12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ШЫҢЫРАУ

«А-с-с-сан!» «А-с-с-с-а-а-а-ан!» Қай жақтан шығып жатқаны белгісіз, қылқына, ысылдай шыққан тарғыл дауыс мұның атын атап шақырған сияқты. Бауыздалған қойдың кеңірдегінен шығатын сырылға ұқсай ма, айырып болмайтын, әйтеуір, бір үрейлі дауыс. Артына шошына жалт қарады. Бойы аспан тіреген, алба-жұлба шашы дудырап, ұясынан шығып кетердей шақырайған қызыл көзді әлдене мұны қуып келеді. Кәрі шеңгелдей тарбиған ұзын саусақтарымен тарпа бас салып, бүре түспекші. Қашайын дейді, қорыққанынан зіл батпан тас байлап қойғандай ауыр аяқтарын орнынан қозғай алар емес. Таяп қалды. Жетті! Тарбиған қолдар көк желкемнен бүреді-ау енді! А-а-а! Өз дауысынан өзі шошып оянып, орнынан жылан шағып алғандай атып тұрды да, умаждалып, тер ме, жоқ әлде сідік сіңген бе, әбден сарғайып кеткен сасық төсегіне қайта құлап түсті. Үсті-басын қара тер басып, моншадан жаңа шыққандай шылқылдап кетіпті. Көздері аларып, есінен ауысқандай мең-зең қалыпта сұлқ жатыр. Жаңағы жанын алардай шүйліккен дүлейді түс дейін десе, оған келіңкіремейді. Көзіне анық көрінді емес пе? Тұла бойы қалшылдап, қорқынышы сейілер емес. Жатқан төсегінің қарсы бұрышында қарайып әлдене тығылып тұрған сияқты ма…? Зәресі зәр түбіне кете қорыққан ол орнынан үш ұмтыла әрең тұрды да, тәлтіректей басып барып жарықты жағып жіберді. Ешкім жоқ. Көрдей қараңғы терезеге жанары түскенде, арғы жақтан қызыл көзді әлдене өзіне тесірейе қарап тұрғандай көрінді. Үрейі одан әрмен ұшып, көздерін тарс жұмған күйі тәлтіректеп бөлме ортасындағы столға жетті. Стол үстіндегі сағатқа қарап, уақыт білмекші еді, неше күннен бері бұралмағандықтан тоқтап қалған екен. Зілдей басы кенеуі кеуіп қаңсыған күбідей даңғырап тұр. Арақтан әкесі өлгендей неше күн қатарынан ішіп еді, сол көтерем тоқтыдай тұралатып-ақ кетіпті. Бойында әл жоқ. Тізелері қалтырай, қолдары дір-дір етіп ас үйдегі кранды ағытты да, бақыр толы суды басына бір-ақ көтерді. Енді болмаса сусап өлердей екен. Мойнына екі езуінен сыздықтай ағып жатқан мұздай суды да елер емес. У-у-ух-х! Дірілдеген әлсіз денесі қырман ойғызып, балшық айдатқандай дел-сал. Жарықты өшірді де, белі кеткен атша аяқтарын сүйрей басып иленген төсегіне жетті де, серейіп жата кетті. Орнаған қараңғылық өне бойын мұздатып, қорқыныш көлеңкесін бұрынғыдан бетер қоюлата түсті. Бағанағы албастыдай үрейлі елес көз алдында қайта көлбеңдеп, енді кешіксе жатқан жерінде бассалатындай көрініп, орнынан тұрды да сүріне басып барып, жарықты жағып жіберді. * * * …Таңертең ғана аршыған қияр сияқты тап-тұйнақтай боп таза киініп кеткен Асанның көйлегінің жағасы жайлаудай жайылып, етегі шалбар ышқырынан қобырай шығып, алқа-салқа кейіпке енген. Әлдекіммен алысқан ба, әлде төбелескен бе, түймелері орнымен жұлынып, өңіріне сатала-сатала боп құсық жұғып