12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР Президенті: «ӘРКІМ ОТАНШЫЛ, АДАЛ БОЛСА АЛЫНБАЙТЫН АСУ ЖОҚ»

Дәстүр бойынша Парламент сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» деп аталатын Қазақстан халқына жолдауын жасап, ел дамуының негізгі бағыт-бағдарын айқындап берді. Үкіметке, Парламентке, басқа да құзырлы орындарға, тұтас халыққа жүктелген міндет, берілген тапсырма, айтылған тілек әдеттегідей ауқымды болды. Оның бірқатары бұрыннан көтеріліп жүрген мәселелер болса, енді біразы көптің көкейінде жүрсе де, айтылмай келген шаруалар. Тың бағыттар да белгіленді. Бұл жолдауда біраз кемшіліктің де беті ашылды, оның салдарымен қатар, себебі де ортаға салынды. Астарлы түрде де, тура мағынасында да үкіметке сын айтылды.

Президент өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құру жолын ұсынды. Демократиялы елде қоғамдық тәртіптің маңыздылығы алдыңғы орында екені айтылды. «Қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген арандатушылық әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет. Өкінішке қарай, құқық қорғау мекемелері және аймақ басшылары осы жұмысты дұрыс атқармай отыр. Басқа сөзбен айтқанда, заң үстемдігін қамтамасыз етпейді. Соның салдарынан қоғамымызда ұдайы келеңсіз оқиғалар болып жатады. Мысалы, даладағы, көшедегі вандализм, кейбір азаматтарымыздың тәртіпсіздігі, мәдениетсіздігі, неше түрлі тұрмыстық жанжалдар еліміздің халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтіретін болды. Тағы да айтамын: біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету» – деді Мемлекет басшысы. Ел басшысы мәдениетті, білімді ұрпаққа арқа сүйейтінін де баса айтты. Сонымен қатар, әлемдегі ахуалға да алаңдаушылық білдірді. «Барша адамзат түрлі сын-қатермен бетпе-бет келуде. Көптеген ел табиғи апатты, электр қуаты мен азық-түлік тапшылығын бастан өткеруде. Мамандардың айтуынша, биылғы шілде әлем тарихындағы ең ыстық ай болды. Көптеген елде инфляция өршіп, қымбатшылық болып жатыр. Мемлекеттер арасында түрлі текетірес, қарулы қақтығыс белең алды. Босқындардың саны 110 миллионнан асты. Мұның бәрі Қазақстанға да салқынын тигізеді. Бірақ біз жаһандық дүрбелең дәуірінде өз бағдарымыздан адаспаймыз» – дей келе, елді жігерлендіріп, «Әрине, даму жолымыз әрдайым теп-тегіс, даңғыл болмайды. Ешкім де сырттан келіп, Қазақстанды көркейтіп жібермейді. Ол үшін еліміздің әрбір азаматы заман талабына сай болуға тиіс. Жалпы, халқымыз осындай дағдарыс кезінде біртұтас болуы керек. Басқа жол жоқ» – деді.

