12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ҚАЗАНЫ БАСҚАНЫҢ ҚАЙҒЫСЫ БАСҚА

Елімізде отбасындағы жанжалдан зардап шегушілер саны өсуде. Жыл сайын полицияға осындай себеппен 100 мыңнан астам арыз түседі екен. Биылғы сегіз айдың ішінде 67 854 тұрмыстық зорлық оқиғасы тіркеліпті.

Бұл «ерлі-зайыптының ортасына есі кеткен түседі» деп мәдениеттілік танытатын мәселе емес. Өйткені, тұрмыстық зорлық құрбандарына ғана зардап шектірмей, қоғамның тұтастығына кері ықпал етеді, әлеуметтік тәртіпке қауіп төндіреді. Осы оқиғадағы ең қорғансыз жан – баланың психикасына ауыр әсер етіп, оның эмоционалдық, рухани дамуын тежейді. Теріс әдеттерді сіңіріп, қоғамға зиянды адамдарға айналдырады. Мұның салдарын айтып жеткізу мүмкін емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша әйелдердің отбасында зорлық көруі әлемдегі адам құқын бұзудың ең көп тараған түрі екен. Бүгінде шамамен әрбір үшінші әйел осындай жағдайға ұшырайды. Әлемдегі кісі өлтіру қылмысының 38 пайызы әйелге қарсы жасалады. Бұл мәселені әр ел өзінше шешуге тырысуда. Қазақстан да соңғы он жылда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы біраз шара қабылдады. Өкінішке қарай, олардың нәтижесі айтарлықтай болмай тұр. Жоғарыда айтып өткеніміздей, отбасындағы жанжалдан зардап шегушілер көбейген үстіне көбейіп бара жатыр. Не істеу керек? Парламент Мәжілісінің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінде өткен отырыста осы сауал қойылып, жауап ізделді. Жалпы жиын тізгінін ұстаған заңнама және құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашева атап өткендей, Төменгі палатаның бұл мәселені осындай кең ауқымда көтеруі бірінші рет емес. Осыдан алты жыл бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылық – Үкімет сағатының тақырыбы болған. Ол кезде мұндай құқықбұзушылықтардың жария етіле бермейтіні, жанжал шығарушыларды жауапкершілікке тартудың қиындығы жайлы айтылған еді. Бұл мәселені шешу үшін денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және ұру Қылмыстық кодекстегі қылмыстық қылықтар болды. Үкімет сағатында оларды Әкімшілік кодекске ауыстыру ұсынылды. Одан соң Парламент тиісті түзетуді қабылдады. Бірақ бұдан жауапкершілікке тартылғандар саны артқанымен, мәселе азаймады. Одан соң қылмыстық қылық үшін қайтадан жауапкершілік күшейтілді. Жиында баяндама жасаған Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың айтуынша, осы мәселенің төңірегінде дау ұзаққа созылған. Бір тарап мұны жауапкершілікті арттырып, бас бостандығынан айыруға дейін әкелетін шарамен шешу керек десе, бір тарап бұл мәселеге абайлап, отбасын сақтау, отбасы мен жеке өмір құпиясын қорғау тұрғысында келуді ұсынады. Екеуін де іс жүзіне асыру оңай емес. Мәселен, жауапкершілікті күшейту бағытында бұған дейін жасалған қадам өзін ақтамады. Бұған сотқа дейінгі және сот өндірісінің әкімшілік өндірістен бөлектігі және бюрократияға толы екендігі себеп болған. Аталған құқықбұзушылық жеке айыптау ісіне қатысты болғандықтан полиция айғақтар жинау, сотқа құқықбұзушы қылығының заңға қайшы екенін дәлелдеу мүмкіндігінен айырылды. Сол секілді құрбандықтың құқықбұзушылық жайлы дәлелді және ренжітушіні өзі сотқа жеткізу сынды ақылға сыймайтын талаптар болды. Бұл қаржылық, психологиялық, физиологиялық жағынан өте ауыр іс еді. Сол секілді санкция яғни, құқықбұзушылық үшін 200 АЕК көлеміндегі айыппұл отбасы