Халқымызда «Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол» деген қанатты сөз бар. Әр шаңырақта ақыл айтып, өнегесін таратып отыратын қарттарымыздың болуы қандай ғанибет. Тәлімді тәрбиесін беріп, ұлағатты ұғымдарды өскелең ұрпағымыздың бойына сіңіріп, немере, шөберелерінің ортасында марқайып жүретін ата-әжелеріміздің орны қашанда бір төбе емес пе.
1-қазан — Халықаралық Қарттар күні» мерекесі аясында Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің мәжіліс залында арнайы жиын өтті. Оған осы салада ұзақ жылдар бойы тынымсыз еңбек етіп, ал бүгінгі күндері отбасына, департаменттің жас қызметкерлеріне тәлім-тәрбиесін беріп, тәжірибесімен бөлісіп отыратын ақылман қариялар шақырылып, бас қосты.
Департамент басшысы, әділет полковнигі Теңізжан Жәнібеков бүгінгі Қарттар күнінің елімізде аталып өтілетін маңызына тоқталды.
-Ардагерлер еліміздің алтын қоры. Тәжірибесі мол аға буынның өмір жолы біз үшін аса құнды. Сондықтан халқымыз ертеден-ақ үлкенге құрмет көрсетуді өсиет етіп, ұрпақтар арасындағы сабақтастыққа, үйлесімге ерекше мән берген. Сіздер сабырлылық, қарапайымдылық қасиеттеріңізбен біздерді мейірімділік пен еңбексүйгіштікке, Отанға, отбасына адал болуға, өнегелі, ізетті болуға тәрбиелеп келесіздер. Шуаққа толы жүздеріңізден күлкі кетпесін. Сіздердің ақ баталарыңыздан жеткіншек балапандарымыз, жас қызметкерлеріміз нәр алып, көгеріп, қоғамның саналы азаматына айнала берсін. Ауырмаңыздар, аман жүріңіздер,- деп тілек айтты Теңізжан Нұрмаханұлы.
Жиын соңында ардагерлерге сыйлықтар тапсырылып, ақ дастархан басында ақжарқын әңгімелер айтылды.
Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖД-ның баспасөз қызметі


