12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ҚАСЫҢЫЗДА КІМ ЖҮРГЕНІН БІЛЕСІЗ БЕ?

Күнделікті күйбең тірліктің көлеңкесінде жүріп жанымыздағы жақсы адамның бағасына жете бермейміз. Өмірдің түрлі кезеңінде қол ұшын созып көмектескен, жанашырлықпен жақсылық нұрын сепкен жандарды да ұмытып кетіп жатамыз. Әр адамның басында түрлі қиындық пен оқиғалар кездесері анық. Оны әркім өзінше ұмыта алмай жүреді. Ал бүтін бір ұлттың басынан өткен оқиғалар тарих беттерінен сыр шертіп, үн қатып тұрады. Осыдан 39 жыл бұрын қазақ жастарының басынан өткен Желтоқсан көтерілісі ешқашан ұмытылмайды.

Еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны Абай университетінің негізі қалануына ұлт зиялылары Алаш қайраткерлерінің ерен еңбегі мен азаттық аңсаған ұстанымы сеп болған еді. Алаш арыстары университет қабырғасында дәріс беріп қазақ жастарының жоғары білім алып, саяси көзқарасын қалыптастыруға еңбек етті. Айналасындағы жандардың жаласы мен сатқындығы салдарынан «тар жол тайғақ кешті». Бірақ, азаттық идеясы қайсар халықтың көкейінде қала берді. 1986 жылы желтоқсанда қазақ жастарының бойынан буырқанған бостандық идеясы бұрқ етті.

Желтоқсан көтерілісі том-том кітапқа сыймас таңбалы тарих. Ал Абай университетінің студенттері алаңға барып, шеруге қатысқаны және тергеуге түсіп, оқудан шығарылғаны ақиқат тарихтың бір парасы. Сол кезеңде Көркемсурет факультеті (қазіргі Өнер факультеті) деканның орынбасары қызметін атқарған Берікжан Әлмұханбетовтің жадына Желтоқсан жаңғырығы ешқашан өшпейтіндей болып жазылып қалған. Өйткені, ол талай жанға жара салған дүрбелеңде жастармен бірге жүріп, оларды ішкі даудан, сыртқы жаудан сақтап қалуға тырысқан азаматтардың бірі болған еді. Абай университетінің желтоқсаншылары Берікжан Айқұлұлының ағалық мейірімін, ұстаздық жанашырлығын ұмытпағанын айтады. Бүгін университеттің Ардагерлер кеңесінің төрағасы сол ызғарлы кезеңді көңіл көкжиегінен қайта өткізіп, естелігімен бөлісті.

«1979 жылдан бастап Көркемсурет факультеті деканның тәрбие және сырттай бөлімге жауапты орынбасары қызметіне тағайындалдым. Студенттермен етене жұмыс істеп, түрлі идеяларды іске асырып жүрген кез. Факультет жатақханасының апаттық кезде 300 адамға дейін тұруға болатын  жертөлесі бар. Желтоқсан туралы фотосуреттерде алаңдағы жастардың қызыл, ақ плакаттарға жазылған ұрандары сол жерде дайындалды. Оның бәрін біздің студенттер ықшам орап, қойынға қыстыра салатындай етіп істеген. Алаңнан қуғанда жүгіре жетіп, жатақхананың жертөлесіне тығыла қоятын. Артынан қуып келгендер түгел жатақхананы шарлап таппай қайтатын.

Бәрі де күні кешегідей көз алдымда. Дүрбелеңнен кейін қудалау басталған кезеңде партия комитеті белсенді жұмыс істеді. Аудандық, облыстық партия комитеті тіміскілеп, қызметкерлерге зіл көрсетіп «Көзіңді құртамын», «Қаматамын» деп үрей туғызатын. КГБ және милиция қызметкерлері ізімізге түсіп, әлгі жатақханадағы жертөлемізді біліп қоя жаздады. Партия комитетіне мүше студенттерді партиядан шығарып, сонда «Партиядан шығару аз, оқудан да шығару керек» дегендер табылды. Әйтеуір, көп студентті партиядан «қатаң сөгіс беріледі» деп қолымыздан келгенше оқудан шығармауға тырыстық. Қол ұшын созуға қауқарымыз жетпегендерге «бір немесе екі жылдан соң оқуды жалғастыруға қабылдаймыз» дедік. Бірнеше студент дәл солай 1988 жылы қайтадан оқуға қабылданды.

1987 жылы қаңтар айында барлық факультеттің декан орынбасарларын жинап, бір-ақ күнде жұмыстан шығарды. Аумалы-төкпелі кезеңде өз ішімізден сатқындық жасаған жандар да болды. Мен ғана емес шәкірттерді қызғыштай қорыған Сабира Рахметова, марқұм Зәуреш Әшімова және университет ректоры Құлжабай Қасымов сынды тұлғалардың еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Бәріміз де сол жастардың оқуын аман-есен аяқтап, маман болып қалыптасуына тамшыдай болсын үлесімізді қостық деген ойдамын».

Желтоқсан оқиғасының кезінде Абай университеті ұжымының басынан өткен қиындықты Берікжан Айтқұлұлы күңірене еске алады. Ызғарлы күнде кейінгі буын жастарға пана болған осындай тұлғалар – бүгінгі ұрпаққа үлгі. «Ер басына күн туса, етігімен су кешер…» деген тәмсілді ер тұлғалы азаматтың болмысынан көргендей боламыз. Қасымызда жүрген қара нардай қайраткерлерді бағалай білейік.

Хасан Бекболұлы

ДАУДЫҢ ТҮЙІНІ – БІТІМ: ӘКІМШІЛІК СОТТАҒЫ МЕДИАЦИЯНЫҢ МӘНІ

Қазақстанда әкімшілік әділет жүйесі енгізілгелі бері сот пен азамат...

Жылысай ауылдық мәдениет үйі ғимаратының салтанатты ашылуы өтті

Маңызды шараға Алматы облысы мәслихатының төрағасы Байғожаев Қуат Сұлтанұлы,...

АУМАҚТАН ТЫС СОТТЫЛЫҚ – СОТ ТӨРЕЛІГІНІҢ БЕЙТАРАПТЫҒЫ МЕН ТИІМДІЛІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕТІН НЕГІЗГІ ҚҰҚЫҚТЫҚ ТЕТІК

Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген құқықтық мемлекет қағидаттары сот билігінің...

СОТ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЖАҢАШЫЛДЫҚТАР – ӘДІЛ СОТ ТӨРЕЛІГІ МЕН ҚОҒАМДЫҚ СЕНІМДІ НЫҒАЙТУДЫҢ НЕГІЗІ

Қазіргі кезеңде сот жүйесін жаңғырту – құқықтық мемлекетті дамытудың...