қалыпты. – М-м-мен ішем… Шо-шошқаға да бір күн мейрам. Отпускімде ішпейтін мен немене… Іш-ш-ем… Қолындағы арағы жартылай ішілген шөлмекті «тарс» еткізіп столға қойып жатып, «көрдің бе, маған не істейсің…» дегендей, келіншегіне өлеусіреген көздерімен сүзеген бұқаша ежірейе қарады. – Іш, іш, – деді Рақила. Әбден шарасы таусыла, түңіле үн қатып. – Арақты қойғандағы өнерің бір аптаға ғана жетті ме сонда. Іш, тойғанша ішіп қал… Әкесінің жел шайқаған ағаштай теңселіп, дауылдата келуіне еті үйреніп кеткен бе, қара көздері дөңгеленген төрт-бес жасар әдемі ақ сары бала келген адамға жасқаншақтай көз тастады да, «е, сен екенсің ғой» дегендей, енжар кейіпте бөлменің бұрышында үйіліп жатқан ойыншықтарымен әуре боп кетті. – Р-Рақила, әкел. Ыдыс әкел. Мен ішем… Әйелінің столға әкеп қойған ыс басқан стақанына жынды суды шашып-төгіп жартылай құйған Асан арағын екі езуінен ағыза сіміріп салды. Мойны салбырап, екі иіні түскен күйі қалғып-мүлгіп сүт пісірімдей уақыт отырды. Енді бір сәтте денесінен жаны шыққан жыландай басы столға сылқ ете түсіп, етпеттей жатқан күйі қорылдап ұйықтап кетті. – Мама, міне, арақ құйдым. Мен папамын. Жүр екеуіміз ішейік. – Ойыншық кеселеріне су толтырған балақай ыдысының бірін көтеріп, аузына апара берді. – Ой, құдайым-ай! Ендігі жетпегені сенің ішуің еді. Мені осынша сорлы ететіндей не жаздым екен бұл тағдырыма? Жаралы жаныма сая болатын шара бар ма екен бұл жарық дүниеде?! Қайтейін, құдайым-ай, қайтейін… Аңырап, солқылдай жылаған келіншек ұлын отырған жерінен құшақтай жығылды. Қос жанардан толассыз ағып жатқан ащы жасы өңірін жауып кетті. Безгегі ұстаған жанша қос иіні селкілдеп, ботадай боздауын тоқтата алар емес. Енді бір сәтте сәбиін құшағынан босатып, бүк түсіп жатқан орнынан әлденеге бекінгендей ширақ тұрды да, әлі де тоқтамаған көз жасына тұншыға сыбырлап: – Жүре ғой, құлыным. Әжеңнің үйіне кетеміз – деп, баласын киіндіріп, асығыс жинала бастады. – Папам ше? Папам бізбен барсын… Оятайыншы… Әкесін жалғыз тастауға қимай, тартыншақтай берген баласын ашынған ана нұқып қалды. – Папаң құрысын. Сені ойлап жүрген ол бар ма? Жанұядан оған арақ жақынырақ. Жүр тезірек… Астыларынан су шығып, содан қашқандай кешкі апақ-сапақта бірінбірі жетелеген аналы-балалы екеу қызығы қашқан үйді тастап, алшақтап ұзай берді. * * * …Көзі ілініп кетті ме, анығын өзі де білмейді, «А-ас-сан» деген жантүршігерлік тарғыл дауыс пен бағанағы қорқынышты елес тағы да қайталанды. – А-а-а-а! — Шошына айқайлап, жатқан орнынан жандәрмен ұшып тұрды. Жүрегі атқақтай аузына тығылып, алқына дем алады. Шылқи тер басып кеткен өне бойын безгек ұстағандай қалшылдатқан діріл биледі. Лоқсып, жүрегі айныды. Шайқалақтай басып әжетханаға кірді де, әлгіндегі ішкен суын жап-жасыл запыран етіп лақылдата құсты. Ас үйге еніп тағы бір бақыр суды басына төңкере ішіп алып, төсегіне сұлай