Қазақстан БҰҰ деңгейінде тәуелсіздігі мойындалған әлемдегі 190 мемлекеттің бірі Еліміз жер көлемі жағынан – 9, тұрғындар саны жағынан – 62, халық тығыздығы жағынан 184-орынды иеленген. Ғылым мен техниканың қарыштап дамуына байланысты соңғы 1,5 ғасырда бүкіл әлемде электр энергиясы экономикалық дамудың басты құралына айналды. Алғашқы кезде оған су электр станцияларының (ГЭС) қуаты пайдаланылса, бірте-бірте жылу электр орталықтары (ЖЭО), атом электр станциялары және жел мен күннен алынатын жаңғырмалы қуат көздері қосылды.
Мұнай мен оған ілесе шығатын газ бен көмірдің үлкен қорына ие болғандықтан, Қазақстан ұзақ жылдар бойы энергия тапшылығын сезінген жоқ. Мұндай жағдай тек 2030 жылдан кейін ғана туындауы мүмкін деп Үкіметтің де біраз уақыт арқаны кеңге салып жүргені белгілі. Бірақ, дамудың тамыршысы болып келген мықты елдер де жаңаға бейімделмесе қатардан қалатынын дәл болжады. Болжап қана қойған жоқ, нақты әрекет етуге, ізденуге кірісіп кетті. Қазақстанға да көштен қалуға болмайды. Бұған климаттың жылынуына байланысты ауаға таралатын көмірқышқыл газын азайту бойынша Қазақстанның әлемдік қауымдастық алдындағы міндеттемесі де өз ықпалын тигізуде. Уран қоры жағынан ғана емес, оны өндіру көлемі жағынан да әлемдегі көшбасшы саналатын Қазақстанда АЭС салу мәселесі өткен ғасырдың аяғында басталған. Бұл бағытта ғылыми-зерттеу жұмыстары қолға алынып, түрлі ұсыныстар әзірленді. Алайда 2000 жылдары Үкімет өз бағытынан айнып, жаңғырмалы қуат көздерінің үлесін көбейту арқылы энергия тапшылығын азайтамыз деген идеяның жетегіне еріп кетті. Бұл бағытқа 20 жыл бойы бюджеттен түрлі бағдарламалар бойынша қомақты қаржы да бөлінді. Алайда жел мен күннен қуат өндіретін техника мен технологиялардың бағасы ғана емес, ондағы қуаттың өзіндік құны да ГЭС мен ЖЭО-да өндірілген энергиядан айтарлықтай қымбат боп шықты. Сондай-ақ, жаңғырмалы қуат көздерінің ешқайсысы тұрақтылығы мен сенімділігі жағынан энергетика тапшылығын азайтуда базалық генерация қалыптастыра алмайтыны мәлім болды. Сондықтан ғылыми-зерттеу институттары мен түрлі сараптамалық талдау орталықтары қайтадан АЭС мүмкіндігін қарастыруға мәжбүр болуда. Мәселен, Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында: «Көмір дәуірі біртіндеп келмеске кетіп бара жатқан заманда жаңғыртылатын энергияға қоса, біз сенімді базалық қуат көздерін ойластыруға тиіспіз. Қазақстанда 2030 жылға қарай электр қуатының тапшылығы пайда болады. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мұның ең оңтайлы шешімі – бейбіт атом» деді. Расында бұл – күрделі мәселе. Сондықтан қауесетке сеніп, эмоцияға берілмей, оны барынша тиімді шешу керек. Соған орай Президент Үкімет пен «Самұрық-Қазынаға» бір жыл ішінде қауіпсіз әрі экологиялық таза атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін зерттеуді тапсырды. Бұл мәселеге инженерлік саланы дамыту және атом саласындағы білікті инженер мамандардың жаңа буынын қалыптастыру мүмкіндігі тұрғысынан да қарау қажет. «Жасыл» сутегі өндірісі, жалпы сутегі энергетикасы – болашағы зор бағыттар. Үкіметке осы мәселе бойынша да ұсыныс әзірлеуді тапсырамын» деді Мемлекет басшысы осы ретте. Ал былтырғы 1 қыркүйектегі жолдауында: «Монополияның табысын шектеу қажеттігі мен инфрақұрылымға инвестиция салуды қамтамасыз ету арасында тепе-теңдікті сақтау маңызды. Елімізде электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен екісінің, жылу коммуникациясының 57 пайызының және су құбыры желісінің жартысына жуығының тозығы жеткен. Осыдан-ақ біраз жайтты аңғаруға болады. Тарифтерді күшпен ұстап тұрудың ақыры соның бәрін кезекпен өшіруге және түрлі апатты жағдайлар туындауына әкеп соқтырады. Осының салдарынан азаматтардың денсаулығына және өміріне қатер төнеді. Монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керек. Желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін кемінде 15 пайызға азайту қажет» дегенді айтты. Жалпы энергетикалық қауіпсіздікте қордаланған мәселе көп.
