Жақында Мәжілісте халықтың шамадан тыс кредит алу мәселесін шешу жолдары қаралды. «Тас түскен жеріне ауыр» демекші, статистикалық деректер 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы жеке және заңды тұлғалардың несиелері бойынша жалпы қарыз 36 триллион теңгеге жуықтағанын көрсетті. Салыстырмалы түрде мемлекеттің 2023 жылғы шығын жоспары 22,5 триллион теңгені құрайтынын еске салғымыз келеді.
Елімізде 9 миллионнан астам еңбекке жарамды халық болса, соның 8 миллионнан астамында кредит бар. Қайтарылмай жатқан несие сомасы 1,4 триллион теңге. Халықтың несие құдығына түсуі әлеуметтік және саяси тұрақсыздыққа алып келетінін Президент те айтқан еді. Осы тұста депутаттар не көтерді? Сарапшылар не дейді? Қандай шешімдер бар? Мәселе неден басталды? Даудың басы «кредиттік бақыттан» басталды. Қазақстанда мүдделі топтар индустрияландыру кезеңінде құлықсыздық көрсеткенімен, цифрландыру кезеңінде ештеңеден аянбады. Екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) несиелендірудің небір оңтайлы жолдарын нарыққа енгізді. Нәтижесінде үйде жатып-ақ, құжат деп жүгірмей ойлаған сомасына қол жеткізу мүмкін болды. Бұны «кредиттік бақыт» дейді. Сөздің мәні «қазір алып, кейін төлеймін» дейтін халық дағдыланған өмір философиясынан шығып тұр. Дейтұрғанмен көтерген мәселеге қатысты Мәжіліс жиынында Қаржыгерлер қауымдастығының басшысы Елена Бахмутова «тұтынушылық несиелердің жартысынан көбі пайызсыз бөліп төлеумен байланысты және бұл анау айтқандай мәселе емес» деді. Сөзіне тұздық ретінде «проблемалы» несиелер азайып келедісін қосты. Алайда, Мәжіліс басшысы Ерлан Қошанов бұл ұстанымға ашуланды. «Бүгінгі күні ешқандай үлкен проблемалар жоқ, бөлшек несиелер қаржылық тұрақтылыққа қауіп төндірмейді деген жалғыз адам – сіз ғана. Әрине банк секторы мен несие ұйымдарының мұндағы өкілі ретінде келіп тұрсыз, біз мұны түсінеміз. Банк портфеліндегі мәселелі несие азайғаны туралы айтып отырсыз, сандық дерек бойынша. Бірақ банктер мәселелі несиелер түйткілін, өздерін жақсы қырынан көрсету үшін, коллекторлар атына аударумен шектелгенін неге айтпайсыз? Әлде олай емес пе? Бұл жасанды жақсарту деп есептемейсіз бе? – деді ол. Осы тұста, сөз ізін суытпай Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Руслан Берденов ЕДБ-ның құйтұрқы саясатынан бөлек «Халықтың шамадан тыс кредит алу факторларының бірі – лудомания» тақырыбында сөз сөйледі. «Тұтынушы несие нарығының кері көрсеткішінің басым бөлігін лудомандар құрайды. Олар бәс тігу үшін бәріне дайын. Несие алу, құқықбұзушылық, алаяқтық, тіпті ауыр қылмыс жасап жатыр. Еліміздегі 157 мың құқықбұзушылықтың 20%-ы немесе 31 мыңы құмар ойындар кесірінен жасалған, ал ажырасудың 38 пайызының себебі құмар ойындары. Ырысы төгілген жанұяның ауыртпашылығына кім жауап бермек?» – деді Р.Берденов. Мәжілісмен сөзіне салмақ қосу үшін онлайн құмар ойындарына, букмекерлік бизнес жарнамасына толығымен тыйым салуды, ойын бизнесі қызметтеріне салық мөлшерлемелерін көтеруді ұсынды. Интернет-алаяқтық – Мәжілістің күн тәртібіндегі келесі мәселе болды. «Жаратқан берем десе, форточкадан да береді екен ғой» деп қанша отандасымыз тақырға отырды. Соңғы бес жылда Қазақстанда онлайн-алаяқтыққа қарсы шағым 5 есе өскен. Биыл 13,7 мың факті тіркеліп, оның салдарынан 13,5 мыңнан астам азамат зардап шекті, оның 70 пайызы қала тұрғындары, қалған 30% – ауылдық жерлер. Зардап шеккендердің әлеуметтік жағдайы әртүрлі. Олардың арасында бюджеттік сала қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер, зейнеткерлер, жеке кәсіпкерлер және т.