Бүгінгі мақаламда, ұлы ақын, ойшыл ғалым, әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының қазақ халқына қалдырған әдебиеті мен философиясына ғана емес, сонымен қатар құқықтық және қоғамдық ойдың қалыптасуына деген орасан маңызды ықпалын тигізген еліміздің алғашқы құқықтық мәдениет нормаларына тоқталып өткім келеді.
Қазақ халқының құқықтық мәдениеті терең тарихи тамырларға ие.
«Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» және Тәуке ханның «Жеті жарғысы» хан кеңесінің шешімдері арқылы жарыққа шығып, елге таралғаны бізге белгілі.
Жәңгір ханның ұлы Тәуке «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын» өз дәуіріне сай етіп, сондағы ережелердің жеті түріне күрделі өзгеріс енгізгендіктен, ол өзгерістер «Тәуке ханның Жеті жарғысы» («Жеті жарлығы») деп аталып кеткені де мәлім.
Онда жер дауы, отбасы және неке заңы, қылмыс пен құн дауына, ұрлық-қорлық, тонаушылыққа және куәлік ету мен ант беру рәсімдеріне орай қалыптасып, тұжырымдалған қазақтың ұлттық әдеп-ғұрып заңдары көрініс тапқан. «Жарғы» сөзі қазақша әділдік, шешім деген ұғымды білдірген. Түпкі мәні жарудан, нәрсенің салмағын бір жағына аудармай, дәл де әділ айырудан шыққан. Дауды әділ, тура шешкен билерді халық: «Қара қылды қақ жарған» деп мадақтаған екен.
Құқық нормаларының жазбасы ретінде тағы бір мысалдың бірі — ол, 1880 жылдары жазылған Қарамола ережесіне тоқталсақ, бұл құжат қазақ даласындағы билер сотының негізінде қалыптасқан әдет-ғұрып құқығы мен шариғат нормаларының тоғысынан туған сол ғасырдың құқықтық жүйесінің қалыптасу айғағы десек те болады. Бұл заңдардың түпнұсқасы бүгінде Қазақстан Республикасы құқықтық мемлекет ретінде Конституцияға және халықаралық құқық принциптеріне негізделген сот жүйесін дамытуға әрине рухани тұрғыдан да өз үлесін қосуда.
Осы мақаламда, Ұлы дала Заңдары мен Қарамола ережесін қазіргі сот жүйесінің ұқсастықтары мен айырмашылықтарына қарай салыстырып, тарихи сабақтастық пен құқықтық эволюцияны саралап өтуге тырысқым келеді.
Абайды би еткен әділет десем артық болмас?! Ол кездегі билер ерекше билікке ие болған, ал биліктің негізгі мақсаты халыққа қызмет ету, әділет болса сол биліктің айнасы болған десек те артық болмас. Ескі жол, Қасқа жол, Жеті жарғы мен атақты үш бидің заманынан бері талай тарих өзгерсе де сол түпкі қағидалар бүгінгі таңдағы біздің құқық нормаларындағы және жалпы құқықтық, заңдық, төрелік ету жолындағы басты ұстанымдарымыздың бірі келеді. Кешегі билердің жарғылары бүгінде бізге өнеге мен өсиет боларлықтай төрелік қағидаларына айналған десем қалай қарайсыз?
