Қазақстан Республикасында бостандықты шектеуге байланысты бұлтартпау шараларын қолдануға сот бақылауы: қазіргі жай-күйі, проблемалары және жетілдіру жолдары

А. Жүкенов, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің құрметті профессоры, «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының отставкадағы судьялары» қоғамдық бірлестігінің тең төрағасы

Адам бостандығы – қазіргі құқықтық мемлекеттің ең басты құндылықтарының бірі. Мемлекеттің адамды негізсіз бас бостандығынан айырудан қаншалықты сенімді қорғай алатыны қоғамның сот төрелігіне және мемлекеттік институттарға деген сенім деңгейін айқындайды.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 18-бабында бекітілген бостандық пен жеке басына қол сұғылмаушылық құқығының негізгі конституциялық кепілдіктердің қатарына жатуы кездейсоқ емес.

Жеке бостандық саласына мемлекеттің ең елеулі араласуы қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысында қолданылатын бұлтартпау шаралары, ең алдымен қамауда ұстау болып табылады. Соңғы жылдары Қазақстанда осы саладағы сот бақылауының рөлі едәуір күшейіп, тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңінде азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін негізгі процессуалдық тұлғаға айналды.

Құқықтық статистика деректеріне сәйкес, соттар қанағаттандырған қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхаттардың саны 2021 жылы – 11 587 (88,6%), 2022 жылы – 12 422 (82%), 2023 жылы – 11 530 (78,8%), 2024 жылы – 11 729 (76,4%), ал 2025 жылы – 11 028 (65,4%) болды. Тиісінше, бас тартулардың үлесі 2021 жылғы 11,4 пайыздан 2025 жылы 34,6 пайызға дейін өсті.

Әрине, бұл үрдіс сот бақылауының күшейгенін және соттардың қылмыстық қудалау органдарының уәждеріне неғұрлым талапшыл қарай бастағанын көрсетеді. Тергеу судьялары күдіктің негізділігін, процестік тәуекелдердің болуын және ұсынылған дәлелдемелердің жеткіліктілігін барған сайын жиі тексеруде.

Сонымен бірге статистика мәселенің басқа қырын да көрсетеді. Бас тартулар санының өсуіне қарамастан, қамауға алу туралы өтінішхаттардың басым бөлігі әлі де қанағаттандырылуда. Мәселен, 2025 жылдың өзінде тергеу қамауға алу туралы мәселе қойған адамдардың шамамен үштен екісі қамауға алынған. Бұл қылмыстық сот ісін жүргізудің кеңестік моделінен қалған айыптаушылық бейімнің жекелеген элементтері әлі де сақталып отырғанын аңғартады.

Ондаған жылдар бойы құқық қорғау органдары қызметінің тиімділігі негізінен ашылған қылмыстар саны және жауаптылыққа тартылған адамдардың көрсеткіштері арқылы бағаланып келді. Осындай айыптаушылық-статистикалық модель жағдайында күдіктіні қамауда ұстау теқ ерекше процессуалдық мәжбүрлеу шарасы ретінде емес, кей кезде тергеудің ең қолайлы құралы ретінде қабылданды.

Өкінішке орай, мұндай көзқарастың жекелеген көріністері бүгінгі күні де сақталуда. Іс жүзінде қамауда ұстау кейде нақты процестік тәуекелдерді бейтараптандыру мақсатында емес, айыптау тарапының процестік ұстанымын күшейту құралы ретінде қолданылады. Адамды қоғамнан оқшаулау, жұмысынан айырылуы, отбасымен қарым-қатынасының шектелуі және тергеу изоляторындағы психологиялық қысым күдіктінің тергеумен ынтымақтасуға бейімділігін объективті түрде арттырады. Мұндай жағдайда бұлтартпау шарасының мақсаттары айыптауға қолайлы процестік нәтижеге қол жеткізу міндеттерімен алмастырылып кету қаупі туындайды.