б. азаматтарға келтірілген жалпы шығын 11,3 млрд теңгені құрайды. Ұрынған халық арызданып құзырлы органдарды жағалады, кейбірі мәселе түйінін суицидпен шешті… Несиені несиемен жапқандар… Бүгінгі халықтың хал-ахуалы белгілі. Айлығы шайлығына жетпей күн кешіп келеді. Ресми деректерге көз жүгіртсек, қазақстандықтар табысының 56 пайызы ішіп-жемге кетеді екен. Бұл Африкадағы экономикасы әлсіз мемлекеттер көрсеткішімен теңесетін пайыз. Әрине амалы таусылған халық бір жыртығын екінші жерінен кесіп жамамасқа болмайды. Сол кесердің бірі, халықтың соңғы сенері – микроқаржылық ұйымдар (МҚҰ). «Сенген қойым сен болсаң» демекші, шын мәнінде, бүгінде МҚҰ беретін әрбір екінші несие проблемалық болып есептеледі. 2020 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың шілдесіне дейін МҚҰ-да 90 күннен астам мерзімі өткен қарыз алушылардың саны 20 есеге жуық өсті. Оның үстіне проблемалық несие алушылардың қатары көбейді. Олардың қатарына несиелері коллекторларға сатылған 612 мың қарыз алушыны қоссақ, одан да көп – 855 мың бірегей қарыз алушы. Проблемалық портфель 28 есеге немесе 2 727%-ға өскен. МҚҰ проблемалық портфелі жалпы ЕДБ портфельге қарағанда 4 есе жылдам өседі. Бұл деректі жиында «Қазақстанның қаржы мәдениеті» ҚҚ Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Юрий Ли айтты. Осы тұста ЕДБ-ға тіс қайрап отырған мәжілісмендер енді МҚҰ-ны нысанаға алды. Десе де МҚҰ жайлы жөн сөзді, өз парақшасында Мәжіліс отырысын сараптай келе қаржыгер Расул Рысмамбет айтты: «Жалпы, бөлшек саудада бір немесе екі емес, 5+ банк отыр. Ал МҚҰ-дан бұрыннан қауіп бар. Дегенмен, МҚҰ – ЕДБ-ның ең жақсы досы. Банк қарыз алушысында несиелерді өтеу проблемалары болған кезде – коллекторлардан, соның ішінде айбат шегетін сансыз қоңырауларды болдырмау үшін МҚҰ-ға барады. Мен МҚҰ-ны ақ қылып көрсетуден алыспын. Оның үстіне олардың коллекторлары адам зәресін ЕДБ-ға қарағанда қатты алады. Ал коллекторлар – бұл финсектор бәтеңкесі ішіндегі қиыршық тас. Халықта бірақ одан басқа амал бар ма? Сондықтан бірінші кезекте ЕДБ-ның ақша-кредит саясатын реттеу керек. Көтеріп отырған мәселе тоқыма бешпет сияқты, бір басын тапсаң ағытылып түсе кетеді» – дейді сарапшы. Жасыратыны жоқ, көптеген азамат өзінің қаржылық құқығын біле бермейді. Соның салдарынан қайта-қайта қарызға ұрынып жатады. Осының алдын алу үшін «AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын бастаған екен. Бұл бағдарлама қысқа уақыттың ішінде тиімділігін көрсетіпті. Бүгінгі таңда 52 мың адам оқытылған. Оқығандар сауатымыз енді ашылды дейді. Осы тұста жиынға жиылған шенділер, бағдарламаға ЕДБ де атсалыссын, оларды халықтың қаржылық сауатының ашылуына көмектесуге міндеттейік дейді. Басқасын былай қойғанда, «қаржылық сауаттылық» шынында халықты аздырған несие сүлігінен арылтар ең жөн шешім. Жайбарақат «қазір алып, кейін төлеймін» деп, «кредит бақытынан» басымыз айналып жүргенде, банктердің мойнымызға несие қамытын кигізіп, тұсап қойғанын байқамай қалыппыз-ау. Ендігі амал өткеннен сабақ алып, келер ұрпақ шалынбайтындай даңғыл соқпақ құру. Ал ол даңғыл жолды әркім өз бойынан бастап салғаны ер, дана халықтың көрінісі болмақ.
Нұрбол ЖЫЛЫС, «Заң газеті»


