12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

«ҚАРА МЫСЫҚ»

– Жолдас, подполковник! – Иә, тыңдап тұрмын… – Жолдас, подполковник! Саулығыңызды тілеймін. – Айта беріңіз, құлағым сізде! – Жиырма бес жастағы келіншектің қарнын жарып, ақтарып тастаған… Із кесуші булығып, жылауға шақ тұр. Дір-дір еткен дауысынан-ақ майордың қатты үрейленіп қалғанын аңғардым. – Келіншек жүкті екен. Ішіндегі шарананы да бауыздап тастаған. – Іштегі шарана қанша айлық? – Жеті айлық. Полицияда қызмет еткеніме тура он жеті жыл. Осы уақыттың ішінде жантүршіктірер талай оқиғаның куәсі болдым. Талай сұмдықты естідім. Бірақ, «жүкті әйелдің қарнын жарып, ішіндегі шақалағын бауыздапты» дегенді естісем, құлағым керең болсын. Тіпті, басқа біреу айтса сенбес жағдай. – Жолдас, подполковник! Айғақ зат дейтіндей ештеңе жоқ. Криминалист тіпті саусақ ізін де таппай жатыр. Қылмысты қолғап киіп жасаса керек. – Майор, мені оқиға орнында күтіңіз! Қазір жетем! Ол кезде Алматы қаласы Ішкі істер департаменті Криминалды полиция басқармасының басшысы едім. Қалада орын алған шулы қылмыстарға өзім бел шеше араласатын кездер жиі болып тұратын. Қатардағы учаскелік полицей болып қызметін бастаған мен үшін кабинетте омалып отыра беру қорлықпен тең. Әйтеуір, кірпік ілмей қылмыскерлермен арпалысушы едік. Мен мінген қызметтік көлік «Саяхат» автобекеті маңына лезде жетті. Ол кезде «Саяхат» автобекетінің алып ғимараты бар, сол ғимараттың маңында ауылдан келгендер мен қалалықтар сапырылысып жататын. Жаяу жүргіншілер жерасты өткелімен ары да, бері де сабылып, бұл арадан кісі аяғы үзілмейтін. Жерасты өткел – жайма базар. Қаланың ең шулы жері болғандықтан, қылмыс та жиі жасалатын. «Саяхат» пен «Көкбазар» маңындағы қылмысты ашу да қиынның қиыны еді. Адам нөпірінің көптігі қылмыскердің ізін жасыруына қолайлы орай туғызатын. Шопырым «Тұлпар» сауда үйі орналасқан көпқабатты үйге бастады. Үйге кіре бере мауыққан мысықтардың ащы даусы құлақты тұндырып жіберді. Қас-қабағымды аңдып келе жатқан шопырым: «Атаңа нәлеттердің үнінің ащысын-ай» деді. Оның сөзіне езу тартып, жымиған болдым. Екінші қабатқа көтерілгенім сол еді, мені күтіп отырған криминалист, учаскелік полицей, тергеуші, жедел із кесуші бәрі қаз-қатар тізіліп тұра қалды. – Не жағдай. Түгел, бірін де қалдырмай баяндаңыздар, – дедім. – Жолдас подполковник, – деді майор оң қолын маңдайына сарт еткізіп, құрмет көрсетіп. – Келіншектің аты – Әнел! Тегі – Күнбасова. Жасы жиырма бесте. 1975 жылы Шымкент облысы, Түлкібас ауданында туған. Бес жасар баласы мен күйеуі бар. Мына пәтерді жалдап тұрған екен. Үй иелерімен де сөйлестік. Келіншек «Саяхат» жерасты өткелінде ұсақ-түйек заттар сатумен айналысыпты. Күйеуінің және көршілердің айтуынша, ешкіммен ұрыспаған. Мұндай айуандықпен өлтіреретіндей еш себеп таппай отырмыз. – Үйден не жоғалыпты? – Үй алуға деп жинаған екі мың доллар, теледидар, сосын, әшекей бұйымдар. Мен алға аттап, қылмыс болған бөлмеге кірдім. Төр алдында бір бүйірлеп келіншек жатыр. Майордың айтқаны рас екен. Жүкті әйелдің қарнын ақтарып, құрсақтағы жеті айлық шарананың басын кесіп алған. Анасының жанында шарананың денесі мен басы бөлек жатыр. Ұзақ қарап тұруға шыдамым жетпей, қабырға жаққа жанарымды аудара қойдым. Қабырға тола баланың қолымен салынған суреттер екен. Әлгі суреттердің ішінде мысықтың бейнесі көзіме оттай басылды. – Күйеуі қайда? – Сыртта. Жедел жәрдем қан қысымын өлшеп, тыныштандырып жатыр. – Мұнда келе ала ма? – Қазір шақырайық! Келіншектің күйеуі майорға ере кірді. – Мына сұмдықты көргім келмейді, – деді күйеуі кіре сала еңкілдеп жылап. Оның солқылдап жылағанына қарап тұру мүмкін емес. Өзімді әрең ұстап қалдым. Аз болмағанда онымен қоса егіліп сала беруім мүмкін еді. Менің көңілім босаса, құзіретімдегі қызметкерлердің жайы қалай боларын елестету мүмкін емес. – Мына суреттерді кім салды? – Балам. – Мына мысықтың сұлба бейнесін де ме? – Иә… – Мынау баланың шатпақ сызықтарындай емес, анық бейне ғой. – Ағасы, менің келіншегімді, ішіндегі шаранасымен қоса жарып кетті. Сіз келеке еткендей қабырғадағы суретті сөз етіп отырсыз! – деді күйеуі ызаға булығып. – Жақсы, боссыз, – дедім оған. Қабырғадағы мысықтың бейнесіне қайта көз жібердім. – Майор, үйден тағы не жоғалған? – Келіншектің қалта телефонын таппадық. – Майор, менімен бірге жүріңіз. Келіншектің телефон нөмірін сұрадыңыз ба? – Сұрағам. Міне, іске тіркеп қойдым. – Қоңырау соқтыңыз ба? – Соқтым. Қосулы тұр. Бірақ, ешкім көтермеді. – Енді қайыра қоңырау соғудың қажеті бола қоймас, – дедім мен…

– Құрманбаев келді ме, мұнда? (Аса ауыр қылмыстар жөніндегі бөлім басшысы), – деп сұрадым қолына қолғап киіп алып, оқиға орнын жіті тексеріп жүрген криминалистен… – Подполковник мырза! Жолдас Құрманбаев сіздің алдыңызда ғана келіп кетті. *** Майор екеуміз Райымбек даңғылына шығып, Фурманов көшесіне қарай аяңдап жүріп келеміз. Жапалақтап қар жауып жатыр. Көше бойындағы көліктер іркес-тіркес қаз-қатар тізіліп, кептелісте тұр. – Майор жолдас, «Қара мысық» қылмыстық тобы туралы естіп пе едіңіз? – Әрине, білем! Орыстардың Иван Митині құрған қылмыстық топ туралы аңыз өте көп қой. – Иван Митиннің қандай адам болғанын да білетін шығарсыз. – «Еңбек Қызыл ту» орденіне ұсынылған адам. Иван Митиннің қылмыстық тобына кіл коммунист-стахановшылар, әскери академияның курсанттары мүше болғанын майор жақсы біледі екен. Майор сол Митиннің бандиттері жайлы біраз мәліметті есіме түсірді. – Олар қанқұйлы қылмысын жасаған соң, не істейтін еді? – Қабырғаға қара мысықтың суретін салып кететін. Бірақ, подполковник мырза, кейбір зерттеушілер Иван Митиннің баскесерлері ондай сурет салмағанын, бұл елдің шығарып алған қауесеті екенін айтады. – Бүгінгі қабырғадағы сурет жайлы не дейсіз? – Оны іске тіркейін бе? – Жоқ, елді дүрліктірудің қажеті жоқ. Сонда да ойыңызды білгім келеді… – Әрине, әкесі айтқандай ол суретті бес жасар баласының салуы да мүмкін. Тіпті, қылмыскердің қолтаңбасы болуы да ғажап емес. – Егер қылмыскерлер салған болса, олар мұнымен не айтқысы келді? – Подполковник мырза, кешіріңіз қылмыскерлер ме, қылмыскер ме, әлі анықтай алмадық. Мүмкін бұл айуандықты жалғыз адам жасаған шығар. – Әбден мүмкін. Сұрағыма жауап беріңіз. – Иван Митиннің «Қара мысығын» білетін біреулер шығар. «Қара мысық» туралы түсірілген «Место встречи изменить нельзя» фильмін көрген адам еліктеп, қабырғаға қара мысықтың суретін салған болар» деген ой маған да келген. Осыны ойлап: – Рас, кейбір қылмыстың еліктеп жасалатынын жоққа шығара алмаймын, – дедім де ойланып тұрып қалдым. Майор да менің сөзімді жалғауымды күткендей, аузыма