Алайда құқықтық мемлекетте қамауда ұстау қылмыстық сот ісін жүргізудің мақсаттарына өзге тәсілдермен қол жеткізу мүмкін болмаған жағдайда ғана қолданылатын шын мәніндегі ерекше шара болып қалуға тиіс. Күдіктің болуының өзі, істің қоғамдық резонансы немесе айыптаудың ауырлығы адамды айыптау үкімі шыққанға дейін бас бостандығынан айыруды автоматты түрде ақтай алмайды.

Бұл проблеманың тамыры көп жағдайда сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында сақталып отырған айыптаушылық бейімнің элементтерімен байланысты. Іс жүзінде күдік көбіне дәлелденген кінә ретінде қабылданып, ал қамауға алу туралы өтінішхат қылмыстық қудалаудың табиғи салдары ретінде қарастырылады. Соның нәтижесінде ең қатаң бұлтартпау шарасы нақты процестік тәуекелдердің болуына ғана емес, сонымен бірге тағылған күдіктің ауырлығына немесе істің қоғамдық резонансына байланысты қолданылады.

Тергеудің бастапқы кезеңдерінде қылмыстық-құқықтық саралауды негізсіз ауырлату тәжірибесі ерекше алаңдаушылық туғызады. Кейбір жағдайларда адамдарға іс мән-жайларынан объективті түрде туындамайтын неғұрлым ауыр қылмыс құрамдары тағылады. Мұндай тәсіл бұлтартпау шарасын таңдау мәселесіне сөзсіз ықпал етеді, өйткені күдіктің ауырлығы дәстүрлі түрде қамауда ұстаудың қажеттілігін негіздейтін факторлардың бірі ретінде қарастырылады.

Аталған проблема кәмелетке толмағандарға қатысты ерекше өткір көрініс табады, өйткені оларға қатысты қамауда ұстау шын мәнінде айрықша сипаттағы шара болуы тиіс.

Осы тұрғыдан алғанда кәмелетке толмаған Трудниковқа қатысты қылмыстық іс ерекше назар аудартады. Ол 15 жасында Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігі бойынша көзделген қылмысты жасады деген күдікпен қамауға алынған болатын. Кейіннен апелляциялық сатыдағы сот оның әрекеттерін абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған әрекет ретінде қайта саралады, ал Жоғарғы Соттың сот алқасы қылмыстық жауаптылық жасы жетпегендіктен қылмыс субъектісі болмағанын анықтап, іс бойынша өндірісті қысқартты. Соған қарамастан кәмелетке толмаған тұлға ұзақ уақыт бойы қамауда болған.

Бұл мысал тергеу судьясы үшін күдіктің формальды түрде бар-жоғын ғана емес, оның негізділігін, әрекеттің дұрыс саралануын, қылмыс құрамының белгілерінің болуын және қылмыстық жауаптылық жасына қатысты мәселелерді тексерудің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Әйтпесе сот бақылауы тергеу органының ұстанымын формальды түрде бекіту рәсіміне айналып кетуі мүмкін, ал бұл оның конституциялық мақсатына қайшы келеді.

Жүргізіліп жатқан реформаларға қарамастан, қылмыстық-процестік заңнаманы одан әрі жетілдіру объективті қажеттілік болып қала береді. Бұл процесте Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының құқықтық ұстанымдары ерекше маңызға ие, өйткені олар адамның бостандығы мен жеке басына қол сұғылмаушылық құқығын қорғаудың заманауи стандарттарын қалыптастырады.

Бостандық құқығын қамтамасыз ету тұрғысынан Конституциялық Соттың 2025 жылғы 18 шілдедегі № 73-НП және 2026 жылғы 10 маусымдағы № 85-НП нормативтік қаулылары ерекше мәнге ие. Бұл қаулылар бостандықты шектеуге сот бақылауының үздіксіздігіне қатысты бірыңғай конституциялық стандарт қалыптастырды.

Конституциялық Сот адамның қамауда болуы бостандықты шектеудің бүкіл кезеңі бойы қолданыстағы сот шешімі болған жағдайда ғана мүмкін екенін атап көрсетті. Қамауда ұстау мерзімін ұзарту сот бұрын белгілеген мерзім аяқталғанға дейін жүзеге асырылуға тиіс. Заңды өзгеше түсіндіру бұрынғы мерзім аяқталғаннан кейін және жаңа сот шешімі қабылданғанға дейінгі аралықта адамды сот санкциясынсыз бостандығынан айыруға жол берер еді.

