– Аға лейтенант Сайлаубаев, сізді подполковник Мырзабеков кабинетіне шақырып жатыр. Кезекшінің екі кештің арасындағы шұғыл хабарламасы Серікті абыржытып тастады. Алдағы демалысқа орай жолдастарымен табиғат аясына шығып, жақсылап демалуды жоспарлап қойғаны бар еді. Мына хабар соның астаң-кестеңін шығармаса нетсін. Бірақ, сылтауға орын жоқ. Бастық шақыртса міндетті түрде баруы керек. Бұл ерке баланың шолжаңдығын көтеретін орын емес, нақтылықтың ордасы. Олай болса… – Түсіндім, – деді Серік телефон тұтқасын орнына қоя беріп. Дегенмен «Неге шақыртты екен?» деген ойдың оқ жыландай қақшаңдай бас көтергені рас. Бұған салса барғысы келмегені шындық. Сөйткенмен бұра тартуға амалы жоқтығын түсінгенде кейін қайтудың лажын таппағаны және белгілі. Жеп отырған нанын ақтау керек қой. Ал, оны ақтау үшін бас пайдасына емес, қоғамдық мүддеге тәуелді екенін мойындағаны абзал. Олай болса: «бір-екі, бір-екі-үш – қадамыңды ширақ ал, аға лейтенант Сайлаубаев!» деп өзін-өзі жігерлендіре алға қарай аттауға мәжбүр. Кезекшілер бөлмесінің алдынан өтіп бара жатқанында әлгінде шұғыл хабарласқан майор шеніндегі полицейге көзі түсті. Топ-толық, домалаңдаған бітіміне қарамастан құнжың-құнжың етіп өзінше бітпейтін жұмыстармен айналысудан жалықпайтын бұл кісінің тап осы сәтте де, басқа уақыттарда да ешкіммен шаруасы болмайтынына қызметтестерінің бәрінің көзі жеткен. Қашан көрсең өзімен-өзі. Соны есіне түсіргенде Серіктің тап осы жанды жер бетіндегі ең бақытты адамға балағаны шындық. Өмір бойы жұмыс күнін кезекшілікке құрған бұл майор шынында бақытты-тын. «Жасаңыз, жасай беріңіз, майор мырза!» – деді әп-сәтте жоғарыдағы суреттерді көз алдына тізгенде аға әріптесіне риза болған райда жымиып қойып. Сонсын қайтадан аға лейтенант қалпына түсіп, бастығының қабылдау бөлмесінің есігін ашты. – Ішке әлгінде ғана қала әкімінің орынбасары кіріп кеткен, сіздің сәл тоса тұрғаныңыз дұрыс болар, – деді іс қағаздарын жүргізетін бөлімде қызмет атқаратын келіншек сәл ыңғайсыздана. – Тос десеңіздер тоса тұрамыз да, бастықтың аты бастық. Іштегілер ұзақ бөгелді. Уақыт өткен сайын Серіктен маза жоғала бастады. «Бүйтетіні бар, апақ-сапақта шақырғаны несі? Тығыз шаруа болмаса ертең де күн бар емес пе? Тіпті, мына шақырысты мүлдем кейінге шегерсе біреу тонын шешіп алмас еді», – деп күйінді ішінен. Сөйткенмен, назасын сыртқа шығара алмады, шарасыздығын мойындағандай қабырғаға жанаса қаз-қатар қойылған орындықтардың орта тұсында, аяғын бір-біріне айқастырған қалпында үн-түнсіз отыра берді. Әкімнің орынбасары сағат тілі жетіге қарай ауғанда ғана бастықтың кабинетінен ырғатыла шықты. Келген шаруасы оңтайлы шешімін тапқан-ау шамасы, жүзі жарқын, қадамы ширақ. – Аман болыңыздар, – деді ол сыртқа қарай беттей бере мұнда отырғандарға қолын сәл көтере, басын ие ишарат жасап. – Саламатта болыңыз. Бұл капитанның жауабы. Серік басын изеген болды. Ішкі байланыс телефонының шыр ете қалғаны осы мезет. Сол-ақ екен іс қағаздарын жүргізуші капитан көзімен жоғарғы жақтағы есікті нұсқай ым қақты. «Кіріңіз» дегені. Подполковник шеніндегі Мырзабеков жас сардарын жайдары қарсы алды. Тіпті, орнында қаққан қазықтай қаздиып отырып алмай жайлап тұрып, мұның жанына жақындаған