Жалпы «БИ» деген кім және оның бүгінгі күнгі сот төрелігіндегі басты қағидалармен сәйкестігі қандай? Яғни бұрыңғының билері мен бүгінгінің сот төрелігін атқарушы судьяларының қандай ортақ қадір-қасиеттерімен, қағидаттарымен салыстыруға болады? Әрине ең алдымен биді би – төрелік етушіні судья ететін негізгі қасиет ол — әділдік, яғни кез келген дауда екі тарапқа да әділ қарап, өз шешімін әділетті негізде қабылдай білуі. Туыстық, дос-жарандық немесе басқа да жеке мүддеге жол бермеу. Екінші қасиет даналық — би терең білімді, елдің тарихы мен салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жақсы білетін, өмірден көрген-түйгені мол адам болуы қажет, бүгінде ол атап көрсеткен қасиеттерге қосымша, еліміздің құқықтың жүйесіндегі барлық заң нормаларын жетік меңгерген, заманауи ақпараттық жүйелері мен технологияларын үздік қолдана білетін, конституциялық заңда белгіленген тәртіппен барлық кезеңнен оңтайлы дәрежемен өткен, заң мен құқық саласының біліктілігі жоғары кәсіби маманы. Үшіншіден шешендік, яғни бұрынғының билері сөзге шешен, ойды көркем әрі нақты жеткізе алатын, халыққа түсінікті тілмен сөйлейтін халықтың құрметіне ие болған адамы болса, бүгін бұл қасиеттерге қоса төрелік атқарушылар ой түйінін заңдармен негіздей отырып, дүйім жұртқа нақты да түсінікті жаза білетін лауазымды тұлға. Тәжірибе мен парасаттылық қасиеттері билерді түрлі жағдайды тез бағалап, дұрыс қорытынды шығара алуына алып келсе, бүгінде ол қасиеттер судьяларды сот процесстерін тиянақты әрі толықтай заң аясында өткізуіндегі маңызды қасиеттерінің бірі болып келеді. Көп көрген, көп білген, білімді, заң, дәстүр, шежіре, дін, салт-санадан хабары бар, терең білімді адам ғана би беделіне ие болып дұрыс төрелік атқара алады, бұл қағида атам заманғы түсінік қана емес, қазір де өзектілігі кең. Төртіншіден тыңдай білу қасиеті, яғни екі жақты тыңдап, сабырлы түрде олардың уәжін ескеріп барып шешім қабылдай білетін адам нағыз би-нағыз судья бола алады. Бесіншіден ең басты қасиеттердің бірі-әрине, батылдық. Би өз шешімінен қаймықпай, қажет болса билік иелеріне де, бай мен бектерге де турасын айта алатын болуы тиіс. Бүгінде бұл қасиетті сот төрелігі мен судьялардың тәуелсіз шешім, үкім, қаулы ету құқықтары мен лауазымды міндеттері конституция мен заңдарда бекітілген. Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге деген көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды.
Ойланып қарасақ, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сынды ұлы билеріміз осы қасиеттердің бәрін бойына сіңірген, сол себепті де тарихта аты қалып бүгінгі ұрпақ біздерге жеткен. Біз қоғам ретінде бұл қағидаттарды заманның және адамдардың құндылықтарына қарай бейімдеп қолдануымызға болмайды, керісінше аманат болып бізге жеткен осы қағидаттардың қасиеттерін заманымызға сай әрі қарай шыңдап қана қоймай, рухани тұрғыдан құрметпен аманатты сақтай білуіміз қажет.
Тарихи Қарамола шежіресіне және Абайдың оған қатысы туралы айта кететін болсақ, 1885 жылы мамыр айында қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, бұрынғы Семей облысының Шар өзенінің бойындағы Қарамола жайлауында билер съезі өткен екен. Тарихи деректер бойынша бұл съездге Абай Шыңғыс болысының «Құрметті қазағы» ретінде шақырылған. Ел ішіндегі араздық күшейіп, қарсыластары оны жазаға тартқызуға үміттеніп жүрген шақта, съездің мақсаты қазақ халқының ішкі дау-жанжалын бейбіт жолмен шешудің тиімді жолдарын табу және билердің әділ сотын жүйелеуді талқылауда болған.
