Абай облысында ұлы ақынның туғанына 180 жыл толуына орай ұйымдастырылған 10 күндік өз мəресіне жетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шараға қатысушыларға өз құттықтауын жолдады.

Абай облысында ұлы ақынның туғанына 180 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Абай тойының 10 күндігі» өз мəресіне жетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шараға қатысушыларға өз құттықтауын жолдады. – Абай – төл мəдениетімізді дамытуға өлшеусіз үлес қосқан əлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға, халқымыздың сана-сезімін жаңғыртқан ұлы ақын. Ол жаңа əдебиетіміздің негізін қалап, дүниетанымымыздың көкжиегін кеңейтті. Өскелең ұрпақты білімпаз, еңбекқор, адал азамат болуға шақырып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын қасиеттерді кеңінен дəріптеді. Отанға деген сүйіспеншіліктің жəне ел мүддесі үшін қалтқысыз қызмет етудің озық үлгісін көрсетті. Хəкім Абайдың мол мұрасы – қазақ халқының ғана емес, барша адамзаттың өнеге алатын асыл қазынасы. Оның ой-толғамдары мен өсиеттерінің өзектілігі ешқашан жоғалмайды. Сондықтан Абайды тану жəне таныту, шығармашылығын терең зерделеу өте маңызды, – дейді онда ҚР Президенті. Парламент Сенатының төрағасы Мəулен Əшімбаев оқып берген бұл құттықтауда, сондай-ақ, мемлекеттің енді ұлттың ұлы перзенттерін дүниеге əкелген аймақты ұлттық құндылықтар мекені ретінде өркендетуге баса мəн беретіні де айтылды. Той тойлайтын емес, ой ойлайтын басқосу жасауға тырыстық Облыс əкімі Берік Уəлидің айтуынша, Абайдың 180 жылдығы елімізде биыл алғаш рет онкүндік ретінде аталып өтті. Оған Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған жаңажылдық құттықтауында «Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойын лайықты атап өтуіміз керек» деп берген тапсырмасы түрткі болды. «Абай тойы ең алдымен той тойлайтын емес, ой ойлайтын басқосу болмағы лəзім екенін барша жұрт айтады. Мерейтой тек сахналық мереке ғана емес, ұлтқа пайдалы мұра қалдыратын нақты жобалар кезеңі де болуы тиіс. Бұл тойдың бедерінде елге игілікті біраз шаруа атқарылды. Той тарап, əбігер басылған соң да ел игілігіне қызмет ете беретін дүниелер жасауды мұрат еттік», – дейді аймақ басшысы. Оның сөзіне қарағанда, облыста мерейтойға орай Президенттің қолдауымен «Абайға құрмет» акциясы басталып, еліміздің əр өңірі бір нысаннан салып бермек. Атап айтқанда, Астана қаласы келешек мектебін, Шымкент қаласы шығармашылық орталық, Маңғыстау облысы Достық үйін, Түркістан облысы көрме орталығын, Ақтөбе облысы жекпе-жек орталығын, Павлодар облысы үстел теннисі орталығын, Шығыс Қазақстан облысы Ертіс жағалауын абаттандыруды жоспарлап отыр. Тарту ҚР Бас Прокуратурасы мерейтойға орай арнайы тапсырыспен жасатқан Абай Құнанбайұлының мүсінін Семейдегі Абай музейіне сыйлады. «Абай есімі халқымыздың рухани байлығы мен əділдік пен ақиқаттың қайнар көзімен ұштасады. Оның өшпес мұрасы еліміздің əрбір азаматын білім мен парасатқа, адамгершілік пен қоғамдық жауапкершілікке бағыттайтын мəңгілік қағида. Абай біздің арожданымыз дың үні, санамыздың темірқазығы. «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мəдени жəне əдеби мемориалдық музей-қорығы Абайдың қалдырған өсиеті мен өнегесін ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші асыл мұра болып отыр. Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында музейге келген əрбір адам Абайдың рухани мұрасымен таныса отырып, ұлттық сана мен адами қасиет туралы ой түйіп, мол рухани азық алары сөзсіз» деген Бас Прокурор Берік Асыловтың құттықтау хатын музей ұжымына Аппарат басшысы А.Мұхаметжанов табыстады. Халықаралық поэзия фестивалі Семейдегі Абай атындағы облыстық əмбебап кітапханада «Адамзаттың бəрін сүй,бауырым деп…» атты халықаралық поэзия фестивалі өтті. Ақынның өлеңдерін əлемнің 15 тіліне аудару арқылы оның рухани мұрасын жаһандық деңгейде кеңінен таныту мақсатында өткен бұл шара «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының жəне Михай Эминеску атындағы халықаралық поэзия академиясының қолдауымен ұйымдастырылды. Оған Түркі əлемі жазушылар одағы мен АҚШ, Италия, Конго, Мексика, Швеция мемлекеттерінің ақын-жазушыларымен қатар Ұлықбек Есдəулет, Светқали Нұржан, Серік Ақсұңқарұлы, Ғалым Жайлыбай, Ханбибі Есенқарақызы, Ақұштап Бақтыгереева, Тыныштықбек Əбдікəкімұлы сынды отандық əдебиеттің көрнекті өкілдері қатыс ты. Фестиваль аясында қазақ жəне ағылшын тілдеріндегі «Адамзаттың бəрін сүй, бауырым деп» атты дүниежүзілік поэзия антологиясының, Сауытбек Абдрахмановтың «Алып Абай» кітабының, Ион Диаконескудің «Ол құс – Мен» романы (қазақ тілінде), Ұлықбек Есдəулеттің «Ақыннан сағат сұрама» атты румын тіліндегі кітабының тұсаукесері өткізілді. «Руханият. Парасат. Таным» Семейдегі Шəкəрім университетінде «Адамзаттың Абайы: руханият, парасат, таным» атты халықаралық ғылыми-тəжірибелік конференция өтті. Оған Түркия, Нидерланды, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан секілді алыс-жақын шетелдерден жəне еліміздің əр өңірінен абайтанушылар мен əдебиеттанушылар, философтар мен тарихшылар қатысуда. Онда Түркиядағы Памуккале университетінің профессоры Нергиз Бираз, Нидерландыдан келген түркітанушы Роберт Эрмерс, филология ғылымдарының докторлары Тұрсын Жұртбай, Арап Еспенбетов жəне басқа да ғалымдар баяндама жасады. Сондай-ақ конференция аясында 9 кітаптың тұсаукесер рəсімі өтті. Олар: Əдебиет жəне өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов құрастырған «Абай шығармаларының үш томдық академиялық жинағы»; мəдениеттанушы Базарбек Атығайдың «Абайдың аударма мектебі» монографиясы, Шəкəрім туралы естеліктер мен жаңа деректерді қамтитын «Шейіт» жинағы; Ақберен Елгезек, Мерей Қарт, Жанна Əділбекқызы құрастырған Ахат Шəкəрімұлының «Жалынға малған жүрегін» жинағы; Əсет Медеуханұлының «Халиолла» хикаяты; Даниял Ысқақовтың шығармалары; Шəкəрім университетіндегі «Абай жəне ұлттық руханият» ғылыми орталығының мамандары дайындаған «Қарасөз» кітабы. Қарауылтөбеде «Абай елі» стелласы ашылды Абай ауданына келген қонақтар енді Қарауылтөбедегі «Абай елі» стелласын тамашалайтын болды. Аудан кəсіпкерлерінің демеушілігімен жасалған ескерткіштің авторы – мүсінші Нұрбол Қалиев. Ол төрт тұғырлы. Бірінші тұғыры: қауырсын қалам немесе «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы»; екінші тұғыры: қалқан – кешегі ел қорғаған батырлар мен бүгінгі ерлеріміздің ерлік айбары; үшінші тұғыры: домбыра – Абайдың жаны мен əнінің өзегі; төртінші тұғыры: ұлыларды тудырған ақбесік деп аталады. Ескерткіштің ең басы, шарықтау шегі – ғаламшар мен оны айнала қалықтаған тыныштық пен тұрақтылықтың символы – қарлығаш құс болып отыр. Ақындар айтысын өткізу дəстүрге айналмақ Семейдегі Абай атындағы театрда өткен «Адамзаттың Абайы» республикалық ақындар айтысында еліміздің əр өңірінен келген 12 айтыскер бақ сынады. Олардың қатарында Айбек Қалиев, Мақсат Ақанов, Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртайұлы, Жансая Мусина, Аспанбек Шұғатаев, Мейірбек Сұлтанхан сынды 6 «Алтын домбыра» иегері, сондай-ақ Əсем Ережеқызы, Шұғайып Сезімхан, «Асыл домбыра» иегері Айбек Жеңісқазин, Серік Қуанған, Қуандық Кенжебекұлы, Өміржан Көпбосынов болды. Онда бас жүлдеге тігілген автокөлікті қарағандылық Мақсат Ақанов жеңіп алды. Рүстем Қайыртайұлы бірінші, Айбек Қалиев пен Мейірбек Сұлтанхан екінші, Əсем Ережеқызы мен Жансая Мусина үшінші орын алды. Ал Қуандық Кенжебекұлы Сиязбек Сүлейменов əулетінің арнайы жүлдесіне (200 мың теңге), Мұхтар Ниязов облыс əкімінің арнайы жүлдесіне (500 мың теңге) ие болып қайтты. – Гуманист ақын Абайдың мерейтойына арналған «Адамзаттың Абайы» республикалық ақындар айтысы өте жоғары деңгейде өтті деп есептейміз. Ақынның мұрасын насихаттауға арналған айтыс Семейдің төрінде өтуі керек. Келесі жылдан бастап ұйымдастырып тұрамыз. Республикалық айтыстың күнтізбелік тізіміне енгізуді сұраймыз», – деді облыс əкімі Берік Уəли марапаттау рəсімі кезінде. Шара шын мəнінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қарауылтөбе аумағында қаз-қатар тігілген 184 киіз үй ұлттық нақыштағы үлкен ауылдың бейнесін қалыптастырды. Орталық алаңда 400 орындық сахна орнатылып, мерекелік шараларды тамашалауға жағдай жасалды. Жидебайдағы музей-қорық заманауи байланыс желісімен қамтамасыз етіліп, өңірдің басты мəдени орындары жаңаша түрлендірілді. Сондай-ақ «Абай елі» деп жазылған сəулетті белгі орнатылып, жолдар жөнделіп, инфрақұрылым жаңартылды. Қарауылтөбеде «Жеті қазына» республикалық фестивалі, «Ой толғау – Хəкім Абай» монооперасы, жас ақындар мүшəйрасы көрерменге ұсынылды. Сонымен бірге халықаралық ғылыми конференциялар, кітап көрмелері, ақындар фестивалі жəне «Абайға тарту» атты гала-концерт өтті. Шара еліміздің əр өңірінде жалғасын тапты. Алматы қаласында мерейтой ерекше форматта өтті. Абай даңғылы бойында «Таза Қазақстан» акциясы қолға алынып, сенбілік барысында ұзындығы 15 шақырым абаттандырылды. Бұл шаралар хакімнің табиғатқа құрметпен қарау жайлы ойларын насихаттауға арналды.
Ерлік КЕБЕКБАЙ , Аружан МАУЛЕНБАЙ , «Заң газеті»