сәтінде иығынан қаққаны өзімсінгенінен, әрине. Бастығы жымиып қойды. Сосын: – Есіңде ұстағайсың, бұл алқын жұлқын уақыттағы соқпа-соқ кездесу емес, әуелі хал-жағдайыңды білейін дегенім ғой, – деді жылыұшырай. «Әуелі хал-жағдайыңды білейін дегенім ғой» дейді. Яғни соңында салмақ бар шақырыс болды», деп түйген аға лейтенант сыр берместен: – Пейіліңізге рақмет! – деді жайдары райда. Лауазымы жоғары жан «отыр» дегендей белгі берді де, қызметкері биік стол шетіне келіп отырғанда столдың қарсы бетіне жайғасты. – Әкеңді көрдік. Ол кісі бізге ағамыздай болды. Талай жағдайда ақылын айтты, қолынан келгенше жақсылығын да жасап бақты. Алдымызда сол кісідей ақылшымыз барда біз де, шүкір, жаман болмаған сияқтымыз. Жатқан жері жайлы болсын, тәлімгеріміздің. – Көңіліңізге рақмет! – Ал, шешеңнің халі қалай? – Жаман емес. – Қолынан талай рет дәм татқанымызды қалай ұмытамыз! Өзі қалай, тың ба? – Тың. Немерелерін ойнатуға жарап тұр. – Бәрекелді, жөн-ақ! Керімбай Мырзабеков созылып барып сонадайда жатқан әлдебір папкіні өзіне қарай тартты. Бірақ, қолына алмады. Оған назар да аудармаған қалпында сөзін әрі қарай сабақтады: – Жақсы. Үлкендердің әр кезде тың болғаны жақсы-ақ. Міне, біз де біраз жасқа келіп қалыппыз. Амандық болса зейнетке шығар күнге де жақындадық. Зейнетте жүргенде артымыздан жағымды сөз айтсаңдар біздің де мерейіміз үстем. Қазір соны көп ойлайтын болыппын. – Ол не дегеніңіз, подполковник мырза. Сіз әлі жас емессіз бе? Білебілгенге елу деген ердің жасы ғой, – деді Серік мынаны естігенде өзінше анау кісіні жұбатқан сыңайда. Бастығы кеңк-кеңк күлді. – Елу деген ердің жасы болса, ердің жасы шығар. Бірақ, жер ортасынан ауған тұс екенін ұмытпауға тиіспіз. – Әрине, жету бір басқа да, ұмытпау тағы басқа екенін түсінуге бізге әлі ертерек шығар. – Жассың ғой. Жастық жалын барда дүниені жалпағынан басатының, нәтижесінде қақ-соққа көңіл аудармайтының анық. Кезінде біз де осы жолдан өткенбіз. Қайтеміз, бәрі өткен шақтың үлесінде. Бастық ойланғандай сәл аялдап: – Аз айт, көп айт, қанша сықсаң да май шықпайтыннан май алам деп тыраштанғаның – бос әурешілікке салынғаның. Өткен өтіп кеткен, алдағының жөні алғы уақыттың еншісінде. Сондықтан көрінгенге бас ауыртпай-ақ қоялық. Менің тап қазіргі тұста өзіңе айтпағым мынау еді… Ол әлгіндегі папкіні аға лейтенанттың алдына қарай ысырды. – Серік, сен жаңа кабинеттен шыққан кісіні көрдің ғой? Көрдің, әрине. Оның жай жүрмегенін де сезіп отырған шығарсың. Бір жақынының тағдыры мына папкінің ішінде жатқандай екен. Осыны саған тапсырсам деп едім. Әрине, пәлен-түген деуден аулақпын. Заң бар, заң аясындағы әрекет бар, қалғанын өзің түсініп әрі түстеп аларсың. Құп па? – Құп! – Онда жолың болсын. – Сеніміңізге рақмет! Сөйтіп, ол достарымен болар дулы демалысқа қош айтысқандай бір міндетті арқалай бастығының кабинетінен шыға берген. * * * Енді үйіне қайтуға асықпады. Бастығы берген папкіні ашып, ондағы құжаттармен таныса бастады. Кешегі түнде болған жұртқа жария оқиға. Жастар кешкі клубта бір-бірімен сөзге келіп қалып, арты төбелеске ұласқан. Адам өлімі орын алған. Ғажабы сонда, қылмыскер алғашында қашып кеткен де, түннің бір уағында өзі келіп полицияға берілген. Ақырында