«ҒЫЛЫМДА ИДЕЯ МЕН ЕҢБЕК БАҒАЛАНАТЫН КЕЗЕҢГЕ КЕЛДIК»

24

Сәуле БЕКТЕМІРОВА, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Филология факультетінде түркітану және тіл теориясы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты: «ҒЫЛЫМДА ИДЕЯ МЕН ЕҢБЕК БАҒАЛАНАТЫН КЕЗЕҢГЕ КЕЛДIК»

56 пайыз жай статистика емес, бұл – сапалы еңбектің нақты көрсеткіші

– Сəуле Бекмұхамедқызы, соңғы жылдары ғылымның əлеуетін көтеру жақсы жолға қойыла бастады. Ғылымға ден қойған қыз-келіншектер қатары да көбейді. Олардың қатарында өзіңіз де жүрсіз. Жалпы, бүгінгі ғылымдағы бағыттар, ізденістер мен ұстанымдарды қалай бағалайсыз?

Соңғы жылдары ғылымға деген көзқарас шынымен өзгеріп келе жатыр деп ойлаймын. Бұрын ғылым тар шеңбердегі адамдардың ісі сияқты көрінетін, ал қазір ол қоғамның дамуына тікелей əсер ететін күшке айналды. Мемлекет тарапынан да қолдау күшейді. Ғылым министрлігі түрлі гранттар, жас ғалымдарға арналған жобалар, пост докторантура бағдарламалары, халықаралық тағылымдамалар жариялап келеді. Бұл – ғылыммен айналысамын деген адамға нақты мүмкіндік. Əрине, мəселелер жоқ емес, бірақ бұрынғыдай «ғылыммен күн көру қиын» деген түсінік біртіндеп өзгеруде. Ғылымға қыз-келіншектердің көбірек келуі – өте қуанышты үрдіс. Ресми дерекке сүйенсек, Қазақстандағы ғылыми қызметкерлердің 56%-ын əйелдер құрайды. Ғылым кандидаты дəрежесінде 50%-дан астамы, магистр дəрежесінде 58 пайызы, PhD докторларының 54%-ы əйелдер. Ал медицина жəне гуманитарлық ғылымдарда əйел ғылым кандидаттарының үлесі 72%-ға жетеді. Бұл жай статистика емес, бұл – əйелдердің ғылымдағы сапалы еңбегінің нақты көрсеткіші. Қазір зертханаларда да, университет кафедраларында да, ғылыми жобалар жетекшілігінде де əйелдерді жиі көреміз. Бұрын кей салалар «ер адамдардың саласы» деп қабылданатын болса, қазір ондай шекаралар жойы лып келеді. Ең бастысы – ғылымда жыныс емес, идея мен еңбек бағаланатын кезеңге келдік деп ойлаймын. Ғылымдағы басты жаңалықтардың бірі – пəнаралық зерттеулерге кең жол ашылып келеді. Өз зерттеу бағытым – лингвистика, түркология жəне компьютерлік лингвистика бойынша да осылай дер ем. Бұрын тіл білімін көбіне дəстүрлі əдістермен зерттесек, қазір жасанды интеллект, цифрлық модельдеу, деректер базасы, корпустық талдау сияқты заманауи технологиялармен ұштастырудамыз. Сонымен бірге цифрлық медиадискурс лингвистикасы, əлеуметтік желі дискурсы, интернет-лингвистика, эмодзи семантикасы, хэштег синтаксисі, алгоритмдік лингвистика, сотлингвис тикалық сараптама, қолданбалы жəне компьютерлік лингвистика сияқты салалар да кеңінен дамып келеді. Тағы бір маңызды үрдіс – ғылымның практикалық нəтижеге бағытталуы. Бұрын мақала жариялау басты нəтиже саналса, қазір одан əрі нақты өнімге, технологияға, жобалық шешімге ұмтылыс бар. Мысалы, компьютерлік лингвистика саласында жасалған зерттеулер автоматтандырылған аударма, мəтінді өңдеу, тілдік сараптама, білім беру платформаларына тікелей енгізіледі. Яғни, ғылым қоғамға қызмет етуі керек деген түсінік күшейді. Халықаралық интеграция да үлкен рөл атқарып отыр. Қазір ғылым шекара таңдамайды. Бірлескен жобалар, ортақ жарияланымдар, халықаралық консорциумдар – сапаны арттырады. Əлемдік индекстелетін журналдарға шығу, академиялық адалдық талаптарын сақтау – бұл бізді жаңа стандарттарға бейімдеді. Əрине, кейде бұл қысым болып сезіледі, бірақ ұзақ мерзімде ғылымның сапасын арттыратын фактор деп есептеймін. Əрине, шешімін күткен мəселелер де бар. Жас ғалымдардың тұрақты қаржыландырылуы, инфрақұрылымның толық жетілуі, зерттеу нəтижелерін коммерцияландыру мəселелері əлі де жүйелі қолдауды қажет етеді. Бірақ ең бастысы – ғылымға деген сенім бар. Жастар арасында зерттеуші болуға деген қызығушылық артып келеді. Бұл – үлкен үміт. Жеке өз басыма келсем, ғылымды жай мамандық емес, өмірлік ұстаным деп қабылдаймын. Əсіресе түркітану мен заманауи сандық технологияларды ұштастыру – мен үшін маңызды бағыт. Қазір əлемдік ғылым толықтай цифрлық технологиямен дамып жатыр. Сондықтан біз де түркітанудағы сандық технология, лингвистикадағы цифрлық зерттеу бағыттарын дамытып келеміз. Қысқасы, бүгінгі ғылымдағы бағыттар мен ұстанымдарды мен оң бағалаймын. Өзгеріс бар, қозғалыс бар, жаңару бар. Ең бастысы – ғылымды есеп үшін емес, сапа мен нəтиже үшін дамыту. Сонда ғана біз білімге негізделген, бəсекеге қабілетті қоғам қалыптастыра аламыз деп сенемін.