Сьезге жиналғандардың ішінен біреуінің Абайдан: – Сен партияшыл Құнанбаевсың ба?,- деген сұрағына, Абай: мен ғана емес, дүние түгел партия. жанды-жансыз мақұлықтың барлығы да алыс-тартыспен тіршілік етеді, тіршілік -тартыс, деген мағынада жауап қайтарған екен. Онда сені неге ел жамандайды? – дегенге: «Ел көп, мен жалғызбын, көп әрқашан тентек, бұзық, бұзық көппен алысқан жалғыз жаманатты болмай тұрмайды. Қай қауымды алсаңыз да, жақсысынан жаманы көп емес пе? Бірақ, көп екен деп жаманның сөзін мақұлдау керек пе?» -деген үәжін жеткізген екен. Бұл сөздерден кейін съездің басқарушысы Абайды төрге шығарып, төбе би болуын ұсына отырып жиналған 100-ден астам бидің арасынан ерекше білімділігімен, парасатымен көзге түскендігінен, Абайға заң жобасын дайындау тапсырылған екен. Абай сол жолы әділ сөзімен ғана емес, парасатымен жеңе отырып, сол Қарамола съезінде «Би ережесін» жазып қалдырған. Бұл ереже Абайдың заң саласындағы білімін, әділдікке деген ұмтылысын, және қазақ қоғамын реформалауға деген талпынысын көрсететінін аңғартады.
Абай жазған бұл ереже 73 баптан тұратын құқықтық құжат. Ол қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарын негізге ала отырып, заманауи құқықтық талаптармен үйлескен жаңа ережелерден құралған. Ережеде: жер дауы, жесір дауы, қылмыс пен жаза, қарыз алу мен қайтару, мүлік иелену, ер мен әйелдің құқығы, әдеп нормалары мен адамгершілік мәселелері сияқты өзекті тақырыптар қамтылды.
Абай бұл ережеде өзінің құқықтық көзқарасы ретінде әділеттілікті басты ұстаным етіп алды. Оның заң жазудағы негізгі мақсаты ел ішіндегі дау-жанжалды бейбіт жолмен, әділ шешу және қарапайым халықтың құқығын қорғау болды. Мысалы, ереженің бір бабында былай делінеді: «Кісі өлтірген кісіге құн төлеу міндет, бірақ егер кісі кекпен емес, қапияда өлтірсе, оның да жағдайы ескерілуі тиіс». Бұл баптан Абайдың тек жазалауға емес, істің мән-жайын саралап, әділ төрелік жасауға мән бергенін көруге болады.
Қарамола ережесі қазақ елінің құқықтық ойының биік үлгісі үш жүздің игі жақсылары мен билері жиналған, оның ішінде атақты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би бар, Күлтөбенің басында қабылданған “Тәуке ханның Жеті жарғысы” деген атауға ие болған заңдар жиынтығымен байланыстырылып жазылған.
Жеті жарғыны өз алдына тарихи оқиға ретінде Тәуке хан бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдары мен өзінен бұрынғы хандардың тұсында қабылданған “Қасым ханның қасқа жолы” мен “Есім ханның ескі жолын” одан әрі жетілдіру арқылы жаңа заң жүйесін жасауға тырысқан шақтарында пайда болған қазақ елінің алғашқы ресми кодексі десек те болады. Жеті жарғыға сүйенген қазақ билері ел ішіндегі дау-жанжалдар мен саяси маңызы бар мәселелерді тиімді шеше алған. Жаңа заң жүйесі қазақ халқының өмірлік мәселелерін барлық жағынан қамтыды, соның нәтижесінде Тәуке ханның билік еткен тұсы Қазақ хандығының барынша күшейіп, дәуірлеген кезі болған. Жеті жарғыдан кейін арнайы атаулы заң жүйесі жасалмағандықтан және Жеті жарғының өзі талап, тілекті қанағаттандырарлық деңгейде болғандықтан, оның көптеген жол-жобалары мен қағидалары 20-ғасырдың басына дейін қолданылып келді.
Абай өз тарапынан Қарамола ережесімен өзінің заңгерлік дарыны арқылы халықтың салт-дәстүрін, әділеттілік пен адамгершілікті құқықтық нормалармен байланыстырып, бірегей құқықтық еңбек жазып қалдырған.