қарап қалыпты. – Жалпы, мұндай қылмыстардың қоғамға жария болып кетуінен сақтану керек. Адам психологиясы естігенін қайталап көруге бейім тұрады. Бір қылмыстық іс газетке жарияланды деген сөз, артынша ондай қылмыстың бірнешеуі тіркелетінін тәжірибемнен байқап жүрмін. – Журналистерден абай болу керек дейсіз ғой. – Абай болғаның не, жақын жолатпау керек. – Подполковник мырза! Қабырғадағы сурет жайлы сіздің ойыңызды білсем бола ма? – Менің ойымды қоя тұрыңыз! Қабырғаға сурет салу арқылы қылмыскер, я қылмыскерлер бізге не айтқысы келді?. «Еліктеу» дедіңіз. Одан басқа… – Орыстардың арасында Иван Митиннің қылмысын «адам емес, қара мысық жасапты» деген мистикалық әңгіме өршіген. Қылмысқа мистикалық астар бергісі келуі мүмкін. – Ондай мистиканың қылмыскерге қандай қажеті бар? – Бізді үрейлендіргісі келген шығар. – Жүкті әйелдің қарнын жарып, шаранасын бауыздап тастау үрейленуімізге жеткілікті қылмыс емес пе? Майор екеуміз жаяулап жүріп отырып, Райымбек пен Наурызбай батыр көшелерінің қиылысына жеттік. Қалта телефоным шыр етті. Әйелім екен. Менің жұмысымның ауырлығы оны қатты алаңдататын. Күніге бір-екі мәрте телефон соғып, жайымды біліп тұратын. Келіншегіме жағдайымның жақсы екенін, алаңдайтын ештеңе жоқтығын айттым. Телефон тұтқасын қоя беріп, «sms» келгенін көрдім. Ашып қарасам, Kcell байланыс операторынан екен. Олар жаңа жыл қарсаңында клиенттер арасында ұтыс ойнатып жатқан көрінеді, оған қатысу үшін әлдебір санды «sms-пен» жолдау керегін жазыпты. – Майор мырза, Әнелдің телефон нөмірі қандай еді? – Бағана іске тіркегем. Қағаздар оқиға орнында қалды. – Дереу нөмірді әкеліңіз. Біз майор екеуміз де кері айналдық. Бағанағындай емес, жылдамдата басып келеміз. Абылай хан даңғылына жете бере жол жиегінде кафе тұр екен. Мен сол кафеде кофе ішіп, жылына тұратынымды айттым. *** Екі мыңыншы жылдарда қылмысты телефон арқылы ашу деген болмайтын. Қазіргідей ІТ технология дами қоймаған, қарақшылар қолды болған телефонның нөмірін ауыстырмай-ақ пайдаланып жүре беретін заман еді. Нөмір жеке тұлғаның атына тіркелмейтіндіктен, олардың кіммен байланыс орнатқанын, кіммен қай жерден сөйлескенін анықтау мүмкін емес-ті. Бүгінгідей телефон арқылы күдіктінің қайда жүргенін анықтай қоятын мүмкіндікті қиялдай да алмайтынбыз. Кафеге кіріп, оңаша һәм жайлы орын іздеп, алға озғаным сол еді, аяғыма әлдебір қара мысықтың орала кеткені. Жүрегім аузымнан шығып кете жаздады. Аяқ-қолым дірілдеп, өз-өзімді ұстай алмай қалтырадым да қалдым. «Адам деген – жыртқыш аң. Кім әлді сол әлсізді жұлып жейді» дедім өз-өзіме. Бұл сөзді неге, кімге айтқанымды өзім де білмеймін. Сол-ақ екен, жанарымнан жас саулады. Бір бүйірлей қарны ақтарылып жатқан келіншек. Оның қасында басы кесілген шарана. Айтуға оңай болғанымен, көзбен көрген картинаны ұмыту әсте мүмкін емес еді. «Ертең рапорт жазып, қызметтен кетем» дедім. «Мынандай сұмдықты көрмей де жан бағуға болады». – Сізге не болды? Сізге не болды, аға, – деп бәйек болып жатыр даяшы қыз. Формадағы подполковниктің жылағанын көріп шошып кеткен. – Ештеңе де болған жоқ, қарындас. Алаңдамаңыз, – дедім. – Маған дереу жүз грамм арақ әкеліңіз. Тек тезірек жеткізіңіз. Даяшы қыз сөзімді екі етпеді. Графинге құйылған жүз грамм мөлдір суды кішкене стаканымен алдыма қойды. Стаканды ысыра салып, графиндегі арақты басыма көтере салдым. Ішімдік ішімді күйдіріп бара жатыр. – Қарындас, енді елу грамм. Сосын, қоюлап кофе әкелсеңіз. Арақты тіскебасарсыз қотара салғаныма даяшы таңқала қарап қалыпты. Оның көзіне қарғаным сол еді, қайтадан ішім алай-дүлей болып кетті. – Жасыңыз нешеде? – дедім өксігімді баса алмай. – Жиырма бесте, – деді даяшы қыз менен көзін ала қашып. – Сендей жап-жас, сенімен түйдей құрдас, дәл сенімен жасты… Ары қарай айтар сөзім көмейіме кептеліп, ештеңе айта алмай тежеліп қалдым.

Сөйттім де: – Сендей әдемілікті аялау, қорғау керек қой, қарғам, – дедім. – Аға, қызып қалған сияқтысыз. Такси шақыртайын, үйіңізге қайтасыз ба? – Анау мысық кімдікі? – Қожайындікі. – Маған ұстап бересіз бе? Мысықтарды қатты жақсы көруші едім, – дедім мен. Даяшы айтқанымды әп-сәтте орындады. Қара мысықты алдыма қондырдым да, бір қолыммен кеудесінен ұстап отырып, екінші қолыммен арқасын сипалай бердім. Ол байғұс сытылып кете алмасын білген соң, амалсыз менің дегеніме көнгендей маужырап, көзін жұмды. Жүкті келіншектің кеше ғана мынау даяшы қыздай алаңсыз жұмыс жасап жүргенін ойлап едім, «рапорт жазып, қызметтен кетемін» деген ой санамнан ұшты-күйлі жоғалды. Оның орнын «Қайтсем де қанішерлерді тауып, жазасын беремін» деген ой басты. Осы сәтте алқын-жұлқын майор да жетіп еді. Мен шіреніп отыра қалдым. Майор алдымнан қара мысық көрем деп ойламаса керек, шошып кетті. – Под-пол-ков-ник мыр-за, қо-лы-ңызда қа-ра мы-сық… – деді тұтығып. – Қайдағы мысықты айтып отырсың? – дедім ештеңені аңғармай тұрған адамның кейпінде. – Қо-қо, қа-қа, мы-мы… – деп кекештеніп, жұтына берді. Аяқ-қолы дір-дір етеді. – Көзіңе жын көрініп тұр ма? – дедім ашуланған болып. – Қа-қа, – деп лоқсыды. – Майор жолдас, қорқа көрмеңіз. Кәдімгі үйдің мысығы ғой, – деп әудем жерге қолымдағыны лақтыра салдым. Мысық ұшып барып, жерге аяғымен түсті. – Майор, өз-өзіңізді қолға алыңыз. Міне, мына суды ішіп жіберіңіз, – деп елу грамм арақты графинімен алдына жылжыттым. Майор да арақты бір-ақ қылғытты. Сөйтті де жылап жіберді. – Кешіріңіз, подполковник мырза! Кешірім етіңіз! Сөйтті де, тұра сала әжетханаға қарай жүгірді. Мен ақырын тұрып, артынан бардым. Майор әжетхана ішін кілттеп алып, лақылдатып құсып жатыр екен. «Иттер, малдар… Өлтірем. Қолыма бір түссінші, өздерін бауыздап тастаймын» дейді құсып жатып. Мен түк естімеген адамдай кері қайттым. Форма кигені болмаса, полицей де адам. Оның да босауға, жылауға хақы бар. Және оның жылағаны адамға жаны ашығаны ғой. Өзі мүлдем танымайтын бөтен біреуге жан ашу іштегі адамдық қасиетінің өлмегенін білдіреді. Мен майордың адамдықтан кетпегеніне риза болдым. Онымен ашық әңгімелесуге, сырласуға болатынын аңғардым. Майор әжетханадан шыға беріп еді, қара мысық дәл бағана менің аяғыма оралғандай оның да аяғының астына жетіп барды. Майор мысықтың ішінен аямай бір теуіп, доптай ұшырды. Сөйтті де қарсы алдымдағы орынға келіп жайғасты. *** – Подполковник мырза, мені кешіріңіз… – Ештеңе етпейді. Жылап алғаныңыз дұрыс болды. Жеңілдеп қаласыз. Майор менің бетіме таңқала қарады. Бастығынан мұндай жылы сөз естимін деп ойламаса керек. – Бағанағы әңгімеден кейін үйге қайта кіріп қабырғадағы суретті көрдім. Баланың салғанына мүлдем ұқсамайды. Қылмыскер салған. – Олай кесімді ой айтуға