12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ҒЫЛЫМ САЛАСЫНДА СЕРПІЛІС ЖОҚ

Еліміздегі ғылым мен жоғары білімнің жайы сын көтермейді. Бұл салаға жан бітіру мақсатында құрылған жаңа министрліктің немен айналысып отырғаны түсініксіз. Салаға саяси тұрғыдан да, қаржылық жағынан да қолдау жасалып отырғанына қарамастан Мемлекет басшысының берген тапсырмалары толыққанды орындалмай отыр. Бұл жөнінде Парламент Мәжілісінде өткен үкімет сағатында белгілі болды. Онда Ғылым және білім министрі Саясат Нұрбек саланың жұмысы жайлы есеп берген болатын.

Өкінішке қарай, жасалған баяндаманың денін бұл министрлік құрылғанға дейін атқарылған жұмыстар құрды. Жаңа министрлік тарапынан қандай жұмыс жасалғаны жайлы мардымды ешнәрсе айтылмады. Депутаттардың ғылым мен жоғары білімге қатысты көптеген сұрақтарының жауабы қарастырамыз немесе бұл мәселе өте қиын деген сияқты жаттандылықтан аспады. Тіпті, Президент берген тапсырмалардың неліктен орындалмай жатқанына қатысты да министр мардымды уәж айта алмады. Ал, саланы дамытуға қатысты тың ұсыныстар, озық идеялар жайлы мүлде сөз қозғалмады десе де болады. Жиында қосымша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты, палатаның әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағанбетовтің сөзінен түйгеніміз, жалпы Мемлекет басшысы ғылым саласына ерекше қамқорлықпен қарап, оны дамытудың барлық мүмкіндіктерін жасап беріп отыр. Оларды жүзеге асыру үшін депутаттық корпус та қажетті заңнамаларды дер кезінде қабылдап, құқықтық базамен қамтамасыз етті. Ендігі қалғаны ұйымдастыру шаралары. Бір жыл ішінде әзірге тек ғалымдардың жалақысы ғана өсті. Ал қалған тапсырмалар орындалмай отыр. Соның бірі ғылыми ұйымдарды тікелей қаржыландыру. Депутаттық корпус заңнамалық өлшемді 2021 жылдың соңында қабылдаған болатын. Онда айқындалған талап бойынша құзырлы орын барлық нормативтік-құқықтық актілерді қабылдап, 2022 жылдың ортасынан бастап мыңнан астам ғылыми қызметкерге тікелей қаржы төленуі керек еді. Өкінішке қарай, бүгінгі күнге дейін бұл тапсырма орындалмады. Ал, шын мәнінде бұл бүгінде ғалымдардың ғылыммен алаңсыз айналысып, тиімді нәтижеге жетуінің кепілдігі еді. Өйткені, 2011 жылдан бастап олардың жалақысы тек гранттық конкурсқа қатысып, онда да жобасына қаржы ұтып алуына тәуелді болып қалған еді. Бұл олардың ғылыммен айналыспай, күнкөріс қамымен басқа салаға кетуіне алып келді. Сондықтан Ғылым және жоғары білім министрлігі құрылмай тұрған кезде жұмыс істеген құзырлы орын осы үрдісті тоқтатпау үшін ғылыми зерттеулерді тікелей қаржыландыру мәселесін көтерген екен. Президент дұрыс бастаманы қолдап, мәселенің оңынан шешілуіне ықпал етіпті. Соған сәйкес «Қазақ тілі», «Қазақстан тарихы» сынды іргелі ғылымдармен айналысатын ғалымдарымыз гранттық байқауларды күтіп отырмай, бюджеттен тікелей қаржы алатын болған. Алайда, ғылымға қатысты шаруаларды уақыт оздырмай, дер кезінде атқарады деп үміт артқан жаңа министрлік істі жүзеге асыруға асығар емес. Мәселені түсінбей отыр ма, әлде басқа себебі бар ма? Бұл жөнінде айтылған ескертпеге қатысты министр еш уәж жасамады. Сол секілді жиында Аймағанбетов мырза еске салған ғалымдар көптен көтеріп жүрген ғылыми зерттеулерге берілетін гранттарды үш жылдан бес жылға созуға қатысты да министрдің мардымды жауабын ести алмадық. Асхат Аймағанбетов бұл тапсырманың орындалуы да ғалымдар үшін маңыздылығын атап көрсетті. Мысалы, археологиялық экспедиция қазба жұмысын үш жылдың ішінде бітіре алмайды. Сондықтан ғылыми, әсіресе, фундаменталды ғылыми зерттеулер үшін кемінде бес жыл керек. Қаржы да осынша жылға бөлінуі қажет. Кейбір мемлекеттерде мұндай жұмыстар он жылға созылады. Ал, біздің елімізде тіпті осы үш жылда бір өтетін конкурстар бойынша келісімшарттарға уақытында қол қойылмайды. Мысалы былтыр қараша айында тапсырылған жобалар бойынша бүгінге дейін мәміле жасалмай отыр. Ал, бұл ғалымдардың күнкөрісі мәселесі. Бұған қатысты да құзырлы орынның не ойлап отырғаны белгісіз. Үш жылда бір рет жарияланатын конкурстар мерзімін өзгерту де кезек күттірмейтін