Осыған байланысты Конституциялық Сот бұрын санкцияланған мерзім өткеннен кейін қамауда ұстау мерзімін ұзартуға мүмкіндік беретін ҚПК нормаларын Конституцияға сәйкес емес деп таныды. Сот қолданыстағы сот шешімінсіз адамның тіпті қысқа мерзімге қамауда болуының өзі еркіндікті негізсіз шектеу болып табылатынын және Қазақстан Республикасы Конституциясына қайшы келетінін атап өтті.

Сонымен қатар Конституциялық Сот заңда белгіленген қамауда ұстаудың шекті мерзімдерін айналып өтуге жол берілмейтіні туралы маңызды құқықтық ұстаным қалыптастырды. Сотталушының үйқамаққа алуға немесе өзге де бұлтартпау шарасына байланысты міндеттер мен шектеулерді бұзуы сол қылмыстық іс бойынша заңда белгіленген он екі айлық шекті мерзім өткеннен кейін оны қайтадан қамауда ұстауға негіз бола алмайды. Осылайша, Сот бостандықты шектеудің шекті мерзімдері нақты, ал формальды емес сипатта болуы тиіс екенін растады.

Жеке адамның құқықтарын қорғау тұрғысынан Конституциялық Соттың 2023 жылғы 11 сәуірдегі № 9 нормативтік қаулысының да маңызы зор. Бұл қаулы үйқамаққа алу кезінде қолданылатын шектеулердің конституциялылығына қатысты қабылданды.

Конституциялық Сот ҚПК-нің 146-бабының ережелерін Конституцияға сәйкес деп танығанымен, үйқамаққа алу адамның сыртқы әлемнен толық оқшаулануына және оның негізгі конституциялық құқықтарынан айырылуына әкелмеуге тиіс екенін атап көрсетті. Сот арқылы қорғану құқығы, білікті заң көмегін алу, денсаулық сақтау құқығы, қорғаушымен қарым-қатынас жасау және өзге де конституциялық кепілдіктер үйқамақ жағдайында да қамтамасыз етілуге тиіс.

Осылайша, Конституциялық Сот кез келген бұлтартпау шарасы қылмыстық сот ісін жүргізудің мүдделері мен жеке тұлғаның конституциялық құқықтарын қорғау арасындағы ақылға қонымды тепе-теңдікті қамтамасыз етуге тиіс деген бірыңғай тәсілді қалыптастырды.

Конституциялық Соттың аталған шешімдері Қазақстанның қылмыстық-процестік заңнамасының дамуының жалпы бағытын көрсетеді. Бұл – негізінен репрессивтік модельден адамның конституциялық құқықтарының басымдығына және қылмыстық қудалау органдары қызметіне сот бақылауын күшейтуге негізделген модельге біртіндеп көшу.

Осыған байланысты ҚПК нормаларын Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарына сәйкестендіру, заңнаманы әртүрлі түсіндіруге мүмкіндік беретін ережелерді жою, сондай-ақ қамауда ұстау, үйқамаққа алу және кепіл түріндегі бұлтартпау шараларын қолдану кезінде процестік кепілдіктерді күшейту маңызды болып табылады.

Өкінішке қарай, бүгінгі күні де сот шешімінің қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін адамдарды заңсыз қамауда ұстау фактілері толық жойылған жоқ.

Мұндай бұзушылықтардың көбіне техникалық немесе ұйымдастырушылық қателіктер ретінде қабылдануы ерекше алаңдаушылық туғызады. Алайда мәселе процестік мерзімдердің жай ғана бұзылуында емес, адамның негізгі конституциялық құқықтарының бірі – бостандық пен жеке басына қол сұғылмаушылық құқығын заңсыз шектеуде болып отыр.