ертерек, – дедім мен. – Жоқ, қылмыскер салған. Мұны қылмыстық іске айғақ зат ретінде тіркеу керек. – Майор, қажет емес. Мүлдем қажет емес. Ол суретті ұмытыңыз. Маған келіншектің телефон нөмірін беріңіз. – 8 301 487 15 .., – деп сосын соңғы екі санын айтты. Екі мыңыншы жылдарда Қазақстанда екі ғана байланыс операторы қызмет ететін. Біреуі – Kcell, екіншісі – K-mobile. Kcell нөмірінің бастапқы саны, 8 301…, K-mobile-дікі 8 333… деп басталушы еді. Қанышерлердің қолынан ажал құшқан Әнелдің байланыс операторы Kcell екенін нөмірінен-ақ аңғардым. Сөйттім де, шопырыма «тез жет» деп телефон соқтым. – Жүрек жалғап аласың ба? – дедім майорға сосын. – Мына жағдайдан кейін ас бата ма, подполковник мырза! – деді ол. – Бір тал айғақ зат жоқ. Куәгер жоқ. Қылмыс ертеңгі ондар шамасында жасалса керек. Көршілердің бәрі жұмысына кетіп қалған. Үйге кімнің кіргені, кімнің шыққаны да белгісіз. Қылмысты дәп бір қара мысық жасағандай… – Таусыла берме, – дедім майорға. Кез келген қылмысты ашар кілт болады. Дәл ілмек жіп секілді. Сол ілмекті іліп алып тартсаң, бәрі сөгіліп сала береді. – Подполковник мырза! Қара мысық жайлы өз ойыңызды айтпадыңыз. – Айтқанда былай ғой. Біздің әңгімеміз осы жерде қалатынына сөз берсең… – Әрине, осы жерде қалады. – Қара мысық туралы мистикалық әңгімелер патшалық Ресей кезінде басталғанын білесің ғой. – «Қара мысық» қылмыстық тобын Иван Митин құрмап па еді? Кеңестік кезең… – Жо-жоқ, Митиннің аңызы бұрынғы сұмдықтардың жалғасы. Романовтар әулеті биліктен кетпей тұрып, жантүршігер қылмыстар көбейген. – Ал, Митиннің қанішерлері ше? – Ол жай ғана дүние… Патшаның кезінде қылмыскерлер қылмыс орнына өлген мысықтың денесін тастап кететін болған. – Кәдімгі өлген мысықты ма? – Иә… Мысықты өлтіріп лақтырып кетеді. – Әлгі «қара мысық алдыңды кессе, жолың болмайды» деген ырым содан пайда болған-ау… – Ол да мүмкін. Айуандықтың өлшемі жоқ. Әр қылмыс үшін қара мысық табыла бере ме? Кейіннен қара мысықтың суретін салып кетуді әдетке айналдырды. – Қара мысықты өлтіру, я оның суретін салу не үшін керек? – Бұл заң орындарына «бәрібір біздің қылмысты аша алмайсыңдар» деген белгі. – Криминалогия ғылымы ашылмайтын қылмыстың болмайтынын оқытады емес пе? – Майор, сіз мына жайды ұмытпаңыз. Әділеті жоқ қоғамда жантүршіктірер қылмыс көбейеді. Ол қылмысты ең алдымен билік басындағылардың өзі жасайды. Шенділердің жауапқа тартылмауы, жазаланбауы қоғамдық санаға әсер етеді. Сосын, мемлекетте биліктің қылмысынан да асып түсер айуандықты жасайтын қылмыстық топтар пайда болады. – Олар түбі ұсталады ғой. – Түбі емес, қылмыс ізі суымай жатып, сол сәтте-ақ ашылуы мүмкін. Қылмыскер өзін ұстаған полицияға пара береді де, тайраңдап бостандыққа шығады. – Полицейді, ол көнбесе прокурорды, ол болмаса сотты сатып алады дейсіз ғой… – Иә, дәл бүгінгідей. Ұсталған қылмыскер жауапқа тартылмаған соң, артында не қалады? Қара мысықтың суреті. – Сосын, қылмыскердің табылмауы, табылса да жазаға тартылмауы «Қара мысық» туралы аңыздардың шоғын үрлеп береді. – Мұндай қылмыстар әділетсіз биліктің ауысар шағында, қоғамдық сана өзгеретін кезеңде тым көбейіп кетеді. – Иван Митиннің де «Қара мысығы» Сталиннің төсек тартып жатқан уағымен тұспа-тұс келіпті. Көп ұзамай Хрушевтің жылымық кезеңі басталған. – Дұрыс айтасың, майор жолдас. – дедім тағы майорды қоштап. Иван Митиндер Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ер жетіп қалған балалар еді. Соғысқа жасы жетпей, бара алмаған. «Соғысқа барсақ, біз де батыр болар едік» деген сөзі де бар ғой, Иванның… Егер ол бейбіт күнде жер жастандырған құрбандарын майдан даласында өлтірсе, сөзсіз Кеңес одағының батыры атанар еді… Еңбек Қызыл ту орденін алу да оның жанкешті адам болғанының айғағы…

Осы жайларды майорға түсіндірген болдым. – Сөзіңізді бөлгеніме кешіріңіз, подполковник мырза! Сіз билікті, билік жүйесін, қоғамды кінәлап, қылмыскерлерді ақтап алып отырған жоқсыз ба? – Иә, сыртқа солай көрінуі мүмкін. Әнелді өлтірген қылмыскерлер қабырғаға мысықтың суретін не үшін салды деп ойлайсың. «Қапелімде ұстала қалсақ та, пара беріп, бостандыққа шығамыз» деген емеурін емес пе? «Адам емес, қара мысық жасады» деп мистикаға итере салу бәріне оңай. Әділетсіз қоғамда қылмысқа жауапты адам табу мүмкін емес. Қылмыс атаулыға кінәлі тек қара мысықтар… Мұның соңы – хаос. Меніңше, адамның жанын түршіктірер қылмыс көбейгенде биліктің ауысқаны дұрыс. Ол ауыспаса, соңы қантөгіске апарады. Осы жайларды майорға тәпіштеп түсіндірген болдым. – Кешіріңіз, подполковник мырза! Мен сіздің сөзіңізге келісе алмаймын. Алматыдағы бір ғана қылмыс үшін, бүкіл билік жүйесін, саясатты кінәлау дұрыс емес. Қылмыскердің айуандығын қоғамдық жүйеге қарсылық ретінде бағалау тіпті қисынсыз. – Сіз тым еркінсіп кеткен сияқтысыз, – дедім майорға қабақ шытып. – Кешіріңіз, мен байқамай… Сонда да… – деп кілт тоқтады. Дәл осы сәтте шопырым телефон соғып, есіктің алдында келіп тұрғанын хабарлады. Біз көлікке міндік. Шопырға Kcell-дің кеңсесіне баратынымызды айттым. *** Біз мінген көлік Абылай хан даңғылымен жоғары қарай су жорғадай ағызып келеді. – Майор, сенің сөзіңнің де жаны бар шығар, – дедім сізден сенге көшіп. – Кім білсін? – деді майор далаға қарап. Көлігіміз лезде Абай даңғылына жетіп, Республика сарайы жаққа бұрылды. – Сіздің айтқаныңыз рас болса, Желтоқсан көтерілісінің алдында да айтуға ауыз бармайтын қылмыстар көбеюі керек еді ғой. – Адам жегіш Жұмағалиевтің қылмысын ұмытпаңыз, – дедім майорға. – Сосын, адам етінен бәліш жасап сатқан әйелдің ісі де есіңізде болсын. – Рас, мұндай шетін оқиға әр кезеңде болып тұрған. Бірақ, оның бәрі саналы түрде билікке жасалған протест емес қой. – Бүгінгі қылмысты да билікке, я қоғамға жасалған протест деп тұрғаным жоқ. Қылмыскер өзі де бұл ісін жүйеге көрсеткен қарсылығым деп ойламайды. – Сонда не? – Ырықсыз дүние… Мұны дабыл деп түсіну керек. Биліктің ауысу керектігін білдіретін сигнал. – Ол сигналды берген қылмыскерлер ақылды ма, сонда? – Жоқ. Бұл мемлекет заңын сыйламаудың белгісі. Заң бай мен жарлыға ортақ болмаған елде бейберекетсіздік басталады. – Ол бейберекетсіздіктің соңы төңкеріс қой. – Иә, төңкеріс. Бүгінгі қылмыскерлер ырықсыз, яғни өздері сезбесе де жүйенің ауысар кезінің жеткенін хабарлап тұр. Көлігіміз Достық даңғылына жетіп, тағы да жоғары бұрылды. – Подполковник мырза, сіздің айтқан философияңызды екеуміз мойындадық, ал. Сосын, не өзгереді? – Ештеңе де… Бұл кезде біз Оқушылар сарайының алдынан өтіп бара жатыр едік. – Майор, сіздің ойыңызша келіншекті кім өлтіруі мүмкін? – Бандиттер. Бандиттер барлық базарларды билеп тұр ғой. Саудагер