Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы басталып, ел көлемінде нақты өзгерістер қолға алынды. 8 бағыт пен 100 іс-шарадан тұратын жоспар мемлекеттік басқару, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік және білім беру сияқты негізгі салаларға жасанды интеллектіні кезең-кезеңімен енгізуді көздейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл – технологияны жекелеген жоба емес, экономикалық модельдің бөлігіне айналдыруға бағытталған кезең. Қазақстан цифрлық трансформацияның жаңа кезеңіне қадам басты. Қабылданған жоспар стратегиялық және нормативтік қамтамасыз етуді, адами капиталды дамытуды, мемлекеттік органдарды GovTech моделіне көшіруді, киберқауіпсіздікті күшейтуді, цифрлық инфрақұрылымды жаңғыртуды, салаларды цифрландыруды және жаңа экономиканы қалыптастыруды қамтиды.
Бұл өзгерістердің басты мақсаты – жасанды интеллектіні тек IT секторының құралы ретінде емес, мемлекеттік басқару мен нақты сектордың тиімділігін арттыратын тетік ретінде енгізу.
Заңнамалық негіз күшейтіледі
Цифрлық өзгерістер құқықтық базадан басталып отыр. «Digital Qazaqstan» стратегиясын әзірлеу жоспарланған. Сонымен бірге цифрландыру, жасанды интеллект, деректер айналымы, киберқауіпсіздік, телекоммуникация және цифрлық активтерге қатысты негізгі заңнамалық бастамалардың кемінде 90%-ын қабылдау көзделген.
ЖИ білім беру жүйесіне енеді
AI-SANA бастамасы аясында жасанды интеллект мектептерде, жоғары оқу орындарында және қайта даярлау бағдарламаларында енгізіледі. Орта білім беру деңгейінде Day of AI Qazaqstan жобасы жүзеге асады, TUMO орталықтары ашылады. Цифрлық және ЖИ дағдыларымен кемінде 450 мың оқушы мен педагог қамтылады. AI University жобасының алғашқы кезеңі іске қосылып, өңірлерде Tomorrow School мектебі кеңейтіледі.
2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап жасанды интеллект элементтері оқу бағдарламаларына кіріктіріледі. Ол жеке пән ретінде емес, пән мазмұнына енгізілген құрал ретінде қолданылмақ.
Мемлекеттік қызметтер цифрлық форматқа көшеді
Мемлекеттік органдар GovTech моделіне көшіріледі. eGov және eGov business жүйелері кеңейтіліп, Ұлттық ЖИ платформасында жаңа шешімдер енгізіледі. Нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің кемінде 80%-ы бірыңғай цифрлық жұмыс орнымен қамтылады. Кемінде 50 мемлекеттік қызмет ЖИ қолдану арқылы көрсетіледі.
Ақпараттық жүйелердің 30%-ы QazTech платформасына көшіріледі.
AlemGPT платформасы мемлекеттік қызметтерді бір жүйеге біріктіруді көздейді. Бұл қызмет алу процесін басынан соңына дейін автоматтандыруға мүмкіндік береді.
ХҚКО-лар цифрлық форматқа көшіріледі. Жыл сайын шамамен 15 млн өтініш тіркелетінін ескерсек, бұл шешім азаматтарға қызмет көрсетуді жаңа деңгейге шығарады.
Цифрлық шешімдер экономиканың жетекші салаларына енгізілуде. Басқару автоматтандырылып, деректер цифрландырылып, Big Data қалыптастырылады. ЖИ талдау құралдары, цифрлық егіздер, IoT датчиктері мен дрондар пайдаланылады.
Энергетика саласында басқару процестеріне ЖИ интеграцияланады
Геологиялық деректердің кемінде 90%-ы цифрлық форматқа көшіріледі. Трансшекаралық сауда-логистика процестерінің толық цифрлық контуры іске қосылады.
Ауыл шаруашылығында ЖИ негізіндегі мониторинг енгізіліп, өнімділікті 10%-ға арттыру көзделген. Өнімнің «егістіктен сөреге дейінгі» цифрлық ізі қалыптасады. Құрылыс жобаларының кемінде 30%-ы BIM-модельдеу арқылы жүзеге асырылады.
Қаржы ұйымдарының 30%-ы мемлекеттік қызметтердің бірыңғай ортасына қосылады. Әлеуметтік-еңбек саласының негізгі процестерінің 90%-ы цифрлық форматқа өтеді.
Жүргізушісіз такси іске қосылады
Қазақстанда басқаруы шартты және жоғары деңгейде автоматтандырылған автокөліктерді енгізу бойынша пилоттық жоба әзірленген. Жоба үш жылға жоспарланған. Алдымен көліктер сынақ полигонында тексеріледі, кейін Астана мен Алматыда келісілген маршруттар бойынша іске қосылады. Жоба халықаралық ISO/SAE 22736 стандарты негізінде жүзеге асырылады.
Қауіпсіздік пен бақылау саласында ЖИ
Полиция жұмысына жасанды интеллект енгізіледі. Жедел басқару орталықтары аудандық деңгейге дейін дамытылады. Білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін бақылау үшін ЖИ технологиялары кезең-кезеңімен енгізіледі.
Әскери бөлімдерде 15 мыңнан астам бейнекамера орнатылған, олардың бір бөлігінде ЖИ элементтері қолданылуда.
Дербес деректер қорғалады
Цифрлық кодексте «азаматтың цифрлық кеңістігі» ұғымы енгізілді. Жеке деректерге жасалған барлық жүгінулер тіркеледі. Деректердің заңсыз пайдаланылуы анықталған жағдайда тиісті шаралар қолданылады.
Ауылдарға талшықты-оптикалық желі тартылады, автожолдар мобильді интернетпен қамтылады. 20 қалада 5G желісі дамытылады. 99% азамат жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді. Қалалық орта жайлылығы индексі жыл сайын кемінде 15%-ға өседі.



