Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, қазір елімізде 17 облыс, 188 аудан, 89 қала бар. Оның ішінде республикалық маңызы бар қалалар – 3, кенттер – 29, ауылдық округтер – 2 176, ауылдар – 6 286. Ең көп аудандар Ақмола облысында, облыстық маңызы бар қалалар мен кенттік әкім аппараттары Қарағанды облысында орналасқан. Ал Ақмола мен Қостанай облыстарында ауылдық әкім аппараттары көп болса, ауылдық елді мекендердің ең көбі – Түркістан облысының үлесіне тиеді.
Қалалардың 38-нің облыстық, 48- нің аудандық мәртебесі бар. Облыстық маңыздағы қалалардың ең көбі Қарағанды (6) мен Қостанайда (4) болса, аудандық маңыздағы қалалардың ең көбі Ақмола (8) мен Ақтөбе (7) облыстарында. Ал кенттердің көбі Қарағанды (8) мен Ақмола (5) облыстарында, ауылдардың ең көбі Түркістан (825), Солтүстік Қазақстан ( 635) облыстарында. Орта есеппен бір ауылдық округке шамамен 3 ауыл және 3,3 мың тұрғыннан, ал аудандық маңызы бар бір қалаға 24 мың тұрғыннан келеді. «Ашық НҚА» порталында жария талқылауға шығарылған «Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы» ҚР Президентінің 2021 жылғы 18 тамыздағы №639 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы құжат бойынша енді халық саны 10 мыңға жетпейтін қалалардың әкімшілік мәртебесі өзгеруі мүмкін. Әкімшілік-аумақтық құрылысты жетілдіруде халқы 10 мыңнан асатын ірі 17 ауылдың мәртебесінде мәселе бар. Мәселен, Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауылында – 54 мың адам, Түркістан облысындағы Қарабұлақ ауылында – 50 мың адам, Алматы облысындағы Ұзынағаш ауылында – 47 мың адам тұрады. Құжат бойынша әкімшілік-аумақтық заңнаманың талаптарына сәйкес келмейтін қалалардың (халық саны 10 мың адамнан кем) әкімшілік мәртебесін өзгерту процесі кезең-кезеңімен жүргізілетін болады. Оған Ақмола облысы Біржан сал ауданының әкімшілік орталығы болып табылатын Степняк (3,8 мың адам), Ақтөбе облысы Темір ауданының әкімшілік орталығы Темір (2,1 мың адам), Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында орналасқан Жем (1,5 мың) сияқты қалалар мысал бола алады. Бұдан басқа, облыстық маңызы бар қалалардың шекараларында орналасқан дербес ауылдар мен кенттердің болуына талдау жүргізілетін болады. Бұл «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңның талаптарына қайшы келетіндіктен, мұндай ауылдар мен кенттердің мәртебесі қайта қаралып, олар қалалардың құрамдас бөлігі, мысалы, шағын аудандар түрінде болуға тиіс.
Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы:
– Тұрғындар саны он мыңнан асқан ауылдарға қала мәртебесін беру мәселесі қоғамда тек бүгін ғана қозғалып отырған жоқ. Мұндай жағдай бұған дейін де болған. Мәселен, Тараз қаласының қасындағы Айша бибі ауылының тұрғындары оған қарсы болды. Өйткені, қала мәртебесі берілген кезде олар ауласында мал ұстап, оны жая алмай қалады. Оларға жайылым жер берілмейді. Сол себепті ол халыққа тиімсіз нәрсе. Бұл жерде ең басты мәселе қаржыландыру ғой. Бюджеті дұрыс болып, жағдайлары жасалатын болса мұндай ауылдарға қала мәртебесін бермей-ақ дамытуға болады. Шағын өндіріс орындарын ашып, қайта өңдеуді дамыту арқылы. Жалпы экономикалық жағдайын жасайтын болса мұндай ауылдарға ең үлкен көмек осы болады.
Сайын БОРБАСОВ, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор:
– Ауылды дамыту үшін басқа шаралар керек. Атап айтқанда ең алдымен оның экономикасын жақсарту қажет. Тұрғындарының саны 10 мыңнан асады екен деп бәріне қала мәртебесін бергеннен ештеңе өзгеріп кетпейді. Мәселе тек мәртебеге тіреліп тұрған жоқ. Ондағы халықтың тұрмысын жақсарту үшін алдымен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге көңіл бөлу керек. Малдың тек еті, сүті, жүні мен терісін ғана емес, сүйегін, мүйізін, тұяғын қабылдайтын арнайы орындар ашу қажет. Оларды өңдейтін болсақ түрлі заттар жасауға болады. Қазір оның бәрі рәсуа болып ауылда шашылып жатыр. Оны ұйымдастыру көп шығынды да қажет етпейді. Біз 30 жылда соның өзін ұйымдастыра алмадық. Ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеуде кеңестік дәуірде жақсы тәжірибе болды. Ең болмаса соны қайта жаңғыртуға болады ғой. Егер ауылдағы әрбір отбасы жылына кемінде бір ірі қараны және бірнеше ұсақ малды сояды десек, қаншама тері мен жүнді өңдеуге болатынын өзіңіз де есептеп көрсеңіз болады.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»