Құқықтық мемлекетте адамның қамауда болған әрбір сағаты қолданыстағы сот шешімі түріндегі сөзсіз құқықтық негізге сүйенуге тиіс. Мұндай негіздің болмауы қамауда ұстауды еркіндікті негізсіз шектеуге айналдырады және бұл Конституция талаптарына да, мемлекеттің адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелеріне де қайшы келеді.

Осыған байланысты мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алудың құқықтық тетіктерін күшейту қажет деп санаймыз. Ең алдымен, қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасының орындалуын тікелей қамтамасыз ететін лауазымды адамдардың дербес жауапкершілігін арттыру қажет. Қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін мекемелердің басшыларына ерекше жауапкершілік жүктелуі тиіс, өйткені дәл солар адамның қамауда әрі қарай болуының заңдылығын бақылауға және қолданыстағы сот шешімі болмаған жағдайда оны дереу босатуға міндетті.

Сонымен қатар бостандық құқығын қорғаудың қылмыстық-құқықтық тетігін де жетілдіру қажет. Қылмыстық кодекстің 414-бабында көзделген көрінеу заңсыз ұстау, қамаққа алу немесе қамауда ұстау үшін жауаптылықты реттейтін норманы қайта қарау орынды болар еді. Қолданыстағы редакция негізінен лауазымды адамдардың өкілеттіктерін қасақана теріс пайдалану жағдайларына бағытталған. Алайда құқық қолдану практикасы сот санкциясының мерзімі аяқталғаннан кейін немесе тиісті сот шешімі болмаған жағдайда адамды қамауда ұстауды жалғастырғаны үшін жауаптылықты неғұрлым нақты регламенттеу қажеттігін көрсетеді.

Бұл саладағы жауаптылықты күшейту тек жазалау ғана емес, ең алдымен алдын алу сипатына ие болады. Заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жауаптылықтың сөзсіз болатынын түсіну заңдылықты нығайтудың және қылмыстық процестегі жеке адамның конституциялық кепілдіктерін қамтамасыз етудің маңызды факторына айналуы мүмкін.

Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарын іске асырумен қатар, Қылмыстық-процестік кодекстің нормаларын жетілдіру, қолданыстағы құқықтық реттеудегі қайшылықтар мен екіұштылықтарды жою мәселесі де өзекті болып қала береді.

Мәселен, ҚПК-нің 136-бабының 1-бөлігіне сәйкес бұлтартпау шарасын қылмыстық процесті жүргізуші орган таңдайды. Сонымен бірге ҚПК-нің 148-бабы 7-бөлігінің 3) тармағына сәйкес тергеу судьясы қамауда ұстауды санкциялаудан бас тартқан жағдайда ҚПК-нің 137-бабының 1-бөлігінде көзделген өзге бұлтартпау шарасын өзі таңдауға құқылы.

Мұндай құқықтық құрылым тергеу судьясының процестік мәртебесіне қатысты белгісіздік туғызады: ол бұлтартпау шарасын таңдаушы субъект пе, әлде тек қылмыстық қудалау органдарының шешімдеріне сот бақылауын жүзеге асыратын субъект пе деген сұрақ туындайды.

Осыған байланысты қылмыстық қудалау органдары мен тергеу судьясының өкілеттіктерін заңнамалық деңгейде нақты ажырату орынды болар еді. Тергеуші (анықтаушы) мен прокурор тек бұлтартпау шарасын қолдану туралы сотқа өтінішхат енгізуге құқылы, ал қамауда ұстау, үйқамаққа алу және кепіл түріндегі бұлтартпау шараларын тек тергеу судьясы таңдауы тиіс деген тәсілді қарастыруға болады.

Мұндай тәсіл процестік функцияларды бөлу қағидатына, сот бақылауының заманауи халықаралық стандарттарына сәйкес келеді және тергеу судьясының құқықтық мәртебесіндегі қосарлылықты болдырмайды. Бұл жағдайда қылмыстық қудалау органдары бостандықты шектеудің бастамашылары ғана болып, ал неғұрлым қатаң бұлтартпау шараларын қолдану туралы түпкілікті шешімді тәуелсіз сот қабылдайтын болады.