Құжатта 73 бап қамтылған, олар қоғамдық тәртіп, мүліктік даулар, отбасы қатынастары, қылмыстық істер секілді негізгі құқық салаларын реттеді. Негізгі ерекшеліктері: қазақ әдет-ғұрпына негізделген, шариғат нормалары мен билік дәстүрі қатар қолданылған, билер сотының шешімі – негізгі құқықтық тетік ал, бітім мен келісім – дауларды шешудің басты жолы ретінде қарастырылған. Бүгінгі таңда біздің еліміздің сот жүйесіндегі ұдайы бағыт та осы бітім мен келісім – медиация көптеген даулы сот істерін шешудегі басты жол ретінде қарастырылады.
Қазақстан Республикасы құқықтық мемлекет ретінде үш тармақты билік жүйесін қалыптастырған: заң шығарушы, атқарушы және сот билігі.
Сот жүйесі 1995 жылғы Конституция негізінде құрылып, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған. Сот жүйесінің негізгі ерекшеліктеріне тоқтала өтсек: сот жүйесінің сатылары дамыған (аудандық/қалалық соттар, облыстық соттар, кассациялық соттар және Жоғарғы Сот), Судьялар тәуелсіз және Конституцияға ғана бағынады, қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер бойынша арнайы соттардың және әскерилер мен ювиналды соттардың болуы, процестік кодекстерге негізделген нақты рәсімдердің орындалуы.
Судьяларды Жоғары Сот Кеңесінің ұсынысы бойынша Президент тағайындайды.
Қорыта келгенде салыстырып өтсек: қарамола ережесіндегі құқық көзі әдет-ғқрып, шариғат болса бүгінде ол конституция мен заңдар. Бұрын сот құрылымы-жергілікті билер сотынан құралса, бүгін ол бірінші деңгейлі аудандық-ауданаралық соттар, апелляциялық, кассациялық сатылы соттар мен жоғарғы соттан құралады. Бұрын іс жүргізу тәртібі – ауызша төрелік етумен келісімге келтіруде болса, бүгін жазбаша, процестік нормаларға негізделген нақты процессуалдық нормалармен рәсімделеді. Бұрын биді халық арасындағы беделділерден тағайындаса, бүгін Жоғары Сот Кеңесімен ресми процедуралардан конституциялық заңда белгіленген тәртіп бойынша барлық деңгейден өткен кандидаттарды ұсыну арқылы Президентпен таңайындалады. Бұрыңғы құқықтық идеология дәстүр мен әділетке негізделсе, бүгінгі таңда басты идеология-құқықтық мемлекет пен адам құқықтарын қорғау принциптеріне бағытталған.
Ұқсастықтар мен тарихи сабақтастығына тоқталсақ, әділетке ұмтылыс, яғни екі жүйеде де негізгі мақсат әділ шешім шығару, дауды бейбіт шешу, Қарамолада бітім басты құрал болса, қазіргі сот жүйесі де медиациямен сабақтастығы, халықпен байланыс, яғни билер халық арасынан шықса, қазіргі судьялар да қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінетін құқық пен заң білімдерін жетік менгерген қарапайым білікті мамандардан шығады.
Ендеше Қарамола ережесі – қазақ елінің құқықтық ойының тарихи ескерткіші ғана емес, қазіргі құқықтық жүйеге рухани негіз болған құжат десек те рухани үндестігі бар тарихи құжат деуге толық негіз бар.
Қазақстан Республикасының сот жүйесі бүгінде халықаралық стандарттарға сай дамып келеді. Дегенмен ұлттық құқықтық мәдениетке сүйену құқықтық реформалардың табысты болуына негіз болары сөзсіз.
Алматы гарнизоны әскери сот әкімшісі
Бекболатова Балжан Серікбайқызы