келіншектен айына салық алып отырғысы келген шығар. Оған Әнел көнбеген… – Сосын… – Әнел мен күйеуінің үй алу үшін ақша жинап жүргенін білетін таныстары… – Таныс адам болса, не үшін шарананың басын кесіп алады? – Білмеймін… Үшінші нұсқа күйеуі болуы мүмкін. Әнел ойнас жасап, басқа біреуден жүкті болып қалған… – Майор, алдымен бандиттер деген нұсқаны тексеру керек сияқты. «Саяхат» жерасты өткелін қандай мафия «крышавать» етеді. Соны анықтау керек. Саудагерлер бірігіп, оларға наразылық танытуы мүмкін. «Тағы бас көтерсеңдер, сендерді де, бала-шағаңды да аямаймыз» деген сигнал болып шықпасын… – Жерасты өткелдегі саудагерлер жақ аша қояды дегенге сенбеймін. Қызметтік көлігіміз Достық даңғылымен зулап келіп, Жолдасбеков көшесінен оңға бұрылды. Қонаев дәуірінде салына бастаған алып стадион тасбақадай жарбиып жатыр. Қаланың қақ ортасындағы салынып бітпеген ғимарат шаһардың көркін бұзып тұрғандай. Айналасы толған жайма базар. Ол кезде Алматыда жайма базар өте көп еді, бірақ бүгінгідей әйнек үйлер жоққа тән болатын. Түріктер салған «Анкара» қонақ үйі мен Самал ықшамауданындағы жиырма қабатты Kcell-дің ғимаратына таң қала қарайтынбыз. Көлігіміз Жолдасбеков көшесінен Меңдіқұлов көшесіне бұрылды да, Kcell операторының бас кеңсесі саналатын көпқабатты әйнек үйдің алдына тоқтай қалды. – Майор, менімен бірге жүріңіз, – дедім серігіме… *** Kcell компаниясының бастығы түрік жігіті екен. Біздің алдымызға тәтті тоқаштар әкеп қойды. Сосын, түймедей ғана стаканға құйылған қою қара шай алғызды. – Шайдан алып отырыңыздар, – деді түрік жігіт бәйек болып. – Ықыласыңызға алғыс айтамын, – дедім мен. – Kcell компаниясының ұтыс ойынына қатысты сұрақтарым бар еді, – деп сөзімді жалғадым. – Сіз қарсы болмасаңыз, компанияның заңгерін шақырайын, әлдебір заңсыз әрекет жасадық па? – деді түрік жігіт ішкі қорқынышын жасыра алмай. – Заң бұзсаңыздар прокуратураның санкциясымен бір-ақ келер едік, – дедім мен. – Жай, қылмысты ашу үшін көмек сұрай келдік. Заңгердің қажеті бола қоймас. – Қызметік куәлігіңізді көрсем бола ма? Кешіріңіз… Мен ауыз күйдірер ыстық шайды бір ұрттап алдым да, төсқалтамдағы куәлігімді суырып, қолынан ұстата салдым. Түрік жігіт «Алматы қаласы Ішкі істер департаменті Криминалды полиция басқармасының басшысы, подполковник Бәкіров Әди Әлімұлы» деген жазуды ежіктеп, әрі дауыстап оқып шықты. – Өзіме жазып алсам бола ма? – деді сосын. – Қарсы емеспін, – дедім мен. Ол алдында тұрған қалың дәптерге атыжөнімді, қызметімді латын әріптерімен тым тез жазып шықты да, «құлағым сізде» деді. – Ұтыс ойын туралы «sms» кімдерге жіберіледі? – Барлық абонементке. – Бұдан компанияға қандай пайда бар? – Бүкіл Қазақстан бойынша ұтысқа қатысқысы келетіндер бізге миллиондаған «sms» жолдайды. Әр «sms»-тің құны 9 теңгеден. Қоңырау шалудың құны арзандаған сайын, клиенттер бір-біріне «sms» жазбайтын болды. Біз Жаңа жыл мерекесінің алдында ұтыс ойнатып, «sms»-тен түсер пайданы еселеп алғымыз келді. – Сыйлық қалай беріледі? – Sms-тен түскен пайданың отыз пайызына бағалы сыйлықтар аламыз. Жеңімпаздар ұтқан сыйлықтарын Ксell компаниясының өнімін сататын кез келген дүкеннен алып кете алады. – Бір нөмірге сыйлық алғаны жөнінде «sms» жіберсек… Өте ауыр қылмысты ашу үшін ауадай қажет болып тұр. – Ресми хат жолдасаңыздар, заңгерлер келіссе… – Ресми хат та жолданады, заңгерлер де келіседі, – дедім мен. – Мен айтқан «sms-ті» дәл қазір жолдауымыз керек. Ыстық қою шайды сүйсіне сораптап ішіп отырған жігітке Әнелдің 8 301 487 15 .., – деп басталатын нөмірін бердім. – Қаланың ортасында сіздердің өнімді сататын қандай дүкендер бар? – ЦУМ-да… Түрік жігіт қаладағы барлық дүкендерді тізе бастап еді, мен оны тоқтаттым. – ЦУМ-да қай қатар, қай орын?

– Бірінші қабат, екінші қатар, он үшінші орын. – Маған қағаз бен қалам берсеңіз. Түрік жігіт берген қағазға: «Құрметті, абонемент! Сізді Kcell компаниясының ұтысын жеңіп алуыңызбен құттықтаймыз! Бағалы сыйлығыңызды 27 желтоқсан күні сағат 15.00 мен 18.00 арасында әкетсеңіз болады. Біздің мекенжайымыз ЦУМ сауда орны, 1 қабат, 2-қатар, 13-орын»… – Майор, компанияның заңгерімен сөйлесіңіз. Дереу менің атымнан компанияға ресми хат жазыңыз! – Ал, сізге айтарым, sms дәл қазір жолданатын болсын! Бұл өте маңызды бұйрық. Орындау сіздің міндетіңіз, – дедім сөзімнің соңын түрік жігітке арнап. Осыны айттым да, орнымнан тұрып жүріп кеттім. *** Жұмыс орныма жетіп, Алматы қалалық ішкі істер департаменті басшысының қабылдауына кірдім. Қылмыс жайындағы барлық мәліметті генералға баяндадым. Арнайы операция ұйымдастыратынымды, ертең сағат үшке дейін ЦУМ-ға Жетінші басқарманың жігіттерін жұмылдыру керектігі туралы ойымды айттым. Kcell-дің менеджері ретінде әдемі полицей қызды қойып, оны дабыл беру тетігімен қамдау керектігін де жеткіздім. – Подполковник жолдас, сіз баланың ойынын ойнап отырсыз, – деді генерал бірден. Генералдың ойымды құптамайтынын білгенмін. Себебі, бастығым аса белсенді қызметкерлерді ұнатпайтын. Сондықтан да, бізде жұмыс барысына тың идея қосу, жеке ой айту деген мүлдем жоқ. Берілген тапсырманы ғана орындаймыз. Қағаз-құжатың дұрыс болса болғаны, басқаға бас қатырмайды. – Қазір әркімді бір тергеп, қағаз толтырып отыратын кез емес, генерал мырза! – дедім мен әдейі. – Бұл әрекетіңіз нәтижесіз болса қайтесіз? – Қол қусырып, қарап отырғаннан гөрі осыным дұрыс деп ойлаймын. – Оныңыз да жөн шығар. Аса ауыр қылмыстар бөлімінің басшысы Құрманбаевпен сөйлестіңіз бе? – Оқиға орнына мен барған кезде ол кісі кетіп қалған екен. – Құрманбаевпен ақылдасыңыз. Бұйрық дайындап қоямын. Жетінші басқарманың жігіттері сіздің құзырыңызда. Барыңыз! Генералға «қағаз толтырып» деген сөзім тікендей қадаларын білемін. Осылай алдын алып, ықтырып алмасам, операцияға рұқсат етпеуі мүмкін еді. Генералдан шығып, жолай Алпамыс Құрманбаевтің кабинетіне соқтым. Ол кісі орнында жоқ екен. Хатшысы жұмыстармен қалада жүргенін айтты. Сол жерде тұрып Құрманбаевқа қоңырау шалдым. Ол жарты сағаттан кейін менің кабинетіме кіріп шығатынын айтты. Кабинетіме келдім де, хатшы қызға «Құрманбаевтан басқа мені ешкім мазаламайтын болсын» дедім. Жұмыс орнымда шағын тоңазытқыш бар еді. Соның ішінде ылғи да коньяк тұрады. Тастай суық бір стақан коньякты іштім де, диванға жантая кеттім. Қанша ойламайын десем де, көз алдымнан бір бүйірлей жатқан Әнелдің, оның жанындағы басы кесілген шарананың картинасы кетер емес. Әнелдің күйеуін тергеу керек шығар деген ой келді. Тергеушіге қоңырау шалдым. – Әнел Күнбасованың күйеуінен сұрақ-жауап алынды ма? – Алдық, подполковник мырза! – Толтырған хаттамаңызды әкелсеңіз. Танысып