уақытша тергеу изоляторына қамалған. Мойындау хаты папкіде қаттаулы тұр. Ойланатын не қиналатын ештеңе жоқ. Істі түйіндеп, тексеріс барысын арасынан ши өтпейтіндей етіп нақтылап, анау жігіттің жасаған қылмысын дәлелдеп құжаттарды сотқа тапсыру керек. Болған-біткені сол ғана. Бірақ… Бірақ, істі алғаш қолға алған із кесуші неге ауыстырылып отыр? Неге бастаған ісін соңына шейін жеткізуге мұрсат берілмеген? Бұл негізгі талапқа сай шешім емес қой. Өйткені, қылмысқа қатысты жағдай жетпіс екі сағатта толық нақтыланып, іс өз жалғасын табуы керек-ті. Осы уақыт аралығында күдікті не қылмыскер есебінде сот тарапынан қамауға алынуға немесе айғақ-дәлел жеткіліксіз деп еркіндікке жіберілуге тиісті-тін. Мұның бірі жүзеге асырылмаған және қабылданбаған. Сосын көңілге сезік тудыратын жағдай – күдікті де, жәбірленуші де оқиға орын алған жерде жалғыз болмаған. Ендеше, куәгерлер жауабы қайда? Олардың осы арадағы рөлі қай дәрежеде? Бірі де айқындалмаған. Осыларға сүйенсе қалған қырық сегіз сағатта атқарылар жұмыстың бастан асып жатқаны мәлім. Олай болатыны, кешеден бері жиырма төрт сағат, яғни бір тәуліктің жадағай өтіп кеткені анық. Ендігі кешігудің салдары қиынға соғатыны айқын. Із кесуші аға лейтенанттың тап осы арада бір сенері – уақытша ұстау изоляторының ішкі істер бөлімі кеңсесімен жабық дәліз арқылы жалғасатын жапсарлас ғимаратта орналасуы болатын. Бұл оның күдіктімен тәуліктің қай мезгілінде де жолыға алуға мүмкіндігі бар деген сөз. Олай болса, не тұрыс? Осыны ойлағанда Серік қолда бар құжаттарға тағы бір мәрте көз жүгіртіп, күдіктіні тергеу бөлмесіне алдыруға тапсырыс жасады. Ал, күдікті арнайы орындыққа келіп отырып, кісен тиісті құрылғыға бекітілгенде оған таңдана қарап қалды. Дәл сонда ең алғаш басына келген ой «Кісі өлтіргіш қорқауың мынау ма?» деген менсінбеушілік еді. Шынында жас жігіт тым қағылез-ді. Сіріңкенің шиындай тылтиған жан біреуді өлтірмек тұрмақ, үп еткен желден өзі құлап қалар кейіпте. Жасқаншақтығы және көзге ұрып тұр. Абайсызда «әп» десең қайрат көрсетуге мұрша таппай бұғып қалар сыңайда. Міне, осыны пайдаланып қалғысы келген аға лейтенант дауысын қатқыл шығарды: – Атың? – Жарылқасын. – Тегің? – Байжігітов. – Тұрақты мекенжайың? – Оның бәрін кеше айтқан едім ғой, Орталық көшесі, 78 үй, 21 пәтер. – Кеше айтсаң қайтейін. Әлі миллион рет қайталайсың, білдің бе! – … Күдікті жауапсыз тосылғанда аға лейтенант бастырмалата жөнелді: – Сені адам өлтіргіш монстр дейді ғой, кәне, айта қойшы, осы күнге шейін неше адамды өлтірдің? – Мен… мен… – Міңгірлеме! – Ешкімді өлтірген жоқпын… – Қалайша? Кеше ғана біреуге пышақ салыпсың. Ол сенің әкеңді өлтірді ме? Соның өшін алдың ба? – Менің әкем жоқ. – Ендеше қуып жүргенің кімнің кегі? – Ешкімнің. – Олай болса анау жігітті неге пышақтадың? Алғашында абдырап қалған күдікті қайда отырғанын енді түсінгендей есін жиып, нақты жауап беруге тырысты. – Өзі ғой ұрынған. Менің қызыма тиіспекші болды. – Аһ, сенің қызың да бар екен ғой? Оны неге алдыңғы жауапта айтпағансың? Аты кім? Күдікті сасқалақтап қалды: – Жоқ, менің қызым емес. Танысам деп отырған қыз болатын. – Енді неге таныспадың? – Әне біреу киіп кетті ғой… – Ал, пышақты қайдан алдың? – Тауып алдым. Столдың