Қазіргі заман талабы – бәрін цифрландыру. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі электронды форматқа көшіп, халықтың уақытын үнемдеуде. Соның ішінде шетелге шығатын құжаттарға апостиль қою қызметі де заманауи үлгіге сай жаңартылды.
Апостиль деген не?
Қарапайым тілмен айтқанда, апостиль – құжаттың халықаралық деңгейде заңды күшке ие екенін дәлелдейтін мөр. Мәселен, соттан шыққан анықтама не шешіміңізді шетелге апарсаңыз, ол жақта құжатты ешкім дауламауы үшін апостиль қойылуы керек.
Бұрын қалай еді?
Бұрын бұл рәсім үшін азамат бірнеше мекемеге барып, ұзақ кезекте тұруға мәжбүр болатын, уақыт жоғалтып, түрлі анықтама жинауға тура келетін.
Қазір қалай? Қазір барлығы жеңілдеді! Egov.kz электронды үкімет порталы арқылы үйден шықпай-ақ өтініш беріп, төлем жасап, дайын құжатты электронды түрде алуға болады. Тек ЭЦҚ-мен кіріп, құжатты жүктесеңіз жеткілікті.
📱 Қызметті смартфондағы Egov Mobile қосымшасы арқылы да рәсімдеуге болады.
💳Мемлекеттік бажды онлайн төлеу мүмкіндігі бар.
⏱ Нәтижесі заңда белгіленген мерзімде дайын болады.
Апостиль қойылған құжат шетелде еш қосымша рәсімсіз қабылданады. Бұл – әсіресе оқу, жұмыс істеу немесе сот құжаттарын растау қажет болған жағдайда үлкен жеңілдік. Соңғы заңнамалық өзгерістерге сәйкес, сот органдарынан шығатын құжаттарға апостиль қою рәсімі жеңілдетілді. «Бір терезе» қағидаты енгізіліп, барлығы электронды форматқа көшті. Енді азаматтар құжаттың қай жерде екенін, қай сатыда тұрғанын жеке кабинеті арқылы бақылай алады. Бүгінгі цифрлық дәуірде мемлекеттік қызметтер халыққа барынша ыңғайлы болуға тиіс. Сот құжаттарына апостиль қоюдың онлайн жүйесі – соның айқын дәлелі. Бұл қызмет уақытты үнемдеумен қатар, Қазақстанның заманауи, ашық әрі қолжетімді мемлекет екенін көрсетеді.
Жалағаш аудандық сот әкімшісінің
бас маманы Р.Аккасинов