Сонымен қатар тергеу судьясының қамауда ұстау, үйқамаққа алу және кепіл түріндегі бұлтартпау шараларын қолдану туралы өтінішхаттарды қарау шектерін де нақтылау қажет.

ҚПК-нің 148-бабы 7-бөлігінің 3) тармағына сәйкес тергеу судьясы қамауда ұстауды санкциялаудан бас тартқан жағдайда өзге бұлтартпау шарасын таңдауға құқылы. Алайда үйқамаққа алу немесе кепілді санкциялаудан бас тартқан кездегі тергеу судьясының өкілеттіктері заңда тікелей реттелмеген.

Практикада бұл кейбір жағдайларда тергеу судьясының сұратылған бұлтартпау шарасын тым жұмсақ деп есептеп, үйқамаққа алуды немесе кепілді санкциялаудан дәл осы негізбен бас тартуына әкеледі. Мұндай тәсіл жарыспалылық қағидаты мен процестік функцияларды бөлу тұрғысынан күмән туғызады, өйткені бұл жағдайда сот өтінішхаттың заңдылығы мен негізділігін ғана емес, қылмыстық қудалау органы таңдаған бұлтартпау шарасының орындылығын да бағалайды.

Бұлтартпау шарасының қатаңдық деңгейін айқындау бостандықты шектеудің бастамашысы болып табылатын анықтаушының, тергеушінің және прокурордың құзыретіне жатуға тиіс деп пайымдауға болады. Тергеу судьясының міндеті – ұсынылған бұлтартпау шарасының заңдылығын, негізділігін және мөлшерлестігін тексеру.

Осыған байланысты заңнамалық деңгейде тергеу судьясы қамауда ұстауды, үйқамаққа алуды немесе кепілді санкциялаудан бас тартқан жағдайда тек неғұрлым жеңіл бұлтартпау шарасын таңдауға құқылы екендігін, бірақ қылмыстық қудалау органы сұратқаннан қатаңырақ шараны қолдану қажеттілігіне сүйеніп бас тартуға құқылы еместігін нақтылау орынды болар еді.

Сондай-ақ ҚПК-нің 146-бабындағы құқықтық айқынсыздықты жою қажет.

ҚПК-нің 146-бабының 1-бөлігіне сәйкес үйқамаққа алу күдіктіні немесе айыпталушыны қамауда ұстамай, бірақ ҚПК-нің 147-бабында көзделген тәртіппен судья белгілеген шектеулерді қолдана отырып, қоғамнан оқшаулау болып табылады.

Сонымен бірге ҚПК-нің 147-бабы мұндай шектеулердің мазмұнын тікелей реттемейді. Оның нормалары негізінен қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаудың негіздері мен тәртібіне арналған. Ал үйқамаққа алу кезінде қолданылуы мүмкін шектеулердің нақты тізбесі ҚПК-нің 146-бабының 2-бөлігінде көзделген.

Осыған байланысты құқықтық айқындылықты қамтамасыз ету мақсатында ҚПК-нің 146-бабының 1-бөлігінің редакциясын нақтылау орынды болып көрінеді. Онда үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану кезінде шектеулерді судья ҚПК-нің 146-бабының 2-бөлігіне сәйкес белгілейтіні, ал аталған бұлтартпау шарасын санкциялау тәртібі бұлтартпау шараларын соттың санкциялауын реттейтін ҚПК нормаларымен айқындалатыны тікелей көрсетілуі тиіс.

Осылайша, бостандықты шектеуге байланысты бұлтартпау шараларына сот бақылауын жетілдіру Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасын одан әрі дамытумен, қолданыстағы олқылықтар мен қайшылықтарды жоюмен, конституциялық кепілдіктерді нығайтумен және құқықтық мемлекеттің негізі ретінде адамның бостандық құқығының нақты басымдығын қамтамасыз етумен қатар жүруге тиіс.

Казахстан нарастил производство и экспорт мороженого

35,1 тыс. тонн мороженого произведено в Казахстане  По итогам января–мая...

№11 мекемесінде бас имаммен кездесу өтті

Алматы қаласы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты,  №11 мекемесінде кәмелетке толмаған...