астынан таптым. – Сонда біреу сен адам өлтірсін деп пышақты столдың астына тастап кеткен бе? – Солай шығар… – Ол шатасқанын түсінгендей сөзін түзей бастады, – Жоқ, олай емес, әлдекім аңдаусызда түсіріп алған шығар… – Оттапсың! – Не?.. – Былшылды доғар! – Мен шын айтып отырмын, пышақты тауып алдым. – Жарайды иланайын. Таптың. Сонда тапқан дүниеңмен адам өлтіруің керек пе? – Ашу үстінде аңдамай қалдым. – Яғни, мына істі қасақана жасамадың? – Иә, қасақана емес. Тағы біраз сұрақ қойылып, оның жауабы тізбектелгенде Серік «әуелгіге осы да жетеді» дегендей жазып отырғанын күдіктіге қарай сырғытты. – Мынаны оқып, сосын дұрыс жазылғанын растап қол қой. Түсіндің бе? Анау басын изеді. «Кісі өлтіргіш осы ма?» – деп өзіне-өзі сұрақ қойды. «Осы, – деді мырс етіп, – Не бесік табы жанынан кетпеген жалтақ жақыбай не қулығына құрық бойламайтын біреу. Ал, шешіп көр…» Қол қоярда көңіліне дік ете қалған тағы бір көрініс пайда болды. Мәссаған, мынауың солақай ғой! Қағазға сол қолымен шимай түсіріп жатыр. Ал, саған керек болса! Оны күзетшілер алып кеткенде қайтадан папкідегі қағаздарға үңілді. Мынау сарапшылардың берген анықтамасы. Онда не айтылған екен? Оқи бастады. Тә-ә-әк… «Соққы сол жақтағы бүйірден, қолтық астынан жасалған» депті. Қолтық астынан қалай жасалады? Яғни, олар жағадан ұстасып тұрған болды, сол қолдары жағаға жармасып, соққы оң қолмен жүзеге асқан немесе жәбірленуші бұған қол жұмсаған сәтте мынау еңкейе бере пышақ ұруға үлгеріп қалған. Сонда қай қолымен? Әрине, оң қолымен ғана құлаштай ұра алады. Өйткені, сол қолының өзіне қарап тұрған жанның жүрек жақ қолтық астын дәл табуы мүлдем мүмкін емес. Тоқта. Мүмкін жәбірленуші мына отырған күдікті пышақ кезенген кезде қашуға талпына кері айналып кеткен шығар? Оны да себеп-салдардан аластатуға болмайды. Сөйткенде Жарылқасын құлаштай қолын сілтеп үлгеріп қалса ше? Теріске шығара алмайсың. Бірақ… Бірақ, қашқанда анау жігіт «Жарылқасын пышақ ұра қойсын» деп қолын аспанға көтеріп жүгірмейді ғой. Ал, көтермесе шынтағы жүрек тұсын қорғай қозғалыста болатыны, сөйтіп пышақты қағып қалатыны даусыз. Басыңды қатыр, қатырма тап осы арада бір кілтипанның барына таласа алмайсың. Жөппелдемеде жұмбақтың шешіміне жетпеген аға лейтенант енді жабайы қулыққа баруды ойлады. Сондағысы не? Егер келісімін берсе, қарсы болмаса уақытша ұстау изоляторының бастығын, яғни әріптесі Олжас Сембекті «ойынға» тарту-тын. Қанша айтқанмен илегендері бір терінің пұшпағы, ол көмек қолын созудан бас тартпауға тиіс. Сөйтті де. Әлі жұмыс орнында жүрген Олжасқа телефон шалып, кездесуін өтінді. Ал, екеуара әңгімеде ойын жасырмай жайып салып, нағыз қанышерді анықтауға ықпал жасауын өтінді. – Сонда мен не істей алмақпын? – деп сұрады алғашында істің байыбына бармаған капитан таңырқай. Серік тартынбады. – Көп дүние жасай аласың, – деді нық. – Қалай? Ұрып-соғып па? Ол заңға қайшы. – Неге міндетті түрде ұрып-соғу керек? Басқа да амалдары бар шығар.