іс. Өйткені, конкурста жеңбесең тағы да оның өтетін уақытын үш жыл күтуге тура келеді. Бұл да айналып келгенде ғалымдардың ынтасын жоятын жағдай. Енді Президент тапсырмасымен ол конкурсты жыл сайын өткізу жайлы шешім қабылданды. Құзырлы орын бұл шараны жедел атқарса ғылым саласында тың серпіліс болары сөзсіз. Жиында сөз алған ғалымдар, сарапшылар, депутаттардың айтуына қарағанда ғылым мен жоғары білім саласындағы атқарылмай қалған, шешімін күткен мәселе бұдан да көп. Мәселен, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаевтың сөзінен ғылым туралы бұған дейін де талай концепциялар, бағдарламалар даярланғанын, алайда ешқайсысы орындалмай қалғанын білдік. Мұның себебі, олардың нақты жүзеге асыру тетіктері ойластырылмауынан екен. Күрішбаев мырзаның айтуынша, жалпы «іс тетігін кадр шешеді» деген қағида ғылымда, экономикада басты назарға алынуы керек. Қазір бізге заманауи кадрлар керек. Ал, оларды дайындаудың ең қысқа жолы – әлемдегі жетекші университеттердің оқу бағдарламаларына ауысу. Бұл үшін заманауи оқу инфрақұрылымын құру қажет. Оған Ғылым және жоғары оқу министрлігінің жанынан арнайы бюджеттік бағдарлама түзіліп, іске қосылуы тиіс. Яғни, жоғары оқу орындары бойынша дамыған елдер секілді базалық қаржыландыру жүйесі болу керек. Ашығын айтқанда, қаражаттың жоқтығынан елімізге келген жетекші шетелдік уинверситеттер қайтып жатыр. Аграрлық университеттерді бір министрліктен екінші министрлікке ауыстырғанмен, мәселе шешілмейді. Дамыған елдер секілді университеттер ішінде ғылыми институт, тәжірибе станциялары құрылуы керек. Яғни, зертхана, аудитория, өндіріс бір жерде болу керек. Сонда біз қазіргідей кадрларды асфальтта емес, жерде, яғни ғылыми лабораторияларда дайындайтын боламыз. Зерттеушілер альянсының төрағасы Әсия Ермұханбетова Ғылым және жоғары білім министрінің ғылыми әлеуетті арттыру мақсатында докторанттар үшін 5000 грант бөлінетіндігі жайлы шешімін сынға алды. Оның айтуынша, қазіргідей ғылыми жетекшілер жетіспейтін, инфрақұрылымның талапқа сай емес жағдайында бұл шара еш тиімділік бермейді. Осының салдарынан докторанттар Қазақстанда бастаған зерттеулерін жалғастыра алмайды. Қаржылай мүмкіндігі бар ізденушілер өздерінің зерттеулерін шетелдік коллаборативтер базасында жүргізіп жатыр. Олардың кейбірі амалсыздан шетелде қалуда. Сондықтан ғылыми лабораторияларды құрып, жабдықтау туралы шешім қабылдау керек. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-химиялық зерттеу және талдау әдістері орталығы директорының міндетін атқарушы, ғалым Болат Кеңесовтың айтуынша, халықаралық журналдарға шыққан мақалалардың бес жылдағы индексі бойынша Қазақстан 83-тен 75-орынға көтерілді. Тіпті, ғалымдарымыздың осындай жарияланымдарының саны екі есеге артты. Бірақ жаһандық инновация индексінде Қазақстан 83-орын алады. Соған қарамастан еліміздегі жасалып жатқан жоспарлар мен қабылданып жатқан шешімдердің саны мен сапасы сын көтермейді. Бұл академиялық тазалық мәселесін алға шығарады. Бірқатар ғылыми салалар бойынша білім псевдо ғылыми журналдарда шығатын мақалалар саны көп. Ұлттық кеңестер ғылыми есептерді қарау барысында ондай жарияланымдарды есепке алмау керек. Осындай мәселелерді реттейтін ғылыми әдеп бойынша ұлттық кеңестер құратын кез әлдеқашан туған. Жалпы, соңғы он жылда жасалып, жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар мен жобаларға және олардың нәтижелеріне сандық және сапалық талдау жасалу керек. Бұл қаржыны тиімді бөлуге мүмкіндік берер еді. Бәсекеге қабілетті ғалымсыз, әлемдік талапқа сай инфрақұрылымсыз озық қолданбалы зерттеу жасап, оны коммерцияландырудан үміттенбеу керек. Мұнсыз қаржы тиімсіз жұмсалып, жас кадрлар сыртқа кете беретін болады. Ғылыми инфрақұрылымға приборлар алу үшін, жалпы пайдаланылымдағы инфрақұрылымды дамыту үшін шетелдегідей ғылымға бөлінетін қаржыны 20-30 пайызға арттыру керек. Ғылымға бөлінетін қаржының көлемін арттыру қажеттігін депутат Ерболат Саурықов та көтерді. Оның айтуынша, бұл салаға бөлінетін қаржы он жылдан астам уақыттан бері бұрынғыдан айтарлықтай өскен