Қазақ тілін тек меңгеріп қана қоймай, оны насихаттап, өзге этнос өкілдеріне үлгі болып жүрген азаматтар – ел руханиятының тірегі. Солардың алдыңғы қатарында жүргендердің бірі – қазақ тілінің жанашыры, әзірбайжан қызы Бриллиант Халыковна Алиева.
Тіліне қарап жүрегін танимыз
2004 жылы Қарағанды қаласында әзірбайжан отбасында дүниеге келген Бриллианттың балалық шағы қазақы ортада өтті. Қазақ тілінің әуезділігі мен мәнділігі оны ерте жасынан баурап алды. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ ол тіл байқаулары мен мәнерлеп оқу жарыстарында топ жарып, қазақша еркін ойлай алатын қабілетін танытты.
«Қазақ тілі мен үшін жат тіл болған жоқ. Ол мені мектептегі алғашқы күннен-ақ баурап алды. Мен оны міндет емес, жүрек қалауы ретінде үйрендім», – дейді Бриллиант.
Тіл – таңдаудың емес, тағдырдың сыйы
Білімге деген құштарлығы мен қазақ тіліне сүйіспеншілігі оны журналистика жолына жетеледі. 2022 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне оқуға түсіп, бүгінде үшінші курсты сәтті аяқтап отыр. Университет қабырғасында ол тек теориямен шектеліп қалмай, жергілікті телеарнада тәжірибеден өтіп, қазақ тілінде кәсіби тұрғыда еркін сөйлейтін болашақ журналист ретінде таныла бастады.
Жас бола тұра, Бриллиант – ақпарат кеңістігінде мемлекеттік тілдің абыройын көтеріп жүрген санаулы өзге этнос жастарының бірі.
«Мемлекеттік тіл – менің тілім» деген жүректен шыққан сөз
Бриллиант – Қазақстан халқы Ассамблеясы жүзеге асырып жатқан «Мемлекеттік тіл – менің тілім» жобасының басты кейіпкерлерінің бірі. Бұл жоба қазақ тілін шынайы қабылдап, өмірінің бөлшегіне айналдырған өзге этнос өкілдерін насихаттауға бағытталған.
«Қазақ тілі – мен үшін тек мемлекеттік тіл емес, бұл – өзімді осы елдің бір бөлшегі ретінде сезіндіретін рухани құрал. «Мемлекеттік тіл – менің тілім” деген ұстаным менің жүрегіммен үндес», – дейді Бриллиант бейнежазбаларының бірінде.
Оның жоба аясындағы сұхбаттары мен бейнежазбалары – қазақ тіліне деген ықыластың жасандылықсыз, шынайы көрінісі. Оның әр сөзі – тек жатталған мәтін емес, жүректен шыққан шынайы сезім.
Жастар көшбасшысы -тіл жанашыры
Бүгінде Бриллиант – ҚХА жанындағы Журналистер клубының мүшесі, Ассамблея жастары қозғалысының белсенді қатысушысы. Ол өңірлік және республикалық деңгейдегі түрлі мәдени, рухани және әлеуметтік шараларға белсене қатысып, мемлекеттік тіл мен ұлтаралық келісім тақырыптарында спикер ретінде жиі шақырылады.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге қосқан үлесі үшін Қарағанды облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталуы – оның еңбегінің айқын бағасы.
Болашақ – рухани берік жастардың қолында
Бүгінгі таңда Бриллиант Алиева – тек өзінің болашағын ғана емес, мемлекеттік тілдің де болашағын ойлайтын, оның өркендеуіне үлес қосуды азаматтық парызы санайтын жас буынның өкілі. Тілге адалдығы, қоғамдық белсенділігі – оның дара болмысын танытады.
Ол – тілді жатсынбай, жүрекпен қабылдаған ұрпақтың өкілі. Ол – «қазақ тілін үйрену – мен үшін міндет емес, мәртебе» дейтін сана иесі. Және ол – көпэтносты Қазақстанның болашағы біртұтас, тілі мен мәдениеті ортақ болатын жарқын келешекке сенетін, соған бар күшімен үлес қосып жүрген жастардың символы.
P.S. Бриллиант Алиеваның өмірі – «тіл – ұлтқа қарап таңдалмайды, жүрекпен сүю арқылы ғана үйреніледі» деген сөздің дәлелі. Оның мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілігі – әрбір қазақстандыққа ой салатын, үлгі болатын тағылым. Қазақ тілінің тұғыры биік болуы – дәл осындай жастардың жүрек түкпірінде жанған шынайы сезіммен ғана жүзеге аспақ.
Айдана Умирбаева, Қарағанды облысы ҚХА баспасөз бөлімінің маманы