Жалған жеке куәліктерді және жалған жол жүру құжаттарын пайдалану трансшекаралық қылмыстық желілер жиі қолданылатын маңызды әдіс болып қала береді. Оны Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ХААҰ) Авиациялық қауіпсіздік және жеңілдету секторы директорының орынбасары Сильвен Лефуайе Алматыда өтіп жатқан TRIP жолаушыларды сәйкестендіру бағдарламасы бойынша аймақтық симпозиумында айтты.
TRIP (Traveller Identification Program) Аймақтық симпозиумы Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр және бұл жолаушыларды сәйкестендіру үдерісін басқарудың барлық аспектілері бойынша ақпарат алмасуға мүмкіндік беретін әлемдік деңгейдегі шара. Ол елімізде Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ХААҰ) демеушілігімен, Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің және Қазақстанның авиация әкімшілігінің қолдауымен өтуде.
– Аймақтағы мемлекеттерге осы қиындықтарды шешуге көмектесу үшін ХААҰ Аймақтық симпозиумы жол жүру құжаттарының қауіпсіздігінің маңыздылығын көрсету бойынша үздіксіз күш салуға үлес қосады. Әсіресе, ол осы құжаттарды беретін жүйелердің тұтастығын қамтамасыз етуде, мұндай құжаттарды тексермеден және сараптамадан өткізуге үлес қосады, – деді Сильвен Лефуайе.
ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев құттықтау сөзінде Қазақстанның авиациялық билігі азаматтық авиацияның қауіпсіз дамуын қамтамасыз етуге және әуе транзитінің тартымдылығын арттыруға күш салып жатқанын атап өтті. Олар Қазақстанның азаматтық авиация саласын басқарудың жаңа тәсілдерін енгізу және ұшу қауіпсіздігінің халықаралық стандарттарына сәйкестік деңгейін арттыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.
Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің бас директоры Каталин Раду: «TRIP бағдарламасы әртүрлі халықаралық ұйымдардың, авиациялық билік органдарының, мемлекеттік органдардың құзыреттерін қамтитын TRIP стратегиясының 5 элементін қамтиды. Қазақстанның географиялық орналасуы аймақтың дамуы мен транзиттік әлеуеті үшін тиімді. Цифрландырудың заманауи жағдайында тұрақты жеке тұлғаны сәйкестендіруге, цифрлық шешімдерді дамытуға және растаушы құжаттаманы жоғары сапалы тіркеуге қатысты көптеген өзекті мәселелер туындайды», – дегенді айтты. Оның сөзіне қарағанда, симпозиум Қазақстанның авиациялық индустрияның белсенді қатысушысы ретіндегі ұстанымының жақсы көрсеткіші болады. Оған Канада, Франция, Швейцария, Түркия, Катар, Сингапур, АҚШ, Қытай, Сауд Арабиясы, Австралия, Румыния, Жаңа Зеландия, Германия, Ресей, Әзірбайжан және Армения сияқты 30 елден 280-ден астам адам қатысуда. Қонақтар арасында
Халықаралық көші-қон ұйымы (ХҚҰ), Халықаралық әуежайлар кеңесі (ACI), Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA), БҰҰ Босқындар істері жөніндегі жоғарғы комиссарының басқармасы (UNHCR), Интерполдың Бас хатшылығы, Халықаралық қылмыстық сот төрелігі ұйымының полициясы, Еуропалық шекара және жағалау күзеті агенттігі (FRONTEX), сондай-ақ Қазақстан Республикасында өкілдік ететін шетелдік авиакомпаниялар өкілдері бар.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ «Заң газеті»