шығайын деп едім. Телефон тұтқасын қойдым да, хатшымды шақырдым. – Қазір тергеуші хаттама әкеледі. Дереу менің қолыма тигізіңіз. – Құп болады, подполковник мырза! – деп күлді хатшы қыз. – Неге күлесіз? – Қазір ғана Құрманбаевтан басқа ешкім мазаламасын дедіңіз ғой. – Дедім… Хатшыға қосыла мен де күліп жібердім. Жарты сағат демалайын деген ойымнан лезде айнып қалғаным, ылғи да осылай жұмыс істейтінім шынында күлкілі жай еді. Арада бес минут өтпей жатып, қолыма Әнел Күнбасованың күйеуінен алынған сұрақ-жауап хаттамасы тиді. Тергеуші: Үйге қаншада келдіңіз? Күнбасов: Сағат түскі бірден он бес минут кеткенде… Тергеуші: Не үшін келдіңіз? Күнбасов: Жұмыс жақын болған соң келіншегім екеуміз түскі асты үйден ішетінбіз. Тергеуші: Келген кезде күдікті ештеңе байқамадыңыз ба? Күнбасов: Жоқ, ештеңе байқамадым. Тергеуші: Есік ашық қалып па? Күнбасов: Жоқ, құлыптаулы тұрды. Қоңырауды басып едім, ешкім ашпады. Сосын, Әнел дүкенге кеткен шығар деп есікті өз кілтіммен аштым. Тергеуші: Келіншегіңіз екеуіңізден басқа кімде кілт бар еді? Күнбасов: Ешкімде. Тергеуші: Балаңыз қайда еді? Күнбасов: Азанда балабақшаға апарып тастағанмын. Тергеуші: Түске дейін жұмыста болғаныңызды немен дәлелдейсіз? Күнбасов: Жұмыстағылардан сұраңыз. Ертеңгі 9.30-дан түскі 13.00-ге дейін орнымнан қозғалмай жұмыс жасадым. Тергеуші: Әйеліңіз сізге біреулермен өштескенін, я қорқытқанын айтпап па еді? Күнбасов: Жоқ, ондай ештеңе айтқан емес. Тергеуші: Екеуіңіздің араңызда ұрыскеріс болған жоқ па? Күнбасов: Жоқ, келіншегіммен ұрысқан емеспін. Хаттаманы судыратып толық оқып шықтым. Хаттамадан түсінгенім, есікті Әнелдің өзі ашқан. Яғни, қылмыскердің таныс адам болуы әбден мүмкін деген сөз. Тергеуші туыстары, достары, араласатын адамдары туралы да сұрапты. Бірақ, Күнбасов күдік келтіретіндей ешқандай деректің шетін шығармаған. Демек, үй алуға жинаған ақшаның барын білетін адамның ісі болып шығуы да ғажап емес. Хатшым Құрманбаевтің келіп тұрғанын хабарлады. *** Алпамыс Құрманбаев екеуміз Қарағандыдағы милиция даярлайтын оқу орнында қатар оқығанбыз. – Әлеке, айтуға ауыз бармайтын сұмдық жағдай ғой, – деп бастады әңгімесін Құрманбаев. – Үш ұйықтасаң да, түсіңе кірмейтін жағдай. – Иә, менің де ақылыма сыймайды. Айғаққа жарайтын не бар? – «Саяхат» автобекетін қазір кімдердің «крышавать» ететінін анықтадым. Олармен Күнбасованың байланысы болмаған. Арнайы базарком бар екен. Сол базардағылардан айына бес мың теңгеден жинап, «Жетеудің» жігіттеріне салық төлеп тұрады екен. – Демек, жай «шпаналардың» (бандиттердің «алып кел, шауып келін» орындайтын ұсақ бұзақылар) ісі болуы мүмкін ғой. – «Шпаналар» «Жетеудің» қоластындағы жерасты өткеліне барып, мұндай сойқанды сала алмайды. – Басқа не анықтадыңыз? – Бір жігіт ылғи Күнбасоваға гүл әкеп тұрушы еді дейді көрші саудагерлер… Оның сыйлықтарын Күнбасова алмайды екен. – Міне, әңгімені осыдан бастамайсыз ба? – Ол жігіт жайлы басқа нені анықтай алдыңыз? – Жасы жиырмаға енді толған бозбала көрінеді. Күйеуі бар, баласы бар келіншекке ылғи қырындап, мазасын алатын болыпты. Ылғи, жерасты өткелден, Әнелдің қасынан шықпайды екен. – Фоторобот жасаттыңыздар ма? – Жасаттық, міне… – Экспертизаның алдын ала болжам қорытындысы шықты ма? Күнбасова зорланған ба? – Экспертиза қортындысы қазір шыға қоймайды ғой. Алдын-ала болжамға қарағанда келіншекті зорламаған. Ешқандай күдік келтіретіндей белгі жоқ. Фотороботқа көз салдым. Аузынан уыз дәмі кеппеген бозбала. Оның осындай айуандық жасауы мүлдем мүмкін еместей көрінді. – Мына жігіт тым жас екен, – дедім Алпамысқа сынай қарап. – Мұның жыртқыш болып шығарына сене алмай отырмын. – Сонымен, күдіктілер ретінде кімді тануға болады? – деді Алпамыс. – Бірінші – күйеуі, екінші фотороботтағы – жігіт. – Бандиттер ше? – Оларды да тексеру керек, – дедім мен. Біз Алпамыс Құрманбаев екеуміз ертең ЦУМ-да болатын операция жайында ақылдастық. Құрманбаев менің «қара мысық» туралы күдігіме «Әлеке, қылмысқа мистикалық көзқараспен қарау дұрыс емес» деп күлді. «Баланың қабырғаға салған шатпағын қылмыспен байланыстырып, тергеушілердің басын қатыра көрмеңіз» деді езуіндегі күлкісін жия алмай. Алпамыстың бұл сөзін естіп, генералға қабырғадағы мысықтың бейнесі туралы ештеңе айтпағаныма қуандым. *** Ертесі күні таңғы сегізде майор екеуміз және кездестік. Жетінші басқарманың жігіттері сақадай-сай екенін мәлімдеді. – Операцияға өзіңіз басшылық етесіз бе? – деді майор тапсырманы толық орындағанын жеткізген соң. – Иә, өзім басқарамын. Қасымда Құрманбаев та болады. – Подполковник мырза, мені кеше Құрманбаев өзіне шақыртқан. Ол кісі сіздің Жаңа жылдық ұтыс жайлы операцияңызға сенбейтінін байқатты. «Әлекең баланың ойынын ойнап жүр» деп қалды. – Генералдың да ойы содан алшақ кете қоймады. Жетінші басқарманың жігіттерін амалсыздан берді. – Нәтижесіз әрекетке барудан қорықпайсыз ба? – Нәтижелі әрекет етейік, онда. Не істеуге болатынын сіз айтыңыз… – Менің басыма еш идея келер емес. – Онда Құрманбаев айтсын! Болмаса генерал… – Подполковник мырза, кешіріңіз. – Сен бұдан кейін жөні жоқ кешірім сұрай берме. Құрманбаев «қара мысық» туралы ойыма күле қарады, кеше… Енді, сен мынаны қара. Екеуміз «қара мысықты» талқылап бара жатқанымызда әйелім қоңырау шалды ма? – Шалды. Сол сәтте телефондағы sms көзіме түсті. – Солай шығар. – Тығырыққа тіреліп тұрғанда, бұл бізге Құдайдан жеткен белгі болуы мүмкін ғой. Солай емес пе, майор? – Сіз тым мистик екенсіз! – Бұл дүниеде кездейсоқ ештеңе жоқ екені есіңізде болсын. – Сонда да, біздің бақсылардай пал ашып отырғанымыз ақылға сия ма? – Бақсылық дейсің. Мен оқиға орнына кіре бергенде ылыққан мысықтардың ащы дауысын естідім. Сенбесең, шопырымнан сұра. Сосын, басы кесіліп, денесінен бөлек жатқан шаранадан көзімді ала қашқанымда бірден қабырғадағы мысықтың сұлбасын көрдім. Ол аз болса, Абылай хан даңғылындағы кафеге кіре бере аяғыма қара мысық неге орала кетеді? – Айтып отырған сөзіңізге өзіңіз сенесіз бе? – Криминалист болсын, жедел із кесуші болсын, алдымен түйсікке сену керек. Түйсігің не дейді? Соны тыңдай білу керек. Сіз боссыз. Майор шығып кеткен соң, өзімнің не айтқанымды ойлап, ұялып кеттім. Кешегі оқиға менің жүйкеме ауыр соққы болып тиген. Соның салдарынан өзімнен шені төмен қызметкерге іштегі ойымды ақтара салып отырсам керек. Кеше ол, ауыр қылмыстардың көбеюін қоғамдық санамен, бүгінгі мемлекеттің саясатымен байланыстырып, пәлсапа соқтым. Бұл басқарма басшысының ашық айтатын сөзі ме? Менің осындай мінезімді білетін әйелім «өз көріңді өзің қазып жүресің» деп ылғи да кейіп отырады. Менің қызмет сатысынан тез өсуімнің өзі мистикаға толы. Бірақ, оны кімге айтарсың, оған кімді қалай сендірерсің?!…