кетті. Бағанағы қоқынышты елес тағы қайталанып, қорыққаннан сасық көрпемен басын тұмшалап алған Асан өлікше серейіп жатқан орнынан қозғалмастан сұлқ жатыр… Осы кезде терезеден бозамықтана атқан таң да қылаң беріп еді. Көрпе астынан: «Шіркін, бір-екі стаканды ішке тастап жіберсем, көзім шырадай жанып, жайнап шыға келер едім» – деген оймен өзін-өзі жұбатып, малданды. Аузына арақтың үйреншікті дәмі келгендей тамсанып-тамсанып, кеңірдегін «қылқ», «қылқ» еткізе жұтынып қойды. … Өңі боп-боз болып, жалақтардікі сияқты шытынай жарылған еріндерін қайта-қайта жалай берген Асан аяқтары қалтырап орнынан қиналып әрең тұрды. Шөл қысып, тағы бір бақыраш суды сіміріп алған ол таза шалбарын шкафтан алып киюге діңкесі келмей, төсектің аяқ жағында умаждалып жатқан спорт шалбарын кие салды. Қалталарынан тиын-тебен іздеген ол шалбарының артқы қалтасына қол салғанында, шиыршықтана бүктеліп қалған кір-кір мың теңгелікті көріп, өлген әкесі тіріліп келгендей қатты қуанып кетті. «О, құдайым мені өлтірмейді екен! Дүкен түскі үзіліске жабылмай тұрғанда тезірек жетейін…» … Есіктен төрге дейін шашыла домалап жатқан бос шишалар. Жиналмай, иленіп жатқан кір көрпе-жастықтар мен төсеніштер. Жуылмаған ыдысаяққа қонған шыбындар үймелей ұшып жүр. Тоңазытқыш пен буфетті ашып, тіске басатын бірдеңе іздеп еді, кешегі бірге ішіп, аш қасқырша жалақтап отырған достары дым қалдырмаған екен. Шкафтың да іші бос, жылан жалап кеткендей. Қолдары қалтырап, ақаңның «ноқтасын» шеше алмай, біраз уақыт әуреленді. «Құрғырлар, жау алып кететіндей сонша берік қылып жасауларын…» Пышақ ұшымен жұлмалай кесіп қаңылтыр тығынды ашты-ау, әйтеуір! «Толтырып ішсем, сіңбей, құстырып жүрер». Қырлы стаканға жартылай құйды. «Мына қолы түскірдің әлдебір алқаштардың қолдарындай дірілдеуін! (қай ішкіш өзін «алқаш» қатарына қосушы еді). Стақанын көтеріп, аузына апара бергені сол еді, буфет әйнегінің ішіне жапсырылған ұлының суреті көздеріне оттай басыла кетті. Жасаурай жәудіреген жанарларына мұң ұялай жыламсырап: – Папа-ау, не болған саған? Аясаңшы мені. Ішпеші, папа, ішпеші! – дегендей, бұған жалынышты жүзбен өтіне қарайды. Әлдебіреу жүрегіне «кірш» еткізіп, біз сұғып алғандай денесі солқ ете қалды. Сүйікті ұлының сүйкімді бейнесі мен оған деген сағынышы өзіне бір қуат бергендей сезініп, бойы сәл де болса жеңілдеп қалған сияқты ма… «Ұлым-ау, сені жаутаңдатып, тірі жетім қылып өмір сүргенше өлсем етті! Кешір, ақымақ әкеңді!». Қос жанарынан тарамдап аққан ыстық жасты сүртпестен, стакандағы арағын жалма-жан раковинаға құя салды. «Әй, атаңа нәлет, бәрі сенің әлегің ғой!» Енді шишаның мойнынан қыса ұстап, ішіндегі көз жасындай мөлдір сұйықты раковинаға ақтара салмақ еді, құлағына сайтан сыбырлағандай бір дауыс келіп, кілт тоқтай қалды. «Өзің өлердей болып діңкелеп, ауырып тұрсың ғой, Асан. Түнімен сарғая күтіп, әрең