«Тәуелсіздік – ұран емес, нақты нормалар мен рәсімдер жүйесі»
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Республикa күніне арналған «Егеменді Қазақстанның конституциялық-құқықтық дамуы: теориясы, тәжірибесі және даму болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Іс-шара жыл сайын дәстүрге айналған «Сартаев оқулары» аясында ұйымдастырылады. 15 қазанда қазақстандық құқықтану мектебінің патриархы 98 жасқа толар еді.
Конференцияны ҚазҰУ-дың мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы өткізді. Дәл осы кафедрада Сұлтан Сартаев ұзақ жыл дәріс оқып, ғылыми мектеп қалыптастырды, құқықты саяси конъюнктурадан жоғары қоя білетін тұтас буын заңгерлерді тәрбиеледі.
Академик С. Сартаев 1990 жылғы 25 қазандағы Қазақ КСР-дің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияны негізгі әзірлеушілердің бірі. Бұл құжат республика заңдарының басымдығын бекітіп, болашақ мемлекеттік құрылымның қаңқасын айқындады және Қазақстанның шынайы тәуелсіздігіне жол ашты. Көпшіліктің санасында Декларация көбіне бір дәуірдің символы ретінде қабылданады, ал С.Сартаев үшін ол ең алдымен юридикалық мәтін болатын. Ол әрдайым «егемендік – ұран емес, нақты нормалар мен рәсімдердің жүйесі» деп айтып, әр ұғымның дәл анықталуын және институционалдық кепілмен бекітілуін талап етті. Осындай салмақты, кәсіби, артық эмоция мен саяси астардан ада ұстаным оның еңбегіне тән еді және ол бүгін де өзекті.
Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы ұлттық құқықтық жүйеде айрықша орын алады. Артық айтқандық емес, дәл осы құжат Қазақстанның конституциялық құрылымының негізін қалаған. Оның баптарында республиканың аумағында өз заңдарының үстемдігі, табиғи ресурстар мен экономикалық саясатқа айрықша құқығы, дербес бюджет-қаржы жүйесі және билік органдарының халық алдындағы жауаптылығы бекітілді. Құжат адам құқығы мен бостандығының құндылығын айқындап, билік тармақтарының бөлінуін және басқарудың есептілігін талап етті; аумақтық тұтастық пен шекаралардың мызғымастығы қағидатын, сондай-ақ республиканың тікелей халықаралық байланыс орнату құқығын нақтылап берді.
Декларацияның стилі де айрықша маңызды: оның нормаларында абстрактылы саяси ұрандар емес, конституциялық құрылыстың негіздерін құраған іргелі ұғымдар мен қағидаттар нақты бекітілді. Мемлекеттік егемендік туралы декларация мұқият сараланған мәтіннің арқасында жаңа құқықтық шындыққа тарихи өту қадамы жасалды. Бұл – саяси мақсаттарды нақты құқықтық тетіктерге айналдыра білген заңгерлер шеберлігінің нәтижесі.
Академик Сұлтан Сартаев Декларацияның, мемлекеттік тәуелсіздік туралы, Президент институтын енгізу мен азаматтық туралы заңдардың авторларының бірі ретінде мәңгілікке Қазақстан конституционализмі шежіресіне өз атын қосты. Терминологияға, нормалар логикасына, институционалдық кепілдіктерге, халықаралық стандарттар мен тәжірибеге қатаң талап қоюы қабылданған құқықтық актілердің құқық жүйесінде «ұзақ өмір сүруін» қамтамасыз етті.
Жалпы, С.Сартаевтың мұрасы жарияланған монографиялар мен баяндамалардың тізімімен шектелмейді. Бұл ең алдымен кәсіби ойлау мектебі – саяси тұжырымдардың ар жағындағы құқықтық мазмұнды көру, декларативті пафос пен шынайы жұмыс істейтін норманы айыра білу, конституциялық-құқықтық реттеу пәнін саяси таңдаудан ажырата алу қабілеті. Егер біз құқықтар мен бостандықтар туралы айтсақ, онда сол құқықтарды қамтамасыз ететін нақты механизмдерге де тоқталуымыз керек. Егер егемендік туралы десек, ол қай институттар арқылы іске асатынын көрсетуіміз қажет. Егер реформа туралы сөз етсек, жаңа жүйенің құзыреті, өкілеті және бақылау тетігі қалай құрылатынын түсіндіруге тиіспіз. Мұндай ұстаным бүгінде айрықша сұранысқа ие.
Қ.Усеинова,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының меңгерушісі