– Басқаша жағдайда күдіктіге қысым жасау, оны шындықты айтуға мәжбүрлеу мүмкін емес сияқты. – Неге мүмкін емес. Мысалға, алдап-сулауға болады. – Мына сөзіңе ден қойсам сен қылмыскерлер әлемінен мүлдем бейхабар жанға ұқсайсың. Егер біле-білсең ол ортада екеуміздің қулығымызды он орап алатын айлакерлер отырады. – Ал, сен кәнігі қылмыскерлерді емес, алды-артын ойламай енді ғана қылмыс әлемінің есігінен сығалауға айналған жанды ойла, соны батпақтан шығаратын жолды ізде. – Ол кім? – Сөз Байжігітов туралы болып жатқан жоқ па? – Естігенім бойынша оның шаруасы біткен сияқты ғой. Қылмыс жасағанын мойындап қойғанды енді не деп ақтамақсың? – Соған күдіктенгеннен кейін ғой шындықтың бетін ашуға бекініп отырғаным. – Сенімдімісің? – Сенімім болмаса атымды бостанбосқа борбайлатпас едім. – Ал, жарайды. Сонда маған қандай іс тапсырғың келіп отыр? – «Шестерка», яғни жандайшаптарың керек. Капитан ойланып қалды. – Таптым делік. Оның қарымына не тартуға тиіспін? Алуды ғана емес, берерімді де алдын ала тоқып алмасам ісім құрдым. Әйтпесе, жандайшабым менімен сөйлеспек тұрмақ, маңайына жолатпас. – Жақын-жуықтарымен кездесуіне және сырттан келетін алыс-беріске бөгет жасамауға кепілдік берсең. – Мұны қанағат тұтса жақсы. – Ептеп… Өзің білетін басқа да айлалар бар емес пе… – Мәссаған! Енді мені сайқымазақтыққа итермексің бе? – капитан Олжас басын шайқай ыржиды, – Жарайды, оны керіге ысыра тұрайық, сондағы тындырарымыз? – Күдікті жігіт алаңғасарлау екен. Әрі қақсоқпен ауызданып үлгермеген сары балапан сияқты. Тапқан адамың екеуін жеке камераға қамап, ол алдап-сулап шындығын айтқызса, оны жазбаға түсіріп алса. Бары сол ғана. – Тордың арғы жағына өткендердің өз заңы бар екенін саған айтудың өзі артықтау. Оны бұзатындардың келешегі бұлыңғыр болатыны табалдырық аттаған сәттен миға тоқпақталатыны жаттанды құбылыс. Олай болса, өзінөзі нәжіс жанына қарай итеретіндер табыла қойса де… Сөйткенмен, ізденіп көрелік. Болса болар, болмаса болмас… – Жақсы. Біздікі үмітсіз шайтан деген ғой… Олар осымен тарқасқан. * * * Әрине, үмітке алдану бір басқа да, сол үмітті шындыққа айналдыру екінші басқа. Оған жететіндердің болғаны, жетпейтіндердің одан да көп екені және ақиқат. Міне, сонда әрекет деген ұғымның алға шығатыны бар. Ендеше, Серіктің құламауға тырысқан әрекетке жүгінгені жөн. – Әуп! Орнынан лып етіп көтеріліп аулаға шыққанда кешкі самал жанын рахатқа бөлеген еді. Ол енді аялдамады. Желөкпелердің қаны да, қанағаты да қызар түнгі клуб жақты бетке алды. Көздегені кешегі жағдайды тағы бір сараптан өткізуге мұрсат табу. Мүмкін, әріптесі кешегі түнде көрмегенді көріп, сезбегенді сезіп қалар, сонда жаңа жағдайдың сілемдері пайда болар деген үміттің жетелегені сөзсіз. Ауыр қылмысты мойнына алған Жарылқасын Байжігітовтің не мақсатпен мұндай шешімге жүгінгенін түсіне алар емес. Шындығында оның адам өлтірмегені аян. Ондай қанішерлікке бара қоятын жігіт көрінбейді. Ез. Ал, ездер екілене алмайды, екіленбегеннен кейін қылмыстық әрекет жасамақ тұрмақ, оның маңайынан жүруге қашатыны шындық. Сонда мына қылығына не жорық? Бұл жерде бір гәптің жасырынғаны айтпаса да түсінікті. Соның көзін тапса барлық түйіннің шешілері шүбәсіз. Ал, керемет болсаң осы түйінді тауып көр. Клубта оны ешкім құшақ жая қарсы алмады. Тіпті, келушінің полициядан екенін білгенде ондағылардың мұнымен кездесуден ат-тонын ала қашқаны аян. Тек клуб басшысын тауып, соған жолыққанда ғана ісі алға жылжыды. Кеше жұмыста болғандарды