Адалдық жоқ жерде әділдік болмайды

«Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады. Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы». Президент адал азамат пен әділетті елдің ұстанымын осылай аңғартты. Жастарды ел мен жер, отан қадірін білуге шақырды. «Қазақстан – біздің жалғыз ғана Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы – өз қолымызда. Бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету – біздің перзенттік парызымыз. Мен еліміздің әрбір азаматын осы қасиетті парызға адал болуға шақырамын. Берекелі бірлігімізді сақтап, табанды еңбек етсек, Отанымызды көркейтіп, ұрпаққа дамыған мемлекет ретінде табыстасақ, бабалар аманатына адалдық деген – осы!» – деді Президент. Жасампаз елдің болашағы – білімді, қабілетті ұрпақ. Елде креативті экономиканың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалуда. Соның ішінде, зияткерлік меншікті қорғайтын құқықтық тәсілдер де қазір қолға алынып жатыр. «Зияткерлік меншік дегеніміз – құрал-жабдық немесе технология сияқты кәдімгі мүлік. Қазір креативті индустрия орталықтары 3 ірі қалада (Астана, Алматы, Шымкент) шоғырланған, өңірлер назардан тыс қалып отыр. Бұл ахуалды түзеу қажет. Дарынды азаматтарды өзіне тартатын орындар, яғни креативті индустрия орталықтары барлық облыс орталығында болуға тиіс. Онда креативті адамдардың өз өнімін коммерцияландыруына көмек көрсетілуі керек. Оларға қолдау көрсетуге арналған шаралардың жеке топтамасын әзірлеу қажет деп санаймын» – деді Президент. «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары да Мемлекет басшысының назарынан шет қалмады. Оны шағын және орта кәсіпкерлікті қолдайтын кешенді бағдарламаға айналдыру керектігін тиісті атқарушы билікке тапсырды. Бизнесті дамытып, елді гүлдендіруге үлес қосуға ниетті кез келген кәсіпкерге кедергі болмауы тиістігін айтты. «Тағы бір маңызды мәселе бар. Қазір монополияға қарсы органның заңсыздықтарды жою үшін шұғыл шаралар қабылдайтын мүмкіндігі жоқ. Монополияға қатысты істердің үштен екісінде тергеу басталмай жатып, сотқа шағым түседі. Ал соттағы дау-дамай жылдарға созылуы мүмкін. Соның кесірінен құзырлы мекеменің жұмысы тоқтап қалады. Сондықтан Үкімет Парламентке тиісті заңнамалық түзетулер енгізуі керек… Салық саласында заң бұзғандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз болатын шекті анықтайтын әділ механизм енгізу де назарда ұсталады. «Құқық қорғау органдарының кәсіпкерлерді қудалауын біржола тоқтату керек. Мұндай әрекеттерге тыйым салынған. Бірақ, соған қарамастан, әлі де жалғасып жатқанын білемін. Осындай мәліметтер кейде әдейі таратылып жатады, тіпті, олар жалған болуы да мүмкін. Қалай десек те, бұл назардан тыс қалдыруға болмайтын мәселе. Кәсіпкерлікке қолдау көрсету, саланы реттейміз деген желеумен жасалатын қысымды азайту және бәсекелестікті дамыту мәселелерін мұқият талқылау қажет. Сондықтан мен жуық арада еліміздің бизнес өкілдерімен арнайы кездесу өткіземін» – дей келе, Қазақстан тұрғындарының үштен бірін құрайтын жастарға үлкен жүк артты, сенім білдірді. Жас ұрпақ қауіпсіздігінің алдыңғы орында тұруын қатаң тапсырды.

«Ұлттық қор – балаларға»

«Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз. Мен, Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни, барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ, өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе. Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек» – деп тапсырды. Әр баланың сапалы білімге құқылы екендігі де баса айтылды. «Білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет. Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы шарт. Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек. Ұлттық экономиканың бірқатар саласында кадр тапшылығы қатты сезілуде. Әсіресе, техникалық және жұмысшы мамандар жетіспейді. Сондықтан осы салаларға қатысты білім берумен мықтап айналысқан жөн. Оқу орындары түлектерге жұмыс бере алатын мекемелермен ұзақ мерзімге арналған әріптестік орнатуы қажет. Экономиканың басымдықтарына, аймақтың және саланың ерекшеліктеріне байланысты тиімді қаржыландыру тәсілдері керек» – дей келе елдегі демографиялық өсім білімге деген сұранысты арттыратынын, мемлекеттің білім саласына қатысты жұмысында тұтастық, яғни жүйе жоқ екендігін сынға алды. Президент бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырды.» Бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуға тиіс. Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады» – деді ол.

Жүктелген міндеттер қысқа мерзімдерге арналады

Мемлекет басшысының айтуынша, экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналып, ел тағдыры үшін айрықша мәні бар бірқатар жобаны жүзеге асыру маңызды болмақ. Оның қатарында – металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аудару басты міндет болмақ. Яғни, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек. Сонымен қатар еліміздің туристік әлеуетін де пайдалану маңызды. Жобаларды тиімді қолдау шараларын және оларды орындау мерзімдерін нақты айқындау керек. Оны іске асыруға шетел инвесторларын және еліміздің бизнес өкілдерін барынша тартқан жөн. Жұмысқа өзіміздің шикізатты, тауарлар мен кадрларды, басқаша айтқанда, барлық ішкі мүмкіндіктерімізді пайдалану қажет. Осы орайда Мемлекет басшысы жаңа өнеркәсіп саясаты арқылы жаңаша даму үлгісіне көшу қажеттігін мәлімдеді. Мемлекет ірі кәсіпорындармен бірлесіп, өндірістің барлық сатысы өз елімізде болуын қамтамасыз етуі тиіс.