*** Жетінші басқарманың жігіттерін үш топқа бөлдім. Бір топ сыртта қалды. Оларға ЦУМ маңына тоқтаған әр көлікті, одан түскен әр адамды бақылау тапсырылды. Екінші топтың жігіттері ЦУМ-ның ішінде сауда жасап жүрген адамдардың кейпіне еніп, компания менеджері, яғни өзім таңдаған полицей қыздың қимыл-әрекетін бақылап тұрды. Үшінші топтың жігіттері ЦУМ-ға кіріп-шығатын барлық есікті торуылдап күзетіп тұрды. Бәрі де азаматтық киімде. Сырт көз сауда орнының ішінде отыздан аса полицейдің жүргенін біле қоймады. Құрманбаев екеуміз екінші қабаттан барлығын бақылап тұруға ыңғайлы орын таптық. Сол жерде көне достардай әңгімелесіп тұрмыз. – Әлеке, Алматының қылмыстық топтары да Әнелді өлтіргендерді іздей бастапты. – Неге? – Олардың болжамы бойынша, бұл шетелдік бандиттердің ісі болуы мүмкін. – Шетелдіктердің жас келіншекте не шаруасы бар? – Тоқсаныншы жылдары шешен бандиттері Алматыға кіре алмай қалғанын білесіз ғой. Тағы талпыныс жасап жатса керек. – Соңғы айларда шекарадан өткен шетелдік бандиттер бар ма екен? – Бар. Армянның бандиттері Көктөбе жақта бір коттеджді жалдап тұрып жатыр екен. Олар «Жанаман-Шуақкүннің» жігіттерімен жолығыпты. – Басқа… – Алматыға орыстардың да бандиттері келген. Олар бір аптадан бері «Анкара» қонақүйінде демалып жатыр. Ешқайда шықпаған. – Басқа… – Шешендердің қылмыстық топтарынан он шақты жігіт жүрген көрінеді, Алматыда. Уақытша тіркеуге тұрмаған. Қай жерге тоқтағанын анықтай алмадық. – Алматыда жүрген сол бандиттердің ішінде авторитеттер бар ма? – Жоқ. – Өзге мемлекетке келіп, екі мың доллар үшін «рисковать» ете қоймас. – Екі мың долларды қолдарына ілінген соң, ала салуы мүмкін ғой. Олардың басты мақсаты біздегі бандиттерді үрейлендіру. Әйтпесе, «Жетеудің» жігіттерінің иелігіндегі базардың адамын шетелдік болмаса, өзіміздікілер өлтіре алмайды. – Сөзіңіздің қисыны бар, – дедім мен. – Бірақ, көресіз, шетелдіктер емес. Меніңше, қылмыс әлемінің ішкі заңын білмейтін адамдардың ісі. – Дәлеліңіз қайсы? – Түйсігім солай дейді. – Сосын, қара мысық дейсіз ғой, – деп күлді Алпамыс. – Құрманбаев мырза, сіз мені ке- кетіп тұрсыз ба? – дедім ашуланып. Сағатыма қарап едім, тура үш жарым болыпты. Төменгі қабатқа көз салдым. Жаңа жылдың қарсаңы емес пе?! Сауда қызып жатыр. Те- лефон сатып алып жатқан адамда есеп жоқ. Жетінші басқарманың жігіттері әр саудагердің басын қатырып, телефон алатын адамдай саудаласып жүр. – Әлеке, кекеткенім емес, кішкене реалист болсаңыз дегенім ғой. – Ал, реалист болдым делік. Не өзгереді? – Біз қазір ЦУМ-да қамалып отырмас едік. Тым құрыды, шетелден келген бандиттердің қылмыс болған күні қайда болып, не істегенін тексеріп үлгерер едік. Құрманбаев осыны айтқан сәтте менеджер болып отырған полицей қыз дабыл тетігін басты. Екеуміз де дереу 1-қабаттағы 2-қатардың 13-орнына қарадық. Апыр-топыр болып жатыр. Арада минут өтпей жатып, біздікілер әлдебір екі жігіттің қолын қайырып, жерге жатқызып үлгерді. Бірінші қабатқа баспалдақпен зыр етіп төмен түстік. Қазір ғана мені кекеткен Құрманбаев алдыма түсіп алып, зулап барады. Ол менен әлгі ұсталғандарға бірінші болып жетті. Жетті де, қолына кісен салынып жатқан жігіттің қасына жүрелеп отыра кетті. Сөйтті де, бір қолымен оның шашын уыстап ұстап, басын бетон еденге бір ұрды. – Кеше таңғы он шамасында қайда болдың? – деді мұрнынан қан сау еткен жігіттің құлағына сыбырлап. – Үйде, – деді жас жігіт тістеніп. – Құрманбаев мәдениетті болыңыз, – дедім даусымды қатайтып. – Мұндай малдарды сындырып тастау керек, – деді Алпамыс. Осы кезде сырттағы топтың жетекшісі болған майорым жетті. – Мына екеуін әкелген көліктің шопырын да ұстадық, – деді елпеңдеп. – Подполковник мырза, сіздің операцияңызға күдікпен қарағаным үшін кешірім сұраймын! – Мен саған жөні жоқ кешірім сұрай берме дедім ғой… Құрманбаев, мына екеуін дереу уақытша қамау камерасына жеткізіңіз. Жігіттерге тапсырыңыз, эмоцияға беріліп, сындырып тастамасын! Сыртқа беттей бере әудем жерде жатқан сыйлық қорабына көзім түсті. Сырты лентамен әдеміленіп байланған қорап адам аяғына тапталып, мыж-мыж болып жатыр екен. ЦУМ ішіндегі халық үрпиісіп, бізге қарап қалыпты. Қалтамнан қызметтік куәлігімді шығарып: «Алаң болмаңыздар, полицияданбыз» дедім. – Операция аяқталды ма, Әлеке! – деді Құрманбаев. – Әзірше, ешкім тарап кетпесін, – дедім мен. *** Таксист жасы елулер шамасындағы аға екен. Екі жігітті Розыбакиев көшесінің бойындағы көп қабатты үйлердің бірінің алдынан алыпты. ЦУМ-ға жеткесін жігіттер таксистке «Қазір шығамыз, күте тұрыңыз» деген. – Таксиге мінген кезде екеуінің қасында адамдар болды ма? – Қолдарына сыра ұстаған төртбес жігіт болды. Осы екеуі ғана мінді. – Дереу бізді сол жерге апарыңыз. Майор, сіз менімен бірге жүріңіз. – Ана екеуін тергесек, бәрі де қолға түседі ғой. – Майор, құрсақтағы шарананы бауыздап тастаған қанішерлер қылмысын дереу мойындай салады деп ойлайсыз ба? – Сонда да сіз айтқан қылмыс ашар кілт қолымызда емес пе? – Көп сөзді қой, ол құлып қазір ашылмайды, – дедім мен. Таксист Абылай хан көшесімен сәл төмен түсіп, Мақатаев көшесі- нен солға бұрылды. Желтоқсаннан зу етіп өте шығып, Наурызбай батыр даңғылымен жоғары қарай зулай жөнелді. – Бағдаршамға тоқтай берудің қажеті жоқ, – дедім мен. – Бірақ, абай болыңыз, соғылып қалып жүрмейік. Біз мінген көлік ескі ауди еді. Әбден тозғаны көрініп тұр. – Қашаннан бері «таксавать» етесіз? – Он жыл болды. – Бүгінгідей оқиға басыңыздан өтіп пе еді? – деп күлдім. – Өткен, – деді такси ағай еркінсіп. – Өткен жылы Тимирязев көшесімен келе жатсам, ГАИ тоқтатты. Жолдың жиегіне тоқтап едім, өздеріңдей азаматтық киімдегі екі жігіт көлігіме жүгіріп кеп отырып алды. Кәуліктерін көрсетті. Нашақорлықпен күрес пе, сондай бір бөлімнің жігіттері екен. «Ана Range Rover-дің артынан еріңіз» деп бұйырды. Мен олардың айтқанын орындадым. – Сосын… – Сосын Шашкин көшесімен әл-Фарабиге шықтық. Әл-Фарабиден Розыбакиевқа түсіп, жаңадан салынып жатқан көпқабатты үйлердің алдына жеттік. Біз аңдыған көлік көпқабатты үйдің алдына тоқтады. Бір қалтарыс жерді тауып, сырттан бақылап тұрдық. Маған мінген екі полицейдің бірі мәшинемнен түсті де, жақындап барып, бір көліктің қалқасына тұра қалды. Байқағаным Range Rover-мен келгендер үш жігіт екен. Оларға арғы жақтан жартылай жалаңаш, өте қысқа көйлек киген екі қыз келіп қосылды. Он шақты минут тұрдық-ау. Әлгілердің алаңсыз күлкілерінен құлақ тұнады. Кенет сырттағы жігіт көлікке жүгіріп келді. «Ептв… көріп қойды, қаштық» деді… – Сосын… – Сосын, олар бізді қуды. Сәтпаев көшесіндегі «Рахат паласқа» дейін қаштық. «Рахат паласқа» жеткен соң, екеуі қолыма жеті мың теңге ұстатты да: «Аға, сен бізді көрген жоқсың» деп арқамнан қағып түсіп қалды. «Рахат паластан» шыға бере Range Rover-дегілерге ұсталдым. Шындығымды айтып, әрең құтылдым. Біз мінген көлік, Абай даңғылына бұрылып, Розыбакиев көшесіне қа- рай құлдырай жөнелді. – Сізге Розыбакиев көшесімен «таксавать» етуге болмайды екен, – деп күлдім. Сөзге араласпай отырған майор маған: – Подполковник мырза, бағанағы жігіттер әлі сол жерде тұр деп ойлайсыз ба? – деді. – Жоқ. – Енді неге онда барамыз? – Қылмыскерлер сол маңда пәтер жалдап тұратын болса керек. – Оны қайтып анықтаймыз? – Анықтамасақ та, тексеріп көрейік. – Қалай тексереміз? – Сол маңдағы тұрғындардан сұрастырамыз. – Оларды үркітіп аламыз деп қорықпайсыз ба? Розыбакиев көшесіне жетіп, көлік солға бұрылды. Тағы да тауға қарай өрмелей жөнелдік. – Сізде жақсы идея болса, айтыңыз, – дедім майорға. – Ана жігіттерді тергеу… – Оларды тергеуді бізсіз де қатырады, – дедім мен. Майор екеуміз де үнсіз қалдық. Осыны күткендей генерал қоңырау соқты. – Подполковник жолдас, операцияның сәтті өткенімен сізді құттықтаймын! – деп бастады сөзін. – Саулығыңызды тілеймін, генерал мырза! – дедім мен. – Сіздің кандидатураңызды «үздік полиция қызметкері» медаліне ұсынғалы отырмын! – Ниетіңізге разымын, генерал мырза! – Тәуелсіз Қазақстан мемлекетіне адал қызмет атқарамын демейсіз бе? – Медальді алып тұрып, бұл сөзді бар даусыммен айтатын боламын, генерал мырза! – Жақсы, сау болыңыз! Телефон тұтқасын қоя салып: «Қылмыс әлі ашылған жоқ. Маған медаль тағып тастады» деп күлдім. – Подполковник мырза! Сіз басшылыққа ішкі қарсылығыңызды ашық байқатып ала береді екенсіз. – Ішкі қарсылығымды кімге байқаттым? – Мысалы, генералға… – Басқа… – Маған да байқатасыз, қарсылықты. – Бұл сіздің ойыңызша қылмыс па, майор? – Жоқ, сонда да сақ болғаныңыз жөн емес пе? – Мен басқадан сақтансам да, сенен сақтанбаймын, – дедім қайтадан сенге көшіп. – Неге? – Сен кеше басы кесілген шарананы көріп, өз-өзіңді ұстай алмай қалдың. Сосын жыладың. – Бұл менің осалдығым ғой… – Жоқ, адамдық қасиетіңнің жоғалмағанының белгісі. Біздің қызмет кісіні адамдығынан айырады. Майор менің бетіме риза кейіппен күлімсірей қарады. Біз мінген көлік Розыбакиев пен Байқадамов көшелерінің қиылысында тұрған тоғыз қабатты үйдің алдына тоқтады. *** Байқадамов көшесін ол кезде алматылықтар ескі атауымен «Кихтенко» деп атайтын. Сол Кихтенко көшесінің бір бүйірінде тоғыз қабатты екі үй, жолдың қарсысына Қазақстандағы тұңғыш ислам банкі «Лариба банктің» ғимараты тұр. Қаланың бұл тұсы екі мыңыншы жылдары оңаша аудан болатын. Бұл көшелердің бойынан бірде бір қоғамдық көлік жүрмейтін. Тұрғындар қоғамдық көлікке міну үшін Гагарин даңғылына шығушы еді. Мен тоғыз қабатты үйге қарадым. Екіден төрт подьезд бар. Әр қабатта үштен үй болғанның өзінде төрт подьезде екі жүзге жуық үй бар деген сөз. Ол екі жүз үйдің қайсы- сының есігін қағып жүресің… Құрманбаевқа телефон шалдым. – Жетінші басқарманың жігіттері орнында ма? – Иә, тарамай сіздің бұйрығы­ ңызды күтіп отыр. – Оларды дереу Розыбакиев пен Кихтенко көшелерінің қиылысына жіберіңіз. – Құп болады. – Қолға түскен екі жігітке «осмотр» жасадыңыздар ма? – Иә. – Не табылды? – Құжаттары, ақша, қалта телефон. – Маған телефондарын беріп жіберіңіз. Бір сағатқа… – Телефондарын әлі тексеріп үлгермедік. – Үлгересіз, Құрманбаев жолдас. Айтқанымды орындаңыз! Ұсталғандарды тергедіңіздер ме? – Ештеңені мойындамай жатыр. Телефон тұтқасын қоя салдым. Сосын майорға қарап: «Таксист ағайға түсініктеме жазғызып, сосын жібере сал. Тұрғылықты мекенжайын, телефон нөмірін алып қал, куәгер ретінде қажет болып қалуы мүмкін», – дедім. – Ол кісіні де департаментке апарып тергеуіміз керек қой, – деді майор. – Неге өйтуіміз керек? – Ұсталған екеуінің сыбайластарына хабар беріп қойса қайтеміз? – Сыбайластары енді екі-үш сағатта онсыз да Алматыдан тайып тұрады. Екеуінің хабарсыз кетуінен күдіктенбейді дейсің бе? – Сіздің жұмыс істеу стиліңіз криминалогия ғылымымен сәйкесе бермейді екен, – деді майор езу тартқан болып. – Кей дүниені логикаға салып, сараптау керек, – дедім мен. Тоғыз қабатты үйдің қарсысында кішкене ғана дүңгіршек тұр еді. Соған кірдім де, үш «лакомка», үш «макси шай» алдым. Сөйтіп, түсініктеме жазып жатқан таксист ағай мен майорға бірден «лакомка» мен «макси шай» ұсындым. – Жүрек жалғап алыңыздар! Таксист ағай жер жаңғақ пен крем араласа жасалған нанды қарпып жей бастап еді, езуі әппақ крем болып қалды. – Аузыңызды сүртіңіз, – деп қалтамнан беторамал бердім. – Рақмет, қажет емес, – деп жеңімен аузын сүрте салды. Беторамалды алуға ыңғайсызданып қалғанын аңғардым. Қыстың күні қысқа емес пе? Жетінші басқарманың жігіттері жеткен кезде ымырт жабылып, көз байлана бастаған. Мен басқарманың жігіттерін үйді айналдыра күзетке қойдым. Сөйттім де, олар әкелген екі телефонды ақтарып қарап шықтым. Екі телефоннан ең көп хабарласқан нөмірді анықтадым. Әлгі нөмірді тердім. Арғы жақтан «Әллө» деген дауыс естілді. – М е н т т е р к е л е ж а т ы р , қашыңдар! – деп жанұшыра айғайлап телефон тұтқасын қоя салдым. Арада үш-төрт минут өтпей жатып подъездердің бірінің есігі қатты тепкеннен серпіле ашылды да, бір жас жігіт жүгіріп шықты. Оның сырт киімін асығыс киіп бара жатқанын байқап қалдым. Оның артынан бес-алтауы ере шықты. – Ұстаңдар, – деп айғай салдым. Жігіттер бұйрықты сол сәтте орындады. *** Операцияның ертесі күні жедел із кесушілер алматылық «Қара мысық» қылмыстық тобының тағы бір мүшесін ұстады. Қолымызда ешқандай бұлтартпас дерек жоқ, сөйте тұра тоғыз адамды қолға түсірдік. Мен ұсталғандардың бәрімен азкем әңгімелестім. Тоғыздың ішінде Ержан Ісләмғалиев деген жігітпен әңгімеміз жараспады. Көзіне бір қарағаннан-ақ, топтың лидері екенін білдім. Ол қарсы алдындағы маған емес, кішкентай ғана терезедегі темір торға қарай берді. – Мынаны, жеке қамау керек. Ешкімнен хабар ала алмайтын болсын, – дедім тергеушіге. – Жолдас, подполковник, өзіңіз білесіз, камералар арасындағы «ма- ляваға» (қылмыскерлер бір-біріне жазған хаттарын осылай атайды) тоқтау салу мүмкін емес. – Неге? – Унитаздың құбырымен болсын, бір-бірінен хабар алып отырады. Бір жапырақ қағаздың қалай «жүгіретінін», қалай иесін дәл табатынын білмейсіз ғой. – Ол «маляваны» жүгіртпеудің жолы жоқ па? – Жоқ. – Онда мен департамент басшысымен сөйлесейін. Мұны Ұлттық қауіпсіздік комитетінің уақытша қамау изоляторына ауыстырайық. – Сонда Ісләмғалиевті тергемейміз бе? – Жатсын! Тергегеніңмен, ештеңе айтқыза алмайсың! – Құрманбаев кеше өзім жеке тергеймін деп кеткен. – Жолдас тергеуші, Құрманбаев тұрмақ, Құдай келіп тергесе де, ештеңе айтқыза алмайды. – Неге? – Бұл топ тек жүкті әйелдің өліміне ғана кінәлі емес. – Оны қайдан білесіз? – Тоғыз адам бір келіншекті өлтіру үшін қылмыстық топ құрмайды. Тергеуші ыржалаңдап күлді. – Қолыңызда Ісләмғалиевтен басқа сегіз адам бар. Соларды сарнатыңыз! – дедім мен қатая қойып. Менің «сенмен» сөйлеуім – өзім- сіну, ал, тосыннан «сізге» көшуім бастық екенімді білдіретін белгі сияқты еді. «Сіз» деп сызыла қалғанымда шені төмен қызметкерлер тарапынан маған қарсы ой-пікір айтылмай, тежеліп қалатын. – Ісләмғалиев өте айлакер адам… – Иә, солай сияқты, подполковник мырза! Тергеген кезімде түк естімеген адамдай терезеге қарап отырады. – Ызғар шаша қарай ма? – дедім күліп. – Кеше Құрманбаев басына пакет кигізген. – Айтты ма, бірдеңе… – Тұншығып, дем жетпей бара жатса да, пакетті шешкен соң, күле береді. – Қалған сегізіне де осының ықпалы жүреді. Ісләмғалиевтің өзгелермен байланысын үзбей еш қылмысты аша алмайсыздар! – Бұлар жалдап тұрған үйден жоғалған теледидар табылды. Күйеуі әшекей бұйымдардың да Әнелдікі екенін танып отыр. – Жолдас тергеуші, сіз неге осы қылмысқа ғана байланып қалдыңыз. Ары тереңдете қазуға, басқа қылмыстарды ашуға неге талпынбайсыз? – Қолдарынан Әнелдің телефоны болды. Қалай десек те, дәлел жеткілікті ғой. Қаншама қару тәркіледік. Мен тергеушінің дәл қазір Әнелдің өлімін ашудан басқа ойы жоқтығын түсіндім. *** Арада алты ай уақыт өткен. Полицейлер күнінің қарсаңы болатын. Телефоным шыр етті. Баяғы майор екен. – Жолдас подполковник! Марапатыңыз құтты болсын! – Марапаттың маңызы жоқ-ау, – дедім күліп. – Сонда да еңбегіңіз еленіп жатыр ғой, подполковник мырза! – деді майор. – Сізбен жолығатын шаруа болып тұр. Қонаев пен Жібек жолы көшелерінің қиылысындағы «Қорқыт ата» ресторанына келе аласыз ба? – деді артынша сөзін жалғап. – Қанша уақытта келейін. – Бір сағат шамасында. – Бұйрығыңыз орындалады, – дедім қайтадан езу тартып. – Кешіріңіз, подполковник мырза! – Жөні жоқ кешірім сұрай берме демеп пе едім. – Үйреніп қалған ауыз ғой, байқамай қала беремін! Бұйрық емес, өтінішім ғой. – Жай, әзілдеп жатырмын. Айтқан жеріңізге құстай ұшып айтқан уағыңызда жетемін, – деп телефон тұтқасын қоя салдым. Біз «Қорқыт ата» мейрамханасында түріктердің баклавасын жеп отырып ұзақ әңгімелестік. – Подполковник мырза, «Қара мысық» қылмыстық тобы он үш адамды аяусыз өлтірген. – Иә, білем. – Дүкендерге қарулы шабуыл жасаған. Тіпті, өздерін оқытқан мұғалімін де бауыздап кеткен. – Бұдан да басқа біз білмейтін қылмыстары қалған шығар. – Меніңше бәрі ашылды. Сіз департамент басшысы арқылы тергеушілерге ықпал еткенсіз бе, әйтеуір жігіттер қарқынды жұмыс істеді. – Әнеу күні Ісләмғалиевпен кездестім, – дедім мен әңгімені басқа арнаға бұрып. – Жайша ма? – Баяғыда ашылмай қалған бір қылмыс туралы әңгімелесу керек болды. – Жағдайы қалай екен? – Қатты азып кетіпті. Әңгімені «мені таныдың ба?» деп бастадым. «Сені ұмыту мүмкін емес» деді ол. – Ол сізді қайдан ұмытсын, подполковник мырза! Иван Митиннің «Қара мысық» қылмыстық тобы он бір адамды өлтірген екен. Біздікі – он үш… – Біздің «Қара мысық» орыстардікінен асып кетті дейсің ғой, – дедім қарқылдап күліп. – Сол үшін бір елу грамнан тартып жіберсек жақсы болар еді, – дедім әзілдеп. – Подполковник мырза, мына жер халал екен. – Жарайды, неге шақырдың?… – Подполковник мырза, біз күн түн демей жүріп қылмысты ашамыз. Қаншама бұлтартпас дәлел жинаймыз. Табаннан тозамыз. Соңында қылмыскерлердің туысқандары жәбірленуші тарапқа тиын беріп, кешірім ала салады. – Иә… – Сосын, сот пара алып, екі жақты татуластыра қояды. Ылғи да біздің еңбек желге ұшады. – Сен де жүйеге наразылық таныта бастағансың ба? – дедім майорға таңдана қарап. – Жоқ, өзіңіз айтыңызшы. Бұл жерде қандай әділдік бар. Біз жылап-сықтап, қарғап-сілеп отырған жәбірленушіден арыз аламыз. Сосын, табанымыздан тозып қылмыскерді іздейміз. Дәлеліміз то- лық болған соң, күдіктіні қолға түсіреміз. Мойындатамыз. Ал, сол ұстаған қылмыскердің тоқсан пайызының ісі сотқа жетпей қалады. – «Қара мысық» қылмыстық тобынан сондай бірдеңе байқадың ба? – Қылмыстық топтың барлық мүшесінің қолы қанға малынған. Ісләмғалиевтің сеніміне кіру үшін топ мүшелеріне адам өлтіру міндет саналған. Іштегі шарананың басын кесіп алудың жалғыз себебі, сенімге кіру, өзінің осы топқа, топтың басшысына адал екенін көрсету үшін керек болған. – Басқа себеп жоқ па? – Жоқ. – Құрманбаев анықтаған фотороботтағы жас жігіт бар ғой. Сол қылмыстық топқа мүше болу үшін өзі ұнатқан әйелдің, яғни Әнелдің қарнын жарып, шаранасын бауыздап тастаған. – «Қара мысық» қылмыстық тобының мүшелері өлтірген адамдардың кейбірінің туыстары кешірім беріп те қойыпты. Біреу қақ маңдайдан таспен бір қойғандай есеңгіреп қалдым. – Сосын, подполковник мырза! Кезекті еңбек демалысымды алып, «Қара мысық» қылмыс жасаған жерлердің біразын аралап қайттым. Мен майордың жанкештілігіне риза болып: – Семей жақты шарлап қайтқан екенсің ғой, – дедім. – Иә, мына тапқан суретімді қараңызшы. Қабырғадағы бейне… Мысықтікі… Әнелдің үйіндегі мысықтың сұлбасына ұқсай ма? Мен бір бүйірлей жатқан келіншек пен оның бауыздалған шаранасынан жанарымды ала қашып қабырғаға қарағанымда көрген бейне көз алдымда тағы жарқ етті. Бірақ, баланың қолымен сызылған шатпақтар жоқ. Қоңырқай қабырғаға салынған. Біраз жері өшіп үлгеріпті. Сурет ұстап тұрған қолым дірілдеп, қалтырап кетті. Өз-өзімді ұстай алмай қалдым. – Бұлар адам өлтірген жердің бәріне сурет салған ба, сонда… – Оны нақты білмеймін, қойманың күзетшісі кәрі шалды өлтірген жерден осы суретті ғана таптым. Басқа жерлерден «қара мысықтың» суреті кезікпеді. – Біраз уақыт өтті бәлкім, оқиға орнына салған суреттері өшіп қалған шығар. – Ол да мүмкін, – деді майор. – Подполковник мырза, жәбірленуші тараптың кешірімін алған топ мүшелері тағы да бостандыққа шығып кете ме? – Қараңғы бөлмегі қара мысықты ұстау мүмкін емес, – дедім мен жұмбақтай сөйлеп. – Қалай дәл айттыңыз, подполковник мырза! Әділетсіз қараңғы түнектегі елдің «қара мысықтары» ылғи да бостандықта жүреді екен ғой, – деді майор. «Қараңғы бөлмегі қара мысықты ұстау мүмкін емес» деген менің емес, қытай философтарының бірінің сөзі еді. Қолымдағы суретке қарай бердім. Суреттегі мысықтың сұлба бейнесі мені келеке етіп, күліп тұрғандай көрініп кетті. Әнелді өлтірген үйге кіріп бара жатқандағы ылыққан мысықтардың ащы даусы құлағыма талып естілгендей болды.

Қанат ӘБІЛҚАЙЫР

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...