Жоба – нақты әрі ашық пікір алмасу алаңы

– «Ғылымдағы əйелдер» жобасы жайлы да айта отырсаңыз, бұл жоба қандай мəселелерді көтереді?

– «Ғылымдағы əйелдер» жобасы туралы бұрыннан естіп жүретінмін. Жыл сайын өтетін конференцияларын сырттай бақылап, қазақ ғалым əйелдеріне арналған энциклопедия шыққанынан да хабардар болдым. Бірақ биыл осы қоғамға ресми түрде мүше болып кіріп, жақында өткен конференцияны ұйымдастырушылардың қатарында жұмыс істегеннен кейін, қоғамның ішінде атқарылып жатқан нақты істермен жақынырақ таныстым. Сонда ғана бұл жобаның ауқымы мен маңызын тереңірек түсіндім. Ең алдымен, бұл жоба ғылымдағы əйелдердің құндылығы мен маңызын айқындай түсті дер ем. Шынын айтсақ, ғылымда жүрген əйелдердің əлеуеті өте жоғары, бірақ олардың мəселелері əрдайым ашық талқылана бермейді. Қоғам құрылғаннан бері тек ғылыми жетістіктер ғана емес, əйел ғалымдардың əлеуметтік жағдайына қатысты тақырыптар да көтерілді. Мысалы, əр жылдары жүйелі түрде өткізіліп тұратын конференцияларда отбасы құндылықтары, гендерлік теңдік, сандық технологиялар, жаһанданудағы ақпараттық кеңістік бағытындағы іргелі мəселелердің шешімі сөз болды. Бұл – формалды жиындар емес, нақты əрі ашық пікір алмасу алаңы. Өйткені ғылымдағы əйел – тек зерттеуші емес, ол ана, отбасының тірегі, қоғамның белсенді мүшесі. Жоба аясында ең алдымен ғылымдағы гендерлік теңдік мəселесі қозғалды. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда ғылыми қызметкерлердің едəуір бөлігін əйелдер құрайды. Бірақ басқарушы лауазымдарда, ірі гранттық жобалардың жетекшілігінде, стратегиялық шешім қабылдайтын құрылымдарда əйелдердің үлесі əлі де болса тең емес. Сондықтан жоба əйелдердің ғылыми көшбасшылығын арттыру, басқарушылық деңгейде де белсенді болуына жағдай жасау мəселесін күн тəртібіне қойды. Екінші маңызды мəселе – ғылым мен отбасы арасындағы тепе-теңдік. Ғылыми орта – жоғары бəсекеге негізделген кеңістік: гранттар, жарияланымдар, халықаралық тағылымдамалар, үздіксіз кəсіби даму. Ал əйел адамның өмірінде бала тəрбиесі, отбасы жауапкершілігі қатар жүреді. «Отбасы құндылықтары» тақырыбындағы конференциялар дəл осы екі бағыттың үйлесімділігін талқылауға мүмкіндік берді. Яғни, əйел ғалым болу – отбасынан бас тарту деген түсінікті жоққа шығару, керісінше екеуін үйлестіру жолдарын іздеу басты назарда болды. Үшінші көтерілген мəселе – ғылымдағы əйелдердің бағалануы. Көп жағдайда олардың еңбегі академиялық ортадан аса бермейді. Ал қоғамда, медиа кеңістікте, жалпы қоғамдық пікірде олардың бейнесі жеткілікті деңгейде көрінбейді. Қазақ ғалым əйелдеріне арналған энциклопедияның жарық көруі – осы бағыттағы маңызды қадам. Бұл – тек жинақ емес, тарихи құжат. Ол ғылымдағы əйелдердің ізін қалдыру, олардың еңбегін кейінгі ұрпаққа таныту миссиясын атқарады. Менің ойымша, «Ғылымдағы əйелдер» жобасы ерлер мен əйелдерді қарсы қою үшін емес, ғылымдағы тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету арқылы жалпы сапаны арттыру үшін маңызды. Өйткені ғылымдағы көшбасшылық – тек гендерлік мəселе емес, тиімділік пен нəтижеліліктің көрсеткіші.