бюджетіне үлкен салмақ салды. Бұл орайда үйлері болмағандықтан құқықбұзушыны ұстау шарасы қолданылмады. Үшіншіден, қорғау ұйғарымы және құқықбұзушының тәртібіне ерекше талаптар тетігі жұмыс істемей қалды. Қылмыстық кодекс бүгінгі күнге дейін шектеу шараларын қолдануға мүмкіндік бермейді. Осы себеппен учаскелік инспекторлардың отбасылық жанжалшыларды есепке алып, бақылау мүмкіндігі болмады. Тұрмыстық зорлық жасырын сипат алып, жүйелі жанжалдар отбасылық қарым-қатынастың қатал формасына ауыса бастады. Мемлекет басшысының былтырғы жылғы жолдауында тұрмыстық зорлыққа қатысты жауапкершілікті күшейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес биылғы 1 шілдеде жанжал жасаушыларға әкімшілік жауапкершілік қабылданды.Осы заңнамалық түзетулерге сәйкес полиция отбасылық құқықбұзушыларды мәлімдеушіден, анықтаушыға айналды. Зардап шегушілер өміріне немесе денсаулығына қауіп төнген сәтте полицияға бірден жүгінгенімен, тәртіп сақшылары келген кезде шағым жазудан бас тартатын. Тек былтырдың өзінде 70 мың осындай жағдай тіркелді. Көбіне полиция кеткен соң кикілжің отбасында жалғасып, кейде арты ауыр жағдайға әкеліп соққан. Аталмыш өзгерістер зардап шегушінің арызынсыз іс қозғауға мүмкіндік берді. Бүгінде құқық бұзушылардың 92 пайызы жауапкершілікке тартылуда. Бірақ түпкілікті шешімді сот қабылдайды. Заң қабылданған соңғы екі ай ішінде үй тирандарының саны 3 есеге артқан. Тұтастай алғанда қоғамда зорлыққа төзбеу үрдісі қалыптасуда. Қолданған шараның нәтижесінде отбасында жасалған қылмыстық құқықбұзушылық саны азайғаны байқалады. Қылмысты жасаушылардың 80 пайызы 30-дан 50 жасқа дейінгі еркектер. Олардың 74 пайызы тұрақты жұмысы жоқ. 90 пайызының кәсіби және жоғары білімі жоқ. Ал, зардап шегушінің 78 пайызы әйелдер. Көбіне агрессорға материалдық және психологиялық тұрғыда тәуелді болатын солар. Мұндай әйелдер жылдар бойы қорлық пен соққыға көнеді. Осы фактілерді ортаға салған министрлік өкілі: «Ғалымдар әлдеқашан отбасылық зорлықтың нағыз шындығы әлеуметтік орнықсыздық, қиын өмір жағдайынан моральдық-адамгершілік құндылықтардың құлдырауы, маскүнемдік, нашақорлық, құмар ойындарына әуестік екенін дәлелдеп отыр. Бұл орайда мемлекеттің рөлі жоққа тән. Бәріне тек полиция жауап береді. Қоғамда осындай түсінік қалыптасқан. Бұл орайда туыстар, әріптестер, достар, көршілердің құқықбұзушының санасына әсер ете алатын мүмкіндігі ескерілмейді» – деді. Оның айтуынша, құқық бұзушыларды қоғамнан оқшаулау қиын. Өйткені, елімізде бар болғаны 35 уақытша бейімдеу және арақтың уытын жоятын, яғни халық арасында «медициналық айықтырғыш» деп аталатын орын бар. Бұл өте аз. Биыл оларға 140 мың орташа деңгейдегі мас адам қонып шығыпты. Күннің алғашқы жартысында айықтырғыш толықтай толады. Ал, негізінде мастардың дені кешкі және түнгі уақытта түседі. Мұндай орындар кейбір облыстарда мүлде жоқ. Маскүнемдікке салынғандарды мәжбүрлеп емдеу мәселесі шешілмеген. Оған азаматтарды жіберу жолы шектен тыс бюрократияға толы. Мұндай адамдарды емдеуге негізінде учаскелік инспекторлар ғана мүдделі болады. Өйткені, бұл жанжал туғызушыларды жақындарынан 6 айдан 2 жылға дейін оқшаулау арқылы қылмыстың алдын алуға мүмкіндік береді. Алайда, наркологиялық мекемелердің қызметкерлері тиісті шешім қабылдауға құлықсыз. Амалсыздан полицейлер бұл жұмысты өз қаржысына реттеуге мәжбүр. Қазір 62 мың адам наркологиялық есепте