Ішкі нарыққа қолдау қажет

Бүгінде ішкі нарықты сырттан келетін өнімдердің жаулап алып жатқаны отандық өнімнің бағын байлап, көптеген кәсіпкерлердің тауар шығаруға деген ынтасын кемітіп тұр. Дүниежүзілік сауда ұйымының бағалауынша, біздің елдегі ішкі нарықты қорғау деңгейі төмен, яғни небәрі 128 тарифтік емес шара жүзеге асырылады екен. Президент осы жағдайға айрықша тоқталып, мемлекеттің отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндеттілігін, сондықтан сауда-саттық саясатында жаңа әрі батыл қадам жасауымыз керектігін, экономикамызды ашық ете отырып, ұлттық бизнестің мүддесін қорғау әрдайым басым бағыт болуы тиістігін атап көрсетті.

Атом станциясын салу дау тудырмауы тиіс

Мемлекет басшысы елдегі орын алған түйткілді мәселелерге айрықша тоқталып, оларды шешудің жолдарын ұсынды. Соның бірі, өткен қыста еліміздің жылу электр станцияларында болған апаттар инфрақұрылымның әбден тозуы салдарынан екенін, мұндай жағдайдың индустрияландыру қарқынын тежейтінін айта келіп, Үкіметке осыған орай арнайы жоспар жасауды тапсырды. Сонымен қатар тариф саясатын түбегейлі қайта қарау, онда инвесторлардың қызығушылығын арттыру қажеттігіне де тоқталды. Өзекті мәселенің бірі ретінде тауарлы газдың ресурстық базасын кеңейту қажеттігін де атап көрсетті. Бұл үшін жаңа газ өңдеу зауыттарының құрылысын тездету және қолданыстағы зауыттардың қуатын барынша пайдалану қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, атом электр станциясын салу төңірегіндегі көптің ойында жүрген мәселеге орай өз ұстанымын жеткізді.Оның айтуынша, Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет болғандықтан, атом станциясын салу еш дау тудырмауы тиіс. Алайда, бірқатар күдіктерге жетелеп тұрған маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешім референдум арқылы қабылдануы тиіс. Стратегиялық маңызы бар міндеттің бірі ретінде көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалану қажеттігі айтылды. Мемлекет басшысы бұл орайда Қазақстанның солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыратын жаһандық жолайырықта орналасқаны зор мүмкіндік екенін айта келіп, көлік-логистика саласының экономикамызды алға бастайтын басты күш болуы керектігін мәлімдеді. «Қазақстан темір жолын» толыққанды көлік-логистика компаниясы етіп қайта құру жұмысын жуық арада аяқтауды тапсырды. Міндетін атқармаған басшылардың заң бойынша жауапқа тартылатыны осы жолдаудың бір жағымды жаңалығы десе болады. Мемлекет басшысы бұл ұстанымын сапасы сын көтермейтін автокөлік жолдарының құрылысына орай мәлімдеді. Президент аталмыш салада жемқорлық белең алып тұрғанын, бәсекенің де жоқтың қасы екенін, осы мәселеге орай жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажеттігін нығыздады. 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізу міндеттелді. Тоқаевтың айтуынша, жалпы алғанда, Қазақстан Еуразия құрлығындағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін арттыруы керек. Осылайша, уақыт өте келе көлік-логистика саласындағы ірі мемлекетке айналуымыз қажет. Үкіметке сонымен қатар, жасанды интеллектіні дамыту, бизнес-инкубатор, коммерцияландыру орталығы, технопарк, құрастыру бюросы сияқты инновациялық инфрақұрылымдар құруға қатысты жеке бастамаларға сөз жүзінде емес, нақты іспен қолдау көрсететін пәрменді шаралар қабылдау тапсырылды.

Стратегиялық жобалар қаржыландырылады

Елімізде бақылаусыз кеткен саланың бірі қаржы құрылымдары екені шындық. Әсіресе, банктер бүгінде мүлде басқа мемлекетте өмір сүріп жатқандай әсер қалдыратыны қоғамда аз айтылмайды. Олардың нақты секторға қаржы салудан қашып, тұтыну несиесін таратумен әуестеніп кеткен жайы бар. Бұл Үкіметті тікелей қаржыландырумен, кепілдік және субсидия берумен айналысуға мәжбүрлейді екен. Мұның бәрі көп қаражатты талап етеді әрі нарықтық экономика қағидаларына қайшы келеді. Мемлекет басшысы жолдауда бұл мәселеге айрықша тоқталды. Президенттің айтуынша, былтыр банктердің таза пайдасы бір жарым триллион теңгеге жуықтады. Ал осы жылдың бірінші жартысында оның көлемі бір триллион теңгеден асып кетті. Банктер тиімді жұмыс істегеннің арқасында емес, негізінен Ұлттық банк инфляциямен күресу үшін базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстап тұрғандықтан, осындай мол пайдаға кенелді.Үкімет пен Парламент бұл пайданы мемлекет мүддесін ескере отырып, неғұрлым әділ бөлу мүмкіндігін қарастырғаны жөн. Сонымен бірге банктерді корпоративті несие беру ісіне белсене қатысуға, яғни кәсіпкерлерді қолдауға ынталандыру керек. Банктердің «қозғалыссыз жатқан» 2,3 триллион теңгелік активтерін экономикалық айналымға қосу үшін шаралар қабылдау қажет. Нақты секторға берілетін несие көлемінің жыл сайын 20 пайыз және одан да жоғары деңгейде өсуін қамтамасыз ету – маңызды міндет. Ал, Ұлттық қордағы қаражаттың белгілі бір бөлігін Қазақстанның болашағын айқындайтын стратегиялық жобаларды қаржыландыру үшін пайдалануға болады, тіпті, қазірден бастап соған жұмсау керек.

Реформалардың жүзеге асуына атқарушы билік жауапты

Жолдауда белгілі болған мәселенің бірі – Үкімет зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген адамдарды әлеуметтік қолдау тетіктерін әзірлепті. Жұмысшылардың осы саланы дамытуға сіңірген еңбегі және денсаулығына зиян келгені ескеріле отырып, оларға зейнет жасына толғанға дейін, атап айтқанда, 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлем төленеді. Президент Парламентке бұл ұсынысты жедел қабылдауды тапсырды. Жалпы, Үкімет ең төменгі жалақы мөлшерін біртіндеп өсіре береді. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеге көтерілмек. Реформалардың іске асырылуына негізінен атқарушы билік жауап береді. Осы жайлы айтқан Мемлекет басшысы бүгінде үкіметтің неге пәрменді әрекет алмау себебін де ашқандай болды. Байқауымызша, бұған дейін атқарушы билік Президент Әкімшілігіне жалтақтап, еркін әрі батыл жұмыс істей алмай отырған сыңайлы. Енді осы кемшілік жойылып, экономикалық саясаттың іске асырылуына Үкімет толығымен жауап бермек. Мемлекет басшысы жолдауда тұтас қоғамға қатысты да ойын ірікпеді. Ол бұл орайда әділетті Қазақстанды құру үшін саяси-экономикалық реформа жасаудың жеткіліксіздігін, бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керектігіне айрықша тоқталды. Сөзін «Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Шын мәнінде, адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды. Әрбір адам ісі мен сөзі бір жерден шығатын Адал азамат болса, әділдік орнайды» деп түйді. Бұл тілекті ең алдымен шенеуніктер қабыл алса, аталған көп шаруаның шешімі оңынан келері сөзсіз.

А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»

Қасым-Жомарт Тоқаев «Отан Ана» ескерткішіне құрмет гүлін қойды

Қасым-Жомарт Тоқаев "Отан Ана" монументіне гүл шоғын қойды,

Елімізде қанша ҰОС ардагері бар?

Қазақстанда Ұлы Отан соғысының қанша ардагері бар екені белгілі болды.

ҰОС ардагерлерінің құрметіне Алматыда қандай көшелер аталған?

Алматыда 110 көше Ұлы Отан соғысына қатысушылардың есімімен аталады. Оның ішінде 94 көше Кеңес Одағының Батырларының есімімен аталған.

Астанада Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад өтті

Астанадағы "Қазақ елі" монументі жанындағы Тәуелсіздік алаңында Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад ұйымдастырылды.

Ұлы Отан соғысының ардагерлері ешқашан ұмытылмайды — Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған парадта қазақстандықтарды құттықтады.