Қостанай облысында өңірдің жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасын жаңғырту және кеңейту, сондай-ақ жаңа құрамажем зауытын салу бо йынша ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Өндіріс орнының жобалық қуаттылығы – жылына 200 миллион дана жұмыртқа және 10 мың тонна құрама жем. Жобаның бастамашысы әрі инвесторы – «Arkalyk Qus» ЖШС. Жалпы инвестиция көлемі 1,2 миллиард теңгені құрайды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мəліметі бойынша, құрылыс жұмыстары былтыр шілде айында басталды. Ондағы нысандарды пайдалануға беру биылғы желтоқсанға жоспарланған. «Arkalyk Qus» ЖШС бұдан бөлек, тауық қиынан тыңайтқыш өндіретін зауыт салу бойынша инвестициялық жобаны қатар жүзеге асыруда. Бұл жобаға 500 миллион теңгеден астам қаражат салынуда. Олар өңірдегі жұмырт қа өнімдерінің өндірісін айтарлықтай арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға жəне Қазақстанның ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркəсібінің дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді. Жалпы, Ауыл шаруашылығы министрлігінің есебіне қарағанда, шикізаттық емес секторлардағы отандық жəне шетелдік инвесторлардың кəсіпкерлік субъектілерінің құны 500 млн теңгеден басталатын жобалары енгізілген Инвестициялық жобалардың Жалпыұлттық пулында ауыл шаруашылығы саласы бойынша 139 жоба бар. Олардың оны Қостанай облысында жүзеге асырылуда. «Arkalyk Qus» ЖШС-нің бұл жобасы бұл тізімде жоқ. Өңірдегі 2024–2028 жылдары жүзеге асырылатын он жобаның үшеуі былтыр, 2025–2026 жылдары екі-екіден, үшеуі 2027 жылға, біреуі 2028 жылға жоспарланған. Биыл іске қосылады деп жоспарланып отырған жобалардың бірі 5200 тонналық көкөніс қоймасының құрылысы. Құны 700 млн теңгені құрайтын бұл жобаны жүзеге асыру жұмысы 2023 жылы басталған болатын. Келесі жылы 3 жоба іске қосылмақ. Біріншісі құрылысы 2022 жылы басталған құны 14,3 млрд теңгені құрайтын бисквит цехы құрылысының жобасы. Екіншісі, құны 24 млрд теңгені құрайтын түрік кəсіпкерлері қаржыландырып отырған бұршақ дақылдарын қайта өңдеу зауыты. Оның құрылысы 2024 жылы басталған болатын. Үшіншісі, отандық инвесторлардың құны 1,8 млрд теңгені құрайтын 20 мың тонна астық сақтауға арналған қойманың 1 кезеңіне арналған жобасы да қолданысқа беріледі. Оның құрылысы да былтыр басталған. Одан кейін қалған төрт жобаның үшеуі 2027 жылы іске қосылмақ. Олар – құны 70 млрд теңге болатын бидай дəнін терең өңдеу зауыты (құрылысы 2024 жылы басталған); құны 4,6 млрд теңге болатын өз шикізатын одан əрі қайта өңдей отырып, СГО (селекциялық-генетикалық орталық) астында жұмыс істеп тұрған шошқа өсіру кешенін жаңғырту жəне кеңейту жобасы (құрылысы 2023 жылы басталған); құны 1,8 млрд теңгелік 20 мың тонна астық сақтайтын қойманың екінші кезегі (2024 жылы басталған). Инвестициялық жобалардың Жалпыұлттық пулында ауыл шаруашылығы саласы бойынша Қостанай облысынан 2028 жылы іске қосылатын қазіргі таңда белгілі болып отырған соңғы жоба сыйымдылдығы 70 мың тонна болатын көкөніс қоймасы жобасы. Құны 1,8 млрд теңге болатын бұл қойманың құрылысы 2024 жылы басталған еді.
Қ.ЕРМЕКОВА, «Заң газеті»