Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне арнайы келіп, оқу ордасының ғылыми-зерттеу инфрақұрылымымен танысты.
Қала әкіміне университеттің заманауи зертханалары, ғылыми орталықтары және инновациялық жобалары көрсетілді. ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев ғалымдар мен жас зерттеушілер жүргізіп жатқан ғылыми ізденістердің нәтижелері мен олардың қала дамуына қосар үлесі жайлы жан-жақты ақпарат берді.
Алдымен Дархан Сатыбалды оқу ордасының 90 жылдығы аясында ашылған Farabi Hub инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығымен танысты. Жалпы ауданы 5 мың шаршы метрді құрайтын хаб креативті индустрия, жасанды интеллект, стартап жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. Farabi Hub студенттерді, зерттеушілерді және кәсіпкерлерді біріктіріп, инновациялық шешімдер жасауға мүмкіндік береді. Басты мақсат – ғылыми әзірлемелер мен технологиялық идеяларды нақты экономикаға жедел енгізу. Мұнда жас ғалымдар мен кәсіпкерлерге озық білім, заманауи технологиялар мен қажетті ресурстарға қол жеткізуге жағдай жасалған.
Қала басшысы Farabi Hub қызметін жоғары бағалап, мұндай жобалар Алматының ғылыми-инновациялық әлеуетін дамытуға үлкен серпін беретінін атап өтті.
Кейін Дархан Сатыбалдыға оқу ордасының базасында жасақталған өндірістік робототехника және роботтандыру бойынша инженерлік компетенция орталығының роботтары көрсетілді. Роботтар Германияның жетекші KUKA компаниясында әзірленіп, ҚазҰУ-да қойылған. Жасанды түрде дайындалған литий трибораты негізіндегі кристалдарды көтеретін екі өнеркәсіптік робот бар. Бұл оптика және электроника сияқты озық салаларда жоғары мәнге ие. ҚазҰУ осындай технологияларды меңгерген бірнеше әлемдік орталықтардың қатарына кіреді. Бұдан бөлек, инженерлік компетенция орталығы стартаптарға технологиялық операцияларды роботтандыру тұжырымдамаларын зерделеу, көрсету және сынау үшін бірегей алаң ұсынады. Орталық «Өнеркəсіп-5.0» жүйесінде жұмыс істейтін кəсіби кадрларды даярлап, өндірісті автоматтандыру, цифрландыру бағытында қызмет көрсетуді көздейді.
Қала әкімі сонымен қатар робототехника орталығының жұмысымен танысты. Мұнда студенттер тек теорияны меңгеріп қана қоймай, болашақ технологияларымен жұмыс істейді. Орталықта орналасқан бес инновациялық платформа – заманауи өндіріс пен жасанды интеллект негізінде құрылған, интеллектуалды роботтармен жұмыс істеуге арналған кешендерден тұрады. ҚазҰУ-дың робототехника орталығы – болашақ инженерлер мен ғалымдар үшін таптырмас тәжірибе алаңы. Әрбір робот пен кешен нақты өндірістік процестерді модельдейді.
Әкім сондай-ақ қалашықта бой көтеріп жатқан оқу корпустарының құрылыс барысымен танысты. Аумағы 32 мың шаршы метрді құрайтын жетіқабатты үш ғимаратта факультеттер мен ҚазҰУ базасындағы филиалдар орналасады. Жаңа оқу корпустарында аудиториялар мен дәріс залдары, кітапхана және ғылыми зертханалар, конференц-зал, демалыс және пікірталас орындары қарастырылған.
ҚазҰУ-ға жұмыс сапары барысында Дархан Сатыбалдыға Қытай ғылым академиясымен бірлесіп құрылған «Қашықтықтан зондтау технологиясы және оларды қолдану» қазақ-қытай бірлескен зертханасының қызметі туралы ақпарат берілді. Мұнда қашықтықтан зондтау арқылы спутниктік және геокеңістіктік талдаудың озық әдістері пайдаланылады. Ғалымдар Орталық Азиядағы климаттың, экологияның өзгеруі, құрғақшылық, жер деградациясы, су ресурстарының тапшылығы және Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі сынды құбылыстарға сараптама жүргізеді. Басты мақсат – қоршаған ортаның жай-күйін бағалау жəне болжамдық модельдерді дайындайтын ғылыми платформа қалыптастыру. Дəстүрлі зерттеу орталықтарынан айырмашылығы – спутниктік кескіндерді, жердегі өлшемдерді жəне ұшқышсыз ұшу аппараттарынан алынған деректерді біріктіре отырып, өңдеудің мультиплатформалық технологияларын қолданады. Бұл табиғи үдерістердің алдын алуға жəне аймақтың экологиялық жағдайына əсер ететін негізгі факторларды анықтауға мүмкіндік береді.
Қала әкімі оқу ордасының базасындағы суперкомпьютер орталығына барды. ІТ жəне жасанды интеллект саласында білікті кадрларды даярлауға мол мүмкіндік беретін орталық мамандардың есептеу техникасы саласында қолын ұзартады. Ғылыми зерттеулердің тиімділігі мен дəлдігін арттырып қана қоймай, ғылыми зерттеулерге кететін уақытты əлдеқайда қысқартады. Суперкомпьютердің құрамында генетикалық деректерді кешенді өңдеуге арналған қолданбалы бағдарлама бар. Мұнда реттілік деректерді алдын ала өңдеуден бастап, геномдық тізбекті талдауға дейінгі жұмыстар атқарылады. Бұл бағдарлама генетикалық деректермен жұмыс істейтін ғалымдар үшін өте қажет. Яғни геномдық зерттеу үдерісін жеңілдетеді жəне жеделдетеді. Суперкомпьютердің өнімділігі – 2000 терафлопс. Қазақстанда ғана емес, Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер болып табылады. Əлемдегі үздік 600 суперкомпьютердің бірі. Архитектурасы Intel жəне NVIDIA компанияларының процессорларынан құралған, қуаты ең заманауи дербес компьютерден 10 мың есе артық. Қазіргі қолданыстағы компьютерлердің ондаған жыл бойы орындайтын есептерін бір сағатта шешуге қабілетті.
Дархан Сатыбалды ҚазҰУ-дың білім мен ғылымды ұштастырудағы табыстарын ерекше атап өтіп, университеттің инновациялық әлеуетін жоғары бағалады. Әкім алдағы уақытта отандық ғылымды дамытуға бағытталған инновациялық жобаларға әкімдік тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі