Мен Дауталиев Ғани Сауытбекұлы – Парламент Мәжілісінің депутаттығына Алматы қаласындағы Алатау ауданы мен Әуезов ауданының №3 бір мандаттық аумақтық сайлау округіне үміткер ретінде тіркелдім.
Өз аймағымның мәселесі өзіме жақсы таныс
Өзім жайлы қысқаша айтып кететін болсам, 1992 жылы 25 наурызда Алматы облысы, бұрынғы Райымбек ауданы, Кеген ауылында дүниеге келдім. Орта білімді Алматы қаласы, Алатау ауданы, Шаңырақ-2 ықшам ауданындағы №26 мектептің білікті ұстаздарынан алдым. Одан кейін Абай атындағы ҚазҰПУ-дың филология факультетін тәмамдадым. Әкем – құрылысшы, анам – мемлекеттік қызметте жұмыс істеді. Бар ғұмырын адал еңбекке, тынымсыз жұмысқа арнаған ата-анам бізді де қоғамға жанашыр, жұмысқа жауапты, өз ісімізге тиянақты қарауға үйретті. Біз де атаанамыздың үлгісімен үлкенді төбемізге көтердік, кішіден ізетімізді аямадық. Ортақ істен «өзіме қатысым жоқ» деп іргемізді алыстатқан кезіміз жоқ. Жеке басының мүддесінен көптің мүддесін биік қоятын ата-анамыздың жақсы әдетін біз де жалғастырып, ер жетіп, еңбекке араласқалы елдік мәселелерге етене араласа бастадық. Осы мақсатта Іле ауданында 2016–2020 жылдар аралығында VI шақырылым маслихат депутаты болдым. Яғни, менің өзіме сеніп тапсырылған аймақтың мұңын тыңдап, түйткілдерін шешуге, халық пен биліктің арасында алтын көпір болып, өзекті мәселелерді тарқатуға байланысты қалыптасқан өз тәжірибем бар.
Алғыс азаматты өсіреді
Депутат деген халықтың өкілі, өз баласы. Көпшілік өзі жеткізе алмаған ойын депутаттар арқылы билікке жеткізгісі келеді, өз күшімен шеше алмаған қиындықты депутаттардың араласуымен реттеуді жөн санайды. Іле ауданында мәслихат депутаты болған кезде оған анық көзім жетті. Осы жылдар арасында аудандағы түрлі мәселелердің шешілуіне атсалыстым. Халыққа берген уәдемді орындап, халықтың ықыласына бөлендім. Аудандағы жастар, білім, денсаулық саласындағы түрлі жұмыстардың атқарылуына аянбай атсалыстым. Депутат болған кезде үйренгенім аз емес. Ең бастысы мен елмен араласуға, елдің сөзін тыңдауға дағдыландым. Халық шын көңілмен назар аударып, риясыз зейін қойып тыңдаған жандарға жақын жүреді. Содан болар, мен де Іле ауданының мәслихатына депутат болған кезде аймақ мәселесін шешуге барша тұрғындарды біріктіре білдім. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демей ме қазақ. Сол секілді бір мақсатқа ұйып, бір істі оң шешуге жұдырықтай жұмылған жұртшылықтың арқасында аудандағы талай мәселелерді дер кезінде, оңтайлы шешкенімізді мақтанышпен айта аламын. «Баталы ер арымас», «Алғыс алған алысқа барады» деген бабалар сөзі – менің өмірімнің кредосына айналған.
Кәсібің – нәсібің
Алған білімің өзіңе ғана емес, елге қызмет етуге жараса пайдалы. Қазіргі таңда жеке кәсіппен айналысудамын. Өз кәсібіңді ашу – өз біліктілігіңді көтерудің, жеке қабілетіңді дамытудың кепілі. Кәсібін дөңгелеткен адам ешкімге тәуелді болмайды. Елге көмектесуде де, елдің сөзін сөйлеуде де жан-жағына жалтақтамайды. Өйткені, кәсіпкердің табысы жасаған жұмысына, еңбегіне тәуелді. Сәйкесінше елдің ішінде ризығын тауып отырған кәсіп иесі барын айналасымен бөлісуге тырысатыны ақиқат. Мен де пандемия кезінде ауданымыздың тұрғындарына азық-түлік таратып, қиын жағдайда қалған азаматтардың аяғынан тік тұруына себепші болдым. Төтенше жағдай еліміздегі талай кемшіліктерді көрсетіп берді. Бұл, әсіресе, нәпақасын жалдамалы жұмыс арқылы күнделікті алып отырған азаматтарға қиын тиді. Үйге қамалған жұрттың сенері жоқ еді. Осы бір сындарлы сәтте аудандағы кәсіпкерлерге ой тастап, қиналған жұртқа қолдау көрсете білгенімізді мақтанышпен айтамын. «Бірлігі бекем елдің белін ешкім сындырмас» дегендей, коронавирусқа тосқауыл қойып, карантин кезінде ел еңсесінің түспеуіне жүрегі кең азаматтардың көмегі көп болды. Карантин – біздің елімізді біріктіруге, ынтымағын нығайтуға қызмет етті.
Менің жоспарым
Алдағы уақытта халықтың қолдауымен Мәжіліс депутаттығына сайлануға бел буып отырмын. Жастар ел болашағы дейміз, алайда осы жастардың шешілмей келе жатқан мәселелері өте көп. Менің негізгі алға қойған мақсатым – жастар арасындағы жұмыссыздықпен күресу. Өзім жастар арасында жүргендіктен, жұмыссыздық пен құмар ойынға қызығушылықтың себебі, түпкі мәні маған жақсы таныс. Жұмыссыздық жастардың ең әуелі дұрыс мамандық таңдамауымен өзектес. Кейбір жастардың мектеп бітірген соң ата-анасының пікірімен мамандық таңдайтыны өтірік емес. Жүрегі қаламаған соң олар оқу орнын орта жолда тастап, немесе ілініп-салынып бітіріп жатады. Мамандықты дұрыс меңгермеген соң мұндай түлектердің ыңғайлы жұмыс табу да екіталай. Сондықтан, жұмыссыздықты жою үшін бітіруші түлектердің дұрыс таңдау жасауына ықпал ететін дәрістер өткізген орынды. Мектеп әкімшілігінің мұрындық болуымен әр саланың білікті мамандарының кеңесін тыңдату да балаларға оң әсер етеді. Университет, институт бітіру – өмірден өз жолыңды табу дегенді білдірмейді. Бізде баланың қабілеті келсін, келмесін жоғары оқу орындарында оқыту белең алып кеткен. Кейбір жастарға тіпті, заңгер, экономист, мұғалім, дәрігерден басқа мамандық жоқ секілді көрінеді. Міне осындай теріс көзқарасты өзгертіп, балаларды қабілетіне қарай автоэлектрик, тұрмыстық заттарды жөндеуші, тігінші, шаштараз секілді ешқашан маңызын жоймайтын мамандықтарға бейімдеу керек. Жұмыссыздықтың салдарымен емес, осындай себебіне үңіліп, шешу арқылы біз жастардың өмір сүру сапасын жақсарта аламыз. Жастар – біздің болашағымыз! Жастар – мемлекеттің жақсы, жайлы өмірінің кепілі. Сондықтан, жас буынның сапалы білім алуына, ұлттық салт-санамызбен тәрбиеленіп, рухы мықты болып өсуіне қажетті алғышарттарды жасауға көңіл бөлу аса маңызды. Тағы бір мәселе, баспана мәселесі. Қаншама жастарымыз ипотека пайызының жоғары болуына байланысты үйсіз, пәтер жалдауға мәжбүр болып жүр. Сондықтан да, тиімді және қолжетімді тұрғын үй бағдарламасын ұсыну қажет. Жастарға сатып алу құқығынсыз берілген жалдамалы баспаналарды төмен пайызбен беруді ұсынамын.
Құрметті Қазақ елі!
Құрметті сайлаушылар!
2023 жылдың 19 наурызы елімізде барлық деңгейдегі мәслихаттардың және Мәжіліс депутаттарының сайлауы өтеді. Парламент Мәжілісінің депутаттығына өзімнің оқып-өскен жерім Алматы қаласының Алатау ауданы мен Әуезов ауданының №3 бір мандаттық аумақтық сайлау округіне тіркелуді жөн көрдім. Себебі, мен халықтың қандай мұң-мұқтажы бар екенін ауданымыздың тұрғыны ретінде білемін, көріп келемін. Егер сіздер маған таңдау жасасаңыздар осы жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселелердің шешімін табуға бар күш-жігерімді саламын. Қазір құрғақ уәде мен құлаққа жағымды жылы сөз айтып уақыт өткізетін заман емес!
Дәл қазір елге тиімді мақсат-мүддені айқындап, нақты шешімдер қабылдап іске көшетін кезең. Себебі біздің басты байлығымыз – Халық, сол халықты жақсылыққа бастайтын бір-ақ жол, ол – ел азаматтарының еңбекқорлығы мен адалдығы! Ұят – арды сақтайды, арлыны – ел мақтайды. Халық сенімі мен үшін – мәртебе. Халқымның үкілі үмітін ақтап, сенімінен шыға білу – жауапты міндетім, азаматтық борышым.
Өтірік соқыр, Өтірік керең,
Сараң, мылқау болмаймын.
Үрікпеймін ақиқаттан, адамнан, Халқымның қамын ойлаймын.
Қолдау – Сіздерден, ұлтқа қызмет ету – менен!
Мақсатым – жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту.
Үгіт-насихат ақысы республикалық бюджет есебінен
Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиясының қорынан төленеді