кабинетіне шақырғанда бір-екеуі жүрдім-бардым бірдемелерді міңгірледі. Сондағы айтқандары, екі-үш адамның керілдесіп қалғаны, сосын олардың сыртқа шығып кеткені. Болды бітті. Қалған жағдайдан қызметкерлер мақұрым. Өйткені, қылмыс көзден тасада, яғни сыртта жасалған. Дәтке қуаты – клуб қызметкерлерінің бейнебақылау камерасынан тәжікеге қатысушыларды танып нұсқағаны. Осыған сайса, шынында негізгі оқиғада екі адамның анық белсенділігі байқалады. Оның бірі – қаза болған жан да, екіншісі – қала әкімі орынбасарының жүгірмегі. Бұл жігіт түнгі клубтың тұрақты келушісі екен де, оны мұндағылардың бәрі танитын болып шықты. Ал, сол екі белсенді сыртқа шыққанда оларға тағы екі жігіттің ергені таспаға түскен. Соңғыларын да қызметкерлер таныған. Бірі – беделді қызмет иесі баласының жанынан қалмайтын сыбайласы болса, екіншісі – сол айналаның «барып кел, шауып келі» Жарылқасын Байжігітов. Бірақ, бұл бейнетаспадағы көріністер негізгі оқиғаны көрсетіп тұрған жоқ. Оны сыртта орналасқан камера да айқындамаған. Өйткені, жағдайдың бәрі көзден таса жерде өрбіген. Ендеше, шын мәнінде, қару кімге тиесілі және қаза болған жанға ол пышақты салған кім? Міне, дәл осы сұрақтың әлі де көмескіліктің шылауында қалып бара жатқаны нақ. Нақтылықтың тағы бір өкінішті жағы – қылмысты мойнына алып отырған адам бар да, оның әрекетін дәлелдеу не жоққа шығаруға нұсқайтын негіз жым-жылас. Дәл осыған сілтеме жасаса, таспадағы жазу бойынша, қалған екеудің тек куәгер қатарында қалып қоятыны айтпаса да түсінікті. Ал, бұл Серіктің бастапқы ойына кереғар жәйт. Сонда нені тұспалдап, нені анықтау керек екенін тап бүгін, не ертең шешпесе жағдайдың басқа бағытпен өрбитінін танудың өзі секемге серік қосатыны анықтықтың нағыз өзіне жататын. Осыны ойлағанда аға лейтенант таспа жазуын көшіртіп, сосын таспадағы адамдардың суретін қосымша шығартып алды. Дәл сол тұста әлдекімнің: – Таспаның көшірмесін кеше ғана қолдарыңызға табыстаған жоқпыз ба? Оны қайта-қайта алғаннан май шыға ма… – деп қалғаны. Мына хабарға Серік елең етті. – Оны кімге табыстап едіңіздер? – Кешегі із кесушіге бергенбіз. Қолына тиген папкіде ондай таспа жоқ. Әйткенмен сыр бермеуге тырысқан аға лейтенант сөз ауанын басқа жаққа аударып жіберді: – Егер тағы басқа жәйттер еске түсетін болса хабарлассаңыздар құп көрер едік. Әйтеуір істің әділ шешілгені керек қой. Сөзін аяқтаған Серік енді мұнда аялдау негізсіз деп сыртқа шыққанда аспандағы жұлдыздар қарасының молайғанын байқады. Алтын қайыққа мінген ай дәл төбеге шығып алған екен. Айнала сүттей әппақ. «Ендігі қарбаласты ертеңнен күтейін», – деді түн тыныштығы жайлаған қалаға қарай тұрып. Шынында қала қызылды-жасылды шамын жаға тыныштыққа шақырып тұрғандай еді. * * * Әлденеге алаңдағаннан шығар, кеш жатса да ерте оянып алды. Көзін ашқанда бөлме іші қаракөлеңкеліктен арыла қоймаған екен. Маңайдан қыбыр еткен тіршілік белгісі байқалсашы. Тек кіреберістегі есіктің жоғарғы жағына ілінген қабырға сағатының тықылы ғана уақыт дегенде тоқтау болмайтынын таныта «тық-тық» етіп өлі мен тірінің айырмасын дүниеге жариялай дамыл таппай тұрған. «Тық-тық, тық-тық». Сағат өз ырғағынан жаңылатын емес. «Үйде біреулер ұйықтап жатыр-ау, олардың