дегенде қолың жеткен арақты төкпекпісің? Ішіп ал да басыңды түзеп, рахатқа бат. Бір күннің арысы не, берісі не? Қойғыш болсаң, содан кейін да үлгересің!» деген құлақ түбіндегі сыбырдан кілт тоқтай қалды. «Шынында, жау шапқандай менікі не асығыс. Арақ бар болғырды ертең қойсам да кеш емес қой. Бүгін ішейін, одан кейін бұл сұрқияны ауызыма алсам, анамның ақ сүті атсын! Осы сөзіме сене ғой, ұлым…!». Ақталғандай, баласының жансыз бейнесіне күбірлей тіл қатты да, қолы қалтыраған күйі стақанға арақты жаңағыдай жартылай құйды. Аш ит те ішпейтін қарғыс атқыр сұйық құйылған ыдысын дір-дір еткен қолымен бірі-бірімен қабыспай, кебірсіп тұрған еріндеріне жәйлап апара берді… * * * …Рақила ауылдасы Асанға тұрмысқа шығуға бел буғанын анасына жасқана айтқанында Жәмила ертоқымын бауырына алған атша тулаған еді. – Қызым-ау, атам қазақтың: «анасын көріп қызын ал, әкесін көріп қызыңды бер» деген мақалы бар. Асан бір қарағанда жаман бала емес сияқты. Бірақ, оның әкесі жастайынан ішуге тәуір қарап, кейіннен бірте-бірте алқашқа айналып кеткені белгілі. Ақыры, сол арақ атың өшкірдің кесірінен далада мас күйінде жатып қалып, үсіп өлгенін сен өзің де көрдің. Әкесінің қаны бойында бар Асан да араққа үйір болып, өміріңнің ойран-ботқасы шықпайтынына көзің жетпейді ғой. Райыңнан қайт, айналайын, саған бұйырған бір жігіт бар шығар – деп, қарсы болған-ды. – Жоқ, мама, Асан ондай емес. Қанша кештерде бірге болғанымызда ішімдік атаулыға көп жоламай, тиіпқашып қана ішіп отырады. Достары араққа тойып алып, бір-бірімен төбелесіп жүргенде, Асан сап-сау күйінде соларды арашалап, тіпті, үйлеріне апарып тастайды. – Солай болса, солай шығар, бірақ бойдағы қаннан, жаратылыстан асып кету деген өмірде болмайды. Сен менің аналық сезіміме сенсеңші. Өзіңнің өміріңнің өкінішпен өтпеуі үшін айтам дағы. Әйтпесе, жас баланы қаралағандай болып, күмән айтып нем бар. Тереңірек ойлан қызым… – Мама, мен оны сүйемін. Маңдайыма не жазылса, соны көремін. Енді Асан жөнінде жаман айтпаңызшы – деген Рақиланың өтінішпен айтқан сөзінен кейін ол туралы анасы ауыз ашуды қойған. … Жасыл жапырақтары жайқалған жаздың бір жайдары күні Рақила мен Асан қосылып, үйлену тойы өткен еді. Шынында да, алғашқы үйленген екі-үш жылдың ішінде оның араққа үйірсектігі жоқ-тын. Кейіннен қызып ішіп, одан кейін шала мас болғанша, бірте-бірте ес-түссіз қалғанша ішуді шығарды. Көпті көрген ана шіркіннің жүрегі сезген екен, Асан сол атың өшкір арақты ішпеуге үш-төрт күн ғана шыдап, артынша құлағанша, әкесі арақтан өлгендей (оның әкесі шынында арақтың кесірінен өлді емес пе) ішетін дәрежеге жетіп, ақыры мынандай күйге түсті. Сүйіп қосылған жарын, тұла бойы тұңғыш ұлы мен өзінің келешегін ойламай, арақтың құлақ кесті құлына айналып, сол шайтанның жетегінде тайлақша дедектеген Асанға деген өкпесі қара қазандай болса да, «мүмкін