Ғылым тек мақала жариялау емес, білімді жүйелеу, оны кейінгі ұрпаққа дұрыс жеткізу

– Өзіңіздің ізденіп жүрген бағытыңыз, тақырыбыңыз қандай? Жəне қандай нəтижеге жеттіңіз? Болашақтағы ғылыммен байланысты мақсатыңыз қалай жалғаспақ?

– Менің ғылымдағы жолым тілге деген шынайы қызығушылықтан басталды деп айта аламын. Филология факультетінде оқыған жылдарым мен үшін үлкен мектеп болды. Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кəкішев, Алтай Аманжолов, Алма Қыраубаева, Дандай Ысқақ, Берікбай Сағындықұлы, Мырзабек Сапархан, Хасан Кəрімов, Талғат Сайранбаев, Рақыш Əмір, Элеонора Сүлейменова, Раушан Авакова, Гүлмира Мəдиева, Гүлдархан Смағұлова сынды ірі ғалымдардың дəрісін тыңдап өстім. Сол кісілердің ғылымға деген адалдығы мен терең білімі мені осы жолға бағыттады. Шынында да, теңізге түскен балықтай, керегімді сол ортадан сіңіріп алдым деп ойлаймын. Негізгі зерттеу алаңым – түркітану мəселелері, соның ішінде көне түркі тілі, тіл теориясы, этнолингвистика, лингвомəдениеттану, лексикология жəне қолданбалы лингвистика. Яғни, бір жағынан тарихи тамырды зерттесем, екінші жағынан тілдің заманауи технологиялармен байланысын қарастырамын. Осы бағыттар бойынша 100- ден аса ғылыми еңбек пен мақаланың авторымын. Мақалаларым Scopus, Web of Science базаларында жəне ғылыми комитет ұсынған журналдарда жарық көрді. Сонымен қатар оқулықтар, оқу құралдары, сөздіктер дайындадым. Мен үшін ғылым тек мақала жариялау емес, білімді жүйелеу, оны кейінгі ұрпаққа дұрыс жеткізу. Өнімді еңбектерімнің бірі – ғылыми жетекшім Раушан Амирдинқызымен бірге жариялаған «Түркі филологиясына кіріспе» оқулығы. Бұл кітап Білім жəне ғылым министрлігінің грифімен жарық көріп, жоғары оқу орындарының Түркітану мамандығында білім алатын студенттеріне арналған. Сонымен бірге қазіргі сұранысқа сай жазылған «Компьютерлік лингвистика» оқу құралын ерекше атап өткім келеді. Ақпараттық технология қарқынды дамып жатқан кезеңде бұл еңбек лингвистика саласы үшін аса өзекті болды. Түркология саласындағы еңбегімнің ерекше бір белесі – «Томирис» фильмімен байланысты. Фильм кейіпкерлері көне түркі тілінде сөйлейді. Көне түркі тілі – қазіргі түркі халықтарының ең алғашқы жазба əдеби тілі. Оның лексикалық қоры мен грамматикалық жүйесі бүгінгі түркі тілдерімен сабақтас. Көпшілік «неге фильм қазіргі тілде емес?» деп сұрады. Томирис дəуірі – б.з.д. І мыңжылдық. Тарихи шынайылықты сақтау үшін режиссер фильмді түркілердің ата тілінде түсіру туралы батыл шешім қабылдаған еді. Осындай жауапты жұмыста мəтінді аударып, редакторлық жасау – мен үшін үлкен мəртебе болған еді. Өткен жылы Канзас университетінде бір жылдық ғылыми тағылымдамадан өттім. Əлемдік кітапханалармен жұмыс істеп, халықаралық журналдарға мақала жариялауға мүмкіндік алдым. Сонымен бірге Ғылым министрлігі жариялаған гранттық жобаларға жетекші əрі орындаушы ретінде қатысып, ғылыми монографиялар мен сөздіктердің жарық көруіне үлес қостым. Күні кеше ғана Қазақстанның интеллектуалдық қазынасына келіп қосылған халықаралық маңызды еңбек – «Марко Поло саяхатының» қазақ тіліндегі нұсқасына редакторлық етуім жауапкершілік пен шыңдалудың жаңа деңгейін сезіндірді. Аудармашы – өзімнің шəкіртім Ка’Фоскари университетінің зерттеушісі Райма Ауесхан. Кітап əл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де таныстырылып, «Қазақ университеті» баспасынан жарық көрді.