жоқ. Мәселен, 2010 жылмен салыстырғанда 2022 жылы шығындар көлемі небары 3,6 есеге ғана өскен. Отандық сарапшылардың пікірінше Қазақстандағы ғылымның ең үлкен мәселесі қаржыландырудың төмен болуында ғана емес, оның экономиканың нақты секторда сұранысқа ие болмауында да. Жыл сайын қаржыландырудың көлемі айтарлықтай өссе де біздің отандық ғылым еліміздің экономикасының дамуына айтарлықтай септігін тигізбей отыр. Осы жайлы айта келіп, Саурықов мырза аграрлық ғылым мен білімге қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Оның айтуынша, Қазақ қой шаруашылығы ғылыми зерттеу институты, Қазақ агроөнеркәсіп кешені экономикасы және ауылдық аймақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институты, Агроинженериялық ғылыми орталығы үш жыл қатарынан қаржысыз қалды. Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндіру ғылыми зерттеу институты берілген төрт жобаның біреуін ғана ұтып алды. Бұл үрдіс жалғаса беретін болса, ғылымда тұрақсыздық туып, мамандар басқа салаға кетіп, ғылыми зерттеулердің нәтижесі төмендеп кетуі мүмкін. Мұның соңы ғылымның беделін кемітуге алып келетіні анық. Сондықтан аграрлық және басқа да салалардағы барлық ғылыми-зерттеу институттарын Ғылым және жоғары білім министрлігіне қайта беріп, оларды қаржыландыру базалық және бағдарламалық түрде жүзеге асу керек. Еліміздегі үш аграрлық жоғары оқу орындарының жұмысы нәтижесіз. Мұны мамандардың жетіспеушілігінен және өндірісте сұранысқа ие болмауынан көруге болады. Олардағы студенттердің шәкіртақысы медициналық оқу орындарымен салыстырғанда 30 пайызға аз. Мұның өзі ауылдан келіп, ауылшаруашылығы мамандығына оқимын дейтіндердің ынтасын жояды. Саланың біраз кемшілігін депутат Еділ Жаңбыршин да жіпке тізді. Ол да ғылымға бөлінетін қаржының дамыған елдерден әлдеқайда аздығын айтып, нақты мысал келтірді. Оның айтуынша, БҰҰ 2019 жылғы ақпаратқа сәйкес Әлем елдерінің 2013– 2018 жылдардағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік – конструкторлық жұмыстарға кеткен шығынының рейтингісі бойынша 158 елдің ішінде Қазақстан 90-орында. Біз ғылымға жалпы ұлттық өнімнің 0,12 пайызын ғана жұмсайды екенібіз. Ал, Израильда бұл көрсеткіш 5 пайыз болса, 2021 жылы Қытай 62 млрд, АҚШ 598 млрд, Жапония 182 млрд АҚШ долларын жұмсапты. Қазақстан бар болғаны 190 млн АҚШ долларын бөлген. 2022 жылғы ЖаҺандық инновациялық индекс брйынша 132 елдің рейтингісінде Қазақстан 82-орында тұр. «Инновацияның қалай жасалу керегін үйрену үшін мүмкін біздің басшыларды Мавриди мен Вьетнамға жіберу керек болар?» деп қынжылған ол отыз жылда ғылым академиясындағы жоғары мектептерді және минстрліктердің жанындағы салалық институттарды реформалаймыз деп бәрін құрдымға кетіріп алғанымызды ашына айтты. Оның пікірінше, бүгінгі күрделі жағдай сол қателіктердің салдары. Дегенмен, кейбір ғылыми ошақтар әлі бар. Еділ Терекбайұлы енді соларды жан-жақты қолдап, жандандыру қажеттігін мәлімдеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2060 жылға дейін қабылданған көміртекті даму стратегиясын жүзеге асыру үшін экономиканы түбегейлі трансформациялаудың қажет екенін айта келіп, бұл өз кезегінде жаңа ғылыми-технологиялық шешімдер арқылы жүзеге асатынын атап көрсетті. Осы ретте жаңалық жасаудың қажеті жоқтығын, әлемдегі ғылым, бизнес, технологияның озық әдістерін іске асырып отырған инновациялық орталықтармен әріптестік орнату қажеттігін ортаға салды.

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»

Сотрудники УИС приняли участие в городской ярмарке вакансий

Сотрудники УИС приняли участие в городской ярмарке вакансий, организованной...

ҚАЖ қызметкерлері бос орындар жәрмеңкесіне қатысты

Қылмыстық -атқару жүйесі қызметкерлері Семей қалалық Мансап орталығы ұйымдастырған...

Сеть опорных школ «Отпан»

В целях повышения качеста среднего образования Правительстом реализуется проект...

Памяти творческого пути

В Кызылорде рамах года «Руханият» состоялся онурс жыршы «Терме...

Соседи ближе, чем родня 

В рамках проекта Ассамблеи народа Казахстана (АНК) «Караван дружбы»...