тыныштығын бұзбайын» деп айналасына кеңшілік жасаудан аулақ. «Болсаң бол, болмасаң қой» дегендейін сыртылдап тілдерін алға қарай айналдырудан танбайды. Тоқтай қал! Мына сыртыл бұған да ескерту емес пе екен? Олай болатыны, негізгі уақыттың басым бөлігі бүгін кешкісін аяқталмақшы. Яғни, Серікке берілген уақыт та сөресіне жетіңкіреп, Жарылқасын Байжігітовтың тағдыры шешілер, екі ай бойы қамауда ұстау-ұстамау сәтінің айқындалар тұсы таяй түсетіні белгілі. Сонда оның қорытындысы немен тынбақ? Бүкпен бе, әлде шікпен бе? Жігіттің қылмысты мойнына алуына жүгінсе бүкке ауады, ал жаңа деректер тауып оны жазадан арашалап қалса шік түсіп шіренері анық. Ендеше, не жатыс? Әуп! Киініп жатқанында да, жуынып келіп оразасын ашқан мезетте де миынан бір сұрақтың кетпей қойғаны. «Таспаға көшірілген бұрынғы жазба қайда кеткен? Оны кімдер және не үшін жасыруға мүдделі?» дейді ұйқытұйқы ойы. Былай қарасаң, дәл осы жағдайдың қылмысқа ықпалдылығы да шамалы. Жәй, анау екі жігітті куәгер ретінде тартуға болатын ілгек қана. Солай бола тұра оның айғаққа тігілмегені несі? Әлде бұл басы артық жандарды іс барысынан мүлдем аластатудың амалы ма? Ол да ғажап емес. Не қылса да бір қитұрқылықтың жасырынғаны шындық. Сонда бүгінгі таңды немен және қайдан бастаса? Әлде анау екі жанды куәгер ретінде тергеуге алса ма? Бірақ, олар кешегі екінші із кесушіге берген «жаттандыларын» қайталаудан жалықпайды ғой. Әлде… Осы мәселе кесе-көлденең тартылғанда ең алғаш тоқтағаны «үйінен» деген таңдау еді. Иә, иә, күдіктінің үй-жайынан, тұрмыс-тіршілігінен хабар алғаны жөн. Көршілерімен жүздессе тіптен жақсы. Біреу-міреудің мына төңірекке қатысты бір деректің шетін қылтитуы әбден мүмкін. Көршілер, әсіресе есік алдын баққан кемпірлердің білмейтіні бит астында. Олардың тамырын дәл баса алсаң айыңның оңынан туғаны. Ендеше, сәтті күн болсын, болашақ подполковник мырза! Генералға әзірге ауыз қышытуды жөн санамады, сондықтан бастығының лауазымымен шектелді. Е, подполковниктен бір аттаса полковник, соның артында генерал шенінің тұрғаны онсыз да анық жай емес пе. Жарылқасын әжесінің үйінде тұратын болып шықты. Кәдімгі халық арасында «трамвай» деп аталып кеткен, біріне екіншісі жалғасқан, бірінен екіншісіне тікелей өтетін екі бөлмелі пәтер. Әжесі кәріліктің құрсауына берілген, қимыл-қозғалысына таяныш іздеген кейуана екен. Оның үстіне құлағы да ауыр естігендіктен, әңгімелерінің жараса қоймағаны айтпаса да түсінікті. Ол әр сөзін ежіктеп отырғанда түсінгені, кеше кешкісін Жарылқасынның жолдастары келіп кеткенге ұқсайды. Өздері бір иманжүзді балалар болса керек, немересінің әлдеқандай шаруа жайымен басқа жаққа кететінін түсіндіріпті. Бос келмепті, мың болғырлар кемпірдің қолына біраз ақша ұстатыпты. Ол Жарылқасынның келешекте алар жалақысының бір бөлігі ғана екен. Кейіннен де келіп тұратындарын айтыпты. Сонда тағы қаражат алып келмек. Сөздің қысқасы, ендігі таянышы осы жігіттер екен. Болған-біткені сол ғана. Ақшаны шып-шырғасын шығармай қылмысқа қатысты дәлел ретінде қағазға түсіріп, оны қатар есіктегі көршісінің көзінше қаттағанда Серік бойынан ауыр жүк түскендей жеңілдеп қалғанын сезінді. Бірақ бұл жақсылықтың басы ғана екен, бар қызық аға лейтенант мына пәтерден шыға бергенде болды. Есік аузында қарсы есіктегі пәтер иесі, кексе әйел күтіп алған-ды.