Ғылыми жетекшілік – мен үшін үлкен жауапкершілік. Осы уақытқа дейін көптеген дипломдық жəне магистрлік жұмыстар қорғалды. Бір PhD докторын даярладым, екіншісі қорғауға дайындалып жатыр. Шəкірттерім Қазақстанда да, шетелде де еңбек етіп, білімін жалғастырып жүр. Бұл – мен үшін ең үлкен нəтижелердің бірі. Халықаралық байланыс менің жұмысымның ажырамас бөлігі. Түркия, Италия, Венгрия, Өзбекстан, АҚШ, Əзербайжан елдерінің ғалымдарымен тығыз жұмыс істеймін. Соңғы жылдары Өзбекстанда компьютерлік лингвистика бойынша дəрістер оқып жүрмін. Университетімізде жəне шетелде халықаралық əрі республикалық конференциялар ұйымдастырып келемін. Еңбегім елеусіз қалған жоқ. Дарынды жас ғалымдарға арналған мемлекеттік шəкіртақы иегері атандым, университеттің алтын медалімен марапатталдым, «ЖОО-ның үздік оқытушысы», «Үздік ғылым кандидаты» атақтарын иелендім. Жалпы, бүгінгі əлемдік ғылым толықтай сандық технологиялармен байланысты дамып жатыр. Сондықтан біз де көштен қалмай, Түркітанудағы сандық технология, лингвистикадағы сандық технология бағытында зерттеулер жүргізіп келеміз. Жақында осы Түркітанудағы сандық технологияға қатыс ты үлкен жобаның ұйымдастырылуы қолға алынды. Оның мақсаты – бүкіл əлемдегі түркітануға қатысты мəліметтер базасын бір орталыққа біріктіру. Қысқасы, мен үшін ғылым жай мамандық емес, өмір салты. 25 жылдық еңбек жолым ізденіспен, шəкірт тəрбие леумен, халықаралық əріптестікпен, нақты нəтижемен өрілді. Алдағы мақсатым, түркология мен заманауи лингвистиканы ұштастырып, қазақ тіл білімінің əлеуетін халықаралық деңгейде одан əрі таныту.

– Мазмұнды сұхбатыңызға рақмет. Еңбегіңіз жемісті болсын.

Сұхбаттасқан Шолпан РАҚЫМҚЫЗЫ, «Заң газеті»