қояр» деген үкілі үмітін үзбеді. Кейде тоя ішіп, ертеңінде құсып-тышып, бас көтере алмай ауырып жатқанында, қанша айтқанымен қыздай қосылған қосағы емес пе, жаны ашып, бір жартылықты дүкеннен әкеліп, «похмел» жасатқан күндері де болған. «Енді арақты аузыма алмаймын» деп неше рет ант-су ішкенімен, шыдамы бірнеше күнге ғана жетіп, артынша баяғы «таз қалпына» түседі. …Күйеуінен әбден күдерін үзіп төркініне кетуін кеткенімен, «әлігі байқұс не болып жүр екен. Жаманшылыққа ұрынып қалмаса етті» деп, ойынан шықпаушы еді, кейінгі үш күнде түнімен неше түрлі қорқынышты түстер көріп, шошып оянатын болды. «Түс – түлкінің боғы» деп қанша өзін жұбатып, тыныштандырмақ болса да, көңілі құрғыр секем алып, қорқақтағанын қоятын түрі көрінбейді. …«Неғып қолды аяққа тұрмай, мазасызданып жүрмін? Құдай бетін әрі қылсын, әлгі бірдеңеге ұрынып қалмаса игі еді» – деп, бүгін жаны сыздай ертелете автобусқа шықты. …Жүрегі құрғыр кеудесінен шығып кетердей бұлқына тулап, есіктегі құлып тесігіне кілтін дәлдей алсашы. Қолдары қалтырай, кілтін кіргізіп ашты-ау, әйтеуір. Кіре бере әлдебір өткір жағымсыз иістен тыжырынып қалды. «Газ ашық қалғаннан сау ма, өзі?» Жүгіре басып, ас үйге енді. Жоқ, газ тетігі жабық тұр. Жау шапқандай, ойран ботқасы шыға ыбырсып жатқан басқа бөлмелерді аралап шықты. Қайдан ғана кіргені белгісіз, қоңыздай өңкиген көк шыбындар қожайынсып, гу-гу ете шарлай ұшып жүр. Ендігі кезектегі ванна бөлмесінің есігін ашып қалды. Күлімсі, сасық иіс тұншықтырардай қолқасын қапқан келіншек: «А-а-а» деген жан түршігерлік ащы дауыспен шошына шыңғырып жіберді. Енді бір сәтте есінен танып, шалқалақтап құлай берді… Ваннаның жоғарғы су жүретін құбырында көзі аларып, тілі сиырдың тілі тәрізді салақтап шығып кеткен Асанның мүрдесі салбырап тұрған болатын. Арақтың елірме ауруына шалдыққан ол осыдан үш күн бұрын өзінің қайыс белдігіне асылып қалған еді… Бірақ, Рақиланың көрер азабы әлі алда екен. Асанның асылып қалғаны сырт көзге анық көрініп тұрса да, туыстары «Әйелі үйге ие болу үшін Асанды әдейі өлтірді. Бұған оның бауырларының да қатысы болуы мүмкін» деп жаланы шімірікпестен жаба салды. Күнде арызданып, күнде қоңыраулатып жатқан соң полициядағылар да Рақила мен бауырларының мазасын әбден алған. Тек он күннен кейін қолға тиген сот-медициналық, сот-биологиялық сараптамасы ғана шындықтың бетін ашып, Асанның өз өлімімен өлгенін, қайыс пен ванна жақтауында одан басқа ешкімнің қол іздері қалмағанын көрсетіп берді. Міне, күйеуін дұрыстап жоқтай да алмаған Рақила ұлымен бірге бейіт басында тұр. Өзін қаралаған, сол үшін мына кішкентай болашағына да бас қатырмаған қайын жұртымен енді қалай араласпақ? Арыз жазудан қолы босамаған олар Асанның артында қалған жалғыз тұяғымен араласуды қаламайтын да шығар…

Ғабдул-Сәбит ЮСУПОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...