– Әй, сен кімсің? – деп сұрады ол әйел әй-шайға қарамастан. Аға лейтенант құжатын көрсетіп, жөнін айтқанда тағы қарап тұрмады: – Мына можантопайлар не біледі деп соңдарынан салпақтап жүрсің? – деді қатқыл дауыспен, – Біле білсең қазіргі кемпірлер қазан-ошағынан әріні көрмесе, қазіргі әйелдер байлары мен балаларынан арғы ештеңеге көңіл аудармайды. Қыбыр еткеннен мақұрым. Сәл тосыла сөзін жалғады: – Мен оларды танимын, – деді сосын суырыла, – Өздері кейінгі кезде осында үйір болып алды. Кеше де анау екі сужұқпастың келіп кеткенін байқадым. Алдыңғы күні де түннің бір уағында кіре берісте олар ұзақ отырды. Сырттағы тықырдан секемдене көзтартардан сығалағанымда көргенім әнебіреуісі бір шүберекке оралған ұзынша келген затты Жарылқасынға қайта-қайта тықпалаумен болды. Жарылқасын әуелгіде оны алмаған, бірақ кейіннен қойнына жасырғанын байқадым. Көп сөздерін ести алмадым. Дегенмен, «соттатпаймыз… жақсы қорғаушы жалдаймыз… бір-екі жылда шығарып аламыз… әжеңді ақшадан тарықтырмаймыз» дегендерін үзік-үзік құлағым шалды. Мынаны естігенде Серік: – Суретін көрсетсем оларды таныр ма едіңіз? – деп сұрады жұлып алғандай. Кексе әйел тартынбады: – Неге танымасқа? Әзірге есімнен жаңылған жоқпын, жадым да баяғы қалпында, бір шалды қартайтарлық саулығым бар, – деді саңқ етіп. Ал, кеше кешкісін таспадан шығарып алған суретті ұсынғанда кексе әйел жанып түсті. – Тап өздері! Негізі әлденені Жарылқасынға тықпалап, дамыл таппай сөйлеген анау бұйра бас. Тапалы оны қолдаумен ғана отырды. Кейіннен үшеуі, әлденеге келіскен болса керек, әйтеуір ың-шыңсыз далаға бірге шығып кетті. Одан беріде көршінің немересін көрмедім. Қарсы есіктегі әйел оның сөзімен толтырылған түсінікке қол қоярда атынан тағы түспеді: – Мен жолдан тайған ешкімді аямаймын, – деп сілкініп қалды, – Өз қолымен қылмыс жасады ма, онда өз мойнымен салмақты көтеріп алсын. Шақыра қалса сотта да осыны айтарым анық. Кессе онсыз да кесілген бір жерімді кесіп алсын! Вот, так! * * * Кеңсеге келгенде ертеңгілік абыр-сабыр басылып, әркім өз шаруасымен айналысып кеткен екен. Керекті құжаттарды реттестіріп, қылмысқа қатысты ойларды қорыта хаттама толтырғаннан кейін өз тарапынан қаулы дайындап Керімбай Мырзабековке кіргенде ол кісі әуелгіде тоң-торыс қарсы алды. – Қалай, жұмысыңды реттей алдың ба? – деп сұрады бастығы сол қалпында енжар. Серік қолындағы жондана түскен папкіні подполковниктің алдына қарай сырғытып қойды. – Тырысқандағым осы болды. – Көрейік… Құжаттарға көз жүгіртіп өткенде бастығының жүзіне шырай кіргенін байқады. – Бәсе, өзім де солай ойлаған едім, – деді ол сосын, – Кабинетінде ыздиып отыратын жанның аяқ астынан безілдеп кеткенінен бекер сезіктенбеген екенмін. Жақсы, үмітімді ақтадың. Дегенмен бұл жұмыстан сені сырт қалдыра алмаймын. Соңына шейін өзің жеткізесің. Келістік пе? – Құп! Көп өтпей арнаулы топ әкімнің орынбасарының баласы мен сыбайласын уақытша ұстау орнына жеткізіп, Серік Жарылқасынға ешқайда кетпеу туралы құжатқа қол қойдыртып алып жатқан. Сын сағаты осылай жалғасын тапқан.
Төкен ӘЛЖАНТЕГІ, Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері