіздерін айқындаса, ал Жоғарғы Сот заңдардың біркелкі қолданылуын қамтамасыз етсе, Жоғары Сот Кеңесі сот билігінің кадрлық негізін айқындайды.

Кеңестің конституциялық миссиясы судьяларды іріктеу және қызметке ұсыну рәсімдерімен ғана шектелмейді. Оның қызметі кәсіби әрі адал судьялар корпусын ұйыстыруды, кадрлық шешімдердің әділдігін қамтамасыз етуді және қоғамның сот жүйесіне деген сенімін арттыруды қамтиды.

Қазақстандағы кассациялық жүйенің жаңаруы құқықтық мемлекетті нығайту жолындағы сот реформасының маңызды белесіне айналды. Оның негізгі мақсаты – азаматтардың сот төрелігіне қол жеткізу мүмкіндігін кеңейту, заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау тәртібін жетілдіру, сот шешімдерінің сапасын арттыру және құқық қолдану практикасының бірізділігін қамтамасыз ету.

Бұған дейін заңды күшіне енген сот актілерін қайта қараудың қолданыстағы тәртібі азаматтардың кассациялық сатыға жүгіну мүмкіндігін едәуір шектеді. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2022–2024 жылдары қылмыстық істер бойынша берілген 15 мың өтінішхаттың және азаматтық істер бойынша келіп түскен 31 мың өтінішхаттың ішінен кассациялық алқаға тиісінше небәрі 5,4 және 3,5 пайызы ғана берілген. Ал әкімшілік сот ісін жүргізуде «тұтас кассация» тәртібінің қолданылуына байланысты келіп түскен шағымдардың барлығы кассациялық тәртіппен қайта қаралған. Мұндай жағдай сот қорғауының қолжетімділігі мен тиімділігіне қатысты қоғамдық сұранысты күшейтті.

Реформаның ең елеулі жаңалықтарының бірі – кассациялық шағымдарды алдын ала қарау тәртібінің жойылуы. Бұрын кассациялық сатыға түскен шағымдар іріктеу рәсімінен өтетін болса, жаңа жүйеге сәйкес олар тікелей кассациялық соттардың қарауына беріледі және мәні бойынша шешіледі.

Осылайша, Қазақстанда «тұтас кассация» қағидатына көшу жүзеге асырылып, заңды күшіне енген сот актілерін қайта қараудың жаңа моделі қалыптасты. Бұл тетік заңды күшіне енген сот актілерін қайта қараудың аясын кеңейтіп, азаматтардың кассациялық соттарға жүгіну мүмкіндігін едәуір арттырды. Бұдан бөлек, 2027 жылдан бастап кассациялық тәртіппен қаралатын істер санатының кеңеюі көзделген.

Бұл өзгеріс азаматтардың сот арқылы қорғалу құқығын кеңейтіп қана қойған жоқ. Сонымен қатар, әрбір адамның әділ сот талқылауына қол жеткізу мүмкіндігін арттырып, сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігін жаңа деңгейге көтерді.

Осылайша, жүргізілген өзгерістер сот жүйесін кеңейтуге емес, оның ішкі құрылымын жетілдіруге және әрбір буынның міндетін нақты айқындауға бағытталды.

Кассациялық реформаның нәтижелілігі қабылданған заңдарға ғана емес, оларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың жұмысына да байланысты болды. Осы тұрғыдан алғанда, Жоғары Сот Кеңесіне айрықша жауапкершілік жүктелді.

Жоғары Сот Кеңесінің алдында кәсіби талаптарға толық жауап беретін, мол тәжірибесі бар әрі қоғам сеніміне ие судьялар корпусын жасақтау жөніндегі маңызды міндет тұрды. Бұл жолы мәселе жекелеген бос орындарды толықтыруда емес еді. Әңгіме жаңа кассациялық соттардың ұзақмерзімді кадрлық тұғырын қалыптастыру және олардың тиімді жұмыс істеуіне негіз болатын кәсіби құрамды айқындау туралы болды.

Осы мақсатта кассациялық соттардың судьяларына қойылатын талаптар едәуір күшейтілді Атап айтқанда, үміткерлердің кемінде он сегіз жылдық заңгерлік өтілі не сегіз жылдан кем емес судьялық жұмыс тәжірибесі болуы, оның ішінде кемінде үш жыл облыстық сот судьясы лауазымында қызмет атқаруы көзделді.

Мұндай талаптардың қойылуы кездейсоқ емес. Өйткені кассациялық саты – заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығына түпкілікті баға беретін, сот қателіктерін түзететін және құқық қолданудың бірізді тәжірибесін орнықтыратын аса жауапты буын.

Кандидаттарды іріктеу кезінде олардың кәсіби даярлығына ғана емес, іскерлік беделіне, жеке қасиеттеріне, жоғары жүктеме жағдайында шешім қабылдау қабілетіне және мінсіз абыройына ерекше көңіл бөлінді.

Кадрлық шешімдердің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету үшін Жоғары Сот Кеңесі үміткерлерді зерделеу тәсілдерін жетілдіріп, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды кеңейтті және заманауи талдау құралдарын енгізді.

Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – Жоғары Сот Кеңесі мен Қаржылық мониторинг агенттігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды. Бұл судьялыққа үміткерлердің кәсіби және адамгершілік қасиеттерін жан-жақты бағалауға мүмкіндік берді.

Конкурстық рәсімдердің қорытындысы бойынша Жоғары Сот Кеңесі кассациялық соттардың судьясы лауазымына 75 кандидатты ұсынды. Олардың 57-сі, яғни ұсынылған кандидаттардың 73,1 пайызы, жиырма жылдан астам судьялық еңбек өтіліне ие болды.

Тағайындалған судьялардың басым бөлігі бұған дейін апелляциялық сатыда жұмыс істеген. Бұл, бір жағынан, сот тәжірибесінің сабақтастығын сақтауға мүмкіндік берсе, екінші жағынан, жаңа соттардың кәсіби әлеуетін күшейтті.

Осылайша, Жоғары Сот Кеңесі жаңа кассациялық жүйенің орнықты жұмыс істеуіне негіз болатын білікті судьялар корпусын жасақтау жөніндегі өзінің басты міндеттерінің бірін ойдағыдай орындады.

Сонымен бірге, реформа судьялар санының көбеюіне алып келген жоқ. Керісінше, өзгерістер сот жүйесінің әртүрлі деңгейлері арасындағы штат бірліктерін қайта бөлудің есебінен жүзеге асырылды.

2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша сот жүйесінің деңгейлері бойынша судьялардың штат саны  аудандық соттарда 2114 бірлікті, облыстық соттарда – 465 бірлікті, кассациялық соттарда – 90 бірлікті, ал Жоғарғы Сотта 50 бірлікті құрады.

Бұл деректер реформаның мәні соттардың санын арттыруда емес, сот төрелігінің сапасын арттыруда жатқанын көрсетеді. Әңгіме жаңа құрылымдар құру туралы емес, сот жүйесінің ішкі әлеуетін нығайту, оның кәсібилігі мен тиімділігін арттыру туралы болып отыр.

Сонымен қатар, кассациялық жүйедегі өзгерістер сот саласының алдына жаңа міндеттер қойды. Судьялық қызметке қойылатын жоғары талаптар кәсіби кадрларды іріктеу және даярлау тетіктерін одан әрі жетілдіру қажеттігін айқындады. Бұдан бөлек, құқық қолдану практикасының дамуы мен сот жүйесінің институционалдық орнықтылығын қамтамасыз ету үшін кадрлық әлеуетті нығайту және мамандар даярлау ісін үздіксіз жетілдірудің маңызы арта түсті.

Осыған байланысты Жоғары Сот Кеңесі судьялар корпусын қалыптастыру тетіктерін одан әрі жетілдіру жұмысын жалғастырып келеді. Бүгінде негізгі назар конкурстық рәсімдердің ашықтығы мен объективтілігін арттыруға, кадрлық шешімдерді цифрландыруға, кандидаттарды бағалау өлшемдерін жетілдіруге, Сот төрелігі академиясының әлеуетін күшейтуге, сондай-ақ соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестердің қызметін жүйелеуге аударылып отыр. Бұл өзгерістердің түпкі мақсаты кадрлық саясаттың сапасын арттырумен ғана шектелмейді. Олар судьяларды іріктеу рәсімдерінің ашықтығы мен әділдігіне деген қоғамдық сенімді нығайтуға және сот билігінің институционалдық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазақстанның жаңа кассациялық моделі құқық үстемдігін нығайтуға, сот төрелігінің сапасын арттыруға және азаматтардың сотқа деген сенімін күшейтуге бағытталған жүйелі реформалардың нәтижесіне айналды. Бұл өзгерістер сот жүйесінің құрылымын ғана жетілдіріп қойған жоқ, сонымен бірге оның тұрақты әрі тиімді қызмет етуінің берік негізін қалады.

Осы үдерісте Жоғары Сот Кеңесі судьяларды іріктейтін орган ғана емес, тәуелсіз сот билігінің берік тірегіне, кәсіби судьялар қауымын ұйыстыратын және сот төрелігінің сапасын айқындайтын негізгі конституциялық институтқа айналды.

Жүргізіліп жатқан өзгерістердің түпкі мақсаты тек сот жүйесінің құрылымын жетілдірумен шектелмейді. Оның басты өлшемдерінің бірі – азаматтардың сот билігіне деген сенімін арттыру. Өйткені құқықтық мемлекет жағдайында сот төрелігінің тиімділігі қабылданған шешімдердің заңдылығымен ғана емес, қоғамның сот институттарына деген сенімімен де айқындалады.

Осылайша, жаңа кассациялық соттардың құрылуы тек институционалдық өзгеріс қана емес, сот билігінің сапасын арттыруға бағытталған кең ауқымды реформаның маңызды бөлігіне айналды.

Осы тұрғыдан алғанда, жаңа кассациялық соттарды құру Қазақстандағы сот реформасының жекелеген кезеңі ғана емес, сот билігінің сапасын арттыруға, оның тәуелсіздігі мен тиімділігін күшейтуге және құқық үстемдігі қағидатын одан әрі нығайтуға бағытталған ұзақмерзімді институционалдық өзгерістердің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.

Еңбек кодексі заман сұранысына сай келеді 

Елімізде еңбек қатынастарын жан-жақты әрі толық реттеген ҚР Еңбек...

Оңайлатылған әкімшілік рәсім

         2021 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік...

Тұрғын үй даулары санатындағы әкімшілік істерді қарау ерекшелігі

Тұрғын үйге қатысты даулардың жария құқықтық қатынастардан туындайтын даулар...

Мемлекеттік тіл — сот төрелігінің маңызды құралы

Мемлекеттік тілдің сот жүйесіндегі орны ерекше. Қазақстан Республикасы Конституциясына...