тұрады. Соттар олардың 5 мыңын ғана мәжбүрлеп емдеуге шешім шығарған. Бірақ бос керуеттің жетіспеуінен бүгінде 3400 адам ғана ем қабылдауда. Бұл мәселені шешуге үкімет қадам жасағанымен, оның негізгі себептері жойылмайды. Өйткені, бізде тек тұрмыстық зорлық құрбандарына ғана көмек көрсетіледі. Ал, агрессорларға жазалау шаралары қолданылады. Бұл көбіне оларды одан сайын қатыгез етеді. Осы мақсатта Ішкі істер министрлігі халықаралық тәжірибені зерделеуде. Мәселен, Германияда Канаданың «ОДАРА» қауіпті бағалау әдістемесі кеңінен қолданылып жатыр. Бұл агрессорлардың зорлық әрекеттерін қайталау қаупін болжайды. Оның шындығы 72 пайызға тең. Сонымен қатар агрессордың тәрбиесімен азаматтық қоғам өкілдері айналысады. Яғни, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты мәселелерді шешу агрессорды сөзсіз бас бостандығынан айыруға емес, оның толық өмірге оралуына және зардап шеккен тараппен татуласуына бағытталған. Бұл тәсіл полицияның жалпы үйлестіруімен барлық уәкілетті органдар мен азаматтық қоғам арасындағы нақты өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді. Бұл құралды сынау үшін Ішкі істер министрлігі ағымдағы жылы Астана (Сарыарқа ауданы), Алматы (Бостандық ауданы) және Павлодар қалаларының әкімдіктерімен бірлесіп, пилоттық жобаны жүзеге асырды. Құпиялылық пен еріктілікке негізделген шара осы жылдың тамыз айынан бастап бүкіл елге тарады. Сөз алған депутаттар бұл шараны құптап жатты. Олар да шаралардың жазалауға емес, тәрбиелеуге бағытталып, отбасын сақтауды мақсат етуі қажеттігін атап көрсетті. Тіпті, депутат Амантай Жарқынбек тұрмыстық жанжал туса, әйелін күйеуімен бірге қамау керек деп айды аспанға бірақ шығарды. Оның бұл сөзіне отырыста біраз әйелдер қарсы болып, дауласты. Алайда, ол өз ойынан қайтпай, «Ал гендерлік саясатымыз қайда? Дұрыс емес. Мынаны түсінуіміз керек: біздің еліміз, біздің жеріміз өте үлкен аумақты қамтиды. Бізде оңтүстік пен солтүстіктің, шығыс пен батыстың менталитеті бір-біріне ұқсай бермейді. Осы өңірлердің жастары бір-бірімен отбасын құрады. Әртүрлі тілде сөйлеп, әртүрлі ұстанымда болады. Олар отбасы болып қалыптасқанша, ұрыс-керіс те орын алады. Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Әр ыдыс-аяқ сынған сайын күйеуін апарып қамап тастайтын болсақ, көпшілігі қайтадан отбасы бола алмай, қосылмай кетеді», – деді. Депутаттың ойынша, қазақта намыс, ұят деген бар. «Мені қаматып тастаған әйелдің қасына барғанша, өлгенім артық» дейтін ер адамдар шығады. Ондай азаматтар біздің қоғамда өте көп.

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»

Қасым-Жомарт Тоқаев «Отан Ана» ескерткішіне құрмет гүлін қойды

Қасым-Жомарт Тоқаев "Отан Ана" монументіне гүл шоғын қойды,

Елімізде қанша ҰОС ардагері бар?

Қазақстанда Ұлы Отан соғысының қанша ардагері бар екені белгілі болды.

ҰОС ардагерлерінің құрметіне Алматыда қандай көшелер аталған?

Алматыда 110 көше Ұлы Отан соғысына қатысушылардың есімімен аталады. Оның ішінде 94 көше Кеңес Одағының Батырларының есімімен аталған.

Астанада Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад өтті

Астанадағы "Қазақ елі" монументі жанындағы Тәуелсіздік алаңында Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад ұйымдастырылды.

Ұлы Отан соғысының ардагерлері ешқашан ұмытылмайды — Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған парадта қазақстандықтарды құттықтады.