АЭС – ЕЛДЕГІ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІҢ НЕГІЗІ
«АЭС – елдің энергетикалық қауіпсіздігінің негізі» деп аталатын семинарда Қазақстан инженер-энергетиктер одағының бас директоры Марат Дулкаиров энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бүгінгі таңда елімізде базалық генерация қалыптастыруда АЭС-тан басқа жол қалмағанын айтты. Базалық қуаттылық тапшылығын жою үшін 1 000-1400 МВт қуаты бар кемінде екі блогты АЭС салу қажет. Ол тұтынушыларды 60 жылдан астам уақыт бойы сенімді қуат көзімін қамтамасыз ете алады. Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Эрлан Батырбеков болса, былтыр әлемнің 32 елінде қуаты 379,3 ГВт болатын 420 ядролық энергетика реакторы жұмыс істеп, электр қуатының 10 пайызы өндірілгенін жеткізді. Жұмыс істеп тұрған бұл АЭС-тардың 92-сі АҚШ-та, 56-сы Францияда. Ал біздің көршілеріміздің ішінде Қытайда (55), Ресейде (37), Иранда (1) бар. Сондай-ақ, 18 елде қуаты 57,7 ГВт болатын тағы 56 ядролық энергетика реакторының құрылысы жүріп жатыр. Оның 18-і Қытайда, төртеуі Ресейде, біреуі Иранда. Болжам бойынша әлемдегі АЭС үлесі 2030 жылы – 479, 2040 жылы – 676, 2050 жылы 873-ке жетпек. Ал онда өндірілетін электр энергиясының қуаты 2030 жылы – 11,2 пайыз; 2040 жылы – 12,9 пайыз, 2050 жылы 14 пайызға дейін жетуі мүмкін. Ал «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикиннің айтуынша, Қазақстанның АЭС пайдалануда тәжірибесі бар. Бүгінде жылдам реакторлар енді ғана сәнге айнала бастаса, бізде мұндай реактор әлем бойынша ең бірінші болып Ақтауда жұмыс істеді. Елдегі энергия қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін электр энергиясын өндіруді әртараптандыру қажет. Ал АЭС базалық генерация болып табылады. Өкінішке қарай, бізде энергетика осы уақытқа дейін біржақты ғана дамып, негізгі генерация – көмір болды. Қазір жаңартылатын энергия туралы көп айтылады. Бұл мүлдем басқа сала, яғни олар жүйелік генерациялар, базалық емес. Бізде атом энергетикасын дамыту негіздері, сонымен қатар ғылыми база бар. Ұлттық ядролық орталық ғылыми мәселелерді шешеді, яғни бұл шын мәнінде әлемдік деңгей. Әрине, атом энергетикасы сияқты жоғары технологиялық бағыттардың дамуы электр энергетикасының дамуына серпін беріп қана қоймай, тұтастай алғанда технологиялық деңгейді, тиісінше елдің ғылыми деңгейін көтереді. Сонымен қатар, атом энергетикасын дамытатын мемлекет жоғары технологиялары бар елдер сияқты саяси салмаққа ие болады. Сондықтан болашақта электр қуаты тапшылығын жою үшін бір емес, бірнеше АЭС салынуы керек. 2022 жылы Атом саласын дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында Алматы облысының Үлкен ауылында салынады деп ұсынылған алғашқы АЭС-тың қуаты – 2800 МВт. Қазіргі кезде жергілікті және шетелдік ұйымдардың тарапынан сипаттама жасау бойынша бірнеше ұсыныс түсті. Атом реакторларын сумен суыту технологияларын қарастырған Қазақстан үкіметі атом технологиясының көшбасшысы саналатын Францияның EDF, Кореяның KHNP, Қытайдың CNNC, Ресейдің Росатом компанияларының ұсыныстарын қарастыруға шешім қабылдады. Биыл наурызда Қазақстанның АЭС салуға дайындығын 19 бағыт бойынша 3 кезеңге бағалау үшін келген Атом энергетикасы бойынша халықаралық агенттік (МАГАТЭ) тексерісінің бірінші кезеңі сәтті аяқталды. Енді жыл соңына дейін Үкіметтің АЭС-тың орналасатын жеріне қатысты қаулысы шығып, технологияны жеткізетін компания анықталады. Ал 2025 жылы оның техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып, соның негізінде АЭС-ты салу туралы Үкімет қаулысы қабылданып, жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу және сараптамадан өткізу жұмыстары басталады. Яғни, бәрі сәтті жүзеге асса 2035 жылы ғана алғашқы АЭС пайдалануға берілмек.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»